Экономика

Бағдар айқын экономикалық өсу 2015 жылы да жалғасады

Әлемдік нарықта мұнай бағасының төмендеуі, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше көрші мемлекет — Ресей Федерациясында ұлттық валютасының құнсыздануы, соның нәтижесінде Ресей тарапынан ағылған арзан тауардың қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсер етуі, міне, осының бәрі халықтың көңілінде «еліміздің экономикасының жайы не болмақ?», «теңгеміз девальвацияға ұшырар ма екен?» деген сұрақтардың туындауына себеп болды. Оның үстіне, банкілер де теңгемен беретін несиелерін уақытша тоқтатып, қаржыны қажет еткендерге «несиені әзірге тек шетелдік валютамен бере алатындарын» жария етті. Үкімет қанша жерден дағдарыс деген сөзді айналып кетуге тырысып бақса да, елеңдеген ел биліктен ресми бір мәлімдеме күткен еді.

 

Дағдарыс жоқ, дегенмен қарекет қылу — уақыт талабы

 

Ел экономикалық ахуал туралы ресми мәлімдемені Елбасының аузынан естіді. 11 ақпанда Президенттің төрағалық етуімен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында

Президент Қазақстанның экономикасында дағдарыстың жоқ екендігіне ерекше тоқталды. «Тағы да айтам: біздің қазақстандық экономикада дағдарыс орын алып отырған жоқ. Жаһандық дағдарыс сыртқы факторға ие. Бірінші теріс фактор — бұл әлемдік нарықта мұнай бағасының екі есе арзандауы (…). Металдар, тыңайтқыштар, т.б. секілді біздің сыртқа шығаратын негізгі тауарларымыздың әлемдік бағалары төмен құлдырауда. Екінші маңызды фактор — бұл экономикалық дағдарыс, Ресей рублінің құнсыздануы, Ресейдегі рецессия», — деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Әлбетте, әлемдік экономикалық кеңістікте дағдарыс орын алған шақта қамсыздық танытудың жөні жоқ. Кеңейтілген отырыста Елбасы бүгінгі таңда орын алып отырған жағдайға байланысты елдің жаңа шарттарға бейімделуі керек болатынын, ол үшін экономикалық және заңнамалық сипаттағы жедел шаралардың алынуы қажет екендігіне тоқталып қана қоймай, «Басталған жобаларды аяғына дейін жеткізіп, жаңа  бастамалар мен ұсыныстарды жағдай жақсарғанға дейін шегере тұрамыз. Бұл барлық мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, ұлттық холдингтерге, ұлттық компаниялар мен мемлекеттік кәсіпорындарға қатысты. Үкіметке 2015 жылға арналған республикалық бюджетті 700 миллиард теңгеге  немесе шығыстардың жалпы көлемінің 10 пайызына дейін қысқартуды тапсырамын» деуі Қазақстанның да дағдарысты күндерді бастан өткеріп жатқан жаһандық экономиканың бір бөлшегі екендігін көрсетсе керек.

Н.Назарбаев сонымен қатар жаһандық дағдарыстың салдарын мейлінше азайту үшін нақты тапсырмалар берді.

— Біз дағдарысты заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға, миллиардтаған активтерді енгізуге пайдаланамыз. Мемлекет барлық қажетті қолдау тетіктерін ұсынып отыр. Қаражат бөлінді, жағдай жасалды. Бәрінің дереу жұмысқа кірісуі қажет. Үкіметтің әрбір мүшесінен, әкімдерден нақты нәтижелер талап етіледі, — деді Қазақстан Президенті.

Президент Ұлттық банктің басты міндеті мұнай бағасының төмендеуі мен экономикалық өсімнің баяулауы жағдайындағы қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету екендігін айтты. Яғни бас банкке инфляция деңгейінің жоғарылауына, валюта бағамының күрт ауытқуына жол бермеу, экономиканың нақты секторын қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету, теңге ликвидтілігінің қосымша көлемін ұсыну жөнінде шара қабылдау және ел экономикасын долларсыздандыру жұмысын жандандыру міндеттері жүктелді.

Екінші бесжылдығы басталып кеткен Үкіметтің индустрияландыру бағдарламасына дағдарыстың салқын лебі тимек емес. Экономиканы шикізатқа тәуелділіктен құтқаруды мақсат еткен бұл бағдарламаны жүзеге асыру биыл да жалғастырылмашы. 2015 жылы Индустрияландыру картасы жобаларын жүзеге асырудың жалғасын тауып, оның аясында сомасы 600 миллиард теңгеден асатын, 7,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беретін 75-тей жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Президент ұлттық валютасының құнсыздануы себепті Ресей Федерациясынан ағылған арзан тауардың салдарынан өнімдерін өткізе алмай жатқан жергілікті өнім өндірушілердің жайын да ұмытпай, оларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керек екендігін нақтылап айтты.

— Тиісті меморандумдар бекіте отырып, қазақстандық қамту жөніндегі форумдар өткізу тәжірибесін қайта жаңғырту керек. Барлық сауда желілерінде отандық тауарлар секциясы пайда болу үшін «Қазақстанда жасалған» акциясын бастаймыз. Облыс әкімдері мұны қадағалап отыруы тиіс. Барша азаматтарға осы күрделі жағдайда патриот болып, қазақстандық өнімді сатып алу жөнінде сөз арнаймыз, — деді Мемлекет басшысы.

 

Теңгенің жетіспеушілігі — қалай жойылады?

 

Девальвация, яғни ұлттық валютамыз теңгенің құнсыздану қаупі банктерде теңгенің жетіспеушілігінің орын алуына себеп болды. Дәл осы мәселеге байланысты Елбасы Ұлттық банкке жүктеген міндеттерінің арасында экономиканың нақты секторын қаржы ресурстарымен қамтамасыз етуді, теңге ликвидтілігінің қосымша көлемін ұсыну жөнінде шара қабылдауды тапсырған болатын.

Жалпы, теңгенің жетіспеушлігі іс жүзінде орын алғанын сараптамашылар да растады.

«2014 жылдың ақпан айынан кейін көптеген қазақстандық банктердің клиенттері өздерінің теңге депозиттерін долларға ауыстырды. Банктердің актив қорлары негізінен клиенттердің депозиттерінен құралатыны мәлім. Депозиттердің басым бөлігін доллар депозиттері құрайтын болса, теңге депозитері несие беруге жетпей қалады», — деді Tengrinews.kz сайтына сұхбат берген «Асыл Инвест» компаниясы сараптама департаментінің директоры Айвар Байкенов.

Соңғы кездері жиі сөз болған «Қазақстандық банктер қазір теңгемен несие бергісі келмейді» деген ақпаратқа байланысты Байкенов жағдайды банктерде несие беретін қаржының жоқтығымен түсіндіреді. «Банктер қазір тұтыну несиелерінен пайда табуға тырысуда, өйткені тұтыну несиесінің бағасы да (үстеме ақысы), одан түсетін кіріс те жоғары, оның үстіне тәуекелділіктері де төмен. Бірақ жалпы айтқанда несие беру тоқтап тұр деуге болады», — деді ол.

Байкенов теңгенің жетіспеушілігін жоюдың билік тарапынан алынатын саяси, экономикалық шешімдерге байланысты екендігін айтты. «Қазір экономиканы долларға тәуелділіктен арылту (дедолларизация) саясаты жария етілді. Бұл саясат іс жүзінде жүзеге асырылатын болса, жылдың соңына дейін жағдай дұрысталуы мүмкін», — дейді сараптамашы.

Аталған сайттың хабарламасында қазақстандық банктердегі теңгенің жетіспеушілігі туралы ақпаратты «Golden Hills-КапиталЪ АМ» компаниясының сараптама бөлімінің басшысы Наталья Самойлова мен «Сентрас Секьюритиз» АҚ басқарма төрағасы Талғат Камаров та растап отыр.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық банктің басшысы Қайрат Келімбетов екінші дәрежелі банктердің несиені неліктен ұлттық валютамен емес, доллармен беріп жатқаны жөнінде түсініктеме берді. «Мұны банктердің табиғи реакциясы деп түсіндіруге болады. Өйткені олар теңгенің бір сәтте күрт құнсыздандырылуы болады деп есептеді. Сондықтан банктер несиені шетелдік валютамен беру арқылы өздерінің валюталық тәуекелділіктерін сақтандырған еді. Сондай-ақ, бүгінгі таңда расымен де теңгенің жетіспеушілігі орын алып отыр», — деп түсіндірді ол.

Қ.Келімбетов бұл мәселенің таяу уақытта шешілетінін мәлімдеп, теңгенің бір сәтте күрт құнсыздандырылуы болмайтынына назар аударды. «Теңгемен ашылған депозиттер он пайызға дейін, ал доллармен ашылған депозиттің ең көп үш пайызға дейін табыс табуға мүмкіндік беретінін тағы да естеріңізге салғым келеді. (…) Қысқа мерзімде теңгенің жетіспеушілігі орын алған кезең үшін екінші дәрежелі банктерге қажетті қаржыны беретін боламыз. Олар жақын күндері теңгемен несие бере бастайтын болады деп ойлаймын», — деп сөзін тұжырымдады Ұлттық банктің басшысы. Оның пікірінше, бұл шаралар экономиканың жағдайын тұрақтандыратын болады.

 

Биыл экономиканың өсуі кемінде 1,5 пайыз болады

Жалпы, ұлттық экономиканы долларсыздандыру мәселесі көптен бері қозғалып келеді. Елбасы 2014 жылы 15 желтоқсанда Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында Үкімет пен Ұлттық банкке экономиканы долларсыздандыру үшін шаралар қабылдау міндетін қойған болатын. Осыған байланысты Ұлттық банк үкіметпен бірлесе отырып, 2015-2016 жылдарға арналған Қазақстан экономикасындағы долларға тәуелділік деңгейін төмендету туралы шаралар жоспарын дайындады. Бұл жоспар 17 ақпанда өткен үкімет отырысы мен 25 ақпанда өткен Ұлттық банктің басқарма жиналысында бекітілді.

Бұл жоспар үш негізгі стратегиялық бағытты қамтиды:

  1. макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету;
  2. қолма-қол емес төлемдерді дамытып, көлеңкелі айналымды азайту;
  3. ұлттық валютаның шетелдік валюталардан басымдығын арттыру.

Бірінші бағыт бойынша Үкімет пен Ұлттық банктің жоспарында экономиканы әртараптандырып, өндірілетін тауар, жұмыс және қызметтердегі қазақстандық мазмұнның үлесін арттыру шаралары қарастырылған.

Екінші бағыт бойынша қолма-қол емес төлемдерді дамыту бағытындағы шаралар жоспарланып отыр.

Ал үшінші бағыт бойынша, халықтың ұлттық валютамен ашқан депозиттерді кепілдендіру мөлшерін 5 млн. теңгеден 10 млн. теңгеге арттырып, шетел валютасымен ашылған депозиттердің сыйақы мөлшерлемесін жылдық 3 пайызға дейін төмендету, банктердің теңге ликвидиттілігін арттыру және банк секторын сауықтыру, нарықта бағаларды шетелдік валютамен көрсетуге тыйым салу шаралары қарастырылған.

Ұлттық банктің басшысы Қайрат Келімбетов экономиканы долларсыздандыру шаралары жөнінде ҚР Парламенті Мәжілісінің пленарлық отырысында түсініктеме берген болатын. Жоғарыда аталған негізгі үш бағытқа тоқталып өткен Қ.Келімбетов: «Мен қандай да бір валютаның айналымына тыйым салынбайтынын, әңгіме өзегі ұлттық валютаның рөлін нығайтуда болып тұрғанын айтқым келеді. Сонымен қатар қолма-қол төлемдерді жасау үшін түрлі реттеу тетіктері енгізілмекші. Бұл — уақыт талабы. Дүниежүзінің барлық мемлекеттерінде қолма-қол емес айналымның көлемі артып келеді. Қазақстан бұдан шет қала алмайды. Біз кезең-кезеңмен заңнамаларға өзгерістер енгізетін боламыз», — деді.
Бұл шаралардың ішіндегі ең маңыздысы — банк секторының сауықтырылып, нашар несиелердің сатып алынатын болуы.

Десек те, еліміз экономикасы биыл да өсуін жалғастырмақшы. Бұл туралы Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ президенті Мақсат Мұқанов мәлімдеді. 2015 жылы Қазақстанның экономикалық өсуі 1,5 пайыз болады деп болжанып отыр. Бұл болжам бойынша мұнай бағасы 50 доллар деп алынған. Ал соңғы күндері мұнай бағасының төмендеуі тоқтап, керісінше жоғары көтерілу мүмкіндігі байқалуда. Оның үстіне М.Мұқановтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберіндегі инфрақұрылым жобалары жүзеге асырылатын болса, экономикалық өсудің көрсеткіші одан да жоғары болуы мүмкін.

«Біз жасаған зерттеулер нәтижесі, мәселен, тасымалдау саласына жасалған инвестицияның жақсы экономикалық тиімділікке қол жеткізетінін көрсетті. Салынған әрбір доллар бір жарым доллар кіріс алып келеді. Сонымен қатар инфрақұрылымды дамыту саласында жүргізілген зерттеулер бір миллиард доллар көлеміндегі қаржыландырудың нәтижесінде тасымалдау саласында 20 мыңның үстінде жұмыс орны ашылатынын көрсетіп отыр», — деді «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ президенті.
Ерекше тоқталар бір жайт, мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толықтай орындамақшы. Елбасы өзі үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде дағдарысқа қарсы жасалатын шаралардың ішіндегі негізгі қадам — бюджет шығындарын оңтайландыру болып табылатынын, бірақ мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелеріне тиіспеу керек екендігін айтқан еді.

Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев Мәжілісте халық қалаулыларының алдында: «Республикалық бюджеттің шығындары, ең алдымен, ағымдағы әлеуметтік міндеттемелерді толықтай орындауға, жұмыссыздық көрсеткішін өсірмеуге және экономикада іскерлік белсенділігін қолдауға бағытталмақшы», — деді.

Қуат МҰҚТАР.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Қайырлы күн әркім.

    Сіз несие қажет пе? Сіз бизнесін бастағысы және сіз капитал керек пе? Егер сіз қандай да бір себептермен несие немесе қаржыландыруды қажет пе? Мүдделі мейірімділікпен Freemanloanfinance@gmail.com бүгін бізге хабарласыңыз және бүгін сіздің несие алу, егер біз, тек 2% -ға арзан және қол жетімді пайыздық мөлшерлеме бойынша бәріне несие беруге ретінде Сіздің көмек, ақырында, мұнда.
    Біздің қызметтер қарыздар қолдану 3 сағат ішінде бекітіледі, жылдам және сенімді болып табылады. біз $ 20 млн барынша $ 2,000 ең аз ауқымынан несие ұсынады. Біз сертификатталған және сіздің құпиялылық бізбен 100% қауіпсіз болып табылады. Егер қарыздар немесе қаржы туралы ешқандай көбірек алаңдатты және (Freemanloanfinance@gmail.com) бойынша электрондық пошта арқылы бүгін бізге хабарласыңыз және бүгін лездік несие рұқсатын алу.

    Рахмет

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button