Мәдениет

Ахтанов театры қайтсе көркейеді?

Ақтөбедегі облыс өнерінің қара шаңырағы Т.Ахтанов атындағы драма театрының қазақ труппасы 23 жыл ішінде республикалық немесе халықаралық деңгейде өтіп жататын театр фестивальдерінде мақтауға көп іліге қоймапты.
Соңғы он жылда биылғы маусым айында Астанада өткен «Сахнадан сәлем» ІІІ халықаралық театр фестивалінде ғана қазылар алқасының оң бағасына ие болды. Театр директоры Нұрлыбек Жұбатқанмен осы өнер ордасының қазіргі жай-күйі, шешімін таппай жатқан мәселелері туралы сұхбат құрған едік.
— Ахтанов театрына Алматыдан Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын тәмамдаған жас мамандар қызметке келіп жатыр екен. Бұрын да бірнеше рет сол академияның түлектері келіп, көп тұрақтамай кетіп қалғанын білеміз. Бұл жастар да соның кебін киіп жүрмей ме?
— Иә, мен де бұрынғы болған жайлардан хабардармын. Жалпы театрға арнайы жолдамамен келген кәсіби мамандарға тиісінше қамқорлық жасалуы керек. Театр ұжымы да жаңадан келген адамды бауырға тартып, осы ортаға сіңісіп кетуіне көмектесуі керек қой. Қазақ «Жақсы жерге келген келін — келін, жаман жерге келген келін — келісап» дейді. Жас мамандардың жұмыс істеуіне жағдай туғызу өзімізге байланысты. Қазақ труппасында актрисалардың ең төменгі жасы 35- те екен. Қазір Алматыдан келіп, белгілі режиссер Сағымбай Қарабалин Қуандық Шаңғытбаевтың 90 жылдығына орай Қуандық атамыз бен Қанабек Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай!» комедиясын дайындауға кірісіп кетті. Сол спектакльдегі 18-19-дағы негізгі кейіпкер Айсұлудың рөліне жас қыз бала таппай шарқ ұрдық.
Ахтанов театрының қазақ труппасы осы күнге дейін режиссерге жарымай-ақ келеді. Бір кезде Алматыдан Сырым Асқаров деген жас режиссер келіп еді, ол да тұрақтай алмады. Өнер академиясының түлегі Толағай Қарасаев деген жас актер 5 жылдан бері үй-күйсіз, отбасымен пәтер жағалап жүр екен. Оны да енді біліп жатырмыз. Қазақ труппасына сырттан шақырылған режиссерлер талай спектакльдер қойып жүр. Режиссеріміздің өз театрымыздың ішінде болғаны, жаңа қойылымдардың сапасының төмендеп кетпеуі, олардың репертуардан тым тез түсіп қалмауы үшін керек. Спектакль қою үшін де аз қаражат кетпейді. Оның үстіне орыс труппасында да режиссер жоқ. Бұрынғы режиссер қоныс аударуына байланысты жұмыстан кетті, ол да кәсіби мамандығы жоқ адам болатын. Біз кәсіби мамандармен өзіміз шығармашылық орта құрмай, жұмысымыз жүрмейді.
Сондықтан өз басым Алматыға барып жүріп, арнайы шақыртып алдырып отырған мамандарымнан айрылып қалмауға күш саламын Өнер академиясын драма театр режиссурасы мамандығы бойынша бітірген Ринат Уәлиев, Алмат Шәріповтер мен музыкалық театр артисі Саламат Мұқашев пен драма театры және кино артисі Мейрамбек Ерғалиевты қызметке алып жатырмыз. Жас мамандар баспанамен қамтамасыз етілуі тиіс, әзірге оған мүмкіндік болмай жатыр. Театрдың қарамағында екі бөлмелі қызметтік үш үй бар екен. Бірақ оларда он шақты жылдан бері тұрып жатқандар аяқ астынан босатып бергілері келмей, реніш білдіріп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатованың қабылдауына кіріп, жас мамандарға баспана сұрадым. Сара Қайыржанқызы мәселенің оң шешімін табатынына сендірді. Әзір жастарға уақытша бір бөлмелі пәтер жалдап бердім. Келген маманның қадіріне жете алмасақ, театрдың болашағы қандай болмақ? Мені осы мәселе қатты ойландырады.
— Театрда тағы да қандай түйінді мәселелер бар?
— Ахтанов театрының кәсіби театр деген аты бар, халық театры немесе Мәдениет үйі емес. Осы күнге дейін кадр мәселесі бірінші орынға қойылмаған. Соның зардабын қазір біз көріп отырмыз. Сахна кім көрінгеннің ойыншығы емес қой. Кәсіби білімі жоқ «актер боламын» дегеннің бәрін жұмысқа ала берсек, театр не болады? Көп жылдан бері тоқырап қалғанымыздың басты себебі де осы.
Театр әлі күнге кәсіби сахнаға лайық жарық беру құралымен жарақтандырылмаған. Арзанырақ деп эстрадаға арналған жарық беру құралын алғанбыз. Оның сахнаны лайықты безендіруге мүмкіндігі жетпей жатады. Театр мектебінен өткен актерлерге, режиссерге ғана зәру емеспіз, тіпті гримдеуші кәсіби маман жоқ. Сахна суретшісі деген де қат мамандық, театр Айбек Орынбасар сияқты жалғыз суретшіге қарап отыр.
Театр болған соң ондағы труппалар гастрольдік сапарларға шығуы тиіс, оның негізгі жұмысы солай. Мысалы, мәселенің ең жеңілі, бір емес, үш труппасы бар театрда гастрольдік сапарларға шығатын автобус та жоқ. Өткенде Ялтада өтетін фестивальге көліктің жоқтығынан бара алмадық.
Театрдың жұлдызы жоғарыласын, кәсіби деңгейі көтерілсін десек, осындай нақты шаруалар шешімін тапса, ұжымнан шығармашылық ізденісті, кәсібилікті талап етуге болады.
«Мешкей» деген жақсы ат емес, театрымыз суреткер жазушы Ахтановтың атына лайық болса, қалай болғанда да сахнада көп жылдан бері тер төгіп жүрген актерлердің еңбегі далаға кетпесе деген мақсатта кәсіби деңгейін көтеруге ықыластымыз.
Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button