Білім

Балдырған

Отан

Біздің үлесіміз

Мен өз елімді шексіз сүйемін және Қазақстанда туғаныма мақтанамын.

Менің Отаным күннен-күнге өркендеп, көркейіп келеді.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің болашағымыз — жастардың қолында» деген болатын. Сол себепті біз, егемен, тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы, өз Отанымыздың гүлденуіне мол үлесімізді қосуымыз керек. Ол үшін дәл бүгіннен бастап күш салуымыз керек. Ең бірінші, ана тіліміз — қазақ тілінің дамуына, екіншіден, Отанымызды кез келген жағдайда қорғауға, үшіншіден, білімді болуға тиіспіз.

Менің ойымша, осыларды жүзеге асырсақ, біздің Отанымыз — Қазақстан Республикасының өркендеуіне өз септігімізді тигізеріміз сөзсіз.

Айдана ҚҰТТЫБАЕВА,

Қарашоқат орта мектебінің 8-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

 

Табиғат

Қастерлі қазына

Табиғат обырлықты, озбырлықты көтермейді. Оны мәпелеп, баптап, мейіріммен аялау арқылы ғана қажетті үлесіңді үзбей аласың. Табиғат қазынасын қастерлеген адам ғана ұлы мұратқа жетеді.

Адам — табиғаттың ең сенімді, айнымас досы, қамқоры, қорғаушысы. Туған жеріміздің баға жатпес қазынасын ысырап етпей, еселеп арттыра беру жолында арымай, талмай, жалықпай еңбек ету — барлық үлкен-кішінің абыройлы борышы, мүлтіксіз атқаратын міндеті.

Қазіргі уақытта қоршаған ортаның ластанғаны, жоғалып-құру жағдайында екендігі жиі айтылады. Әйтсе де мұны түзету оңай шаруа емес екендігі белгілі. Егер ғылымда табиғатты тазалауға арналған құрал ойлап табылса да, мұның өзі сыртқы тазалықты сақтау болып қана қалмақ. Ал адамдарды улап жатқан газ, түтін, улы заттар адамзаттың рухани әлеміне де өз кесірін тигізуде. Адамдардың көпшілігі түрлі ауруларға ұшырауда, бұл тек ауа, су, тамақтың ластануынан ғана болып жатқан жоқ. Егер адам баласының рухани әлемі мұншама ластанбаған болса, адамдар барлық сыртқы уларды жоя алатын еді.

Табиғат көркемдігін қағаз бетіне түсірген ақындарымыз оның құдіретін білген.

Біздің басқан әрбір қадамымыз, әрбір істеген ісіміз табиғатқа байланысты. Табиғатты қорғау, табиғатты аялау әр адамның міндеті. Үлкен-кіші әрдайым оны таза ұстап, құрмет тұтуы қажет.

Махаббат КЕҢЕСОВА,

Шұбарши орта мектебінің 8-сынып оқушысы.

Темір ауданы.

 

Тіл

Мейірім үні

Шыр етіп дүниеге келгенде бірінші естіген ана тіліміздің құдіретін жеткізіп айту мүмкін емес.

Ең бірінші оқып, жазып үйренген, аттары әлемге әйгілі жазушыларымызды таныстырған да осы ана тіліміз.

Бойымыздағы ренішті, қуанышты да ана тілімізде жеткізіп, анамыздың бізге деген мейірімді сөздерін де осы ана тілімізде естігенбіз.

Қазіргі кезде қаладағы қазақтарымыздың екі сөзінің бірі орыс тілінде. Бұл дерттен құтылу үшін ана тілін қадірлеп, оны әрқашан асқақтату біздің міндетіміз деп білемін.

«Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деген халқымыздың, тіліміздің жанашыры Қадыр Мырза Әлидің сөзінен өзге елде сұлтан болғанша, өз елімізде ұлтан болу бәрінен де артық екенін түсінемін.

Ана тілін асқақтатайық.

Ақниет ОСПАНОВА,

Құмсай орта мектебінің 7-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

 

 

Оқушының өлеңі

Ақтөбем

Мен бақытты баламын,

Айтқан тілді аламын.

Ән айтамын, би билеп,

Сурет те саламын.

 

Жерім менің — Ақтөбем,

Елім менің — Ақтөбем!

Елегіңдей еркелеп,

Өзеніңдей ақты өлең.

 

Әнге қосып туған жерді,

Қаламымды қолға алам.

Жарқыраған жұлдыздай

Ханшайымың мен болам.

 

Жансая ЖАҢАӨМІР,

№76 орта мектептің 2-сынып оқушысы.

Астана қаласы.

 

Батыр апалар

 

Қастерлейді барлық бала, күллі қыз,

Әлия мен Мәншүк — біздің үлгіміз,

Сіздерді біз ұмытпаймыз мәңгілік,

Жүректерде қалды іздерің жаңғырып.

 

Әсем ҮСЕНОВА,

Мұғалжар орта мектебінің 5-сынып оқушысы.

Мұғалжар ауданы.

 

Менің тілім

 

Тілім менің — қазақ тілі,

Қымбатсың сен әлемнен.

Тіліміздің тұңғыш сөзі

Басталады сәлеммен.

 

Ана тілім — қазақ тілі,

Қазақ тілі — ғажап тіл.

Ана тілім — зор айбыным,

Ана тілім — озат тіл.

 

Аймереке НИЯЗОВА,

Қарашоқат орта мектебінің 8-сынып оқушысы.

Шалқар ауданы.

 

Асқақ жырдың ақыны

 

Мұқағали шабыт алған таңдардан,

Өлеңдері қол бұлғайды заңғардан.

Ойы биік, рухы асқақ шабытты

Алдыңыз ба асқар шыңды таулардан?!

Ақын аға, біздер үшін дарасыз,

Жадымызда мәңгілікке қаласыз.

 

Аружан ӘБДІРАХЫМҚЫЗЫ,

Абай атындағы орта мектептің 6-сынып оқушысы.

Ақтасты селосы,

Әйтеке би ауданы.

 

Ұстазым

 

Алғаш келіп мектепке,

Сізді көрдім, ұстазым.

Қолынан соң анамның

Сіздің қолды ұстадым.

Бақытты боп өзіңмен

Өте берер қыс-жазым.

 

Роза БИСЕНБАЕВА,

Хлебодаровка орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Саржар ауылы,

Мәртөк ауданы.

 

Сөзжұмбақ

Біздің орта

 

       Ту

алмАты

Бес

Ине

Ғарыш

Асық

аТа

 

 

1.Мемлекеттік рәміздердің бірі. 2.Оңтүстік астана. 3.Сан. 4.Тігінші құралы. 5.Аспан әлемі. 6.Ұлттық ойын. 7.Отбасының үлкені.

Құрастырған Жарқынай ӘУЕС,

Жаңақоныс орта мектебінің 4-сынып оқушысы.

Аққайтым ауылы,

Шалқар ауданы.

 

Мен салған сурет

Күзгі жел

Суретті салған Қызғалдақ ЗЕЙНУЛЛАЕВА,

№7 мектептің 1-сынып оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 

ГАЗЕТІМІЗДІҢ №121-122 САНЫНДА (17. 09.2015) ЖАРИЯЛАНҒАН СӨЗЖҰМБАҚТЫҢ ЖАУАБЫ:

1.Қалам. 2.Уық. 3.Ыдыс. 4.Рас. 5.Шаңырақ. 6.Алма. 7.Қасқыр.

Бетті жүргізуші Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button