Экономика

Отандық өнім  импортты ығыстыра ала ма?

 «Қазақстанда жасалған» акциясы

 Гүл де біздің пайдамызға шықпай тұр

 

Елбасымыздың алдымызға қойып отырған басты талабы — осы. Отандық өнім импортты ығыстырып шығаруы керек. Және өзіміздің жерімізде өндірілген сол өнімдер мен жасалған тауарларды тұтынушы ретінде халқымыз алатын болуы керек.

Экономикасы әлсіз елдің нарығын  импорт жайлап алатынын біз басымыздан өткердік. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында  көзімізбен көрдік. Тіпті қазір еліміз әлемдегі экономикасы қуатты мемлекеттердің біріне айналған кезде де бар саланы басып қалған импорттан арыла алмай жатқанымызды ашық мойындауға тура келеді. Мұның мысалы күнделікті өмірімізден андағайлап көрінеді. Кеше ғана Халықаралық әйелдер күнін атап өттік. Осы мерекеде гүл сатып аламыз деп әрқайсысымыздың қаншалықты зардап шеккенімізді есептей бермейміз. Бүгінде гүлдің бәрі шетелдерден, оның ішінде негізінен Голландиядан келеді. Жергілікті жерлерде гүл өсіру, оны сату тыйылды деуге болады. Әсіресе, қыс айында тек шетелдің өніміне қарап қаламыз, оларға аз да болса балама жоқ.  Сондықтан мереке күндері оның бағасын шығандатып көтеріп жібереді. Оларды қарап, бақылап отырған орындарды да көрмейсің. Бес түйір раушан гүлі біздің қаламызда он мың теңгеден асты кеше.  Бұдан да жоғары баға ұстаған өңірлер бар. Оның өзін ұзыннан шұбақ кезекке тұрып аласың. Жылда осы. Күллі Қазақстан бойынша осылай. Халықтың қанша ақшасы далаға кетіп жатыр. Жаз бойы қаланың гүлзарлары мен саябақтарына егілетін де осы голландиялық гүл. Бұған бюджеттен қыруар қаржы жұмсалатыны белгілі жай. Шетелдің қымбат гүлін сатып алу арқылы еліміздің қаржысын бөтен мемлекеттің экономикасына салып жатырғанымызға ой жібере бермейміз. Ал осы гүлдердің қай-қайсысы да егер ексе, біздің жерімізде шығады. Бір кезде  оңтүстіктегі Алматы, Шымкент қана емес, терістік аймақтардағы қалаларымыздың өзі де жергілікті гүлге оранып тұрғаны белгілі. Ақтөбе қаласында да көгалдандыру мен гүл өсірумен шұғылданатын арнаулы мекеме болғанын білеміз. Ақтөбе әуежайының, теміржол, автовокзалдардың алдарында, ескі және жаңа қаладағы көптеген саябақтарда, әкімшілік үйлерінің қарсы беттеріндегі алаңдарда текеметтің түріндей  жергілікті гүл төселіп жатушы еді. Осы дәстүр үшті-күйлі жоғалды. Біздіңше, гүл өсіру қазіргі кезде бизнестің табысты түрі. Қысы-жазы жергілікті жерде жылыжайда гүл өсіріп сататын болса, одан еш кәсіпкер зиянға қалмасы анық.  Оның үстіне бұл талай адамға жұмыс орны болар еді. Әрине, бұл шаруамен айналысатын мамандар, білікті бағбандар даярлау керек болатынын да түсінеміз. Бірақ бұл жұмыс қашан болса да қолға алынуға тиіс емес пе? Халықтың ақшасын далаға кетіріп, қазынаның қаржысын шашып шетелдің қымбат гүліне қарап отыра бермесек керек қой.

Біздің жерімізде өсірілген гүлдің сапасымен шетелдің гүлі таласа алмайды, исі жоқ өлі бұйым, ұзақ сақталатыны да бекер. Кешке алған өнімің, ертесіне семіп қалып жатыр. Сырт елдерден жететін бұл гүлдер бізге қашықтан тасымалданады. Өсіру, өндіру, күтіп-баптаумен бірге, тасымалдау шығыны қосылады. Сондай жағдайдағы өніммен жергілікті жерде өндірілген өнім бәсекелесе алмайды дегенге кім сенеді. Біздіңше, бұл істі жергілікті жерде кең көлемде қолға алу, ұйымдастыру ғана жетпей жүр. Бірен-саран жекелеген кәсіпкерлердің осы бағытта талаптанып іс бастап жатқанынан да  хабардармыз. Бірақ бұл жұмыстар жетімсіз, оған үлкен қарқын беретін әкімшілік қолдау қажет.

Қазір қарап тұрсаңыз, алыстағы аудандар мен ауылдардағы бюджеттік мекемелер, мектептер мен балабақшалар  жаз айларында шарбақтарындағы алаңдарға қаладағыдай шетелден тасымалданған гүлдерді егетін болған. Әрине, біз ауылдардан шетелдік гүлді қызғанып отырғанымыз жоқ, бірақ одан гөрі бұрынғыша арзанға түсетін әрі жергілікті өңір үшін төзімді, әлдеқайда әдемі жергілікті гүлдің түрлерін өсірген тиімді емес пе?

 

Инвесторлар қазақстандық өнімді қаншалықты пайдаланады?

 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың берік ұстанған саясатының арқасында тәуелсіздік жылдарында еліміздің барлық аймағында дерлік, әр салада шетел инвесторлары орнықты. Оларды қазір тізіп айтып шығудың өзі біраз уақыт алар еді. Инвесторлар арқылы өндіріске инвестиция, жаңа технология келді. Ал Елбасы тәуелсіздіктің жиырма жылында біздің өндірісіміз үшін ең қымбаты жаңа технология болатынын бекер айтпағанын қазір түсініп жатырмыз. Сол өндірісімізге енгізілген шетелдік жаңа технологиялардың арқасында қазақстандық өнімдер, тауарлар әлемдік бәсекеге төтеп беріп, нарыққа шығатын болды.

Тек біздің облыстың экономикасына өткен жылы 525,6 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл алдыңғы жылғыдан 2 пайызға артық. Инвестицияның көлемі жөнінен Ақтөбе  аймақтардың арасында  Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана қаласынан кейінгі төртінші орынға тұрақтады.

Шетел инвесторларына, жалпы ел ішіндегі барлық өндірістер мен кәсіпорындарға қойылып отырған қазіргі талап — отандық өнімдер мен бұйымдарды, қызмет түрлерін пайдалануға тиіс. Бұл — Елбасының  «Нұрлы жол» бағдарламасында қойылған міндет. Ал осы үкіметтік талап Ақтөбе аймағында қалай жүзеге асырылып отыр деген сауал туады.

Қазақстандық тауарларды сатып алудың жоспарлары өткен жылы белгіленгеннен жоғары болды. Өткен жылдың тоғыз айында мемлекеттік сатып алу саласында тауарларды сатып алудың қазақстандық көрсеткішінің жоспары 50,7 пайыз, жұмыс — 95,3, қызмет  97,6 пайыз орындалды.  Облыстың ірі кәсіпорындары — «АЗХС» акционерлік қоғамы, «Стойдеталь», «Айс», «Ақтөбе нан» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тауар сатып алудың қазақстандық үлесін 64,5 пайызға дейін жеткізді. Жұмыс күші мен қызметке толық сүйенді.

Тау-кен өндіру, мұнай-газ салаларына жүргізілген мониторинг те бұрынғы жылдарға қарағанда қазақстандық өнімге, тауар мен қызметке көп кәсіпорындардың шындап бет бұра бастағанын көрсетті. ҚР Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы жерглікті үлесті 63,4 пайызға жеткізген. Осы кезеңде аймақтағы ірі кәсіпорындар «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-ы тауарлардың, жұмыс пен қызметтің қазақстандық үлесін — 55,4, «Қазақтүрікмұнай» ЖШС-ы 86,4 пайызға көтерген. Әрине, бұл көрсеткіштер бұдан бұрынғы жылдарға қарағанда жағдайдың көп жақсарғанын көрсетеді. Жасыратыны жоқ, көп уақытқа дейін біздің аймақтағы қытай инвесторларының өндіріс құралдары мен жабдықтарын былай қойғанда, ішетін суларына дейін өз елінен тасып келгені белгілі. Кейінгі жылдары ғана жергілікті тауарларды сатып алу, жұмыс пен қызметке басымдық беру қалыпқа түсе бастады.

Тау-кен саласында да жыл сайын тауарларды сатып алуда, жұмыс пен қызметті пайдалануда қазақстандық үлесті ұлғайтуға мақсатты бағыт ұсталып келеді. Дегенмен тау-кен кешендерінде және мұнай-газ салаларында тауарларды, жұмыс пен қызметті сатып алудың қазақстандық үлесін ұлғайтуға резерв жеткілікті.  Сөз жоқ, бұл аталған салаларда қазақстандық үлесті молайту үшін олар сатып алуға тиісті тауарлар мен жұмыстың, қызметтің кең мүмкіндігі болуға тиіс. Оған жол аймақта индустриалды-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасының бірінші бесжылдығын ойдағыдай орындаудың арқасында ашылып отыр. Ірі-ірі өндірістердің іске қосылуымен тауарлардың да, жұмыс пен қызметтің де түрлері көбейгелі тұр.

Бұл аталған мемлекеттік бағдарламаның екінші бесжылдығында болашақта жаңа өнімдерге қол жеткізетін жаңа кәсіпорындар іске қосылмақ. Бұл  — тауар, жұмыс, қызмет қана емес, жаңа жұмыс орындары да. Ал Елбасы бар жұмыс орындарын сақтаумен бірге, барлық жерде жаңа жұмыс орындарын ашуға айрықша маңыз беріп отыр. Көрнекті жерлерде паннолар емес, жұмыс орындарының қаншалықты көбейгені, қосылғаны жазылулы тұру керек деген тапсырмасы ең өзекті міндет. Өйткені жаңа жұмыс орны — еліміздің болашағы, халқымыздың әл-ауқаты. Барлық қызмет осыған бағытталуға тиіс. Сол кезде отандық өнімнің импортты ығыстырып, орнын баса бастайтынына күман келтіруге болмайды.

 

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button