Ауыл

Кәсіпкерлері көп ауыл

Кеңқияқ — Темір ауданындағы үлкен ауылдардың бірі. Бұл ауыл тек мұнаймен ғана емес, шағын кәсіпкерліктің дамуымен де облыста алдыңғы қатардағы елді мекендердің қатарында.

Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі Роза Сатанованың айтуынша, екі мыңға жуық адам түрлі ұйымдар мен мекемелерде жұмыс істейді. Округ бойынша 96 жеке кәсіпкерлік нысанында 300-ге жуық адам еңбек етеді.

— Соңғы жылдары округ бойынша шағын және орта бизнестің дамуы қарқын алды, — дейді Роза Сатанова. — Қазіргі кезде 7 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 10 шаруа қожалығы, 4 дәріхана, 2 көлік жөндеу стансасы, тіс емдеу кабинеттері, бірнеше қоғамдық тамақтандыру орындары жұмыс істейді.

Округ әкімі ауылдың жылдан-жылға өсіп келе жатқанын айтады. Өзге өңірлерден көшіп келіп, жеке үй салушылар қатары көбейді. Ауылда «Сазды-2» деп аталатын шағын ауыл бой көтерді. Мұның өзі өңірдің қайта түлеп, әлеуметтік жағдайларының жақсарғанын көрсетсе керек. Өткен жылы жеке үй салушылар үшін 180 жер телімінің бөлінуі ауыл іргесінің кеңігенін көрсетеді. Тек бір жыл ішінде 70-ке жуық үй тұрғызылып, иелері қоныс тойларын тойлады.

Біз айтып отырған «Сазды-2» ауылында 300 орындық асхана салынды. Ал Мұрат Жөндібаев деген кәсіпкер төбе жабындықтары үшін қажетті материалдарды жасайтын цех ашты. Қазіргі кезде ауыл тұрғындары Мұраттың жасаған төбе жабындықтарын пайдаланып, үйлерін қаладағыдай көркем етуде. Цех бүгінгі заманның жабдықтарымен жабдықталған.

Өңір тұрғындары негізінен мұнай саласында жұмыс істегенімен, ауылдың сәнін келтіретін мал өсірумен де айналысады. Соңғы жылдары ауыл адамдары мал санын өсірумен қатар, малдың сапасын арттыруға да көңіл бөліп отыр. Мәселен, Тельман Шоматов жылқының тұқымын жақсарту мақсатында асыл тұқымды айғырлар, сондай-ақ, өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша асыл тұқымды бұқалар сатып алды. Ауылда өскен Тельман мал шаруашылығын жетік біледі. Оның әкесі бұрын атақты жылқышы болған. Ауыл шаруашылығымен айналысатын он шаруа қожалығының бесеуі тікелей мал өсіруді қолға алды. Ал бес шаруашылық ауылды мал азығымен қамтамасыз етіп отыр.

Қазірде Кеңқияқ ауылдық округі бойынша 2300-ге жуық ірі қара, 3700-дей қой-ешкі, 500-дің үстінде жылқы, 45 түйе есепке алынған.

— Ауыл шаруашылығын дамыту жөнінде 2016-2017 жылдарға арналған бағдарлама қабылдадық, — дейді Роза Сатанова. — Қазір осы бағдарламаны жүзеге асыру жөнінде жұмыстар жасалып жатыр.

Ауыл әкімі аталмыш бағдарлама бойынша жұмыс істегісі келетіндердің көп екенін айтады. Тіпті мал сою алаңын жасау да жоспарда бар көрінеді.

Кәсіпкерлер жұмыстың өңірге қажетті түрлерін тауып алып отыр. Атап айтқанда, бұл өңірде көкөніс жағы тапшылау. Сондықтан жергілікті кәсіпкер жылыжай салып, ауыл тұрғындарын көкөніспен қамтамасыз етіп отыр. Ауылда жеке үйлердің көп салынуына орай кірпіш зауыты да салынды.

Бір жылдары Кеңқияқ өңірі әлеуметтік дамуы жағынан кенжелеу қалған еді. Әсіресе ауызсу мәселесі қиын болатын. Қазір бұл өңірдің тұрғындары ауызсу мәселесінен қиындық көріп отырған жоқ, су құбыры жүргізілді. Тіректі елді мекендер тізіміне қосылған Кеңқияқ «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешіп алды. Мұндай жұмыстардың жүргізілуіне жергілікті бизнесмендер де қатысты. Соның нәтижесінде ауылдағы Сәңкібай батыр, Дербісәлин, Кеңқияқ көшелері жарықтандырылды. Әсіресе, Кеңқияқ-Покровка автожолын күрделі жөндеу жүргізіліп, көптен күткен проблема шешілді.

Ауыл әкімінің айтуынша, шешілмей жатқан мәселелер де бар екен. Мәселен, Кеңқияқ ауыл болып ірге көтерген жылдары салынған екі қабатты үйлер күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұрынғы кеңестік кезеңде мұнайшылар ұйымдарына қараған үйлердің иесі болмай отыр. Бірақ соған қарамастан жергілікті билік бұл үйлерді жөндеуді қолға алды. Екі үй терможаңғыртудан өтті. Алайда бұл екі қатарлы үйлердің жекешелендірілуіне байланысты кондоминиумдар, пәтер иелері кооперативтерін құрып, жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарда бар. Бүгінде тұрғындармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, терможаңғыртудың маңызы, тиімді жағы айтылып жатыр.

Бұл өңірдің адамдары банкке байланысты шаруаны ауылда жүріп-ақ шеше алады. Өйткені ауылда екінші деңгейдегі екі банктің филиалы жұмыс істейді. Кез келген құжатты куәландыру үшін облыс не аудан орталығына барып жатпайды, нотариалдық кеңсе жергілікті жерде қызмет көрсетіп отыр. Ауыл тұрғындары пошта қызметіне де дән риза.

Бердібай КЕМАЛ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button