Әлеумет

Әртекті әскер

Шілде айының соңында Ресей Қорғаныс министрлігі көктемгі әскерге шақырудың қорытындыларын шығарды. Биыл армияға алынғандар өткен жылға қарағанда екі есе көп болыпты: 300 мың солдат. Жоспардың орындалуына қылмысқа қатысы барларға да қару ұстату жөніндегі шешім «көмектесіпті»: 21 мың адамның қылмысы жабылмаған немесе сот мерзімін өтеп болмаған.

Сондай-ақ әскерден қалуға мүмкіндік беретін түрлі жеңілдіктер де мықтап азайтылыпты. Дегенмен Ресейде әскерге шақырудан тіпті де қашпайтын өңірлер де жоқ емес. Бұл – Солтүстік Кавказ республикалары. Соңғы жылдары солдат болғысы келетін ингуш, дағыстан, шешендер саны бірнеше есе өскен. Өкінішке қарай бұл «патриотизмнің» әскери бөлімшелерде ұлттық қарым-қатынастар шатағына айналып кететіні қиын-ақ.

Рас, Кеңес Одағы құлағаннан кейін жалпы Ресейдегі сияқты бұл республикаларда да әскерге барудан қашқақтайтындар көбейді. Тек соңғы жылдары ғана жағдай түбірімен өзгерді. Неге?

Соңғы жылдары Солтүстік Кавказда бұл өлкелердегі өлшеммен салыстырғанда еңбекақыны көп төлейтін дәрежедегі келісімшартқа негізделген әскери бөлімшелер көбейе бастады. Ал келісімшарттық сарбаз болу үшін әуелі мерзімді әскери борышты өтеу керек қой. Оған қоса күштік құрылымдарда (милиция, прокуратура, т.б.) тәуір қызмет істеу үшін де мерзімді әскери борышты атқарғаның жөнінде белгі қажет-ақ.

Міне, осы себептен де Солтүстік Кавказдағы болашақ жауынгерлер әскери комиссариаттардың «қалтасын» қомпайтуға мүдделі. Ресейдің оңтүстік өңірінің

мөлшерімен есептегенде бұл аз да қаржы емес: 10-30 мың рубль аралығы. Кімнің қанша бермегі оның Отан алдындағы борышын қай әскер түрінде өтегісі келетіндігіне байланысты.

Бұдан да басқа жолдар жоқ емес. Мысалы, Ингушетияда әскерге пара бермей барудың өз реті бар, мұндағы бозбала Ресейдің басқа өңірлерінде тұратын туыстарының үй кітабына тіркеле салады.

Ал шешендер, контртеррорлық операциялар режимінің жойылғанына қарамастан, армияға жаппай шақырыла қойған жоқ. Мұнда әскерге кең көлемде шақыру соңғы рет 1991 жылы жүргізіліпті. Оның үстіне екі бірдей соғыс кампаниясын бастан кешкен ата-аналар да балаларын әскерге жіберуге құлықты емес. Себебі Ресейде осы соғыстарға қатысқан офицерлер жеткілікті. Ал олардың бұларға көзқарасы қандай болатыны белгілі. Тағы бір тежейтін мысал бар. 2005 жылы Шешенстаннан әскерге шақырылған 200 бозбала, көпшілігі кәсіби палуандар, Мәскеу түбіндегі әскери бөлімшеге келген соң асханадан тамақтанудан, әскери форма киюден, күні бойы бөлімше территориясында болу тәртібінен бас тартып, командирлердің бұйрығына пысқырып та қарамаған. Ақыры оларды еш айқай-шусыз кері қайтарған. Содан соң-ақ Шешенстанда әскерге шақыру мәселесін тоқтатқан.

Әрине, Солтүстік Кавказдан шақырылған жауынгерлерді өз өңірлерінен тым аулаққа, тіпті қиян түптегі гарнизондарға жіберіп жатады. Оның бір себебі, ұлтаралық негізде шатақ шыға қалған жағдайда да, бұл оқиға қоғамдық пікірдің құлағына тимегені жөн. Соның өзінде де 2006 жылы Тынық мұхиттағы Кунашир аралында орналасқан мотоатқыштар полкінде 150-дей дағыстан солдат көтерген бүлік (офицерлерді сабау, қаруланып алу) көптің аузында жүрді. Сондықтан да Кавказдан шақырылған сарбаздарды бір әскери бөлімге шоғырландырмаудың барлық амалы ойластырылады.

Әрі-беріден соң Солтүстік Кавказдан келгендердің әскерде берекетсіздік жасауы тек қана ұлттық қарым-қатынасқа ғана байланысты емес. Бұл – ер-азаматтың қайрат-жігері мен билігіне ерекше мән беретін мәдениет пен тәрбиенің де «жемісі». Кавказдықтар әскерге өздеріне тән психологиясы һәм өз салт-дәстүрімен келеді. Заң мен әскери тәртіпке өз биігінен қарайды. Ұжымшылдық ұғымын өздерінше зерделейді. Сөйтеді де осы түсініктерін басқаларға тыққыштайды. Ал әскери бөлімшелерде олар бір-бірін тез тауып алады. Жерлестік қамқорлықтың арқасында әскери киімді енді ғана иығына ілген шикі бозбала әскери бөлімде алшаңдап басып жүруі әбден мүмкін.

Дегенмен Ресей әскери бөлімдерінде ұлттық қырғи-қабақтық салдарынан болып жататын ащы оқиғалар көп. Мысалы, Балтық флотындағы ірі десанттық корабльде билік оңтүстік өңірлерден келгендердің қолына көшіп кеткендіктен экипажды қайтадан жасақтауға тура келген. Әйтпесе Алтай өлкесінің Алейск қаласындағы әскери бөлімде Дағыстаннан келгендердің жаңа тәртіп орнатуға белсене кірісуі 30-40 адам қатысқан ызы-қиқы төбелеске жеткізген.

Ал түрлі ұйымдар, соның ішінде Солдат аналары комитеттері одағы армиядағы ұлттық кемсітушілікті жоюдың алуан түрлі жолдарын іздестіріп жатыр. Мысалы, Татарстан Республикасының басшылығы бірнеше жылдан бері тек осы республикадан шақырылған сарбаздар ғана қызмет ететін роталар құру мәселесін көтеріп келеді. Тіпті республика басшылығының «татар ұлттық әскери бөлімдерін» құру жөніндегі ұсыныстарын Ресей Қорғаныс министрлігі мақұлдап, ұлттық текетіресті болдырмау мақсатында эксперимент ретінде қолданбақшы деген де әңгімелер бар. Ондай жағдайда басқа республикалар да өз «халықтық» армияларын құруға талап жасамай ма екен?

Рас, Ресей армиясында тек ұлттық белгілері бойынша құрылған бөлімдер бар. Бұлар – Шешенстандағы әйгілі «Шығыс» және «Батыс» батальондары. Бұл құрылымдар Шешенстандағы контртероррлық кампания мен Грузиямен болған бес күндік соғыста мығым қимылдады. Әйтсе де туыстық жақындықтары бойынша іріктелген бұл жабық ұйымдарда қылмыстық әрекеттер де орын алғандықтан бұл батальондар таратылды. Қазір шешендер негізінен Ресей ІІМ ішкі әскерінің арнаулы құрылымдары мен жергілікті әскери тұрғындардан жасақталған «Солтүстік» және «Оңтүстік» батальондарында келісімшарт негізінде қызмет етеді.

Ал Ресей армиясында дағыстан, ингуш немесе мордова батальондары бола ма, жоқ па, оны уақыт көрсетеді.

Рас, «жерлестік» ұғымы армияда Кеңес Одағы кезінде де бар еді. Бірақ бұл проблема ол кезде оңай шешілетін. Мысалы, әскери бөлімдерде кавказдықтарға арналған «жасырын квота» болатын – бір ротада үш кавказдықтан артық болмауы керек. Бұған қоса, бір жағынан, қоғамдық құрылымдар (мысалы, комсомол) ұжымшылдыққа тәрбиелесе, екінші жағынан, әскери қызметкерлердің көңіл-күйі ұдайы қадағалауда болатын. Ал қазір Ресей армиясы идеологиялық саяси-үгіт жұмыстарының қажетті тетіктерін таба алмай отыр.

Қазіргі таңда бұл шаруаны әскери діни қызметкерлер (священниктер) атқара алатыны жиі айтылып жүр. Ресей Қорғаныс министрлігі Қарулы Күштер сапына осы институтты енгізуге ықыласты екендіктерін де мәлімдеді. Бәлкім, бұл дұрыс та шығар. Священниктер негізінен сауатты, өмір тәжірибесі мол адамдар. Бірақ әскердегілер көп конфессиялы екенін де ұмытуға болмайды. Мысалы, христиандар көп. Рас, мұсылмандар әскери бөлімнің оннан бірі және одан да көп болған жағдайда оларға да имам  бөлінбекші. Ал мұсылмандардың саны бұдан аз болса ше? Армия тағы да бір проблемаға кезікпей ме?

***

Мафия заңды құрметтемекші

Жапонияның ірі мафиоздық тобының серкелері өз қарамағындағы қылмыскерлерден заң баптарын сақтау жөнінде емтихан алғалы жатыр.

Осы елдің басылымдарының  сөзіне құлақ түрсек, Хонсю аралындағы Сига префектурасында орналасқан Ямагути-гуми кланының басшылары қарамағындаларға заң талаптарын оқыту арқылы өздерін қауіпсіздендіріп қоймақ.

Полицияның айтуынша, бандиттер енді  ұйымдасқан қылмысқа қарсы қолданылатын заң мәтіндерін астын сызып оқып шығуы тиіс. Ал бұл заңда қатардағы якудзаның қандай қылмыстары үшін олардың үстінен қарайтын жоғары дәрежелі тұлғаларды қалай қамауға алуға болатыны жазылған. Қылмыс серкелерінің «ағарту жұмыстарын» жүргізу себебі – өз бағыныштылары өз «басшылығын» қандай жағдайда ұятқа қалдырмайтынын біліп жүруі тиіс.

Полицияның мәліметінше, 12 парақтан тұратын жазбаша мәтін бүкіл елдегі барлық Ямагути-гуми мүшелеріне жіберілген. Осындағы көрсетілген тұстардың бірі, мысалы, қатардағы бандит не нәрседен аулақ болуы керектігін ескертеді. Бұдан былай гангстерлер өнеркәсіп қалдықтарын көму, телефон арқылы арбау немесе автокөлік ұрлау тәрізді істерге аяқ баспауы керек.  Бұл қылмыстар «өкіл әкелерді» жауапқа тартуға соқтыруы әбден мүмкін.

Ал бұндай мазасыздықтың себебі неде? Өткен жылы ел билігі нақты қылмыстар үшін қатардағы гангстерді ғана емес, оның «бастықтарын» да қалай жауапқа тартуға болатынын тізіп көрсеткен жаңа заң қабылдаған болатын.

Әрине, қылмыстық топтар басшылары өз пенделері қалай болған күнде де қармаққа ілігіп қалған жағдайда да, заңға сілтеме жасай отырып, бұл жауапкершіліктен қалай сытылып кетуге болатын мүмкіндіктерді де терең зерттеу үстінде.

***

Арабтар туралы аңдамай сөйлейтіні несі?

Аңдамай сөйлегеннің бәрі ауырмай өлуге міндетті емес. Бірақ әрқилы әңгімеге өзек болуыңыз әбден мүмкін.

Жуықта Еуропа жұрты тағы да әбігерленіп қалды. Францияның ішкі істер министрі Брис Ортефе француздық арабтардың көбейіп бара жатқанын жақтырмайтынын білдіріп алды. Ал бұл министр ел президенті Саркозидің жақын одақтасы болғандықтан айтылған сөздің атылған оққа теңелетіні және даусыз.

Мәселе былай. «Халық қозғалысы одағы» конференциясында Брис Ортефе Франциядағы жастар қозғалысының өкілінің  сауалына жауап бергенде, «Ол (француздық арабты айтады) біреу ғана болса түк етпейді. Ал проблема олар көбейген шақта басталады», – депті.

Бұл да ештеңе емес. Осыдан соң фуршет кезінде әлдебір белсенді қыз Амин деп аталатын жас француздық араб туралы: «Ол шошқа етін жейді , оған қоса сыра ішеді», – дегенде, министр: «Дұрыс қой, ол, міне, енді ата-бабаларына ұқсап қалыпты», – депті. Және бұл әңгіме аудиожазбаға түсіп қалған.

Бұл әңгімелер араб диаспорасын ғана ренжітіп қоймай, Франциядағы солшыл партиялардың да нысанасына іліккен. Францияның социалистік партиясы Саркозиден министрді «нәсілшілдік түсініктемесі» үшін қызметінен босатуды талап еткен. Бұларға елдегі біршама құқық қорғау ұйымдары қосылған.

Брис Ортефе болса, аузынан ешқандай жат пиғылды сөз шықпағанын, журналистер әлгі сөзді жалпы мәтіннен әдейі бөліп алғанын айтып зыр қағыпты. Сондай-ақ Франция премьері Франсуа Фийон да ішкі істер министрінің сөзінде ешқандай нәсілшілдік жоқ екенін, бұл қолдан ұйымдастырылған әрекет екенін айтып ақталыпты.

Ал, шындығына келгенде, француздық арабтарға іші жылымайтын басшылар бар екені бұл елде бұрын да байқалып қалып жүр.

***

Израильді икемдеп жатыр ма?

Израиль баспасөзі бұл елге АҚШ ракетаға қарсы қондырғылар элементтерін орнықтыруы мүмкін екенін жазып жатыр. Олардың мәлімдеуінше, бұл жүйе компоненттері бұл елге екі мемлекеттің біріккен әскери жаттығуларын өткізу үшін әкелінуде және жаттығудан соң осында біржола қалдырылуы мүмкін.

Герцлиде (Израиль) террормен күрес тақырыбына өткізілген халықаралық конференцияда Израильдің «Моссад» барлау басқармасының бұрынғы басшысы Шабтай Шавит: «Ресейдің Иранға белсенді қарсылық көрсетуіне қол жеткізу үшін АҚШ өз ракеталарын Шығыс Еуропаға орналастырудан бас тартып, Украина мен Грузияның ішкі істеріне араласпауы керек», – деді.

Жоғарыда келтірілгендей, Израильдің Негев шөлді аймағындағы базаға АҚШ-тың ракетаға қарсы қолданатын қондырғылары элементтерінің бірі – радар орналастырылған. Бұл радарды американ солдаттары бақылап отыр.

Ал бұдан бұрын Польшаның «Газета выборча» апталығы АҚШ Польшаға ракета қондырғысын және Чехияға радар орнату шешімін өзгертуі мүмкін екендігін жазған болатын. Және бұл басылым ракета қалқандарын АҚШ Балқанға, Түркия мен Израильға апару мәселесін талқылап жатқанын хабарлаған болатын.

Сәл таратып айтар болсақ, ракетаға қарсы қондырғыларды Шығыс Еуропаға орнату туралы шешімді Ираннан төнетін қауіптерге негіздеп Джордж Буштың әкімшілігі қабылдаған болатын. Ал АҚШ-тың жаңа президенті Барак Обама зор қаржыны талап ететін бұл қадамның маңызы қаншалықты қажет екендігін зерттеп, талдауға нұсқау берген еді.

Бетті әзірлеген Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button