Білім

ҰБТ: өзгерістер жоқ

Жақында облыстық әкімдікте ұлттық бірыңғай тестілеу туралы жиын өтті. Шараға облыстық білім басқармасының басшысы Жанат Самұратова, облыстық білім саласындағы бақылау департаментінің директоры Әкімгерей Көшербаев қатысты. Сонымен қатар басқосуға Ақтөбе қалалық және аудандық білім бөлімдерінің басшылары, тестілеу пункттерінің директорлары жиналды. Сондай-ақ, облыстағы мектептердің мұғалімдері мен 11-сынып оқушылары жиынды онлайн режимінде көруге мүмкіндік алды.
Жиынның негізгі мақсаты — ҰБТ-ны өткізу технологиясын, ережелерді, заңнамалық негіздерді түсіндіру. Биылғы ҰБТ-ның ешқандай ерекшелігі жоқ. Бұған дейінгі өткізілгендегідей талап пен тәртіп, бақылау мен қадағалау күшейтіледі.
— Жыл сайын мектеп бітірушілер өзгеріп отырады. Сол себепті түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек, — деді шарада алдымен сөз алған Жанат Самұратова.
Шектеулі балда да өзгеріс жоқ. Мектеп бітірушілер мемлекеттік грант конкурсына қатысу және республикамыздың жоғары оқу орындарына ақылы негізде оқуға түсу үшін жинаған ұпай саны 50-ден төмен (медициналық мамандықтар үшін — 55 балл) болмауы тиіс. Ал ұлттық жоғары оқу орындарына құжат тапсыру үшін шектеулі балл — 70.
Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны — 25 сұрақ. Тестілеу уақыты — 210 минут, яғни 3,5 сағат. Жалпы орта білім туралы аттестат алу үшін 5 балдық жүйе бойынша бағамен бағаланады.
— Ұлттық бірыңғай тестілеу — 11-сынып оқушылары үшін өте маңызды емтихан. Себебі сынақ қорытындысында алынған баға мектеп бітірушінің аттестатына түседі. Сонымен қатар тестілеуде жинаған ұпай арқылы түлек жоғары оқу орындарында өтетін іріктеу конкурстарына қатыса алады. Іріктеу конкурсынан өткен түлектер білім гранттарына ие болады.
Биылдан бастап барлық тестілеу пункттері бейнебақылаумен жабдықталады. Тестілеу өткізілетін пункттерде металл іздегіштердің, ұялы байланыс дыбыстарын тұншықтыратын құралдардың және бейнебақылаудың үздіксіз және сапалы жұмыс істеуін қадағалау үшін министрлік әр пунктке бір-бірден техникалық маман жібереді, — деді Әкімгерей Көшербаев. Оның айтуынша, биылдан бастап, Алға, Қарғалы, Мәртөк аудандарында тестілеу өткізілетін пункттер ашылуы мүмкін. Бұған дейін аталған аудандардың түлектері облыс орталығындағы тестілеу пункттерінде емтихан тапсырған болатын.
ҰБТ 5 пән бойынша: қазақ тілі, орыс тілі, математика, Қазақстан тарихы және таңдау пәні. Таңдау пәндері: география, физика, биология, химия, дүниежүзі тарихы, қазақ әдебиеті (орыс әдебиеті), шет тілі.
Жалпы орта білім туралы аттестат алу үшін 5 балдық жүйе бойынша бағамен бағаланады.
ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірген оқушылардан өтініштер 10 наурыздан бастап қабылданады. Сәуірдің 25-і күні өтініш қабылдау аяқталады. Тестілеуге қатысып, қатыспауға әр түлек ерікті. Дегенмен «Алтын белгі», үздік аттестаттардан үміткерлер және биыл жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдіретіндер үшін тестілеу тапсыру міндетті.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button