Басты жаңалықтар

Форум өтті

Кеше Достық үйі ғимаратында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен 9 желтоқсан — Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай облыстық форум өтті. Форумға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы, жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, этномәдени бірлестіктер мен мемлекеттік емес ұйымдардың өкілдері және БАҚ қызметкерлері қатысты.
2003 жылы 9 желтоқсанда Мексикада қол қою үшін БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы ашылған болатын. Содан кейін БҰҰ Бас ассамблеясы 9 желтоқсанды Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні ретінде белгіледі. Аталған халықаралық Конвенцияға бүгінгі күні әлемнің 178 мемлекеті қол қойды. Оның ішінде Қазақстан Республикасы да бар.
— Әрбір қоғамның дамуына, мемлекеттің қалыптасуына кедергі болатын бірден-бір нәрсе — сыбайлас жемқорлық. Сондықтан барлық мемлекеттер әрдайым осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізіп келеді. Қазақстанда қабылданған заңдар, бағдарламалар, стратегиялық жоспарлардың барлығы елімізде сыбайлас жемқорлықты азайтуға бағытталған, — деді форумда сөз алған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев. Ол сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, оны барынша азайту үшін қоғам мүшелерінің барлығы бірлесе отырып, белсенді түрде жұмыс жасауы керектігін айтты.
Облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары – Тәртіптік кеңестің төрағасы Қайыржан Тоқышев жиналғандарға департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарған жұмыстары мен алдағы міндеттері туралы баяндады. Форумда қоғамдық ұйымдардың, ұстаздар және жастар ұжымдарының өкілдері сөз алды. Олардың барлығы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қоғамдағы маңыздылығына ерекше тоқталды.
Форум барысында облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Қайрат Сөнтаев сыбайлас жемқорлықпен күрес жолында өз үлестерін қосып жүрген бірқатар азаматтарға арнайы Алғыс хаттарын табыс етті.
Форум студент жастардың «Біз жемқорлыққа қарсымыз!» атты флешмобы мен концерттік бағдарламаға ұласты.

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button