Экономика

Өзіміздің асылымыз тұрғанда…

«Қазақстанда жасалған» акциясы

 

Түрлі тауар өндірісін дамытуда облысымыздың әлеуеті өте күшті. Ақтөбені айтпағанда, орта және шағын бизнесі дамыған шағын қалалар мен аудандардың да мүмкіндігі зор.

Бізде біраз жылдардан бері азық-түлік тағамдарымен өзін-өзі, ауданды қамтамасыз етіп, сыртқа өнім шығарып отырған жекелеген шаруашылықтар бар. Соның куәсі — белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Аманқос Төлеуов басқаратын «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Қарғалы ауданындағы бұл серіктестік элиталы тұқым шаруашылығы болып есептеледі. Мұнда «Алқап — өңдеу — сауда» ауыл шаруашылығы кластері жүйеленген. Атынан көрініп тұрғандай, алқапта астықты шығарғаннан бастап, өңдеп, сауда сөрелеріне, тұтынушыларға жеткізгенге дейінгі жұмыстар үзіліссіз атқарылады. Мақсат — шикізат емес, қаржы көзін молайтатын, тұтынушының қажетін өтейтін жартылай, толық дайын өнімдер шығару.

Шаруашылық Ақтөбе өңірінде бірнеше жылдар жалғасқан қуаңшылықпен күресіп, бой бермей келеді. Жылына 30 мың гектарға дейін дәнді дақыл егіп өсіреді. Көптен мұнда Чехияның «Проко» маркалы диірмені жұмыс істейді. Осы диірмен арқылы шаруашылықтың өз алқабында өндірілген астықтан тәулігіне 50 тоннаға дейін, бірінші және екінші сортты ұн тартылады.

Шаруашылықтың нан зауыты бар. Ол осындағы «Атамекен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайды. Онда 25 түрлі нан-бөлке бұйымдары шығарылып, тұтынушыларға ұсынылады. Сондай-ақ, 6 түрлі жарма және макарон өнімдері өндіріледі.

Табиғаттың жылдан-жылға қытымырлана түсуімен байланысты біздің өңірімізде егін шаруашылығы «тәуекелдің» ісіне айналды. Ал мал шаруашылығы бұрынғыша табысты сала болып отыр. Қалай дегенде де, осы екі саланы қабыстыра білгендер пайдаға шығып келеді. Себебі бұл екі сала тығыз байланыста дамиды. Астығы бардың — малы семіз деген рас. Тек біз әңгімелеп отырған «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңдарында жылына 1 мыңнан астам ірі қара семіртіледі. Мұндағы тайыншалар 18-20 айлығында 450-500 келі салмақ тартады. Шаруашылықта сойылатын осы мал етін ұқсататын арнайы шұжық цехы жұмыс істейді. Ол отызға жуық түрлі ет-шұжық өнімдерін шығарады. Бұл өнімдер «Атамекен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің дүкендері арқылы тұтынушылардың қолына тиеді.

Бұл шаруашылықтың шығаратын өнімдерінің дәмін аудан, облыс емес, өзге сырт жерлердің тұтынушылары да жақсы біледі. Сондықтан да облыстың, Астананың ауылшаруашылық жәрмеңкелерінде әдейі іздеп жүреді. Түсе қалса, қыл үстінен бөліп сатып әкетеді.

Жалпы, жақсы өнім не тауар шықса, тұтынушы олардың бағасын білмей қалмайды. Еліміздің тәуелсіздік алып, жағдайдың жақсаруымен байланысты біздің халқымыз ауызсуды таңдап ішетін болды. Бұрынғыдай үйге кіріп тұрған су құбырына жүгірмей, сауда орындары арқылы сатылатын арнайы құтыларға тазартылып құйылған суларды тұтынатын болды. Алғашқы жылдарда бұл бұйымдар шетелдерден тасымалданғаны белгілі. Кейін мұндай ауызсулар өзіміздің облыстан да шығатын болды. Қазір мұндай ауызсудың Ақтөбеден шығатын бірінен-бірі өтетін бірнеше түрлері бар. Мәселен, осы бес-алты жылдықта қаладағы ірі супермаркеттерге «Сужан» деген атаумен шағын құтыларға құйылған ауызсулар түсе бастады. Тұтынушы мұны бірден байқап, жақсы сатып ала бастады. Жергілікті өнім өндіруші «Сага-Омега» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі шығаратын бұл ауызсу, расында да, бұлақ суындай жұмсақ, сапалы. Себебі тазартудан ғана өтіп тұрған көп сулар сияқты емес, бұл — 56 метр тереңдіктен алынатын таза табиғи су. Оның үстіне жаңа инновациялық технологиялармен төрт деңгейде тазарудан өтеді екен. Мамандар мұнда еш қоспа жоқ екенін айтады. Міне, осы өзіміздің жергілікті өнімнің бағасын ел-халық біліп тұр. Білгендіктен де тек өзіміздің өңіріміз емес, көрші Ақтау, Атырау асып өтіп жатыр.

Қарап отырсақ, Қазақстанда, оның ішінде өзіміздің жерімізде шығып жатқан өнімдер ешбір шетелдің дүниесінен кем емес. Кейде өзіміздің асылымыз тұрғанда, өзге елдің жасығына жүгіретінімізге ренжисің. Бірақ тұтынушы қауымның бәрі бірдей емес. Көпшілігі тәуір дүниені тани алады. Осыны анықтамақ болған біздің сауалдарымызға байланысты, жалпы аймақтан шығатын жергілікті өнімдерге көзқарасын тұтынушылар былай білдірді:

Ізғали Ырзин, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

—Көпшіліктің есінде болуы керек, бір кезде осы қаладағы Орталық базардың қарсысындағы көшеде «Степное» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет өнімдерін сататын павильоны болды. Дүңгіршектен үлкендеу, шағын ғана дүкен еді. Сонда аптаның белгілі бір күндерінде ет-шұжық өнімдері сатылып, оны ақтөбеліктер кезекке тұрып алып жүрді. Кейін сол, не себеп екенін білмеймін, жабылып қалды. Қалай жабылды, солай оның өніміне біздің қолымыз жетпейтін болды. Рас, облыста өткізіліп жүрген жәрмеңке кездерінде көріп, іліксек сатып аламыз. Бірақ үнемі олай бола бермейді.

Біз степнойлық өнімге неге қызығамыз? Себебі сапалы, дәмді. Ауылда өсірілген, жем беріп бордақыланған малдың етіне жететін ештеңе жоқ. Ондай еттен жасалған шұжық, басқа да бұйымдар мүлде бөлек болады. Оның дәмін бір білген адам, шетелдің жасық дүниелеріне көз салмайды.

Бір қызығы, біздің әр өңірдің азық-түлігінің өзіндік ерекшелігі бар. Сондықтан мен осы өзіміздің қаланың әр бөлігінен Қарғалының етін, Мәртөктің сүтін, Алғаның үй-құсы өнімдерін, Байғанин, Шалқар, Ойыл аудандарының қырға жайылған қойы мен жылқысының өнімдерін сататын павильондар ұйымдастырылса деп армандаймын.

Жылқыбай Нұрмақ, қонақ:

— «Жылдан-жылға «Қазақстанда жасалған» деген өнімдер санын арттыра беруіміз керек» деді Елбасы Астанада өткен бір беделді жиында. Шынында да, бұл бір күнде түгелденетін шаруа емес, оған көп жігер, қайрат керек. Халық болып жұмылуымыз қажет.

Өз өніміміз, тауарымыз дегенде, біздің әр аймақта шетелдіктердің өзін селт еткізетін жаңалықтар жеткілікті.

Таяуда Ақтөбе-Орск жолында балық өсіретін «Ардағым» деп аталатын тоған басында дәмханадан түскі ас іштік. Дастарқан мәзірі бекіре балықтан жасалған жеңсік тағамдар екен. Әрине, арзан емес. Бірақ әрлі-берлі өткен жүргіншілер сапалы, дәмді болғасын одан ақшасын аяп жатқан жоқ. Қалталы, ауқатты адамдарға арналған мұндай салтанатты біз шетелдерден көретінбіз бұрын.

Енді сол өзімізде пайда бола бастады. Мұны дамыта берудің мүмкіндігі көп. Мысалы, аймақта мал баршылық. Төрт түлік түгел бар. Ендеше шетелдегідей, бұзау етінен, құлын етінен тағдамдар дайындайтын қымбат дәмханалар, мейрамханалар неге ашпасқа? Осыны жаппай өрістетуге кім кедергі болып отыр?

Балкүміс Орынбаева, тұтынушы:

— Осы қалада тұрамын. Күнделікті азық-түлікті ірі супермаркеттерден аламын. Шынымды айтайын, үй қасындағы шағын дүкендерге жоламаймын. Өйткені көп сене бермеймін. Нанды Әбілқайыр хан даңғылы бойындағы «Дина» супермаркетінен аламын. Мұнда жаңа піскен нанның түр-түрі сатылады. Ақ бидай, қара бидай нанының сан алуан сорты бар.

Аптасына бір рет жолдасымның көлігімен барып «Табыс» коммуналдық базарынан ет, сүт, картоп, көкөніс өнімдерін аламыз. Басқа да керек-жарақтарымызды қамдаймыз. Осыдан байқап тұрған боларсыз, біз негізінен жергілікті азық-түлікті тұтынамыз. Бұл жерде қайсыбір адамдар азық-түліктің бағасы жөнінен таласады. Мәселен, сырттан келген ет, сүт тағамдары арзан дейді. Бірақ мен мұнымен келіспеймін. Олар арзан бола берсін, есесіне сапасы төмен. Мысалы, сырттан келіп жатқан ет пен сүт тағамдарының, көкөністің, жеміс-жидектің дәмі жергілікті өнімге жетпейді. Өзгенің мұндай көкжасығын алғанша, өзіміздің жердің сәл қымбаттау болса да, асылын алғанымыз дұрыс деп ойлаймын.

Біз отандық өнім қақында өзге де біраз тұтынушы қауыммен пікірлескен едік. Сондағы байқағанымыз, қазір жұртшылық отандық тауардың бағасын, артықшылығын түсіне бастаған. Бұрынғыдай шетелдің сырт көзге алдап тұрған жылтырағына ұмтылмайды. Жақсы мен жаманды біледі.

Ендігі мәселе — сол жергілікті жерлерден шығарылатын тауарлардың сапасының жоғары, көлемінің мол, бағасының қолжетімді болуы. Себебі біздің аймақ Ресейдің, әсіресе, азық-түлігі бай облысымен шекараласады. Бұл, біржағынан, бәсекелестікті күшейтеді. Ол да ештеңе емес, ең қиыны, рубьлдің құнсыздануына байланысты туған баға айырмашылығы біздің кәсіпкерлерімізге үлкен қиыншылық туғызуда. Қазір заңды-заңсыз жолмен Ресейдің арзан азық-түлігі жергілікті нарықты кеулеп барады. Сондықтан жергілікті билік орындары ішкі нарықты қорғау бағытында тиімді жұмыстар жүргізуі тиіс.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button