Басты жаңалықтарМереке

«Мәңгілік ел» — ұлтты сақтап қалу идеясы

«Мәңгілік Ел — ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы.
Ол арман — әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді», — деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында. Осы құжатта Елбасы қазақ қоғамына «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жариялады. «Болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін» идея төңірегінде мамандарды сөйлеткен едік:

Рахым Бекназаров,
тарих ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры:

«Мәңгілік ел» — ұлтты сақтап қалу идеясы

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Мәңгілік Ел» идеясының түп-төркіні тереңде жатыр. Мәңгілік Ел болуды, яғни, халықтың тарих сахнасынан өшпей, сақталып қалуын ата-бабамыз бұрыннан армандаған. Оның тарихи негізі сонау VI-XII ғасырлардағы Орхон-Енисей жазбаларынан басталады. Тоныкөктің тасқа қашалып жазылған жазбаларында «Көктегі түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін…» — деген жолдар кездеседі. Яғни бұл аспан мен жер барда жердің бетінде Түркі халқы қалады, ол мәңгілік ел болады, жер бетінен жойылып кетпейді деген тілектен туған идея.
Бұл идея кейін де жалғасын тапты. Мысалы, орта ғасырлардағы «Оғызнама», «Бабырнамадағы» жазбалар, Қорқыттың мәңгі өмірді іздеу философиясы — барлығы да осыдан туындаған. Қазақтардың шежіре жазуының өзінде үлкен мән жатыр. Ата-бабалардың, ру-тектердің атын атап, шежіре етіп жазу — осы ұлттың сонау ерте замандарда пайда болғандығын меңзейді. Белгілі қытайлық шығыстанушы Никита Бичуриннің зерттеулерінде де біздің заманымызға дейінгі IV ғасырлардағы Орта Азия халықтары, соның ішінде түркі халықтары туралы да жазбалар бар.
Мәңгілік Ел болу ұлттық идеясын XIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында қазақ зиялылары мен ұлттық интеллигенция өкілдері әрі қарай жалғастырды. Соның ішінде Ахмет Байтұрсынов пен Мұстафа Шоқайды ерекше айтар едім. Бірі елде, бірі шетте жүрсе де, екеуінің мұраты бір идеяға тоғысты, екеуі де азаттықты аңсады, тәуелсіз ел болуды көздеді. Жақында ғана Мұстафа Шоқай шығармаларының 12 томдық жинағы шықты, бұл жинақта да Шоқайдың мәңгілік ел идеясының жалғастырушысы ретіндегі туындылары топтастырылған.
Кеңес үкіметінің кезінде де сонау ерте ғасырларда басталған ұлттық идея үзіліп қалды деуге болмайды. Кеңес үкіметі саясатының ықпалында болса да, астарлы түрде ұлты үшін еңбек еткен тұлғалар баршылық. Мысалы, Қазақ Ұлттық ғылым академиясын құрған Қаныш Сәтбаевтың да мұраты — ұлттық интеллигенцияны бір жерге шоғырландыру, қазақ тарихын, тілін, ділін, әдебиетін, мәдениетін ғылыми тұрғыда зерттеуге барынша күш салу еді. Жанына ұлттық интеллигенцияны жинап, ел ішінде театрлар, мәдени ошақтар салдырған Дінмұхаммед Қонаевты да айтып кеткен жөн.
Осы тұрғыда Елбасы ұсынған «Мәңгілік Ел» — халық арасында жылдар бойы қалыптасқан идея деуге болады. Бұл идеяның түп-төркіні ұлттық құндылықтарды, соның ішінде рухани құндылықтарды сақтауға, ұлтты ұлт ретінде сақтап қалуға негізделеді.

Бауыржан ЖҮНІСОВ, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті экономика жәнен құқық институты директорының орынбасары:

Тәуелсіздікті нығайту ең бірінші елдің экономикалық тәуелсіздігін сақтаудан басталады

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясын жариялаған болатын. Мемлекетіміздің әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына кіру стратегиясы осы ұлттық идеядан басталады. Бұл дегеніміз — ең алдымен елдің экономикалық, саяси, рухани қауіпсіздігі, ел мен жердің тұтастығы, тәуелсіздікті сақтау. Тәуелсіздікті нығайту ең бірінші елдің экономикалық тәуелсіздігін сақтаудан басталады. Елбасы Жолдауында ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтарды атап өтті. Оның ішінде индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім және еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы сынды бағыттарға ерекше тоқталғым келіп отыр.
Еліміздің Еуразиялық экономикалық одаққа енуі еуразиялық интеграция аясындағы маңызды шешім болды, яғни біздің мемлекет әлемдік деңгейде бәсекелестікке төтеп беретін экономикалық саясат жүргізуді кластерге негізделген жаңа инновациялық бағытта жүргізуге бел байлады. Бұл саясаттың өзегі — халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсарту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету.
Ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін анықтау үшін түрлі халықаралық рейтингтер қолданылады. Қазіргі уақытта әлем елдері негізінен Швейцарияда орналасқан еуропалық менеджмент Институты (Instituteof Management Development, IMD) жүргізетін рейтингке сүйенеді. Бүкіләлемдік экономикалық форумның (IMD) жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша 2014-2015 жылдары 144 елдің экономикасына сараптама берілді. Қазақстан Бүкіләлемдік экономикалық форумның (IMD) жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі бойынша алғашқы елу елдің қатарында тұр. Қазақстанның IMD рейтингіне қатысуының өзі аса маңызды болып есептеледі, себебі мемлекеттік саясатты жүзеге асыруда осы зерттеу нәтижелері негізге алынады. Бұған қоса, зерттеу нәтижелері шетелдік инвесторлар инвестициялық шешім қабылдау кезінде ақпараттық ресурс есебінде қолданылады.
Қазақстанның IMD рейтингіне қатысу мәселесі негізінен 2007 жылдың маусым-тамыз айларында көтерілді. Осы жылдары келісімшарттар жүргізіліп, 2009 жылдан бастап Қазақстан жыл сайын барлық елдерге ортақ талаптарға сәйкес жаһандық бәсекеге қабілеттілікті анықтайтын рейтингке ену туралы шешім қабылданды. Бұл рейтингке сай, еліміз, әсіресе, макроэкономикалық орта және еңбек нарығының тиімділігі бойынша жоғары көрсеткіштерге ие, институттар, инфрақұрылым, жоғары білім беру және кәсіби дайындық, технологиялық дайындық сынды бірнеше бағыттар бойынша ортаңғы қатарларда тұр.
Жалпы, осы рейтингте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізу маңызды. Бұл көрсеткіштер, жоғарыда айтып кеткенімдей, шетелдік инвесторлар инвестициялық шешім қабылдау кезінде ақпараттық ресурс есебінде қолданылады. Елбасы былтырғы Жолдауында: «Біз экономикамызға шетелдік инвестициялар, технологиялар мен инновацияларды кеңінен тартатын боламыз. Инвесторлар үшін жұмысқа қолайлы жағдайлар жасаймыз. Біз дамыған 30 елдің тобына кірудің осы маңызды тетігі арқылы экономикамыздың өңірлік, жаһандық экономикалық жүйемен терең ықпалдасуын айқын көріп отырмыз» деген еді. Яғни мұның барлығы дамыған отыз елдің қатарына кірудің алғышарттары.

Үмбетхан СӘРСЕМБИН,
философия ғылымдарының кандидаты, «Әлеуметтік-саяси пәндер» кафедрасының меңгерушісі:

«Мәңгілік ел» ұғымы ұлттық құндылықтарды сақтауға негізделген»

«Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы». Бұл — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзі. «Мәңгілік Ел» идеясының тарихи феномені сонау ерте дәуірден басталады.
Қазіргі Елбасымыз ұсынып отырған Қазақстанның Ұлттық стретагиялық идеясының негізгі бағытын айқындайтын «Мәңгілік Ел» идеясының басты өзегі — елдің тұтастығын, халықтың бірлігін нығайту, қоғамның өркениетті дамуын жүзеге асыру.
Қазіргі қазақ қоғамында атқарылып жатқан іс-шаралардың түпкі мақсаты — елдің тәуелсіздігін нығайту. Қазақстан — зайырлы мемлекет. Ал зайырлы мемлекетте ұлттық құндылықтар, дін, ғылым, өнер, білім өз деңгейінде дамуы тиіс.
Елбасы өз сөзінде «Егеменді дамудың 22 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды.
Олар көктен түскен жоқ. Бұл құндылықтар – уақыт сынынан өткен қазақстандық жол тәжірибесі» дей келе, бұл құндылықтарға жеке-жеке тоқталған болатын. Соның бірі — зайырлы қоғам және жоғары руханият һәм Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Осы тұрғыда қоғам мүшелерінің білім-ғылымға, еңбекке ынтасын арттыру, интеллектуалды ұлт болуға ұмтылу мәселесін айта кету керек. Егер қоғамның әр мүшесі, әр адам, әр отбасы балаларын алдына дұрыс мақсат қоя білуге, осы мақсатқа жету жолында заман талабына сай ізденуіне тәрбиелеуі аса маңызды. Еңбек ұғымы арқылы мемлекетіміздің зайырлы өмірін, болашағын айқындай аламыз.
«Мәңгілік Ел» ұғымы ұлттық құндылықтарды сақтауға негізделген. Мысалы, Жапония түрлі салада жоғары жетістіктерге жеткен мемлекет, дегенмен ұлттық құндылықтарды да сақтап қалып отыр. Осы бағытта еліміз де заманауи көшке ілесе отырып, ұлттық құндылықтарды қоса дамыты керек. Бұл тұрғыда халықтың негізгі өмір сүру формасына айналатын фактор — еңбек пен білім болуға тиіс. Елбасы халықтың алдына интеллектуалды ұлт болу міндетін қойды. Бұл мәселе еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қолға алынған еді. Бұл тұрғыда «Мәдени мұра» бағдарламасы, «Тарих толқынында» жобалары жүзеге асырылды. Биылғы Қазақ хандығының 550 жылдығы, келесі жылы тойланатын Тәуелсіздіктің 25 жылдығы сынды шаралар ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында жасалып жатқан жұмыстар. Бір сөзбен айтқанда, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыруда бізге, бүгінгі буынға үлкен міндет жүктеліп отыр — біз келер ұрпаққа рухани құндылықтарды таза күйінде тапсыруымыз қажет. Сонда ғана интеллектуалдық деңгейі жоғары сапалы һәм мықты мемлекет бола аламыз!

Сұхбаттарды жүргізген Мейрамгүл Рахатқызы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button