АуылМереке

Жұлдызды сәттер

Кәсіпкер

Ырғыздық кәсіпкер Ибрагим Сәрсенбаев 1999 жылы «Наурыз СИМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды.Ол ауыл шаруашылығымен көзін ашқан байырғы маман еді. Алғашқы құрылған жылдары серіктестік қарамағында 7 адам болып жұмысты бастады. Қазір 70-ке жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Ырғыздың орталығында құрылған серіктестік ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады.
Мал өсірумен бірге, кейінгі жылдары бау-бақша егіп, жабық мекемелерге, серіктестікте жұмыс жасайтын адамдарға, ауыл тұрғындарына өз өнімдерін де беріп жүр. 2000 жылдан бастап бие байлап, қымыз саууды қолға алды. Мұнда дайындалған қымыз Ырғыз өңіріне ғана емес, облыстың көп аймағына белгілі. Өйткені арнайы тапсырыспен облыстың өзге аудандарына да қымыз шығарады.
Серіктестік өз шаруашылығының аясын ұдайы ұлғайту үстінде. 2010 жылдан бастап бұрынғы ет комбинатын қалыпқа келтіріп, мал сою пунктін ашты. Мұнан соң мал бордақылау алаңының қажеттігі туды. Бұл шаруаны биыл қолқа алып, 3 мың бастық мал бордақылау алаңының құрылысын жаз айынан бастап кетті. Қазір мал бордақылау алаңының құрылысы аяқтала келді. Таяу күндерде іске қосылмақ. Бордақылау алаңының болашағы, оның ертеңгі жұмысы туралы айтқанда серіктестік басшысы:
— Ауданда 200-ге жуық шаруа қожалықтары мен серіктестіктері бар. Солардың әрқайсысы 10-15 малдан тапсырғанда, 3 мыңдай ірі қара малы болады екен. Міне, біз мал бордақылаймыз дегенде, осыған есеп жасап отырмыз. Бұған дейін аудан тұрғындары 15-20 ірі қарасын Хромтау, Алға аудандарына тапсырып келді. Көліктің жолақысы малдың әр басына 7 мың теңге дегенде, 20 ірі қараға 140 мың теңге төлейді екен. Яғни бір малдың пұлы тасымалға кетеді. Жергілікті жерге, біздің алаңға тапсырудың тиімділігі осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па? — дейді.
Серіктестік басшысының қолға алып отырған бұл шаруасы Елбасының сыртқа ірі қара етін экспорттау тапсырмасымен де байланысты. Мал өнімінің өзіндік құнын азайту үшін жайып семіртуге де мүмкіндік бар. Бұған Ырғыз ауданының табиғат жағдайы аса қолайлы, 2-3 ай ғана қыс болады.
Мал семірту, бордақылау алаңы серіктестіктегі мал сою пункті үшін де қажет. Бұл екі кәсіпорын бірін-бірі толықтырады. Тек осы мал семірту алаңы қосымша 17-20 адамға жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде мал бодақылау алаңына 6 адам жұмысқа кірді. Биыл оқу бітіріп келген жас маман веттехник жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа алынған. Қазір ол Ақтөбедегі ет комбинатында тәжірибелік сынақтан өтіп келді.
— Елбасының қойып отырған талабы бойынша жұмыс орнын қысқартпаймыз. Облыс әкімі тарапынан да қойылып отырған талап сол. Бұл — жақында Ырғыз ауданында болған сапары кезінде айтылды. Қазір серіктестік бойынша 70 адам жұмыс істеп отырса, мал бордақылау алаңы қосылғанда 90-100 адамға жетеді. Бұл Ырғыз ауданы үшін үлкен кәсіпорын. Бізде еңбек ететіндердің айлығы 40-50 мың теңге құрайды. Малшы, шопандарымыз бұдан да көп алады. Отардағы 700 бас қойдың әр басына 90-100 теңгеден алғанда 70 мың теңге, екі баласының жәрдемшілігіне 40 мың теңгеден және 80 мың теңге алады. Сонда бір отбасына айына 150 мың теңге кіреді. Бұдан сырт, өзінің қарамағында 100 шақты қойы, 10 ірі қарасы болады, оған шөпке ақша ұсталмайды. Басқа да көретін артықшылықтары бар, — дейді серіктестік директоры.
Бұл шаруашылықта малшы, шопандарды марапаттау, оларға тұрмыстық жағдай жасау дәстүрге айналған. Биыл да солар үшін аудан орталығынан екі үй жаңадан салынған. Енді бір үйді серіктестік қаржысына сатып алып берген. Қазір оған серіктестіктің жұмысшы-қызметкерлері кіріп жатыр.
Осындай жақсы жағдай туғызылғандықтан да әлі күнге дейін байырғы шопан, малшылар зейнеткерлікке әлдеқашан шықса да еңбектен қол үзбей жүр. Бұлай болатыны, оларға серіктестік басшысы зейнеткерлікке шығуына байланысты үстіне үй, астына ат мінгізіп, иығына шапан жауып құрмет көрсетті.
Тынбай еткен еңбегінің арқасында серіктестік басшысы өзі де құрметке бөленіп отыр. Сәуір айында Елбасының ұлықтау рәсіміне шақырылды. Еңбегі бағаланып, өткен жылы «Құрмет» орденімен марапатталды. 2009 жылы «Парыз» сыйлығының алтын жүлдегері атанып, марапатты Елбасының қолынан алды. Бұл оқиғалар өмірінің жұлдызды сәттері болып есінде қалды.
Осындай қолдау мен құрмет кәсіпкерді әр кез алғы күндерге жетелейді.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button