Басты жаңалықтар

«Менің қазақстаным» пойызы хромтауға келді  

Өткен сенбі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма және Жеңістің 70, Қазақ хандығының 550, ҚР Конституциясының 20 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» пойызы Хромтау қаласына келді.  Мақсат — Елбасы Жолдауының негізгі қағидаларын түсіндіру, «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясын тарату, ел бірлігін насихаттау және халыққа әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету. Пойыз құрамындағы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі және  Мәдениет, спорт, білім және ғылым, Инвестициялар және даму, Әділет, Денсаулық, Әлеуметтік даму, ауыл шаруашылығы мен Ішкі істер министрліктерінің, яғни барлығы 130-дан астам өкіл аудан тұрғындарымен кездесіп, әлеуметтік қызмет көрсетті.

«Менің Қазақстаным» пойызын хромтаулықтар теміржол вокзалының басынан күтіп алды. Күннің салқындығына қарамастан жергілікті өнерпаздар ән айтып, би билеп қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Аудан әкімі Аязбай Османғалиев келушілерді  құттықтап, сапарларына  сәттілік тіледі. Бұдан соң пойыз басшысы, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Ғазиз Телебаев сөз алды.

— «Менің Қазақстаным» пойызының мақсаты — Қазақстан халқы Ассамблеясының  құндылықтарын насихаттау, елді бірлікке шақыру, ұлттар арасындағы достықтың нығаюына үлес қосу. Бұл пойыз 23 наурызда жолға шықты. Бұған дейін төрт қаланы араладық, яғни Тайынша, Атбасар, Арқалық, Рудный жұртшылығымен кездесіп, халыққа қызмет көрсеттік. Ал Ақтөбе өңіріне жасаған сапарымыз Хромтаудан басталып, Қандыағаш қаласында жалғасын табады. Бұдан кейін Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарын аралап, еліміздің оңтүстігі мен орталығы арқылы Астанаға ораламыз, яғни отыз күн ішінде 29 елді мекенге барамыз. Пойыз құрамындағы әртүрлі мамандық иелері  бір күн бойы халықпен кездесіп, олардың барлық сұрақтарына жауап береді. Сондықтан мүмкіндікті пайдаланып, көкейлеріңізде жүрген сауалдарыңызды мамандарға қоюларыңызға болады, — деді пойыз басшысы.

Бұдан кейін аудандық мәдениет үйінде Әділет министрлігінің өкілдері жылжымайтын мүлік және азаматтық актілерді тіркеу, адвокат, нотариат мәселелері бойынша кеңес берсе, Инвестиция және даму министрлігінен келгендер несие алу, кәсіпкерлік ашу секілді түрлі сұрақтарға жауап берді. Ауыл шаруашылығы минситрлігінің өкілдері шаруаларға «Құлан», «Сыбаға» бағдарламалары мен лизингке техника алудың тиімділігін түсіндірді. Сондай-ақ, жұмыспен қамту және әлеуметтік сала өкілдері «Жол картасы — 2020» бағдарламасына қатысты сұрақтарға жауап берді. Жұмыс іздеп келген азаматтарға бағыт- бағдар беріп, оларды жұмыспен қамту үшін жергілікті орындарға тапсырмалар жүктеді. Тұрғындар тарапынан еңбек құқының қорғалуы, жәрдемақы алу, асыраушы азаматынан айрылған кезде көмекке қол жеткізу, әлеуметтік төлемақы алу секілді мәселелер төңірегінде сұрақтар болды. Мамандар барлығына жауап беріп, мәселенің шешілуіне ықпал ететіндіктерін айтты.  Ал «Нұр Отан» партиясының  аудандық филиалының ғимаратында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Камал Бурханов тұрғындармен кездесіп, сауалдарына жауап берді. Аудан ақсақалдары депутатқа «Ардагерлер туралы» заң жобасының қашан қабылданатынын сұрап, нақты жауаптарын алды.

Сондай-ақ,  Ғазиз Телебаев бастаған Ассамблеяның бір топ мүшесі отбасы үлгісіндегі Хромтау балалар үйіне барып, арнайы сыйлық табыс етті. Балалар үйі 2003 жылы ашылыпты.  Қазір бұл үйде сегіз бала тәрбиеленіп жатыр. Балалар үйінің меңгерушісі  Жеміс Бермағанбетова балалардың барлығы қазақ мектебінде білім алатынын, шетінен өнерлі екенін айтты. Осы үйде тәрбиеленген төрт оқушы Хромтау тау-кен техникалық колледжінде білім алып жатса, бір ұл өткен жылы үйленіп, өз алдына отау құрыпты.

— Бір қызымыз биыл тұрмысқа шықты.  Оны барлық жөн-жоралғысымен жөнелтіп, құдағай болып барып қайттық. Жалпы бұл үйдегі балалардың барлығы тәрбиелі, сабақты жақсы оқиды. Гриша Сменко деген оқушымыз қазақ тілі бойынша «Жарқын болашақ» байқауынан бірінші орын алып, қазір республикалық сайысқа дайындалып жатыр. Балалардың барлығы бұл үйде 18 жасқа дейін тұрады. Тоғыз бітіргендерін колледжге тегін оқуға түсіреміз. Оларға шәкіртақы төленіп, мемлекеттен әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Оқуды аяқтаған соң жұмысқа тұрғызып, әрі қарай еңбек етулеріне жағдай жасалады, — деді Жеміс Бермағанбетова.

Ал балалар үйінің кішкентай өнерпаздары  Дилназ, Гүлназ Раджанова мен Зухра Маралиева қонақтарға ән айтып, би билеп берді. Депутаттар балдырғандардың  өнеріне қол соғып, бірге суретке түсті. Үй иесі дайындаған астан ауыз тиіп, балаларға батасын беріп, жақсы оқуларына тілектестігін білдірді.

Сондай-ақ, Астанадан келген Қазақстан КТК клубының өнерлі жастары Хромтау тау-кен колледжінде өнер көрсетіп, жастарды күлкіге бөледі. Ал ҚР Білім және ғылым министрлігі жастар саясаты департаменті директорының орынбасары Еркін Үсембаев бастаған топ жастармен кездесіп, дуальды оқыту жүйесі, жастарды жұмысқа орналастыру, олардың бос уақытын тиімді өткізу секілді бірқатар мәселелерді ортаға салды.

Аудандық ауруханада Астана мен Алматы қалаларындағы ірі емдеу орындарынан келген білікті дәрігерлер науқастарды қабылдады.  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Нұрлан Қыдырбаев үгіт пойызымен келген18 дәрігердің халыққа тегін қызмет көрсетіп жатқанын айтты.

— Біздің мақсатымыз — облыс орталығынан шалғай жатқан аудан тұрғындарына көмек көрсету. Себебі ауданда кейбір мамандық түрлері тапшы, медициналық көмекке қол жеткізу мүмкіндігі төмен. Сондықтан біз осы мүмкіндікті пайдаланып, аса қажетті мамандарды өзімізбен бірге алып жүрміз. Мәселен,  Атбасар, Арқалық, Рудный қалаларын аралаған кезде  дәрігерлер бірнеше науқасты Астанаға жіберді. Көпшілігі дер кезінде дәрігерге қаралмағандықтан, ауруын асқындырып алған. Әсіресе, ауыр бүйрек жетіспеушілігіне шалдыққан балалар жиі тіркеліп отыр. Ал ересектер арасында жүрек-қан тамыры, көз ауру  мен онкологиялық аурулар көп, — деді бас сарапшы.

Үгіт пойызымен келген дәрігерлер қабылдауына кезекте тұрғандардың саны көп. Жасы жетпістен асқан батыр ана Биғайша Машақова эндокринолог дәрігерге қаралғанын айтса, 31 жастағы Самал Әбдірахманова есімді келіншек кардиолог мамандарға алғысын жаудырды.

2013 жылы жүкті кезімде ауырып, ауыр жағдайда  Астана қаласындағы емдеу орталығына жеткізілдім. Ол жердегі мамандар жүрегімде ақау бар екенін анықтады. Денсаулығыма қауіп төніп тұрғаннан кейін кесер  тілігі арқылы сәбиді алып тастады. Кейін дәрі қабылдаған соң, жағдайым жақсарды. Ал қазір Астанадан келген кардиологтың қабылдауында болдым. Дәрігер денсаулығымды жіті тексеріп, облыс орталығында емделу қажеттігін айтты. Кеңес берген барлық дәрігерге алғысым шексіз. Халықтың ықыласына бөленіп жүре беріңіздер,— деді Самал ағынан жарылып.

Аудандық аурухананың бас дәрігері Рүстем Исаев емдеу орнында науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалғанын, қажетті материалдық-техникалық базаның жеткілікті екенін айтты. Дегенмен халық санының өсуіне байланысты екі акушер-гинеколог пен УДЗ маманы қажет.

Түстен кейін ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Ғазиз Телебаев және аудан әкімі Аязбай Османғалиевтің жетекшілігімен баспасөз брифингі өтті. Аудан әкімінің мәлімдеуінше ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік, әділет саласы бойынша  83 азамат қанағаттанарлық жауап алған. Тұрғындар қойған сауалдар көбінесе зейнетақы, тұрғын үй, жеке іске банктен несие алу төңірегінде болыпты. Ал 170 адам дәрігерлердің қабылдауында болған.  Жиында Ғазиз Телебаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдығы аясындағы шаралар бұнымен тоқталмайтынын, түрлі қайырымдылық шаралары мен акциялар ұйымдастырылатынын айтты.

Бұдан соң аудандық мәдениет үйінің алдында өнер адамдарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылды. Татьяна Бурмистрова дәстүрлі әнді нақышына келтіріп орындаса, Ескендір, Біржан Хасанғалиевтер патриоттық әндерді шырқады. Ал Жеңіс Сейдолла, Мақпал Исабекова, Толқын Забирова, Алтынай Жорабаева мен Баян Есентаеваның жаңа жобасы «Лашын» тобы эстрадалық жанрда әртүрлі әндерді айтып, жиналған жұртшылықтың көңілін көтерді.

«Менің Қазақстаным» үгіт пойызының келесі сапары Қандыағаш қаласында жалғасты.

 

Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button