Басты жаңалықтар

Бердібек Сапарбаев: Ұсыныс болса, қаржы табылады

Сессия

Өткен жұма күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен облыстық мәслихаттың кезекті отыз жетінші сессиясы өтті.
Сессия жұмысына облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Бірінші кезекте сессияда облыстың 2016-2018 жылдарға арналған бюджеті талқыланды. Бұл жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рузия Айдашеваның баяндамасы тыңдалды.
Баяндамада атап көрсетілгеніндей, облыстық бюджеттің түсімдері 2016 жылы 107, 6 млрд. теңгені құрайды деп болжалуда. Оның ішінде жеке кірістері — 35 млрд. теңге.
Ал облыстық бюджеттің 2017 жылғы жеке кірістері 40,0 млрд. теңгені және 2018 жылы 42,1 млрд. теңгені құрайтыны жоспарланған.
Баяндамашы алдағы жылға арналған бюджетке нақты түсінік беріп, облыстық бюджеттің кірісін болжамдау кезінде, оларды ұлғайтатын, сонымен қатар төмендететін факторлардың есепке алынғанын еске салды. Салықтық түсімдері бойынша 2016 жылға арналған болжам 2015 жылды бағалау деңгейінде 32,6 млрд. теңге көлемінде айқындалған.
Алдағы жылы кәсіпкерлік қызметті ынталандыру, оның ішінде шағын бизнесті дамыту, облыс тұрғындарын әлеуметтік қолдау және экономиканың негізгі салаларында жағымды инвестициялық жағдайды қалыптастыру арқылы салықтық әлеуетті өсіру бойынша жұмыстарды әрі қарай жалғастыру жоспарлануда.
Мемлекет басшысының басымды емес бюджет шығыстарын оңтайландыру арқылы қатаң бюджет саясатын жүргізу бойынша тапсырмасын ескере отырып, бюджеттің шығыс бөлігін қалыптастыру жүзеге асырылды.
Облыстық бюджеттің 2016 жылға арналған шығыстары 112,2 млрд. теңге көлемінде жоспарланған. 2017 жылғы шығыстар 85,6 млрд. теңге және 2018 жылы 85,7 млрд. теңге көлемінде жоспарлануда.
Әлеуметтік салаға 2016 жылы облыстық бюджет есебінен 25 млрд. теңге немесе облыстық бюджеттің жалпы шығыстарының 50 пайыздан артығы бағытталды. Оның ішінде білім беру саласы 7,2 млрд. теңге алады. Денсаулық сақтау саласына 7,7 млрд. теңге қарастырылған.
Мұнымен бірге, әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік көмекке, мәдениет және спорт салаларына, ауыл шаруашылығын, көліктік инфрақұрылымды дамытуға қаржы бағытталған. Шағын және орта бизнесті қолдауға 641,8 млн. теңге көлемінде қаржы көзделіп отыр. «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында іске қосылатын жобаларды және жерге орналастыру құжаттарын әзірлеуді аяқтауға қаржы берілген. Мәселені талқылау барысында қойылған сауалдарға байланысты облыс әкімі Бердібек Сапарбаев: «Кәсіпкерлер, инвесторлар тарапынан ұсыныстар болса, қаржы табылады» деді.
Жан-жақты талқылап, салмақтай келе депутаттар ұсынылған бюджет жобасын бірауыздан қолдады. Бұл күнгі сессия жұмысында бұдан бөлек 37 мәселе талқыланды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияны және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл шараларын жүзеге асыру барысы туралы әңгіме болды. Облыстың қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру, жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау мәселелеріне қатысты хабарлама жасаған сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаевтың жұмысын облыс әкімі қатаң сынға алды. Ғимараттың айналасын көгалдандыруда оның иесіне құрылысты жүргізбес бұрын ескерту қажеттігін, оларға ағаш отырғызуға, айналасын абаттандыру жұмыстарына қанша шаршы метр жер бөлінетінін алдын ала айтып, келісу керектігін ескертті. Егер бұл мәселелер уақытында айтылмаса, шағын және орта бизнес өкілдерін абаттандыру жұмыстарына тартудың қиын болатынын, мұның әр кез ойда тұратын басты талап екенін айтты.
Сессияда сөйлеген сөзінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыстың дамуына әсер ететін маңызды құжаттың қабылданғанын, қазіргі экономикалық жағдайда бюджетті дайындау және оны жүзеге асырудың оңай еместігін атап көрсете келе, депутаттардың сол қиыншылықтарды ескере отырып, ұсынылған бюджетті қолдағандарына өз ризашылығын білдірді. Жаңа бюджет аумақты дамыту жөніндегі жоспарларды, қазіргі дағдарысқа сәйкес облыс әкімшілігінің іс-қимылын сипаттайды. Бюджетте тапшылық болғаннан кейін қаржының басқа көздерін қарастыру қажет болады. Облыс әкімі бюджеттен бөлінген қаржыны еселеп молайтудың маңыздылығын, осымен байланысты қазіргі кезде ірі қаржылық қорлармен жұмыстар жүргізіліп отырғанын айтты.
— Негізінен бұл қаржылар шағын және орта бизнесті, оның ішінде ауылдағы бизнесті дамытуға жұмсалады. Қазіргі таңдағы мемлекет басшысының біздің алдымызға қойып отырған міндеті — халықты жұмыспенен қамту. Осы бағыттағы біздің ұсыныстарымызды үкімет қолдады, біз төрт пилоттық жобаларды жүзеге асыратын облыстың қатарына ендік. Қазір біздің тиісті басқармалар өздерінің іс- жоспарларын жасады, барлық қаржының көздерін есептеп келген кезде, 2 миллиард 400 миллион теңгедей қаржы осы іс-шараларды жүзеге асыруға жұмсалмақ. Мұнда республиканың, жергілікті бюджеттің және кәсіпкерлердің де қаржылары бар. Негізінен бұл қаржылар ауылдық жердегі өндірілетін өнімдерді өңдеуге бағытталады. Қазір қай жерде қандай ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу орындары салынатыны жөнінде әрбір ауданға, оның ішінде ірі елді мекендерге тапсырмалар берілуде. Бұл жердегі саясат белгілі, біріншіден, өзімізді-өзіміз тамақпенен қаматамасыз етуіміз керек. Екіншіден, біз экспортқа, оның ішінде көрші мемлекеттерге ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруымыз керек, — деді облыс басшысы.
Елбасының тұрғындарды жұмыспен қамту тапсырмасын орындау мәселесіне тоқталғанда Бердібек Сапарбаев жұмыс орындарын құру жөніндегі түрлі бағыттар бойынша алдағы жылдары жүзеге асырылатын іс-шараларымен, жоспарларымен де бөлісті.
Бұл ыңғайда қаржыландырудың барлық көздерінен шамамен 2-3 млрд. теңге қосымша қаржы қарастырылып отырғанын, оның негізінен ауылдық жерлерде ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуге, соның нәтижесінде қосымша жұмыс орындарын құруға жұмсалатынын айтты. Аймақта ет, сүт, өсімдік шаруашылығы өнімдерінің өңделуінің баяулығына назар аударып, мұны облыс экономикасының ақсайтын саласы деп атады. Қазір бұл бағыттағы жұмыстардың басталғанын хабарлады.
Бұдан кейін әкім назарды мемлекет пен жекенің әріптестігіне аударды. Бірқатар ірі бизнес құрылымдарына инвестициялық жобалардың ұсынылғанын, бірақ әзір олардан жауап болмай отырғанын атап көрсетті. Бизнес иелерінің әлі де ойланып, алда жауап беретініне сенімді екенін білдірді. Бизнес құрылымдары Елбасының тапсырмасы — әлеуметтік салаларды нығайтуға атсалысуға тиіс.
— Егер біз дағдарысты бетке ұстап, қаржы жоқ, еш құрылыс сала алмаймыз деп отыратын болсақ, таяудағы он жылда апатты жағдайдағы үш ауысымдағы мектептерді де өзгерте алмаймыз, — деді әкім.
Қаржы көздерін табуда халықаралық қаржылық ұйымдармен, елшіліктермен қазіргі күнге дейінгі жүргізілген жұмыстарды саралай келіп, алда жобалық-сметалық құжаттар жасау мәселесіне маңыз беру қажеттігіне айрықша тоқталды.
Сөзінің қорытындысында аймақ басшысы Елбасының халыққа арнаған биылғы Жолдауының маңызына, ондағы айтылған міндеттерді нақты жүзеге асыру шараларына тоқталып, жылды қалай қорытындылаймыз деген мәселені қозғады. Әкімнің айтуынша, тұтастай алғанда жыл нәтижелі аяқталғалы отыр. Әйтсе де, күрделі үш мәселе бар. Бірінші, өнеркәсіп өнімінің көлемі жөнінде. Өкінішке қарай, дағдарыс ірі кәсіпорындардың қызметіне әсер етіп отыр. Алайда облыста құрылған жұмыс тобы бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Соның ңәтижесінде қараша айында өнеркәсіп 3,7 пайыз өсті, тұтастай алғанда 11 айда 98,6 пайыз құрады. Алда да жұмыс жүреді. Инвестиция тартуға байланысты да жағдай осындай.
Құрылыс жұмыстарының көлемі жөнінде де нәтиже қалыпты болады деп күтілуде. Әкім қалаған көрсеткіштер орындалатынын және өткен жылғы деңгейден төмен болмайтынын мәлімдеді.
Бұл жерде облыс басшысының әр кәсіпорынға жыл аяғына дейін барлық резерв көздерін іздестіріп, екпінді еңбек етуді тапсырғанын да айтқан жөн. Мәселе — келер жылға берік негіз қалауда, бөлінген бюджет қаржысын толық игеруде, сөйтіп, жылды лайықты қорытындылауда болып отыр. Облыс әкімінің сессияда атап көрсеткеніндей, жылды лайықты аяқтауға аймақта жағдай да, мүмкіндік те жеткілікті.
Сессияның қорытындысында күн тәртібіндегі қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Ресми жиын облыстың ауыл шаруашылығының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар ардагерлерді «Құрметті ардагер» төсбелгісімен марапаттау рәсімімен аяқталды.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button