Спорт

Галибтің алтыншы турнирі  

Өткен аптада Ақтөбе облыстық олимпиадалық резервтер даярлау орталығында бокстан әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия біріншілігінің жеңімпазы, екі рет олимпиадалық ойындарға қатысқан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Галиб Жафаровтың жүлдесі үшін турнир өтті.

Алтыншы рет өткізілген турнирге Қазақстанның 16 қаласының және Қазақстан мен Әзірбайжан Республикасының жасөспірімдер құрама командалары қатысты. 1999-2000 жылдары туған 161 жас палуан кілемге шықты.

Жарыстың ашылу салтанатында әлем чемпиондары Болат Жұмаділов, Ердос Жаңабергеновтер жанкүйерлердің көзайымына айналды. Әрине, турнир иесі Галиб Жафаров пен оның жаттықтырушысы Әлімбек Балмағамбетовті қол соғып, қарсы алды.

14 салмақ дәрежесі бойынша өткен жарыстың қай-қайсысы да өте тартысты өтті. Дегенмен Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы мен Тараз қаласының командасы 3 алтын медальдан иеленіп, командалық есепте алға шықты. Сондай-ақ, қонағымыз Әзірбайжан құрамасына екі алтын бұйырды. Ақтөбелік үш боксшы ақтық сынға шыққан болатын, алайда тек Рахат Сейітжан (48 келі) ғана жеңімпаз атанды. Аса жеңіл салмақта (44 келі) қызылордалық Әзиз Санатбаевтың бағы жанды. Ол атыраулық Мерей Құрманғазыдан басым түсті. 46 келіде қазақстан құрамасының мүшесі Айбек Досанов Алматы облысының өкілі Ерубек Асаннан айласын асырды. 50 келі салмақта Қазақстан құрамасының боксшысы Мақсат Жексенбаев Алматы қаласының өкілі Ерболат Сейітжапаровты жеңді.

Соңғы жылдары маңғыстаулықтар жүлде салып жүр еді. Бұл жолы тек бір ғана боксшы Нұрым Ділшат (52 келі) Қазақстан құрамасының мүшесі Бақтияр Смағұловтан басым түсіп, чемпион атанды. 54 келіде Қанат Қамзанов Ниямеддин Аллахвердиевті (Әзірбайжан) ұтып, Қазақстан құрамасына алтын сыйлады.

Басқа салмақтарда қарағандылық Темірлан Қоңырбай (57 келі), Бахтияр Газыбеков (60 келі, Әзербайжан), Пернехан Бекен (66 келі, Шымкент), тараздықтар Марат Бексұлтан (70 келі,), Эльдияр Камчыбеков (75 келі) және Хуршедиат Искандиров биік тұғырдан көрінді. 80 келіден жоғары салмақта Магамед Абдилаевтың бағы жанды.

Турнирдің үздік боксшысы болып қарағандылық Қоңырбай Темірлан танылды. Павлодар қаласынан келіп қызмет еткен Әсел Жанашева үздік төреші атанды. Үздік жаттықтырушы номинациясы бойынша жүлде Қазақстан құрамасының бапкері Қайрат Сәтжановқа берілді.

 

Бердібай КЕМАЛ.        

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button