Мәдениет

Ескендір Хасанғалиев: Сағыныштан туған әндер ғұмырлы болады

Өткен аптада Ақтөбеде Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» атты шығармашылық кеші болды. Әнші-композитор 75 жылдық мерейтойына орайластырылған концертте бастан-аяқ фонограммасыз, жанды дауыста шырқады. Осылайша, әлі де бабында екенін аңғартқан өнер иесі сахнадан: «Келгендеріңізге көп рақмет! Бізді халықтың қошеметі өсіреді ғой…» деп көрермендерге жылы лебізін білдірді.
…Сұхбатқа уағдаласқан уақытта жеткенімізде, сахна саңлағы бізді ерекше ілтипатпен қарсы алып, жылы шырай танытты. Әдеттегідей өмірдегі қосағы һәм өнердегі Музасы Дарико апаймен келген ол, барлық сұрақтарымызға ықыласпен жауап беріп отырды. Газеттің мазмұны, ұжымы туралы да сұрауды ұмытқан жоқ. Біз өз тарапымыздан Ескендір Өтегенұлын риясыз әңгімеге шақырдық. Мархабат…

— Биыл 75 жасыңызды атап өттіңіз, әрі үлкен сахнада жүргеніңізге 55 жыл болыпты. Осы аралықта журналистермен қаншама рет жүздесіп, түрлі сауалдарға жауап бердіңіз. Шыныңызды айтыңызшы, бізден жалыққан жоқсыз ба?
— (Күлді). О не дегенің? Ол да өнер адамының бір міндеті ғой. Тілшілермен, басқа да шығармашылық сала өкілдерімен байланыста болу — әнші үшін дағдыға айналуы тиіс. Мен де сол үдеден шығуға, барынша қоян-қолтық араласуға тырысып бағатындардың бірімін.
— Алайда мүлде ешкіммен сөйлескіңіз келмей, бетін қайтарған кезіңіз болған шығар?
— Концертке дайындық уақытында, болмаса қауырт жұмыстармен айналысып жатқанда келгендерге сөйтуге тура келеді.
— Ең көп қойылатын, мезі еткен сұрақ…
— Маған әртүрлі сұрақтар қойылады. Соның ішінде жауыр болғаны — «Қай жерде тудыңыз?» Басқа-басқа, мұны енді менен сұрауы ұят қой. Яғни өзінің кәсіби жұмысына дайындықсыз келетіндерді онша көп жақтырмаймын. Ізденіп, сұхбатқа алдын ала дайындалса болады ғой.
Түйеден түскендей, ыңғайсыз сұрақ қоятындар да кездеседі. Айталық, қай жүзден екенімді білгісі келетіндер бар. Ол неменеге керек? Ондайда мен: «Төртінші жүздің өкілімін, оның аты — қазақ» деп жауап беремін. Әрине, әр қазақ өзінің жүзін, руын білуі керек, бірақ ол туралы жалпақ жұртшылыққа жар салуға болмайды деп ойлаймын. Бөлінудің қажеті жоқ, бәріміз бір Алаштың ұрпағы емеспіз бе?
— Бір байқағаным, өзіңіз де әр істі мұқият жоспарлап барып, жүзеге асыратынға ұқсайсыз. Тосыннан, ешқандай әзірліксіз ештеңе істемейсіз бе?
— Бала күнімнен солай дағдыландым. Мәселен, бүгінгі концертім тек қана жанды дауыста өтті. Әндерімді рояльдің сүйемелдеуімен орындадым. Бұл, бір жағынан, жастарға үлгі. Бірақ оған үлкен дайындық керек. Жалпы, кенеттен болған дүниенің қайырлысы аз болады деп есептеймін.
Биыл ақпанда 75 жасқа толдым. Өнерде жүргеніме — 55 жыл. Соның құрметіне жыл басынан бері тыңдармандарымның алдында есеп беріп жүрмін. Әуелі еліміздің жетекші қалаларында — Астана мен Алматыда шығармашылық кешімді өткіздім. Жақында Бішкек қаласында ән салып келдім, сондағы елшілік арнайы шақырды. Бұйыртса, Ақтөбеден кейін Тараз қаласында осындай концертім ұйымдастырылғалы отыр. Сөйтіп, жыл соңына дейін мүмкіндігім жеткенше еліміздің бірқатар өңірлерін гастрольдік сапармен аралап шықпақ ойым бар. Оның бәріне қолғабыс жасап, ұйымдастырып жүрген продюсерім — ұлым Біржан.
— Жылда өтіп тұратын сіздің атыңыздағы ауқымды ән фестивалі де бар екен…
— Қазір екі жылда бір рет өтеді. Оны Батыс Қазақстан облысының әкімдігі мойнына алған. Сол арқылы жерлес ағаларына құрметін көрсеткісі келген болуы керек. Ризамын, әлбетте. «Атамекен» байқауы соңғы жылдары халықаралық деңгейге көтерілді. Жер-жерден қатысушылардың санында есеп жоқ. Бұған мен тек қуанамын.
— Қарап отырсам, жұмысыңыз қауырт, концерттеріңіз көп екен. Мұндай қарбалас тіршіліктің салдарынан ән де жаза алмайтын боларсыз?
— Әншілік пен композиторлығымды құстың қос қанатындай қатар алып жүруге тырысамын. Жаңа әндер жазылып жатыр. Жуырда «Құрылысшылар гимнін» жарыққа шығардым. Сондай-ақ, «Дос тілегі» деген әнім шықты. Соңғы аталған екі туындыны да өзім орындаймын.
— Бүгінге дейін жазған әндеріңіздің саны қаншаға жетті?
— Әртүрлі жанрдағы әндерімнің баршасын қосқанда саны 200-ден асады.
— Соның ішінде сіз үшін шоқтығы биігі қайсысы?
— Он баласы бар адамнан «Қайсысың жақсы көресің?» деп сұрағандай болдың ғой. Авторға туындысының бәрі ыстық, әрқайсысының орны ерек. «Іштен шыққан шұбар жыландарым» ғой, бөліп-жарғым келмейді. Дегенмен ең алғаш 21 жасымда жазған «Анаға сәлемім» бәрінен де қымбат. Зайыбым Дарикоға арнап шығарған «Әдемі-ау» әніме де көңілім алабөтен. Екі әнімді атағанда халықтың жүрегіне жол тапқан патриоттық бағыттағы «Атамекенімді» қалай ұмытайын? Композитор ретінде осы үш шығармамды ерекше жақсы көремін.
— Арада ондаған жылдар өтсе де, олар көрерменмен бірге жасасып келе жатыр. «Анаға сәлемнің» сөзін үлкен-кіші жатқа білсе, «Атамекенді» әнұранымызбен қатар қоятындар бар. Оның сыры неде, сіздіңше?
— Менің ойымша, шынайы сағыныш сезімінен туған әндердің ғұмыры ұзақ болады. Өйткені сезімдердің ұлысы — сағыныш қой. Алыста жүрген анама деген сағыныштан жазылған «Анаға сәлемім» өміршең болғандай. Оны сахнаға енді шыққан жас әншілер де шырқауға құштар.
— Ал сіздің шығармаларыңызды өз деңгейінде, жетер жеріне жеткізіп орындаған әнші деп кімді айтар едіңіз?
— Сөзсіз, ол — Роза Бағланова апам. Ол — «Асыл арман», «Әдемі-ау», «Айналайын» сияқты әндерімді алғаш орындаған әнші. Үлкен махаббатпен, мол жауапкершілікпен шырқады. Әлі күнге дейін радиодан тыңдап қалсам, іштей риза болып, марқұм апамның кәсіби шеберлігіне таңдай қағамын. Ермек Серкебаев та менің әндерімді нәшіне келтіріп шырқайтын.
— Кейінгі буыннан ше? «Әндерімді осы әншінің орындауында тыңдасам ғой» дейтіндер бар ма?
— Құдайға шүкір, менің шығармаларымды қазақ эстрадасында жүрген іні-қарындастарымның бәрі орындайды. Арнайы хабарласып, жаңа әнімді сұрайтындар да баршылық. Солардың арасынан «МузАрт», «Жігіттер» топтарының, «Астана опера» театрының солисі Сүндет Байғожиннің орындауы ұнайды.
Айта берсең, әнші көп. Әсіресе, еліміз егемендік алғалы әнші көбейді. Олардың әндерінің тақырыптары да әрқилы. Бірақ саннан гөрі, сапаға да ептеп мән берсек, дұрыс болар еді… Бір-бірінен аумайтын, дауыстары ұқсас, өзіндік ерекшелігі жоқ әншілердің тыңдарманға берері бар ма?
— Енді отбасыңыз жөнінде айтсаңыз. Немерелеріңізге қаншалықты көңіл бөлесіз?
— Шүкір, Біржанымнан көрген екі немерем бар. Үлкен немеремнің аты — Зере, одан кейінгісі ұл бала. Оның есімін Нұрсұлтан деп қойдық. Қолым қалт еткенде, екеуін ойнатып, қастарынан ұзамауға тырысамын. «Немере деген баладан да тәтті болады» деген рас екен, соған көзіміз жетіп жатыр.
— Бір қызығы, қандай сұхбаттар болмасын, елмен кездесу кештерінде де тек ұлыңызды тілге тиек етеді екенсіз. Сіздің қыздарыңыз да бар ғой… Олар сізге «Біз жайында неге айтпайсыз, елге неге көрсетпейсіз» деп ренжімей ме?
— Жоқ. Арнайы айтпайтын ештеңем жоқ, ұлым елге белгілі адам болған соң ауызға сол ілігеді ғой. Әрі ер бала, ізімді жалғастырушы дегендей.
Құдай көпсінбесін, қыздарымның өз отбасы бар. Бүгінде өз алдына бір-бір үй болып отырған жандар. Біреуі кәсіпкер болса, екіншісі қуыршақ театрында режиссерлік қызмет етеді. Тіпті біреуі жиен шөбере сүйгізіп те үлгерді.
— Осынша жасқа келсеңіз де, жүріс-тұрысыңыз ширақ, денсаулығыңыздың жақсы екені көрініп тұр. Әрі сахнада жүрсіз. Бұның өзіндік сырымен бөлісіңізші…
— Бәлендей құпиясы жоқ. Бір айтарым, қандай жағдай болсын, бірқалыпты жүру керек. «Эмоцияға» берілмей, өзіңді сақтаған дұрыс қой. Сосын күнделікті режимім бар, соны өз уақытында орындаймын. Таңғы жаттығудың да, астың да, басқасының да қаншама жылдан бері белгіленген уақыты бар, соны өзгертпеу керек. Әйтпесе, анау айтқандай ештеңе істемеймін, жұрт қатарлы тіршілік қой.
— Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button