Басты жаңалықтар

«Парыздың» жүлдесі — «Ақбұлақта»!

Өткен аптада Елордадағы Тәуелсіздік сарайында Президенттің «Алтын сапа» сыйлығы, әлеуметтік жауапкершілік бойынша «Парыз» байқауы және «Қазақстанның үздік тауары» көрме-байқауы лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Ақтөбе қаласындағы «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы «Парыз-2015» жүлдесінің Алтын белгісіне ие болды.
Биыл байқауға республиканың барлық өңірінен 541 кәсіпорын қатысқан. Индустрияландыру күні аясында өткен шарада Премьер-Министр Кәрім Мәсімов «Парыз» байқауының жеңімпаздарына марапаттарды табыстады. «Ең үздік келісімшарт» аталымы бойынша «Парыз-2015» жүлдесінің Алтын белгісі мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолы қойылған арнайы дипломды Ақтөбедегі «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы иеленді.
Премьер-Министрдің қолынан арнайы жүлдені алған компания директоры Айбек Сағиев басшылық ететін кәсіпорын еңбекақы төлеу, жұмыс уақыты мен қызметкерлердің демалыс уақыты үшін өте тиімді кесте құра білген. А.Сағиевтің айтуынша, «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы облыстық деңгейде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөнінде ұйымдастырылған байқауда бірінші орынға қол жеткізіп, республикалық байқауға қатысуға тапсырыс жіберген. Нәтижесінде, ел экономикасын нығайту үшін аянбай еңбек етумен қатар, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін мүлтіксіз орындап келе жатқан отандық кәсіпорындардың арасында «Ақбұлақ» АҚ-ның жұмысы ерекше бағаланыпты.
— Бұл — облыстың абыройын асқақтатуда аянбай тер төккен ұжымның жүлдесі. Қазір кәсіпорында 1400 адам еңбек етеді. Былтыр жыл басында кәсіпорында еңбеккерлердің еңбекақысы 50 пайызға көтерілді. Кәсіпорында қызметкерлер мен жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған. Оларды арнайы киімдермен қамтамасыз ету, бақылаушылар үшін қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндіктері қарастырылды. Сондай-ақ, жұмысшылардың ұялы байланыс телефондарындағы корпоративтік нөмір тегін қызмет көрсетеді. Бұл орайда кәсіподақ ұйымымен бірлескен шаралар жүйелі түрде атқарылып келеді. Мекемеде жұмысшылардың еңбекақысы уақытында төленеді. Біз ұжымдық келісімшарт талаптарын мейлінше сақтауға тырысамыз, — дейді А.Сағиев.
Соңғы кездері «Ақбұлақ» АҚ-ның материалдық-техникалық базасы жаңарып, қаланы толықтай ауызсумен қамтамасыз етуге бар жағдай жасалған. Қаладағы кәріз жүйелерінің жаңартылуына ерекше көңіл бөлініп жүр. Жыл санап жаңа техникалардың қатары көбеюде. Облыс орталығының коммуналдық жүйелерінің мүлтіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуде жергілікті биліктің де ықпалы зор.
2016-2018 жылдары «Ақбұлақ» АҚ Еуропалық қайта құру және даму банкімен арадағы келісімшарттың негізінде ауқымды шараларды әрі «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бірқатар жобаларды жүзеге асыратын болады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Айбек Игиликовичпен жұмыс бабында танысқанбыз. Үстел үстінде Еңбек кодексі, азаматтық кодекс, тағысын тағы, қаптаған заңнамаларды көріп, бірден-бір заң оқитын басшы екен деп қалғанмын. Жүлде құтты болсын! Сауатты, білгір басшылар көбейсін!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button