Ауыл

«Маған көлік жүргізушісі керек» – дейді ауыл әкімі

Ауыл тұрмысы

Қандыағаш қаласынан отыз шақырым қашықтықтағы Ақкемер ауылдық округі қарамағындағы бес елді мекен – Ақкемер, Көтібар, Елек, Көктөбе, Жарық ауылдарында 3415 адам қоныстанған. Он бір ұлт өкілі айрандай ұйыған өңірдің  әлеуметтік ахуалы қалыпты екені сырт көзге-ақ көрініп тұрады.

«Соңғы уақытта ауылға көшіп келушілердің саны артты. Ал басқа жаққа қоныс аударушылар азайды. Керісінше, жеке тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде» – дейді ауылдық округ әкімі Әлібек Қалмырзаев. Бұл ауыл тұрғындарының тұрмысының түзелгендігін айғақтай түсері анық.

Осы жылы «Жол картасы» бағдарламасы негізінде ауыл үшін түйіні қиын болып келген мәселелердің бірқатары шешімін тапты. Бұл – ауылдағы Мәдениет үйінің жаңаруы, бұл – мектептің күрделі жөнделуі, бұл – жұмыссыздық деңгейінің азаюы.

«Ауыл ішінде жұмыс жасауға мүмкіндік бергені үшін басшыларға рахмет. Бұған дейін Қандыағаш қаласында пәтер жалдап, жұмыс жасап жүрдім. Айлығым пәтер ақысынан артылмайтын. Қазір ауылда, өз үйімнен қатынап жұмыс жасаймын. Әрі өз мамандығым бойынша. Жалақым да уақытылы төленеді», – дейді Мәдениет үйінің жөндеу жұмысына атсалысып жүрген құрылыс бригадирі Сәбит Ишенбаев. Бір ғана мәдениет үйінің жөндеу жұмыстары арқылы 26 ақкемерлік еңбекке араласуға мүмкіндік алды. Осының арқасында ауылдың мәдениет ошағының құрылысы жаңарды. Шатыры жөнделді, жылу қазандығы қондырылып, ғимарат жылу жүйесімен толықтай жарақтандырылды, есік-терезелері ауыстырылды, қабырғалараның сылағы жаңарды. Осы мақсатты жұмыстарды жүзеге асыру үшін бұл нысанға 15 млн. теңге қаражат бөлінген болатын. Қаржы бүгінде толықтай игерілуде, жұмыстың 80 пайызы тындырылды. Нысанды қыркүйек айының екінші онкүндігіне дейін тапсыру туралы жоспар бар. «Жол картасы» алдағы жылдары да жалғасын тапса деген тілек бар, – дейді Әлібек Қалмырзаев, – себебі, ауылда қолға алынуы қажет жұмыс көп, және ең бастысы, тұрғындарды тұрақтандыру үшін жергілікті жерлерде жұмыс орындары ашылар еді».

«Жол картасы» бағдарламасы негізінде жаңарған тағы бір құрылыс нысаны – Ақкемер орта мектебі. Мұнда да жөндеу жұмыстарына 15 млн. теңге бөлінді.  Алғашқы қоңырауды мектеп шатыры жаңарған, спорт залы қайта жарақтандырылған,  жылу жүйесі тартылған, едендері толықтай қайта төселген жағдайда қарсы алады деп күтілуде. Осы жөндеу жұмыстарына жергілікті 25 адам еңбекпен қамтылды.

Ауылдың өз жанашырлары, өз патриоттары бар. «Менің Ақтөбеде даңғарадай үйім бар. Бірақ маған өз ауылым ыстық. Қалада жастар үшін жұмыс бар, жасауға да болады. Алайда, қазіргі таңда ауылдың қауқарын арттыру өзекті мәселе», – дейді жасы жетпіске жақындаған Жәнет Сыдықов.

Жәнет ақсақал ауылды жазғы сумен қамту ісіне бірнеше жылдан бері атсалысып келеді. Ақкемерліктердің барлығының дерлік ауласында бақша өсіруі осы кісінің арқасы. Ауыл маңындағы Елек өзенінен ауыл тұрғындарының әрқайсысының ауласына дейін су құбыры тартылған. Осы арқылы ауыл Елек суын бақша өсіруге, кір-қоңын жууға пайдаланып отыр. Осы жылы Ақкемер ауылында «Аян» шаруа қожалығы алғашқылардың бірі болып 15 гектар алқапқа көкөніс пен бақша дақылдарын салды.

«Мен бірнеше айдан бері көлік жүргізуші таба алмай отырмын. Ауылда ер-азаматтар 18 000 теңге жалақыға жұмыс жасаудан бас тартады», – деген Ә.Қалмырзаев ауылдың әлеуметтік ахуалының дұрыстығына дәлел келтірді. Аудан орталығы мен облыс орталығын жалғастырған ұзын жолдың бойында орналасқан Ақкемерде екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жан расында да, аз. Себебі, ауылда жұмыс бар.

Нұргүл Қалиева,

Бану Жартина,

Мұғалжар ауданы.

Акция

Жақсылар жарылқады

Аудандық Мәдениет үйі алдында өткізілген бұл жиынға жұртшылық көп жиналды.

Жиналғандар алдында сөз алған «Нұр Отан» ХДП филиалы төрағасының орынбасары Надежда Заглядова жас жеткіншектерге білім берумен қатар, қамқорлық жасауды да назарда ұстау қажеттігі туралы Елбасы тапсырмасын айта келіп, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.

Бадамша ауылдық округінің әкімі Ж. Оразбаев, аудандық білім бөлімінің бастығы А.Мұқатова биылғы жаңа оқу жылына дайындық барысы, мектептердің әзірлігі туралы айтты. Содан кейін көпшілік алдына шыққан «Радуга» дүкенінің меңгерушісі Мәдина Ысқақова әлеуметтік жағдайы нашар отбасындағы үш балаға 44580 теңгеге оқу құралдарын алуға көмектесетіндігін білдірді. Бұдан басқа да кәсіпкерлер, қайырымды азаматтар балаларға 50000 теңгеге оқу құралдарын таратып, көмек қолдарын созды.

Ауданда жүргізілген есеп бойынша күнкөрісі төмен отбасынан 433 оқушы білім алады, соның елу тоғызы ерекше қамқорлыққа қардар.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қарғалы ауданы.

Мамандық

Алпыстан асқанда ағаш шебері болмақ

Қобдада жұмыссыздар жаз бойы қосымша мамандық игеру мақсатында №15 кәсіптік лицейде ұйымдастырылған қайта даярлау курстарында оқып жатыр. Олар аспазшы, тракторшы-машинист, газ-электр дәнекерлеуші болып шығады. Курста оқып жатқандарға бюджеттен қаржы бөлініп, ай сайын 7500 теңге көлемінде шәкіртақы төленуде.

Оқу талапкерлердің жас ерекшелігін талғап жатқан жоқ. Ауылдардан келгендерге кәсіптік лицей жанындағы жатақханаға ақысыз орналасу мүмкіндігі берілген, курстан өту үшін де ақы төлемейді. Оқуға ниет білдірушілердің саны бүгінде 127-ге жетті. Оның ішінде 33 аспазшы, 42 трактор-машинист, 30 газ-электр дәнекерлеуші қолдарына куәлік алды. 15 адам ағаш өңдеуші, 7 адам ұста мамандықтарын игерді.

№15 кәсіптік лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары К.Бөпелекованың айтуынша, курстар негізінен 115 адамды оқытуға жоспарланған. Бірақ, трактор-машинист мамандығына сұраныс көбейгендіктен лицей қосымша тағы 12 адамды оқытуда. Тіпті Калиновка ауылында филиал ашылып, ол жерде ұста мамандығы бойынша 7 адам, трактор-машинист мамандығы бойынша 12 адам білім алды.

– Ауыл әкімдері ауылда жұмыс жасап жүрген, бірақ, қолдарында мамандығына сәйкес куәлігі жоқ адамдарды жіберді. Ауданның 18 ауылдық округінің әрқайсысынан кем дегенде екі адамнан оқып жатыр. Оларды тегін жатақханаға орналастырдық. Қазір ауылдарынан қатынап оқып жүргендер де бар. Оқу курстарының мерзімі үш айдан кем емес. Аспазшылар осы тамыз айында курсты бітіреді. Олар жоспарда белгіленгендей 90 сағат аудан орталығындағы немесе өз ауылдарындағы дәмхана, асханалардан тәжірибеден өтеді, – дейді К. Бөпелекова.

Білім алып жүргендердің ішінде көпшілігі жастар, егде жастағылар бірен-саран. Екінші мамандық алу үшін оқып жүргендер де жоқ емес. Ағаш өңдеу шебері болу үшін курсқа қатысып жүрген 15 оқушының ең үлкені 62 жастағы Степан Николаев. – Кәсіпке үйрену еш уақытта кеш емес. Мен көптен бері жұмыссызбын. Кезінде менің де жұмыс жасап жүрген орным болды. Қолымда қағазым болмай қалды, қазір оқыды деген қағазды алуға талпынып жатырмын, – дейді ол.

Ағаш өңдеу мамандығы бойынша сабақ беретін Мұрат Сәдуақасов қаладан арнайы шақырту бойынша келген ұстаз. Оның айтуынша, оқушылары күніне 6 сағат оқиды, аптасына екі рет шеберханада арамен, балтамен, сүргімен жұмыс жасауды үйренеді. Оқушылары ең қарапайымы ағаштан еден жуғыш жасап үйренуден бастапты. «Оқудың барлығы 364 сағат болса, оның негізгі техникасын теориялық тұрғыда оқуына 180 сағат, тәжірибелік оқуына 186 сағат бөлінген. Бәрін уақытылы игеріп жатырмыз, оқушыларымның сабаққа ынтасы ерекше», – дейді М. Сәдуақасов.

Ағаш шебері болуды мақсат еткен Сергей Власенко жас ерекшелігіне қарамай ақысыз оқытатын курсқа қабылдағанда қатты қуаныпты. 1991 жылдан бері жұмыссыз жүрген отағасы бұрын автокөлік жүргізген. Бала кезінен қолынан ағаш өңдеу келетін ол осы шеберлігін кәсіп қылу үшін курстан өтіп, қолына оқығаны туралы куәлік алуды көздейді.

Қосымша оқу жаңа жұмыс пен табыс көзі екеніне сенетін Юра Дерушко оқушылардың ішіндегі ең жасы.

– Бізді  қазіргі уақытта таптырмайтын мамандықтарға оқытып жатыр. Барлық жерде де құрылыс жүріп жатыр. Ауылымыз көркейіп, жаңа ғимараттар бой көтеруде. Сондайда курстан өтіп, тәжірибе жинақтаған біздің қолымыз керек болады. Мен өзім курстағы ағаларға қарап, осы бастан-ақ кәсіпті ойлағаным үшін қуанамын. Ертең бәрі кеш болып қалуы да ғажап емес, – дейді ол.

Айгүл БАЙМЕНОВА,

Қобда ауданы.

Мемлекеттік тіл

Төрт команда тілді түгендей ме?

Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» фестивалі аясында аудандық Мәдениет үйінде өткізілген «Үздік мекеме» байқауына төрт команда қатысты. Олардың қатарында Мәртөк селолық округі әкімінің аппараты ұжымының «Мәртөк», Хлебодар орта мектебінің «Сарыжар», аудандық орталық аурухананың «Шаңырақ» және Междуреченск орта мектебінің атынан «Бүркіт» командалары болды. Байқауда әр топ белгіленген таныстыру, «Қазақшаң қалай?» атты көрініс көрсету, Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» заңын меңгеру мен оның жүзеге асырылуы аясында топ басшылары сайысы және «Өнер көрсету» шарттары бойынша өз мүмкіндіктерін ортаға салды.

Алғашқы өздерін таныстыру шарты бойынша барлық топтар, дайындап әкелген стендтері бойынша мекемелерін таныстырып өтті.

«Мәртөк» тобының өкілі суреттер бойынша өз мекемесінің ғимаратынан бастап ондағы жаңалықтарға дейін таныстырды. Мұнан соң Сарыжар тобы өзінің таныстыруын бастады. Бұл топ көрнекілігі жағынан мүмкіндіктерін жақсы көрсетті. Дәрігерлер таныстыруды өз тобының ұранымен бастады. Соңынан мекемелерінің көрсететін қызметтерін және емдеу саласындағы жаңалықтарын баяндама түрінде топтың өзге ұлт өкілді мүшесі оқып шықты. Ал «Бүркіт» тобының мүшесі орыс тілінде дайындалып әкелінген бейнекөрсетілім бойынша қазақша таныстырды.

Байқаудың екінші бөлігінде сахнада «Сарыжар» тобы орыс мектебіндегі қазақ тілі пәнінен көрініс қойса, дәрігерлер «Жас маман мен дәрігер» атты көрінісімен бүкіл көрермендердің жүздеріне күлкі сыйлады. «Бүркіт» қысқа метражды көрініспен шектелді. Ал «Мәртөк» тарапынан ештеңе шықпады.

Байқаудың соңғы «Өнер көрсету» шартында дәрігерлер тобының мүшесі Шынболат Ділдебаевтың «Шындығын» орындаса, хлебодарлық Гүлмира Тәжібай Кердері Әбубәкірдің термесін ұсынды. «Бүркіт» тобының тарапынан «Махаббат ертегі» әні шырқалды, «Мәртөк» тобы болса, соңғы шартта өздеріне мүше етіп алған Дархан Зинекешовтың орындауындағы тамаша әнмен шықты.

Байқау соңында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Бұлбұл Күзенбаева сахнаға көтеріліп, белсенділік танытып қатысқан топтарға алғысын білдіріп, оларды атап өтті. Сонымен бірге аудан көлеміндегі барлық мекемелерге байқау шарттары жіберілгенін, алайда олардың бірқатарының немқұрайлылық танытқандарын айтты.

Қаныш ЫСҚАҚОВ,

Мәртөк ауданы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button