Білім

110 бала мектеп табалдырығын аттады

Алғашқы қоңырау мерекесін қаладағы №24 лингвистикалық мектеп-гимназия да ерекше ұйымдастырды. Білім ордасының алаңында салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шарада мектеп директоры Сара Қыстаубаева құттықтау сөз сөйлеп, мектеп табалдырығын аттаған балдырғандарға сәт сапар тіледі. Білім ордасының өткен жылғы жетістіктеріне тоқталды. Бұдан соң бірқатар  ата-аналар жиналғандарды мерекелерімен құттықтап, ұстаздарға алғыстарын білдірді.

Биыл аталған білім ордасының бірінші сыныбын 110 бала аттады. Ал оқу жылында 900-ге жуық бала білім алады.

– Өткен жылмен салыстырғанда биыл бірінші сыныпқа баратын балалардың саны әлдеқайда көп. Былтыр үш сынып ашылса, биыл төрт  сынып ашып отырмыз. Тіпті, алыс аудандарда тұратын ата-аналар да балаларын осы мектепке әкелуде. Өйткені мектепте қазақ, ағылшын, неміс, француз тілдері тереңдетіліп оқытылады. Үш компьютер сыныбы бар. Биология, химия, физика кабинеттері де жаңа технологиялармен жабдықталған. Барлық пәннен мамандар жеткілікті. Жыл сайын балалардың сапалы білім алуына бар жағдай жасалып келеді.   Мәселен, биыл бітірген 48 түлектің 11-і грант негізінде білім алуға қол жеткізді. Сондай-ақ биыл білім ордасы күрделі жөндеуден өтіп, мектептің шатыры жаңарып, есіктері ауыстырылды,- деді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Мамытова.

Бірінші сынып табалдырығын аттаған балдырғандардың қатарында Әсет Өтемісов пен Алмас Тубетов те бар. Әсет тақпақ айтып, ұстаздарын алғырлығымен қуантса, Алмас болашақта суретші болғысы келетінін жеткізді.

Әсет №19 балабақшада дайындықтан өтті. Өте зерек, апайлары үйреткен тақпақтарды тез жаттап алады. Қазірдің өзінде әріптердің барлығын  үйреніп алды. Үйде ағасымен бірге жазу жазып, сурет салғанды ұнатады. Үлкен ұлым да осы мектепте білім алады. Жақсы оқиды. Сондықтан ұстаздарына айтар алғысым шексіз, – деді Әсеттің әкесі Сауық Өтемісов.

Мерекенің соңында жиналғандар мектеп оқушылары қойған концертті тамашалады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button