Экономика

Құрылыс қазақстандық материалдардан тұрғызылады

«Қазақстанда жасалған» акциясы

Қазіргі кезде тұрғын үй құрылысына қажетті материалдардың бәрі дерлік Ақтөбе облысында өндіріледі. Әрине, мұны көп адамдар біле бермейді. Өйткені құрылыс салатын материалдардың сырттан әкелінетіні біздің санамызда әлдеқашаннан қалыптасып қалған. Кешегі кеңес кезінде солай болды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан соң да мұны бірден жолға қою мүмкін болмады. Тыңнан өндірістер ашып, оларды жүйеге салу керек болды. Жаңа зауыттар салу қажет еді. Ал бұл белгілі бір уақытты қажет етті. Бұл істерді қолға алып, өрістете бергенде дағдарыстарға киліктік. Әйтсе де Елбасымыздың көрегендік саясатының, «Жол картасы» сынды мемлекеттік бағдарламалардың арқасында сол дағдарысты жылдардың өзінде бізде болашақта керек болатын зауыттар салынып жатты. Осындай жолмен салынған өндірістер мен ашылған кәсіпорындардың ақтөбелік құрылысшылар қазір игілігін көріп отыр. Мұны біз емес, бүгінде тапсырыс беруші және құрылыс салушылар айтады. Ақтөбе қаласының құрылыс бөлімінің басшысы Асылбек Әлімбаев былай дейді:
— Тұрғын үй құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттарын жасаған кезде жергілікті өндірушілердің құрылыс материалдарын пайдалануға ерекше назар аударылады. Ондай құрылыс кәсіпорындары бізде жеткілікті. «Лотос», «Көктас-Ақтөбе», «СтройДеталь», «Стройбетон», «Базальт–А», бирудалық материалдар комбинаты, жиһаз фабрикасы — солардың бір бөлігі.
Қазақстандық өндірісшілер сумен жабдықтау, кәріз және газбен жабдықтау желілерін жүргізу құрылыстарына да қатысады. Мәселен, бірқатар мердігерлер полиэтилен және металдық емес құбырлармен жұмыс жасайды. Электр желісі құрылысын тартуда құрылысшыларымыз ақтөбелік «AIageum Eiectric» компаниясының қызметіне сүйенеді. Ал жылу жүйесін тартуда біздің қалада «ҚазЖылуҚуат Монтаж» кәсіпорнының өнімдеріне көбірек жүгінеді. Бұл зауыттың жұмысы полиэтилен құбырлар өндірумен де байланысты екенін жұртшылық жақсы біледі.
Мамандардың айтуына қарағанда құрылыс саласында қазақстандық үлестің пайызы жыл санап артып келеді. Себебі бұл Елбасының тапсырмасы және тікелей бақылап, қадағалап отырған саласы. Сол себептен де жер-жерде отандық тауар өндірушілерге қазір ерекше көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде құрылыс өнімдері жергілікті өндірістерден көптеп шыға бастады.
Кейінгі жылдары Ақтөбе қаласында салынып жатқан құрылыстың ұшы-қиыры жоқ. Тап қазіргі кезде қаладағы басым көпшілік тұрғын үй құрылыстарын мердігерлік ұйым — «Ақтөбе-Сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырады. Себебі бұл қаладағы бірден-бір ірі кәсіпорын және тәуір материалдық базаға ие. Осы салаға маманданған қызметкерлері бар. Аталған фирманың тағы бір артықшылығы — бетондық-езу торабы бар. Ұзақ жылдар жиналған және берік қалыптасқан іс-тәжірибесі бар. Айталық, «Ақтөбе-Сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылыс нарығында жұмыс жасағанына он жылдан асты. Осы уақыттың ішінде қаладағы «Болашақ», «Батыс-2» және 12-шағын аудандарда талай зәулім көпқабатты үйлер орнатып үлгерді.
Серіктестік негізінен мемлекеттік бағдарламаға қатысты құрылыстарды салып келеді. Әрине, коммерциялық тұрғын үйлер де бар арасында.
Қазіргі кезде фирмада 650 адам тұрақты еңбек етеді. Кәсіпорынның негізгі күші «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында үй құрылыстарын салуға жұмсалуда. Өзіндік өрнегі бар құрылысшылардың осы шағын аудандағы бой көтерген әсем құрылыстардан да қолтаңбасын тануға әбден болады.
Осы жерде салынып жатқан құрылыстар туралы әңгімелегенде аталған компанияның басшылары бізге әйнек пен цементтен, лифті құрылғысынан өзге, барлық құрылыс материалдары Қазақстанда жасалғандығын мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, цементті Ресейдің Новотроицкі қаласынан тасымалдау тиімді. Өйткені Ақтөбеден қашық емес, 150 шақырым жерде. Ал лифті Евразиялық экономикалық одаққа кіретін Беларуссиядан әкелінеді.
Құрылысқа қажетті әйнек сырттан жеткізіледі. Бірақ әйнек-пакет және терезенің жақтаулары серіктестіктің өзінен шығады, арнаулы цехы бар. Жалпы, осы жерде айта кеткен жөн, қазір мұндай бұйымдар шығаратын кәсіпорындар облыс орталығында жеткілікті, тіпті кейбір аудандардың орталықтарында да жұмыс істейді. Мұнымен бірге, «Ақтөбе-Сәулет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өз бетон зауыты да бар. Бетон шығаруды бастады. Қазір үш бетон зауыты жұмыс істеп тұр, оның біреуі — Қарғалы селосында, екінші желі «Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы құрылыс басына қойылған. Сол жерлерден құрылысшыларға өз көліктерімен жеткізіледі. Бетон қоспасы өндірісін және жабынды плита шығару да жоспарда бар.
Құм-қиыршық қоспасын және қиыршық тасты Шолақсай және Белогор карьерлерінен ақтөбелік «Нерудник» компаниясы жеткізіп береді. Плиталармен «Нағыз бетон», «Құрылысбетон жабдықтау» және «Құрылысдеталь» кәсіпорындары қамтамасыз етеді. Соңғысынан керамзит бұйымы алынады.
Құрылысшылардың айтуына қарағанда, жоғарыдағы аталған құрылыс материалдарына келгенде, құрылыс салушыларда еш проблема жоқ.
Тұрғын үй құрылысына керекті негізгі материал — силикат кірпіштерін біздің облыста бірнеше кәсіпорын шығарады. Ақтөбеде — «Лотос» пен «Көктас». Хромтау мен Қандағашта да осындай кірпіш шығаратын зауыттар бар. Сантехникалық желілерге пайдаланылатын күйдірілген кірпішті «Кірпіш» зауыты шығарады.
Осындай жергілікті материалдың қолда болуымен байланысты біздің құрылыс салушы компаниялар да, Ақтөбенің құрылыс бұйымдарын шығаратын кәсіпорындары да қалыпты жұмыс жасап тұр.
— Сондықтан бізге алыстан, Ресейден құрылыс материалдарын іздеудің еш қажеттілігі жоқ.Тіпті Қандыағаштан да тасымалдаудың тиімсіздігін ескеріп, бас тарттық. Оның үстіне ақтөбелік компаниялар кірпіш шығаруды ұлғайтып отыр. Осы жазда неміс жабдығымен жұмыс істейтін тағы бір кірпіш зауыты іске кіріспек. Облыс орталығында ағаш және темір есіктер, ағаш материалдары да жергілікті, —дейді ақтөбелік құрылысшы мамандар.
Құрылысқа қажетті қалған бұйымдардың қайдан тасымалданатынын сұрағанымызда, плинтустар — Алматыдан, рубероид — қазақстандық және ресейлік өндірісшілерден, линолеум және алюмин батареялары Ресейден алынатынын білдік. Кафельді бұрын Хромтаудан ала бастаған, алайда онда өндіріс жиі тоқтағандықтан, ресейлік баламаға көшкен. Дегенмен әлі де көпшілік мердігерлер шетелдік кафельге ықыласты екен. Себебі сапасы жөнінен артық, бағасы отандық өнімге қарағанда арзан.
Басым көпшілік құрылысшылар құрылыс бұйымдарын, егер тауарлардың сертификаттары болса, ақтөбелік жеткізушілерден алуды үрдіске айналдырған.
Шынын айтқанда, қазір қытайдың бұйымдарын алуды қойған.
Облыс құрылысшылары үшін қуанышты жағдай, «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС өзінің үй құрылысы комбинатын салуды ұйғарып отыр. Үй құрылысы комбинатының қуаты жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй салуға мүмкіндік береді. Ол осы жылдың аяғына қарай еңсерілуге тиіс. Оның желісі — германдық фирма. Оның басшысы аталған кәсіпорынға келіп, облыс басшысының қабылдауында болған. Жабдықтарды монтаждауды неміс фирмасының мамандарының өздері жүргізеді. Бұл комбинаттың қызметімен тұрғын үй құрылысын салған кезде жаңа технология бойынша қабырғаны майлаудың қажеті болмайтынын айтады мамандар.
Ақтөбе құрылысшылары жылу сақтайтын қазақстандық құрылыс материалдарын жақсы пайдаланады. Үй құрылысы комбинатын салу кезінде Тюмень және Беларусь елдеріндегі осындай зауыттар үлгіге алынған. Соңғы сәтте зауыттың Тюмендік түрін қалаған. Бұл жердің қатқылдау ауа райы біздің облыстың жағдайына келетінін айтады құрылысшылар.
Үй құрылысы комбинатының жөні бөлек. Оны мынадан-ақ байқауға болады. Комбинат іске қосылған кезде пәтердің өзіндік құны қазіргіден төмен түседі. Қазіргі кезде «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС салған тұрғын үйдің әр шаршы метрі 115-120 мың теңге тұрады.
Ақтөбе — құрылыс салуда атағы шығып тұрған қала. Әсіресе, жылу сақтағыш материалдарды пайдаланып құрылыс салуда Астанадан кейінгі орынды алады. Салынған түрғын үйлер үлкен сұранысқа ие, сапалы, сәнді. Себебі оның барлық дерлік құрылыс материалдары — қазақстандық, жергілікті ақтөбелік. Сондықтан біздің құрылысшылар тұрғын үй ғимаратын тек өз материалымыздан, өз бұйымымыздан тұрғызуды басты мақсат етіп ұстанады.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button