Басты жаңалықтарМәдениет

«Мүшәйра мен айтысты жиі өткізу керек»

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәдениет саласының қызметкерлері мен ардагерлері, сондай-ақ шығармашылық ұйымдардың, зиялы қауымның өкілдерімен кездесті. Кездесу Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония ғимаратында өтті.
Жиынға облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов қатысты.
Облыс басшысы жиынды аша отырып сөйлеген сөзінде:
— Мәдениеттің, әдебиет пен өнердің қоғам өміріндегі рөлі баршаңызға жақсы мәлім. Бұл — ата-бабадан жеткен баға жетпес мұра, рухани қазына, адамды болашаққа, үміт пен сенімге жетелейтін ұлы күш. Әр мемлекет, тек азаматтары рухани тұрғыдан мықты болғанда ғана, алға басып, басқалармен терезесі тең дәрежеге жетеді. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәдениет пен өнерді дамытуға, мемлекет қамқорлығынан тыс қалдырмауға әрдайым көңіл бөліп келеді. Ең бір қиын, күрделі кездерде де еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа мәдениет ошақтары ашылды. Астанада бой көтерген мәдениет нысандары сәулеті, техникалық мүмкіндіктері жағынан әлемдік деңгейде үздік саналады. Мысалы, «Астана Опера» театрының сән-салтанаты әлемнің ең атақты театрларының ешқайсысынан кем түспейді. Қазақстандық жас дарындар, өнер ұжымдары халықаралық байқауларға қатысып, дүниенің бар бұрышына барып, танылып жүр, бұған да мүмкіндіктер жасалған. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында үлкен істер жүзеге асты. Осының бәрі ел мерейін өсіру үшін жасалып жатыр, — деп атап өтті.
Облыс әкімі өз сөзінде елімізде мәдениет саласына бөлінетін қаржы көлемі жылдан-жылға көбейіп отырғанын және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында атап көрсетілгендей, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл сала қызметкерлерінің еңбекақысы да артатынын айтты.
Бүгінде бірқатар мемлекеттерді экономикалық, саяси дағдарыстар жайлап, күні кеше ғана айрандай ұйып, тату-тәтті өмір сүріп жатқандай көрінген кейбір елдердің енді қарулы қақтығыстардан көз ашпай отырған жайы бар. Ғаламтор мен БАҚ арқылы сырттан ағылған ақпараттар арандатушылық сипаты басым, жақсылықтан гөрі жамандықты таратуға бейім боп келеді. Бұл жұрттың көңіл күйіне, денсаулығына кері әсер етеді.
— Осындай жағдайда ел ішіндегі тыныштық пен бірлікті, халықтың рухани саулығын, тіпті денсаулығын сақтауға мәдениет қызметкерлерінің сіңірер еңбегі зор, — деп атап көрсетті облыс әкімі. Осы орайда жұрт назарын жағымсыз ақапараттардан гөрі мәдениетке, руханиятқа бұруға күш салу, мазмұнды іс-шаралар, жаңа туындылар арқылы көпшілікті мәдени орындарға тарту керектігін баса айтты. Әсіресе, жас ұрпақ ұлттық өнердің қадіріне жететін, оның мазмұны мен мәнін түсінетін боп өсуі тиіс. Оқушылар мен жастар мәдениет ошақтары — кітапхана, музей мен театрларға баруды тұрақты дағдыға айналдыруы керек. Жиында облыс әкімі осы мәселеге ерекше тоқталды.
Бердібек Сапарбаев Ақтөбе өңірінің қазақ руханиятының ірі орталықтарының бірі екенін айта келіп:
— Шернияз ақын, Қазанғап күйші, Темірбек Жүргенов пен Жұбановтар әулетінен шыққан қайраткерлер, классик жазушы Тахауи Ахтанов сынды алып тұлғалар тақырдан шықпайды, киелі топырақтан ғана шығады. Олардың ісін алға апару, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан ұлы көшті ертеңге жалғау — біздің борышымыз. Сондықтан аймақтың мәдениетін дамыту, көркейту, барымызды насихаттап, жоғымызды түгендеу мақсатында қандай істер қолға алынуы тиіс? Сіздердің тараптарыңыздан қандай ұсыныс-бастамалар айтылады? Сіздерді пікірлесу үшін шақырып отырмыз, — деді.
Облыс басшысы осы орайда Орынбор өңірімен мәдени байланыстарды нығайту, «Жұбанов көктемі» фестивалінің аясын кеңейту төңірегіндегі пікірлерін жеткізді.
— Ұлтқа бірнеше ұлы қайраткер берген Жұбановтар әулеті секілді әулеттер қазақта аз. Фестиваль классикалық музыканы насихаттаумен ғана шектелмей, оған эстараданың, әдебиеттің өкілдерін қатыстыратын болсақ, аясы кеңіп, атағы алысқа жететін болады, — деді Бердібек Машбекұлы.
Жиында алғашқылардың бірі болып сөз алған белгілі ақын, публицист, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Мейірхан Ақдәулетұлы облысымызда мәдени саланы дамыту ісін жүзеге асыру үшін арнайы құжат әзірлеу керек деп есептейді.
— Жақсы бастамалар қолға алынғанымен, әркім әр жаққа тартып, соңы аяқсыз қалып жатады. Сондықтан мәдениет саласын дамытудың тұжырымдамасын не басқалай бір құжат әзірлеу арқылы бұл істі жүйеге түсіру қажет, — деді ол.
Бұл пікірді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қуаттады. «Негізгі бағыттарды айқындап, тұжырымдама әзірлеуге осы саланың ардагерлері мен білікті мамандар атсалысуы керек» — деді ол.

Көне де тар ғимараттар

Жиында өз ұсыныс-пікірлерін айтқандардың басым бөлігі көтерген мәселе — ғимараттар жайы болды. Өз сөзінде бұл мәселеге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та тоқталды:
— Аудандарды аралай жүріп, елді мекендердің 30 пайызға жуығында болдым, қай-қайсысында да мәдениет ошақтарының хал-күйімен таныстым. Ауылдағы клубтардың көпшілігі әлдеқашан ескірген, саманнан салынған ғимараттарда орналасқан. Обыс орталығындағы жағдай да мәз емес, іліп алатын бір-екі ғана ғимарат бар. Ал музейдің жайын өздеріңіз білесіздер, — деді.
Бірнеше жылдан бері айтылып келе жатқан облыстық тарихи-өлкетану музейі құрылысының «жырынан» біздің оқырмандар да хабардар. Құрылысы 2014 жылы басталуы тиіс болғанымен, мамандардың қала әкімдігі тарапынан ұсынылған жер учаскелеріне келіспеуі себепті кейінге қалумен келеді. Мамандар облыстың бас музейі қаланың сыртқы бөлігінде емес, ішінде орналасуы керек деп есептейді.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бисембаев бұл дауды осы жиында да қозғады:
— Қала орталығынан мейрамханаға орын табылып, музейге неге орын табылмайды? — деді.
Сол арада аймақ басшысы:
— Музей қаланың қақ ортасында болу керек. Сыртта салынған музейге кім барады? Мен бұл мәселені өз бақылауыма алып отырмын. Музейге қала ішінен орын табылады. Демеушілер тарапынан, сондай-ақ бюджеттен де қаржы бөлінетін болады. Құрылыс алдағы жылы басталады, — деп, жиналғандарды қуантып тастады.
Белгілі композитор, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қайырғали Қожанбаев облыстық филармонияның 2003 жылға дейін әр жерге көшіп-қонып келгенін, сол жылы берілген қазіргі ғимаратының да ескі екенін айтып, өнер ұжымдарының әсіресе сахнаның тарлығынан зардап шегіп жүргеніне қынжылыс білдірді. «Сахнаның тарлығынан кейбір ойға алған жоспарларымыз іске аспай жатады. Бізге үлкен сахна керек» — деді ол. Облыстық мемлекеттік мұрағат, Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театры ғимараттарының да тарлық етіп отырғаны, ал Ақтөбе қалалық Мәдениет үйіне лайықты ғимарат керектігі айтылды. Жас ақын Индира Кереева ақтөбелік жас қаламгерлердің бір-бірінің жаңа туындыларымен танысып, пікір алмасып, шығармашылық байланыста болуы үшін, бас қосатын арнайы орын бөлінсе деген тілегін жеткізіп, облыс әкіміне өзінің алғашқы кітабын табыс етті.
Бұл тілектерге орай облыс басшысы:
— Жақын жылдарға мәдениет, спорт салалары бойынша 2-3 нысанның құрылысы ғана жоспарланады. Ал қалған құрылыс дағдарыстан кейін жалғасады. Бірақ, меніңше, дағдарыс ұзаққа созылмайды. Тәуелсіздік алғалы бергі 24 жылдың ішінде біз үш дағдарыстан аман-есен өттік. Бұл жолғы дағдарысты да жеңіп шығамыз, — деді.

Қайтсе маман тұрақтайды?

Сөз алғандардың бірқатары айлығы аз, шапқылауы көп мәдениет саласына жас мамандарды тартудың оңайға соқпайтынын баяндады. Мысалы, Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының қазақ труппасында ең жас актрисалар 35-те екен. Театрға жас мамандар келеді, бірақ көп ұзамай басқа жұмысқа ауысып кетеді. Өйткені баспана берілмейді, пәтер жалдауға айлығы жетпейді.
Театрдың көркемдік жетекшісі Сержан Аманқұлов мамандарды жергілікті жастардан даярлау мақсатында, жоғары оқу орындарында оқыту үшін гранттар бөлінсе деген ұсыныс айтса, ал Қайырғали Қожанбаев, әнші Гүлсім Юсупова, т.б. мәселені жастарды баспанамен қамтамасыз ету арқылы шешу керек деп есептейді. «Мәдениет саласы қызметкерлерінің түрлі бағдарламар бойынша несиемен үй алуға мүмкіндігі жетпейді. Сондықтан жас мамандар үшін арнайы жатақхана салынғаны дұрыс болар еді» — дейді олар.
Ырғыз ауданындағы «Мәні» Мәдениет үйінің директоры Ләззат Айтқұлованың пікірінше, мәдениет саласы қызметкерлері үшін кәсіби жетілдіру курстарын ұйымдастыру қажет. Ал әнші Гүлсім Юсупова мәдениет, өнер адамдары үшін моральдық тұрғыдан қолдаудың да маңызды екенін, осы орайда атақ беру, марапаттау мәселесінде әділеттілік керектігін ортаға салды. Жалпы, бүгінде марапаттың көп жағдайда еңбек сіңіргенге емес, «сұрай білгенге» бұйыратыны — қоғамдық пікірде айтылып жүрген жайт. «Осы салада отыз жылдай еңбек етіп келемін, отыз жыл бойы сахнада, қарапайым жұртшылықтың көз алдында жүрмін. Ауыл-ауылдарды аралағанда, ешқандай атағымның жоқ екенін естіген тыңдармандар таңғалысып жатады. Өйткені бізден әлдеқайда кейін келген жастардың да атақтары бар» — деген Гүлсімнің сөзіне басқа әріптестері қолдау білдірді.

Тарих жанашырлары…

Әр халық өз тарихының даңқты беттерін, атақты тұлғаларын, ең алдымен, әдебиет пен өнер туындылары арқылы насихаттайды. Мәдениет қызметкерлері әрдайым тарихымыздың жанашырлары, іздеушілері қатарында жүреді. Осы жиында музей ісінің ардагері Шайзада Мұқашева қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш дәрігер, I Дүниежүзілік соғысқа қатысқан жалғыз қазақ қызы Аққағаз Досжановаға облыс орталығынан көше беру, сондай-ақ, Орынбор облысындағы Әбілқайыр ханның зайыбы — Бопай ханым Сүйіндікқызы жерленген жерге белгі қою жөнінде ұсыныстар айтса, «Қос шынар» Әлия-Мәншүк» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес Ақтөбедегі медицина колледжіне — Мәншүк Мәметованың есімін, ал көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжіне қазақтан шыққан тұңғыш жоғары білімді теміржолшылардың бірі, Әлияның нағашысы Әбубәкір Молдағұловтың есімін беру туралы өтінішін жеткізіп, осы іске көмек сұрады. «Медицина колледжіне Мәншүк Мәметованың есімін беру жөніндегі ұсыныспен жүргенімізге біраз жыл болды. Осыған қол жеткізе алмай келеміз» — деді ол.
Облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның бас инспекторы Фархад Досмұратовтың пікірінше, өңіріміздегі тарихи ескерткіштерді сақтау мақсатында арнайы комиссия құрылса, олардың зерттелу, қорғалу жайын талқылап, бақылауда ұстауға септігі тимек. «Ал қазір ескерткіштер жойылып кетіп жатыр» — дейді бас инспектор.
Жиында басқа да мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлер айтылды.
Облыс әкімі көтерілген мәселелерге байланысты өз ойларымен, жоспарларымен бөлісті. Бердібек Сапарбаев алдағы жылдың көктемінен бастап облыс орталығында аудандардың мәдениет күндерін ұйымдастыруға тапсырма берді. «Бұл шараларға сол аудандар топырағынан шыққан, қазір облысымыздан тыс жерлерде жүрген белгілі қаламгерлер, өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері де шақырылсын» — деді ол. Сондай-ақ, бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жоба — «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жерлес ақын-жазушылар кітаптарын жарыққа шығару ісінің жалғасатынын жеткізді. Облыс басшысы ақын-жазушылардың, соның ішінде жастардың да шығармашылығын қолдау мақсатында, әдеби кештер, мүшәйралар, айтыстар үзбей ұйымдастырылып тұруы керектігін айтты.
Сонымен қатар, бұл халықтың да қалауы екенін атап көрсетті:
— Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыс кезінде ақтөбеліктер айтысты сағынғандарын айтып жатты. Жұрт күтетін, шынайы ықыласпен келетін мүшәйра мен айтысты жиі өткізу керек, — деді Бердібек Машбекұлы.
Бопай ханымның басына белгі орнату туралы ұсынысқа орай, облыс әкімі Орынбор өңірімен мәдени байланыстарды нығайту туралы әңгімеге қайта оралды:
— Орынбор — Қазақстанның астанасы болған қала, бұл өңір — халқымыз үшін қасиетті жер. Мұны қазақ ешқашан естен шығармауы, ұмытпауы қажет. Сол мақсаттағы шараларды Орынбормен шекаралас отырған мына біз, ақтөбеліктер, істемегенде, кім істейді? Ақтөбе бүкіл батыс аймақтың мәдени орталығына айналуы керек. Сонымен қатар, көршілес Орынбормен де мәдени байланыстарды жандандыру әрдайым күн тәртібінде тұруы тиіс. Бопай ханымның басына белгі орнату жөнінде сол жаққа қозғау салып, мұны өз тарапымыздан ғана атқармай, бірлесе істеген дұрыс, — деді ол.
Облыс басшысы сөзінің соңында жиналғандарға шығармашылық табыстар, сәттіліктер тіледі.

Индира ӨТЕМІС.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button