Экономика

Біздің өнімдеріміз кімдерге ұнайды?

«Қазақстанда жасалған»

Сөре қайысады

«Базарда мың кісі бар, қалағаныңа сәлем бересің» дейді қазақ. Тауарды да солай, әркім көңілі құлағанын, қолайына жаққанын алады. Ұнатпаса, қанша жарнамалағанмен, ақшасын шығарып сатып ала қоймайды. Оның үстіне қазір сауда орындарымыздың сөрелері тауардан қайысып тұр, таңдауға мүмкіндік бар. Кешегі кеңес кезінде бұлай емес еді. Сондықтан тұтынушылар қолдарына бірдеңенің іліккеніне қуанатын.
Қазіргі заманның бір ерекшелігі, әр аймақ тауардың түр-түрін шығаруға тырысады. Ол кейде артық, кейде кем болып шығады. Олардың сапасы туралы да бірыңғай пікір айта қою қиын. Тауардың сапасын — базар, тұтынушы көрсетеді. Тәуір болса өтеді, нашар болса сөрелерде тұрады, тұрады да ақыры жарақсыз болып қалады. Өйткені қазір тауар бәсекесі бар. Шетелдік дүниелер де, жергілікті тауарлар да бір жерде тұрады. Таңдау —тұтынушының билігінде.
Тауарға қарап айтылатын «көздің жауын алады» деген сөз бар. Қазіргі кезде біздің сауда орындарымызда тап солай болып тұрғаны және рас. Қызылды-жасылды дүниенің ішінен тәуірі, жаңасы қайсы, жасығы қайсы, айыру қиын. Көп жағдайда біздің нарық шетелдің арзан және сапасыз тауарларына толы. Қытайдың сырты жылтырап көрінетін жасанды дүниелеріне бойымыз үйреніп алды. Киімінің жылуы, тамағының кенеуі жоқ. Жалпы дүкендерімізде тұрған импорттың бәрін үздік деуге болмайды. Бірақ соны арзандығына қызығып, ақша шығарып алып жатырмыз. Халқымыздың» «Арзанның сорпасы татымас» деген қағидасын ескере бермейміз. Шетелдің тауарын сатып алу арқылы бөтен мемлекеттің экономикасын нығайтуға үлес қосатынымызды парықтай бермейміз. Ал тап сондай, кейде одан әлдеқайда артық отандық өніміміз шетте қалады. Елбасымыз таяудағы Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселені көтеріп, халқымызды Қазақстанда жасалған тауарларды қолдауға шақырды. Бұл жерде біздің әрқайсысымыз патриот болуымыз керек. Оның мәнісі — сауда орнында импорт пен отандық өнім қатар тұрса, шамалы қымбаттығына да қарамай, өз еліміздің тауарларын алуымыз керек.

Азық-түлігіміз өзімізден

Рас, солай. Ақтөбе облысы азық-түлікпен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Қазіргі кезде
әлеуметтік маңызы бар он сегіз азық-түліктің, біз тек бесеуін ғана өндіреміз. Олар: тұз, қант, шай, күріш және қарақұмық. Біз — ақтөбеліктер, өз нанымызды, нан тағамдарымызды пайдаланып отырмыз. Аймағымыздан өндірілетін ет, сүт, өсімдік майының да тәуір қоры бар. Аграрлық өндірісті тұрақты дамытуға бағытталған мемлекеттік азық-түлік стратегиясының, кейінгі жылдары мықтап маңыз беріліп, қарқын алған азық-түлік белдеуін жасаудың оң нәтижелері бұл. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының өңдеу және инвестиция, маркетинг бөлімінің басшысы Владимир Ким облыстың өз өндірісі есебінен азық-түліктің негізгі тобы бойынша тұрғындардың қажетін толық қанағаттандыратынын айтады.
Өткен жылдың сабағы. Облыс өз өндірісі есебінен азық-түліктің негізгі тобы бойынша тұрғындардың қажетін толық қанағаттандырады. Ет, сүт өндіру, астық өңдеу және майлы дақылдар өндірісі аймақта жақсы жолға қойылған. Мұнымен бірге, картоп пен көкөністің бірсыпыра түрлері де әжептәуір мөлшерде өндіріледі.
Азық-түліктің бұл түрлері бойынша еш қардарлық жоқ.
Біздің өңдеу кәсіпорындарымыз ұн, нан, макарон бұйымдарын және өсімдік майларын жеткілікті мөлшерде шығарады. Азық-түлік қорының үзілмеуінің себебі — оның қорында.
Айталық, бүгінгі күні бордақылау алаңдарында он жеті мың мүйізді ірі қара тұр. Жыл ішінде бізге 12, 3 мың тонна сиыр еті керек. Осы меже бізде 308 пайыз болып орындалады екен. «Наурыз — СИМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Ақбар» шаруа қожалығының бордақылау алаңдары іске қосылғанда бұл көрсеткіш 313 пайызға жетеді.
Әрине, мұнша етті облыс өзі пайдаланбайды. Артық сиыр еті экспортқа жіберіледі. Жылдан-жылға ет өңдеу комбинаттарына деген сұраныс артып келеді. Ірі қара етін экспорттаудың әлеуетін көтеру бағытындағы бұл жұмыстар мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2020 жылға дейін жалғасады. Бұл сала алда «Молочнные истории» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Габор» жеке кәсіпорны және «СПК Айбек» жауапкершілігі шектеулі кәсіпорнының — консерві цехы нысандарының құрылыстары есебінен елеулі түрде нығаюға тиіс.
Қазіргі тұтынушы қолға тигенін тұтынып қоймайды, оларға тауардың мол ассортименті, тамақтың алуан түрі керек. Осы тұрғыдан қарағанда, құс еті облыста әзір жетісіңкіремейді. Өзімізді толық қамтамасыз ету үшін жылына бес мың тонна көлемінде құс еті керек. Жылына 45 пайыз ғана құс еті дайындалады. «Көктас Ақтөбе» акционерлік қоғамының «Аққұс» құс фабрикасының қайта жаңғыртылумен байланысты алда құс етімен ішкі нарықты 61 пайыз қамтуға мүмкіндік тумақ. Бұл өндіріс жылына 2500 құсқа дейін кеңейтіледі.
Облыста сүт мәселесінің шешілуіне келейік. Өз сүт өнімімізбен 48,1 пайыз қамтамасыз етеміз. «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тауарлы сүт фермасының екінші кезегін, «Еңбек», «Болашақ», «ОЛДЖИ», «Естай», «Аманбай» шаруа қожалықтарын, «Мартөк сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін толық іске қосқанда және «Милкер», «Айс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің нысандары қайта жабдықталғанда бұл көрсеткіш 52,9 пайызға жетеді. Бұл аз сүт емес. Сауда орындарымызда Евразиялық экономикалық одақ тарапынан да сүт, басқа да тағамдардың мол келіп тұрғанын ескермеуге болмайды. Егер сырттан келетін сүт тағамдары өзіміздікінен көп арзан болатын болса, тұтынушы қайсысына жүгіруі мүмкін? Сондықтан бұл жерде бәсекенің күштілігін бір сәт те естен шығармай жұмыс жүргізу қажет. Ресейге сүт экспорттау талабын да осындай қадамдар шешеді.
Біздегі «Ново-Әлжан» диірмен комбинаты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұн, ұн өнімдерін кең көлемде өндіруге қол жеткізді. Серіктестіктегі макарон фабрикасының құрылысымен айына мың тоннаға дейін макарон өнімдерін экспортқа шығаруға жол ашылмақ. Егер турасын айтсақ, бізде қазір сұраныстан үш есе көп ұн, ұн тағамдары өндіріледі.
Егер ішкі нарыққа үңілсек, өсімдік майына да еш зәрулік жоқ. Өсімдік майын облыс орталығындағы «Савола Фудс СиАйЭс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қажеттіліктен 260 пайызға артық өндіреді.
Жабық топырақта көкөніс өсіру жұмысы да облыста жақсы дамып келеді. Қазір аймақта жылыжай шаруашылығының алаңы 10,7 гектарды құрайды. Олардың
жобалық қуаты жылына үш мың тоннаға жуық көкөніс өндіруге жағдай жасайды. Маусым аралығын бұл әзірге 34,3 пайыз жабады. Сырттан, оңтүстік аймақтардан тасымалдамай, өз көкөнісімізді тұтыну үшін жаңа жылыжайлар салынуда. «Ақтөбе жылыжай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің осы шаруамен айналысатын кешені биыл үш гектар жаңа жылыжай салуға кірісті. «Гринхаус Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жыл аяғына дейін өз өндірісін едәуір ұлғайтады. «Ника-99» серіктестігі де үш гектар алаң қосуды көздеп отыр.

Сапалы әрі кенеулі

Көп нәрсенің өз жерімізде тұрғанына көзіміз жеткен сияқты. Рас, қант, тұз, күріш, қарақұмық және басқа бірқатар өнімдерді сырттан тасимыз. Қазір қарап отырсаңыз, бұл тауардың түрлеріне де еш қардарлық жоқ, Ресейден, Беларуссиядан, Қытайдан, Польша мен Молдавиядан жеткілікті дәрежеде тасымалданады.
Қолымызда жоққа, әрине, амал жоқ. Оларды сырттан алып келелік. Ал өзіміздің шығатын өніміміздің қадірін білеміз бе? Көп жағдайда, мұны тұтынушыларымыз аңғара бермейтін сияқты. Мысалы, менің отбасым, бала-шағам ұзақ жылдардан бері «Мәртөк сүт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің сүтін үзбей пайдаланады. Айраны бөлек. Майлылығы 10 пайыз қаймағының өзі сырттан келіп жатқан майлылығы жоғары деген қаймақтан әлдеқайда артық. Жалпы, Мәртөк ауданының сүт өнімдерінің орны бөлек болуға тиіс. Неге десеңіз, сиыр малына қажетті ең құнарлы шөп осы өңірде өседі. Шөбіне байланысты әр жердегі мал өнімінің ерекше болатыны әр қазақ жақсы білетін жағдай. Мәселен, Шалқар мен Байғаниннің шұбатына, қымызына не жетеді? Ырғыз, Ойыл, Темір өңірлерінің шұрайлы жеріне жайылған мал шелді де, еті дәмді де келетінін көпшілік жақсы біледі. Табиғи, экологиялық таза тағамның бәрі ауылда өндіріледі.
Осы жерде табиғи дүниелерге деген сұранысты жоғалтып алғанымызды да айта кеткім келеді. Табиғи жүннен жасалған қазақтың бұйымдары құлданыстан шықты. Ата-бабамыз тұтынған киіз, түйе жүннен тоқылған киімдер, құс жастықтар, көрпе-көпшік ұмытылды. Бір қызығы, осындай дүниелерді Монғолия сынды елдер шығарып, бізге әкеле бастады. Оны біздің тұтынушылар қымбатсынбай сатып алып жатыр. Демек, осы ұмытылған шаруаларды қолға алып, жаңғыртатын кәсіпкер болса, еңбегі далаға кетпейтінін сезіп отырмыз.
Біздің ауылдарымызда тұтынушыға ұсынатын ұлттық тағамның түрі көп. Бірақ соны ұқсата алмай жүргеніміз және шындық. Әрине, қаладағы базарларға ауылдардан да өнімдер аз келмейді. Бірақ ол өнімдер әлі де баяғыша қарабайыр күйінде ұсынылады. Ойыл ауданының «Жақып» шаруа қожалығы сынды май, құрт, жент сынды тағамдарын әдемі қораптарға түріп ұсынатын болса, тұтынушы оны елеусіз қалдырмас еді деп ойлаймыз.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button