Мәдениет

Болсайшы бәрі осындай журналистің

Талап, еңбек, терең ойдың басшысы, толғауы тоқсан қызыл тілді қаруы етіп қара сөзді пір тұтқан, ауырлығы аманаттай, қиындығы қияметтей журналистік кәсіпке саналы ғұмырын арнаған, қаламының қарымы, жүрегінің жалыны бар, облысымыздағы әріптес інілеріміздің бірі, бірінің бірегейі — ырғыздық қаламгер Рақымжан Өтемісұлы.
Ақын ағамыз Қуандық Шаңғытбаевтың «Сапар шалғай, жол алыс. Ақында жоқ ешуақытта демалыс» деп шығармашылық жұмыстың жауапкершілігі мен азабын әдемі жеткізген еді. Біз бір-екі ауыз жылы лебіз білдіргелі отырған журналист ініміз осындай қызығымен қатар қиындығы да мол азапты сапарды таңдапты.
Рақымжан әрбір ісі оң болған санаулы әріптестеріміздің ең таңдаулысы деуге лайық.
Адамның даңқын еңбек шығаратынын, әлемнің әміршісі де еңбек екенін ерте ұққан ол сөз қасиеті — көркемдігінде, ой қасиеті — шындығында екенін жазбай танып, осы сенімді бойына тұмар етіп таққан, текті сөзге темір қақпа да айқара ашылатынына күмәнсіз сенген қаламгер қараны қандырып, төрені төндіріп тұрып жазды. Әр сөзі сары алтынның буындай.
Мұнан басқа мені қаламгердің білімі асып, таланты тасып тұрса да көкірек қақпайтыны, әдептен аспайтыны, болдым деп таспайтыны қуантып сүйсіндіреді.
Тіл мен көз тасқа. Рақымжанның еңбекқорлығына, еңбегінің өнімділігіне қайран қаласың. Қатардағы журналистің ең болмаса бір кітап шығару — шығармашылық арманы. Ал Рақымжанға келсек,осы жылдар ішінде күйбең тіршіліктің қамыты мойнында жүріп-ақ баспадан 16 (он алты) кітап шығарып үлгерген.
Әрине, бәрінің бірдей іші алтын, сырты күміс деуге келмес. Өтінішпен өңдеген өзгелердікі, әртүрлі тарихи және мәдени тақырыптарға да шашылған дүниелерді жинап құрастырғаны бар десек те, аты кітап қой.
Данышпандардың бірі, француз ақыны Стефан Малларменің: «Бүкіл әлем кітапқа ену үшін жаралған» — дегені бар. Осы ретте журналистің Ырғыз өңіріндегі тарихтың хаты деуге лайық жер-су атауларының шығу тарихын зерттеп, зерделеуі — атап айтуға тұрарлық жемісті еңбек.
Ал ар мен намыстан жаралған Рақымжанның азаматтығы мен адамгершілігі қандай десек, оған да жауабымыз дайын. Қазақ жақсылары мен жайсаңдары қандай болады десек, осы Рақымжандай-ақ болар дер едік.
Ырғыз өңіріндей Жерұйық мекен аман тұрғанда, кісілігі мен кішілігі Рақымжандай адал перзенттерінің қатары көбеймесе, сиремейтініне сенімдіміз.
Парасат пен шығармашылықты жан серігі еткен, мінезі баладай болғанмен, ойы данадай сол әріптес ініміз жігіт жасы, көпшілік біліп айтатын болар, «алпыс— тал түс» дейтін жасқа келіпті. Арты даңғыл, алды асқар әдемі жас.
Өмірдегі жалғыз сұлулық — ол денсаулық. Ауырмай жүрсек, бақыт сол, Ғұмырлы бол, қаламгер інім!

Нұқы ҚАРТБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button