Экономика

Индустрияландыру мақсаты

«Қазақстанда жасалған» акциясы

 Импорттың орнын алмастыру, өнімдегі қазақстандық құрамның үлесін арттыру, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы… Мұның барлығы — үкіметтің ұлттық экономиканы әртараптандыру, яғни шикізат өнеркәсібіне тәуелділіктен құтылып, дамыған елдердегі секілді өңдеу өнеркәсібінің салаларын дамыту мақсатында қолға алған шаралары. Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы аяқталып, екінші бесжылдыққа қадам басқан шақта бұл бағытта жасалған жұмыстардың аз емес екендігін байқауға болады. Дегенмен де еліміздің өнеркәсібі көш ілгері Ресей Федерациясы және Белоруссиямен Еуразиялық экономикалық одаққа бірігуі және алдағы күндерде Дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке кіру жоспары секілді интеграциялық процестер отандық өнеркәсіптің өңдеу саласын жан-жақты қолдап, дамыту үшін жасалатын жұмыстардың әлі де көп екенін көрсетіп отыр.

 

Отандық өнімді қалай қолдаймыз?

 

Ілкіде, еліміз нарықтық экономикаға енді үйренісе бастаған кездері бір түрік фирмасында жұмыс істегенім бар. Сауда-саттықпен айналысатын фирма. Тамақ өнімдерінен бастап тұрмыстық бұйымдарға дейінгі түрлі заттарды шетелдерден сатып алып келіп, саудалайды. Әрине, фирма түріктердікі болғасын Түркияның тауарларын да ұмытпайды. Түркиядан тауар тиелген үлкен жүк машиналары жиі келеді. Тілдерін білетін болған соң сол жүк машиналарының жүргізушілерімен танысып, әңгімелесетін едім. Маркасы «Мерседес», «Вольво» секілді алып жүк машиналары әсемдігімен көз тартады әрі жанға да жайлы секілді. Қанша ұзақ жол жүрсең де шармашай жүре беруге болады. Соны қызықтап ішін де тамашалаймыз. Сол кезде жүргізушінің жолға алып шыққан ішіп-жеміне де көзім түсті. Сонда байқағаным, түрік жүргізушісі тағамдарының негізгі бөлігін өз елінен, яғни Түркиядан алып шығады екен. Себебін сұрағанымда ол:

— Мен жалпы, мүмкіндігінше, түріктің «малын» (түріктер тауарды мал дейді) сатып алуға тырысамын. Не сатып алсам да оның өз елімде өндірілген тауар болғанын қалаймын, — деп жауап берген еді.

Қарапайым жүргізушінің тапқан табысын жолшыбай өтетін басқа елдерде емес, тек қана өз еліне апарып, өз отанының игілігі үшін жұмсауға шама-шарқынша тырысуы мені таңғалдырған болатын.

Иә, үстіміздегі жылы ақпанның 11-і күні өткен Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген мәжілісінде Елбасы ұсынған отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету мақсатындағы «Қазақстанда жасалған» акциясы нарықтық экономикада ілгері кеткен елдерде бұрыннан бар дәстүр. Мемлекет те, оның қарапайым тұрғындары да қолындағы қаражатын өз елінде өндірілген тауар үшін жұмсағанды жөн санайды. Өйткені ол ақша өз елінде қалады, кейін өзінің игілігіне жұмсалады: сұраныс болған жерде жергілікті өндірушінің жұмысы тоқтамайды; ол кәсіпорында өз елінің азаматы жұмысқа орналасып, жалақысын алады, отбасын асырайды; мемлекет қазынасына салық түседі. Міне, Президент ұсынған бастамасының басты мақсаты — қазақстандық өнім өндірушілерге көрсетілетін қолдаудың мемлекет тарапынан жасалған шаралармен шектеліп қана қалмай, жаппай халықтық сипатқа ие болуына қол жеткізу еді.

 

Акцияға «Домострой» дүкендер желісі де қосылды

 

Президент ұсынған акцияның жүзеге асырылу барысын қадағалау мақсатында құрылған арнайы жұмыс тобы қаладағы сауда желілері, «Табыс» коммуналдық базары, Орталық базар және басқа да азық-түлік базарлары секілді сауда нысандарын аралап, үнемі бақылау жүргізеді.

Қаладағы «Анвар», «Дина» және «Метро» секілді супер және гипермаркеттердің барлығында жергілікті өнім өндірушілердің тауарларын қою үшін арнайы сөрелер бөлініп, ол жерлерге көзге түсетіндей етіп «Қазақстанда жасалған» деген көрнекі жазулардың орналастырылғаны жұртшылыққа мәлім. Қалалық кәсіпкерлікті қолдау бөлімі басшысының орынбасары Руслан Әжниязовтың айтуынша, бүгінгі таңда азық-түлік себетіне кіретін өнім түрлерінің 90 пайызы өз облысымыз аумағында өндіріледі. Бұл аз жетістік емес. Асүйге қажет тауық («Көктас»), жұмыртқа, ұн және макарон өнімдері («Рамазан» мен «Жаңа Әлжан» ұн комбинаттары), ботқа түрлері («Ас-Ан»), шұжық өнімдері («Рокос», «Бал-Юн», «Тандем»), сүт және айран өнімдері («Айс», «Молочные историй», «Анди») өзімізде шығарылады. Бағалары да тиімді. Сапалары да жақсы.

— Жергілікті өнімдердің басты артықшылықтарын айтар болсақ, олар өз жеріміздің өнімдерінен жасалған және мерзімдері жаңа, ескірмеген. Бұлар — денсаулығымыз үшін өте маңызды. Ал шетелден әкелінген тауарларға сақтау мерзімдерін соза түсу үшін түрлі қоспалар қосылады, — дейді Руслан Әжниязов.

Бүгінгі күні облысымыз аумағында шығарылатын дайын тауарлардың тізімі тек азық-түлік түрлерімен шектелмейді. Басқа да тауар түрлері жеткілікті. Мысалы, құрылыс материалдары да көптеп өндіріледі. Мұның дәлелі — «Қазақстанда жасалған» акциясына қаладағы құрылыс материалдарын сататын «Домострой» дүкендер желісі де қатысуға тілек білдіріп отырған көрінеді. Қаржысын қазақстандық құрылыс материалдарын өндірушілерді қолдауға жұмсағысы келетін тұтынушылар енді «Домострой» дүкендер желісіндегі қазақстандық құрылыс материалдарын сатып ала алады.

Ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткеннен кейін Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев «Қазақстанның отандық өнім өндірушілеріне тегін түрде сөрелер ұсынуы үшін ритейлерлерге, яғни бөлшек сауда жасайтын супер және гипермаркеттерге 1 миллиард теңге қаржы бөлінетін болады» деп мәлімдеген еді. Ал ритейлерлер өз кезегінде: «Бізге бұл қаржы керек емес. Біз супермаркеттердің ең көрнекі, адам көп өтетін жерлерінен сөрелерді тегін түрде ұсына аламыз. Дұрысы, бұл қаржыны отандық өнім өндірушілер шығарған тауарларды жарнамалау үшін жұмсау керек», — деп отыр.

Байқағанымыздай, «Қазақстанда жасалған» акциясы жан-жақтан кең қолдау тапты.

 

Сауданың салмағы

 

— Жергілікті өнім өндірушілерге, яғни өңдеу өнеркәсібінің дамуына қолдау көрсету шаралары тек қана «Қазақстанда жасалған» акциясымен шектелмейді. Мысалы, теміржол тасымалы, газ және электр қуаты тарифтерін төмендету немесе бұл мақсатта жұмсалған шығындарын мемлекеттің есебінен компенсациялау жолдары қарастырылып отыр, — дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Марат Балмұқанов.

Марат Балмұқановтың айтуынша, отандық өндірушілерді қолдаудың тағы бір жолы — оларды мемлекеттік сатып алулар мен ұлттық және жер қойнауларын пайдаланушы ірі компаниялар тарапынан жасалынатын сатып алуларға қатыстыру. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген есептеулер бойынша, бір жылдың ішінде елімізде шамамен 1,5 трлн. теңгенің саудасы жасалады екен. Бұл өте қомақты қаржы. Үкімет қазір арнайы реттеу жолдарымен бұл сауданы қазақстандық өнім өндірушілердің игілігіне жаратудың жолдарын қарастыру үстінде.

— Премьер-министрдің орынбасары Б.Сағынтаевтың облысымызға жасаған сапары кезінде облысымыз аумағында жұмыс жасайтын ірі жер қойнауын пайдаланушы және ұлттық компаниялар мен жергілікті өнім өндірушілері арасында 440 миллиард теңге шамасында сатып алуларға қатысу жөнінде меморандумдар жасалды. Қазір оның 330 миллиард теңгесі үшін келісімшартқа қол қойылып, бекітілді. Сатып алулар үшін жарияланған тендер процедуралары толықтай аяқталған кезде қалған сома үшін келісімшарттарға толықтай қол қойылмақшы, — дейді облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы.

Отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсетудің келесі бір шарасы ретінде атқарушы билік тарапынан ұйымдастырылып келе жатқан түрлі форумдарды да атап өтуге болады. Бұл форумдар жергілікті өнім өндірушілер мен ол өнімдерді тұтынушы ірі компаниялар арасындағы қатынас көпірін құрушы табыстыру алаңы ролін атқарады. Күні кеше қаламызда өткізілген өңірлік форумда да облысымыз аумағындағы өңдеу өнеркәсібі саласында жұмыс істейтін кәсіпорындардың өз өнімдерін жер қойнауын пайдаланушы ірі компанияларға ұсынуларына мүмкіндік туғызылды. Форумға қатысуға ниет білдірген кәсіпорындардың саны көп болған. Бір күндік форумның аясында жер қойнауларын пайдаланушы ірі компаниялар мен жергілікті өнім өндіруші кәсіпорындар арасында жалпы құны 3,5 млрд. теңгенің келісімшарты жасалыпты.

Жалпы, облыс көлемінде өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытында жасалынып жатқан жұмыстардың нәтижесі ауыз толтырарлықтай. 2015 жылдың алғашқы екі айының мәліметтері бойынша, облысымыздың өңдеу өнеркәсібіндегі өсу — 10 пайыздың үстінде.

 

Қуат МҰҚТАР.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button