Экономика

Кәсіпкерлерге — кеңшілік

Үкімет елімізде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы үшін барынша жағдай жасап келеді. Жеке бизнесін ашқысы келетіндерге қаржылай қолдау көрсету мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар іске қосылып, сәтті жүзеге асырылуда. Қобда ауданындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығының ашылу рәсіміне Астанадан арнайы келген Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Билік пен кәсіпкерлердің арасындағы тиімді байланыстың орнауына дәнекер болуды мақсат еткен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының орталық органынан келген мейман әңгімесін еліміздің барлық аудан орталықтарында ашылуы жоспарланып отырған кәсіпкерлерді қолдау орталықтарынан бастады.

— Елбасымыз Н.Назарбаев шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан өндірілетін өнімдердің мемлекетіміздің ішкі өніміндегі үлесін 50 пайызға дейін жеткізуге тапсырма берген болатын. Осы жалпы тапсырманы орындау шаралары аясында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жылдың басында «біз өзіміздің кеңес беру, қолдау көрсету қызметтерімізді ұсынуда облыс орталықтары мен ірі қалалардағы кәсіпкерлермен ғана шектелмей, аудан орталықтарын және ауылдарды да қамтитын боламыз» деп жариялаған еді. Біз бұл жоспарымызды орындауға кірісіп кеттік. 2015 жылдың I тоқсанының соңына дейін еліміздегі барлық 188 аудан орталығында дәл осындай кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталықтарын ашу жоспарланды. Кәсіпкерлерге қолдау көрсету орталығы дегеніміз не және оның кәсіпкерлер үшін тигізер пайдасы қандай? Мұны халыққа қызмет көрсету орталықтарына теңеуге болады. Жаңа орталықта «бір терезе» қағидаты бойынша кәсіпкер үшін қажет қызметтердің барлығы ұсынылмақшы. Сіз бір ғимаратқа барасыз және ол жерде қажетті рұқсатнамаларды ала аласыз. Рұқсатнама алудың қандай қиын екені, баршаға мәлім, көптеген әкімшілік кедергілерден өтуіңізге тура келеді. Әсіресе, кәсіпкердің құрылыс және жерді рәсімдеу рұқсатнамасын алуы үшін 6-7 ай уақыт керек. Бұл уақыты есептеулі кәсіпкер үшін өте тиімсіз. Міне, осы қиындықтарды болдырмау мақсатында орталықта барлық мемлекеттік рұқсат беру органдарының өкілдері отыратын болады: аудандық жер байланыстары бөлімі, сәулет, қала құрылысы бөлімі, санитарлық эпидемиологиялық бақылау бөлімі және тағы басқа мекемелер. Мұнда отырған заңгерлердің қолдауымен қажетті рұқсатнама құжаттарын жедел түрде рәсімдеп алуға мүмкіндіктер жасалған. Сонымен қатар, бұл орталықта түрлі мемлекеттік қолдау бағдарламалары, тетіктері туралы толық ақпараттар беріледі. Соңғы кездері Елбасының өзі де, үкімет те кәсіпкерлікті қолдау үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Бірақ кей кездері мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар немесе тетіктер туралы мәліметтер ауылдарға жетпей қалады. Сондықтан бұл орталыққа келіп, біріншіден, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау тетіктері туралы кеңес аласыз, екіншіден, бұл кеңестерді алып қана қоймай, тиісті мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде қажетті қолдауларды пайдаланасыз. Қажетті анықтамаларды беру үшін бұл жерде жұмыспен қамту орталығы мен халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері де отыр. Екінші деңгейлі банктер мен несие серіктестіктері секілді қаржы ұйымдарының өкілдері де бар. Егер жоспарыңызды жүзеге асыру үшін қандай да бір қаражат керек болса, ол қаржыны сіз бұл ғимараттан шықпай-ақ рәсімдей ала аласыз. Үшіншісі, біз бұл орталықтарда кәсіпкерлік мектебін ашып отырмыз. Жұмыссыз немесе жеке шаруасымен күнін көріп жүрген, дегенмен өзінің бизнесін құрғысы келетін адамдар көп. Олар қандай кәсіппен айналысуы және ол істі қалай бастау керек екендігін білмейді. Жеке кәсібін ашқысы келетіндер осы жерде кәсіпкерлік мектебіне жазылып, кәсіпкерлік негіздері бойынша білім алуларына болады. Мектепте кәсіпкерлікті тек теория жағынан білетіндер ғана емес, кәсіпкерлікпен іс жүзінде айналысып жетістікке жеткен адамдар да дәріс береді. Олар тәжірибелерімен бөлісіп, істі неден бастап, қандай қателерге бой ұрындырмауы керектігі жөніндегі өз кеңестерін айтады.

— Елімізде халықтың кәсіпкерлікпен айналысуының бүгінгі таңдағы жағдайына қандай баға бересіз?

— Жалпы айтқанда, елімізде кәсіпкерлікпен айналысу жақсы дамып келеді. Жыл сайын кәсіпкерлікпен шұғылдануды бастап, оны белсенді түрде жалғастырушылардың сандарының артқаны тіркелуде. Сондай-ақ, шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмысқа орналасушылардың санының көбейгені де байқалып отыр. Бірақ біз елімізде кәсіпкерлікті дамытуда өз әлеуетімізді толықтай пайдаланған жоқпыз. Яғни әлеуетіміз өте үлкен. Міне, әр аудан орталығы мен ауылдарда осындай орталықтар ашылатын болса, елімізде кәсіпкерлікпен айналысушылардың саны күрт артып, олардың дамуына серпін бермек.

— Өткен жылдың соңында кәсіпкерлік субъектілерін тексеру үшін жарияланған мораторийінің мерзімі аяқталды. Кәсіпкерлеріміз: «тексеруге жарияланған мораторий аяқталды, енді мемлекеттік органдар тарапынан жаппай тексерулер басталса, жағдайымыз не болмақ? деп уайымдап отыр.

— Иә, 2014 жылдың соңында орта және шағын кәсіпкерлікті тексеруге жарияланған мораторийдің мерзімі аяқталды. Осыған байланысты елдің барлығы бізге «Биыл, яғни 2015 жылы тексеруге қарсы мораторий жоқ болғандықтан мемлекеттік тексеру органдарының барлығы жаппай тексеру жұмыстарын бастап, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін тұншықтырып тастамай ма?» деген сауалдар жолдауда. Өткен жылы дәл жылдың аяғында, 30 желтоқсанда Президент Қазақстан Республикасының «Кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Заңына қол қойды. Бұл заңға сәйкес, кәсіпкерлік субъектілерін тексеру механизмі толықтай өзгерді. Бұдан былай жоспарлы тексеру деген нәрсе болмайды. Жоспарлы тексерулер жоғарғы тәуекелділікке ие дәрежесіне жататын кәсіпорындарда ғана жүргізілмекші. Олар —улы заттар, қару-жарақтар саудасымен айналысатын, құрамында есірткі бар дәрілер өндіретін немесе ядролық және атом өндіріс саласындағы мекемелер  қоғам үшін қандай да бір тәуекелділік пен қауіп тудыратын саланың кәсіпорындарына міндетті түрде жоспарлы тексерулер өткізіледі. Қалғандарында, яғни елімізде кәсіпкерлікпен айналысатындардың 60-70 пайызын құрайтын бөлігінде жоспарлы тексеру жүргізілмейді. Олар қандай да бір шағым немесе өтініш түскен жағдайда ғана тексеріледі. Бұл — кәсіпкерлер үшін жасалып отырған өте үлкен көмек. Үкімет қайта-қайта тексеру үшін мораторий жариялай бере алмайды. Міне, бұл заң осы тексеру мәселесін жүйелі түрде шешу жолында жасалған бір нақты қадам болды. Осы заң шеңберінде кәсіпкерлікке жасалып отырған тағы бір маңызды қолдауды айтқым келеді. Бұрын, естеріңізде болар, мысалы, кәсіпкер жер телімін алып, оны рәсімдеу кезінде жерді пайдалану мақсатын «мейрамхана ашу» деп көрсетті делік. Алайда іс барысында жоспары өзгеріп, мейрамхананың орнына шаштараз қызметімен айналысқысы келді. Мұндай жағдайда жерді пайдалану құжатын толықтай қайтадан рәсімдеуіне тура келетін. Бұл, әрине, кәсіпкерге қосымша қаржылай шығындар тудырып, оның уақытын алады. Жаңа заңның ерекшелігі — бұдан былай кәсіпкерлікпен айналысу үшін жерді пайдалану мақсаты көрсетілмейді. Жай ғана «коммерциялық мақсаттар үшін» деп жазылатын болады. Ал қандай кәсіпкерлік түрімен айналысатынын өзі шешеді: мейрамхана ма, шаштараз ба немесе мүлдем басқа кәсіпкерлік түрі ме?

— Ресей валютасы рубльдің құнсыздануы қазақстандық өнім өндірушілер үшін ауыр соққы болып тиді. Өйткені көрші елден ағылған арзан тауар біздің кәсіпкерлеріміз өндірген тауарлардың бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етуде. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл жағдайда қандай ұсыныс жасайды?

— Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бұл мәселе жөнінде Үкіметке бірнеше ұсыныс жасады. Олардың бірнешеуіне Үкімет қолдау көрсетті. Бірінші шара, мемлекеттік сатып алулар мен Ұлттық және ірі  компаниялар тарапынан жасалатын сатып алулар мәселесіне маңыз бөлуіміз керек. Біз есептеп көрсек, бұл сатып алулар аясында жылына 1,5 трлн. теңге жұмсалады екен. Осы сатып алуларға біздің кәсіпкерлерімізді қатыстыра алсақ, олар үшін өте үлкен қолдау болмақ. Біз «әдейі реттеу жолымен сатып алуларға қазақстандық кәсіпкерлерді қатыстырайық» деп ұсыныс жасадық. Үкімет бұл ұсынысымызды қолдады. Осыған байланысты жақында ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев аймақтарды аралап шықты. Сол кезде ірі және ұлттық компаниялар мен отандық өнім өндірушілері арасында меморандумдар жасалды. Бұл өте ауқымды жұмыс және жылдың соңына дейін осы жұмыстарды жүзеге асыратын боламыз. Отандық өнім өндірушілерді қолдаудың тағы бір тетігі бар. Оны сол айтып отырған Ресей де, басқа мемлекеттер де пайдаланды. Ол — өнімді өндірушілер үшін түрлі мемлекеттік емес стандарттар қою. Мен өзім жақында іссапармен Шығыс Қазақстан облысында болдым. Сол жақта трансформатор қораптарын өндіретін кәсіпорын бар. Міне, бұл кәсіпорын өз өнімдерінің 70 пайызын Ресей Федерациясына сатып келген. Өткен жылы Ресей жағы осы трансформатор қораптары үшін жаңа бір стандарт енгізіпті. Онда Ресей трансформатор қораптарының сыртының боямен жалатылуы жөнінде жаңа талаптар қойған. Осылайша, бұл кәсіпорын өз өнімдерін Ресей Федерациясына сата алмай отыр. Өндірушінің айтуынша, аталған бояумен жалатуды жасау үшін құны бірнеше миллион доллар тұратын жаңа цех ашуы керек екен. «Бірақ қажетті қаржыны салып, жаңа цех ашып, тиісті жалатуды жасатсам да бұл маған кепілдік бере алмайды. Ресей жағы тағы басқа стандарттар ойлап табуы мүмкін», — дейді бұл кәсіпорынның басшысы. Сондықтан осыған ұқсас механизмді шетелдік өндірушілер үшін біз де қолданысқа енгізе аламыз. Біз өзіміздің ішкі мемлекеттік емес стандарттарымызды дайындау бағытында Үкіметпен бірге жұмыстар жасап жатырмыз.

— Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев халықты «Қазақстанда жасалған» акциясы қолдауға шақырды. Қазақстандық өнімдерді өндірушілерге өкілдік ететін орган Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бұл акция туралы пікірі қандай?

— Біз Президент ұсынған «Қазақстанда жасалған» акциясын белсенді түрде қолдаймыз. Естеріңізде болар, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев: «Қазақстанның отандық өнім өндірушілеріне тегін түрде сөрелер ұсынуы үшін ритейлерлерге 1 млрд. теңге қаржы бөлінетін болады», —деген еді. Біз ритейлерлерді жинағанымызда олар: «Бізге бұл қаржы керек емес. Біз тегін түрде супермаркеттердің ең орталық жерлерінен сөрелерді ұсына аламыз. Ең дұрысы, бұл қаржымен отандық өндірушілерге көмек көрсету керек», — деді. Өйткені бір тауарды супермаркетте саудаға ұсыну үшін саудадан бұрынғы дайындық жұмыстары жасалуы тиіс. Бұл тауарларды сертификаттан өткізу, оны жарнамалау деген сияқты. Ритейлерлер отандық өндірушілердің тауарлары жарнамаланбаған деп шағымданады. Шетелдік брендтер жүйелі түрде жарнамаланады, ал біздің отандық тауарларымыздың жарнамалануы нашар. Сондықтан ритейлерлер бұл 1 млрд. теңге қаржыны өздеріне бермей, оның орнына отандық өнімдерді жарнамалап, танытуға жұмсауды ұсынып отыр.

Қуат МҰҚТАР.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button