Білім

Кәсіптік білім беру: Минск-Ақтөбе байланысы

Жұмысшы мамандарын даярлау қай кезде де қоғамның күн тәртібінен қағыс қалған емес. Кешегі күні де, бүгінгі тұста да. Өйткені өндірістің өзегіне жан бітіріп, өрге бастыратын да сол орта буын өкілдері. Білікті кадрлар жұмысты ілгері жылжытады, жаңа технологияны игеріп, тиімді жолдарға бағыт ұстайды.

Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжі осы бағытта уақыт талабына сай еңбек етіп келе жатқан білім ордаларының бірі.

Биылғы жылы осында алыс шетелдегі Германия мен кешегі Кедендік одақ құрамындағы Беларусь мемлекеті кәсіптік білім беру саласы өкілдерінің іскерлік кездесуі өтуінің өзі кәсіптік-техникалық мамандық берудегі ілгері дамудың бір айғағы іспеттес.

ТМД елдері базалық ұйымдарының жетекшісі Валерий Хасин қазақстандық колледж оқытушыларының Белоруссиядағы кәсіптік білім беру саласымен тығыз байланысын атап көрсетіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Минскіден келген оның әріптесі, кәсіптік білім беруді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету орталығының жетекшісі Валентин Савенок ақтөбелік колледждің бай тәжірибесі, оқу орны мен өндірістің қалыптасқан әріптестігі қызықтыратынын айтты.

«Техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту» жобасы аясында шетелдік мамандармен бірлесіп жұмыс істеу жөніндегі Минскідегі республикалық кәсіптік білім беру институты мен ақтөбелік құрылыс және бизнес колледжі арасындағы келісімшартқа қол қою осындай пікір алысулардың түйіні іспетті болды.

Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінің директоры Жанкелді Қалқаман қаншама жылдар бойы осындай игілікті істердің ұйымдастырушысы ретінде еңбек етіп келеді, соның бәрінде де алдан кезіккен қиындықтарға бір мойын ұсынып көрген емес. Ал талай тұйыққа тірелер сәттер де кездесті. Сондайда осы саладағы игерген білімі мен жинақтаған тәжірибесін санада сараптаудан өткізіп, шаруа пайдасына жаратуды ғана көздейді. Тіршіліктен бір түйгені, қандай мәселенің болмасын шешімін табуға болады, тек тоқырап қалмай алға ұмтылу керек.

Облыстағы жетпіс жылға жуық тарихы бар Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінде қазіргі уақытта жеті мамандық бойынша жұмысшы кадрлары даярланады. Оқу орны соңғы бес жыл қатарынан өздерінің әріптестері арасында топ бастап келеді. Облыс әкімінің колледжге сыйлыққа жеңіл автокөлік беруі — сондай еңбектің бір бағасы.

2013-2014 оқу жылы колледж үшін ең бір табысты кезеңге айналды. Бәсекеге қабілетті жас мамандар даярлауда жеткен жетістіктері және ұстаздар мен өндірістік оқыту шеберлерінің жаңа талапқа сай деңгейден көрінгені үшін республикалық байқаудан Бүкіләлемдік банк есебінен қаржыландырылатын институциональдық даму жоспарына арналған грант — 56 302 800 теңге жеңіп алған оқу орны осы қаражатқа өз шеберханаларына жаңа құрал-жабдықтар алды. Болашақ газбен және электрмен дәнекерлеушілер енді заманауи талаптарға сай кәсіби дағдыға бейімделе алады.

Колледжде дуальды оқыту жүйесін іске асыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Он алты мұғалім, өндірістік оқыту шеберлері Германия мен Беларусь елінде екі апталық оқуда болып қайтты.

Бұл оқу орнында жақсы бастамалар жасырын, тұйық күйде қалған емес. Озық әдістер бойынша түрлі семинарлардың осында жиі ұйымдастырылуы да соның бір айғағы. Оның басы-қасында, әрине, колледж директоры Жанкелді Мырзағараұлы жүреді. Оны облыстағы осы саланың адамдары кәсіптік білім беру ісіне еңбегі сіңген білгір маман, тәжірибелі ұстаз ретінде біледі. Басшы-ұстаздың өзіндік бір ерекшелігі — қандайда елең еткізер жаңалық атаулыға перспективалық көзбен қарайды, оны дамытудың жолдарын дұрыс шеше біледі.

Колледжде өткізілетін іс-шаралардың мазмұнды, тиімді өтуіне айрықша мән беріледі. Педагогикалық кеңестердің, директор жанындағы жиналыстардың тұжырымды өтуі іс білетін басшының стилін танытады. Мұнда барлық мәселелердің тек қана мемлекеттік тілде шешіліп жатуы да — өзгелерге іс-өнеге.

Мұнда оқушыларды қабылдау мен белгілі бір мамандық иесі ретінде түлетіп ұшыру арасында қалыптасқан жүйе, үзілмес сабақтастық қалыптасқан. Білім алушылар, сондай-ақ, өндірістік оқыту шеберлері облыстық, республикалық байқауларға қатысып, көп ретте жеңімпаз болып оралуы — қалыптасқан жайт. Түлектердің жұмысқа орналасуы да жоғары деңгейде. Оның негізі өндірістік практика кезінен қаланады.

— Біз техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту жобасы шеңберінде республикалық конкурстың екінші кезеңінде де жеңімпаз атандық, — дейді колледж директоры Жанкелді Қалқаман. — Енді шетелдік мамандармен, кеңес беру фирмасымен ынтымақтасты ұлғайту мүмкіндігі туып отыр. Біз осы орайда бұрыннан байланысымыз бар және өзіндік жетістіктерімен көрініп жүрген, модульдық оқыту бағдарламасын жасау мен құру әдістемесін жетік меңгерген, оқу-өндірістік шеберханалар мен зертханаларды құрылымдау мен жабдықтаудан тәжірибе жинақтаған минскілік әріптестерімізді бекерге таңдағанымыз жоқ. Олар да қазақстандық кәсіптік білім беру жүйесімен жақсы таныс.

Сонымен, Минск пен Ақтөбе арасындағы байланыс білікті жұмысшы мамандарын даярлау ісіне өз септігін тигізбекші.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button