Басты жаңалықтар

Елбасы ашқан нысан: Алғада ет өңдеу комбинаты іске қосылды

Өткен жұма күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында үш іс-шараны біріктірген Индустрияландыру күні өтті. Оның алғашқысы — Жалпыұлттық телекөпір болса, оның барысында Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының ағымдағы жылы қорытындыланады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев онлайн режимде Индустрияландыру картасының 18 жаңа нысанын іске қосты.
Сол он сегіздің қатарында Алғадағы «АкТеп» ЖШС ет өңдеу комбинаты да бар.
Осы бір сәтті ақтөбеліктер асыға күтті. Өйткені, биылғы жылдың басты жаңалықтарының бірінен саналатын еліміздегі баламасы жоқ ерекше кешен — ет өңдеу кәсіпорнын пайдалануға беру Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың телекөпір арқылы қатысуымен жүзеге асты.
Жаңа нысанның жұмысшылары мен мамандары жұмыс орындарында жиналып, өздерінің осынау тарихи сәттің куәгері ғана емес, сонымен қатар қатысушысы екендіктерін де сезініп, ерекше толқу үстінде болды.
Елбасының алдында «АкТеп» холдингінің құрылтайшысы Нұрлан Сағыналин жаңа кәсіпорынның ұстанған бағыты, алдағы мақсаты мен мүмкіндіктері, қазіргі техникалық жабдықталуы туралы қысқаша баяндап берді.
— Қазақстан — аграрлы ел. Жалпы экономика аумағында ауыл шаруашылығының үлесі төрт-бес пайызды ғана құрайды. Бұған жол беруге болмайды. Сіздер ауыл шаруашылығы өнімдерін молайтуға, саланы дамытуға үлкен үлес қосып жатырсыздар. Өндірісті ұйымдастырып жүрген азаматтарға, осы істің басындағы әкімдерге алғыс айтамын,— деді Елбасы.
Зауыт салтанатты түрде іске қосылғаннан кейін кешен алаңында үлкен жиын өтті. Онда облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөз сөйледі.
— Тәуелсіздік алғаннан бергі жиырма төрт жыл ішінде Елбасымыздың тұрақты жүргізіп келе жатқан саясатының бір тіні — ауыл шаруашылығын дамыту, осы сала бойынша өнім өндіруді молайту. Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше бағдарламалар жұмыс істеуде.
Бүгінгі ашылып отырған өндіріс орны ірі қараны бордақылаудан дайын өнімді шығаруға дейінгі ет кластеріне бағытталған. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал басын көбейту және жоғары сападағы ет өнімдері экспортын ұлғайту есебінен Қазақстанның, сондай-ақ Ресейдің шекаралас өңірлерінің нарықтық сұраныстарын қамтамасыз ету жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы министрлігі, «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы осы жұмысты табысты атқаруға үлкен қолдау көрсетті, — деп атап көрсетті облыс әкімі.
ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева құттықтау сөз айтты. Ол жаңа өндіріс орнының ашылуымен жұртшылықты құттықтап, Ақтөбе облысында атқарылып жатқан бұл шаруаның Елбасының ет және сүт өнімдерін өңдеу міндетін алға қойып отырған тапсырмаларына сәйкес келетіндігін білдірді.
«Сіздерде заманауи мал бордақылау алаңы бар, басқа да мүмкіндіктерді көріп тұрмыз, енді жетіспейтіні ет өңдейтін өндіріс еді, германиялық технологиямен іске кірісіп жатырсыздар. Ақтөбе жері құнарлы, сіздерден сапалы ет дайындалатындығына сенімдімін», — деді вице-министр.
Алғалықтардың қуанышын ауыл шаруашылығы саласының ардагері Есентай Сүлейменов білдірді. «Бүгінгі күні теңдесі жоқ үлкен зауыт іске қосылып отыр. Оның құрылысы жүру барысында біраз адам жұмыспен қамтылды. Енді тоқсанға жуық адам тағы тұрақты еңбек етпекші. Біз дамыған елдердің экономикасы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту арқылы өрге басқанын жақсы білеміз. Бұл туралы Елбасымыз да үнемі айтып келеді. Енді сол мүмкіндік Алға жерінде туғанына қуаныштымыз», — деді ол.
Қалай дегенде де мұндай аумақты кешеннің құрылысын жүргізіп, қысқа мерзім ішінде пайдалануға беру оңай шаруа емес. Бұл ретте мемлекет тарапынан қомақты қолдау көрсетілгенін атап айтқан жөн. Нақты айтқанда, «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы бойынша ғана кәсіпорынның бүкіл инфрақұрылымдық жұмыстары атқарылды. Осындай жұмыстар ауқымында қабырғасы көтеріліп жатқан өндіріс орнына су тартылды, газ жүргізілді, сондай-ақ кәріз жүйесі іске қосылды. Сөйтіп, 146 миллион теңге осындай шаруаларды реттеуге жұмсалды.
«Қазақстанның Ет одағы» дара кәсіпкерлердің және заңды тұлғалардың бірлестігінің басқарма төрағасы Мақсұт Бақтыбаев бұл жаңалықты «Ет өңдеуші кешен — 2011 жылдан 2015 жылға дейінгі кезеңде, яғни төрт жыл ішінде құрылған тұтастай алғанда өңірлік кластер ретінде «Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту» бағдарламасын жүзеге асырудың мысалы» деп атап көрсетті. Олардың пайымдауынша, Мәскеу мен Санкт-Петербургті қоса алғанда, Ресейдің алпыстан астам қалаларында орналасқан ресейлік әріптестердің гипер және супермаркеттері мен «Лента», «Ашан», «О кей», «Ринг» секілді ірі сауда желілерімен ынтымақтастық туралы меморандум жайы қарастырылуда.
Ет өңдеу кешенінің директоры Вахтанг Джиджиешвили мұнда сағатына 15 ірі қараны сойып, өнімдерін бөлшектеп, реттеуге мүмкіндік болатындығын айтып берді. Алыстан көз тартатын ауқымды өндірістің екі қабатты ғимараты биылғы көктемде айтақыр болып жатқан жердің үстіне орнай қалды дегенге қазір ешкім де сенбейтіндей.
Бұл жобаның жалпы құны 2,2 миллиард теңге құрайды. Оның 930 миллион теңгесі — жабдықтар, қалғаны құрылыс салуға жұмсалған шығындар екенін білдік.
Барлық жабдықтарды лизингпен алуға несие қаржысы көмектесті. Сондай-ақ серіктестіктің де өз қаржысы ортақ шаруаға молынан салынды.
Ет өнімдерін өңдеу кешенінде тұрқаты түрде 88 адам жұмыс істейтін болады. Бұдан басқа жаңа өндірістің аумағында қосалқы кәсіптер өрістейтінін өздігінен белгілі. Директордың айтуынша, мұнда жұмыс істейтіндерден санаулы білікті мамандардан басқасы Алға қаласының тұрғындары.
Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болған тұста біздің ет өңдеуге қойылатын бұрынғы талаптарымыз іске аса бермейді. «Молочные истории» компаниясына бағынатын бұл ет комбинатының өнімдері толығынан отандық өндіріс болып саналады. Ол азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің ең жоғары талаптарын қанағаттандырады және халал стандарты бойынша сертификатталған.
«АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бір мезетте 11 мың ірі қараны бордақылауға қояды. Жылына екі мәрте бордақылағанда бұл екі есе көбейеді, яғни 22 мың ірі қара болады. Жаңа ет өнімдерін өңдеу кешенінің толық қуаты жылына 7200 тонна ет немесе 36 мың ірі қара қажет етеді. Серіктестік жетпес ірі қараны жекелеген асыл тұқымды ірі қара өсіретін шаруашылықтардан, шаруа қожалықтарынан қабылдап алып, кешенге тапсырады.
«АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сойылатын малдың жарақтылығын, өнімінің сапалылығын түгел өз жауапкершілігіне алады.
Кәсіпорында халал тәртібі сақталып, ірі қара қолмен бауыздалады. Одан кейін желілер жалғаса жұмыс жасап, өзіне түскен өнімді бірінен-бірі іліп алып, автоматты түрде жалғастырып алып кетеді. Мәселен, бір тұста мал терісі сыпырылып, екінші жерде ішкі құрылысы, ішек-қарыны іріктеліп жатады, одан әрі тұтас ет екіге, төртке бөлінеді. Содан кейін саудаға ыңғайланып, орамаларға салынады.
Атап өтерлігі, өндіріс қалдықсыз жұмыс істейді, яғни сойылған малдан ештеңе қалмайды. Қысқасы, аяқ-сирағы, тұяғына дейін өңделіп, қажетке жаратылады.
Германияның «GSF» фирмасының өкілі Бернгард Ролинг осындағы құрал-жабдықтардың кідіріссіз, яғни жоғары талапқа сай жұмыс істейтіндігіне күмән келтірмейді. Ол бүкіл жұмыстың басы-қасында болып, кәсіпорынның қаз тұруына үлес қосқандардың бірі болып саналады.
— Мен ауыл шаруашылығы саласында өмір бойы дерлік еңбек етіп келе жатқандықтан осы бағыттағы қандай да бір жаңалық-өзгерістерге елеңдеп қарап отыратын адаммын. Әріптес ініміз Нұрлан Сағыналиннің өзі туған өңірге келіп, осындай үлкен шаруаны қолға алғанына ерекше қуаныштымын. Біздің өңірде осындай ет өңдейтін кәсіпорын бұған дейін болмай келіп еді, енді бір жетістікке қол жеткіздік. Біздің кәсіпкерлеріміз осындай үлгіні лайықты жалғастырса деймін. Бір өндіріс орнының төңірегінде қаншама адам жұмыспен қамтылып отыр, мұның бәрі игілік емес пе?! — деп салтанатты жиынға қатысқан Қарғалы ауданындағы «Степной» ЖШС-ның директоры Аманғос Төлеуов жүрекжарды лебізін білдірді.
Бұл бір шаруашылық басшысының ғана емес, облыстағы осындай іргелі іске ұмтылып жүрген көптеген шаруа адамдарының тілегі іспетті болды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,
Алға ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button