Басты жаңалықтар

Қытайлықтар Ақтөбеде цемент зауытын салмақ

Әлемдік ірі цемент өндірушілердің жиырмалығына енетін «Huaxin Cement» трансұлттық компаниясы «Жаңа Жібек жолы» жобасын жүзеге асыруға белсенді түрде қатыспақ. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында компания басшылығының Ақтөбе облысы әкімімен кездесуі барысында белгілі болды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Хуасинь Цемент» ААҚ Басқармасы төрағасы Сюй Юнмомен кездесті. Екі жақ Ақтөбе облысында инвестициялық жоба — цемент зауытының құрылысын жүзеге асыру бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Компания тампонажды цементті қосқанда, әртүрлі маркадағы цементтің 1 млн. тоннасы шамасындағы қуаты бар зауыт құрылысына 150 млн. АҚШ доллары шамасындағы мөлшерде инвестиция құюға шешім қабылдады.
Нысан құрылысын 2016 жылдың ортасында бастау жоспарлануда. Жоба мемлекеттік бюджеттен инвестицияны талап етпейді. Бұдан басқа, жобаны жүзеге асыру Қазақстанның батыс өңірінің Ресейден цементті импорттауға тәуелділігін төмендетуге, бүгінгі күні Қазақстанның Индустрияландыру картасында бірде-бір жобасы жоқ Қарғалы ауданында 500-ге жуық жаңа жұмыс орындарын ашуға, мемлекет бюджеті үшін салық салу базасын ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Сапар аясында облыс әкімі Бейжіңдегі «CITIC Constraction Co.Ltd» басшылығымен кездесті. Компания Ақтөбеде калий тыңайтқыштары өндірісімен шұғылданады. Кездесу барысында келесі жылы жаңа нысанның құрылысын бастау, жұмыс көлемі, ас тұзын өндіру, бірлескен қызмет, Ақтөбе қаласында экологиялық нормалар мен атмосфераның тазалығын сақтау мәселелері талқыланды.
Бүгінгі күні 6,5 адам жұмыс істеп жатқан «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ басшылығымен кездесу өтті. Әңгіменің өзегі еңбек жағдайлары мәселелері болды. Бердібек Сапарбаев 2016 жылдың ІІ тоқсанынан инженерлік-жұмысшы құрам кадрларын 3-4 категория бойынша қазақстандық қызметкерлермен ауыстыруды қамтамасыз етуді ұсынды.
Облыс әкімі Қытай Ұлттық Мұнайгаз корпорациясы басшылығына Ақтөбе облысының аумағында мұнайхимия және басқа салаларда жаңа жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды сұрады. Негізінен ілеспе мұнай/табиғи газдан метанол өндіретін минизауыт салу мәселесі талқыланды.
Жоба CNPC (Қытай Ұлттық Мұнайгаз корпорациясы) Ресейден сатып алатын 10 мың тонна көлеміндегі метанолға компанияның жыл сайынғы қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Екі жақ мұнай өндіруде өткен жылғы деңгейден төмен емес көрсеткішке жету, әлеуметтік сұйытылған газға жылына қажеттілігі 50 мың тонна шамасын құрайтын Ақтөбе облысы рыногына сұйытылған газ жеткізу көлемін ұлғайту жайын талқылады.
Келесі жылы инвестиция көлемін қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Бұдан басқа, Қазақстан жағы Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау тұрғысынан «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да жергілікті құрамды ұлғайту бойынша нақты жоспар жасауға, CNPC секілді ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар маңайында «шағын және орта кәсіпорындар белдеуі» қосалқы өндірісін дамытуға және бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға ниетті.
Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасына қазақстандық делегацияның сапары аясында екі елдің Премьер-Министрлерінің қатысуымен индустрияны, бизнесті, ауыл шаруашылығын және басқа салаларды дамыту бойынша бірқатар екіжақты келісімдерге қол қою орын алды.
Тұтастай алғанда, Қытай Ақтөбе облысының ірі сауда әріптесі болып табылады, оның үлесіне аймақтың барлық сыртқы сауда айналымының 40 пайызынан астам үлесі кіреді. 10 ай ішінде сыртқы сауда көлемі 1,3 млрд. доллар құрады (экспорт —1,2 млрд. доллар, импорт — 134 млн. доллар).
Мұнай және мұнай өнімдері, мыс және хром рудалары, ферроқорытпалар, тағы басқалары экспортталады. Импорт химия өнімдерін, құбырлар және металдан басқа да бұйымдарды, машина мен жабдықтарды, киім және тоқыманы құрайды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button