Экономика

Екі бесжылдық еншісі

Индустриялық-инновациялық даму қандай деңгейде?

Өткен жылы индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аяқталып, екінші бесжылдық басталды. Ол 2015-2019 жылдардың аралығын қамтиды.
Алғашқы бесжылдық жылдарында ел индустриясын дамытуда айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Соның нәтижесінде еліміз шикізатқа тәуелділіктен арылды.
Бірінші бесжылдықтың бағасын өткен жылғы желтоқсанның аяғында өткен жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасымыз берді. Осында бес жыл ішінде Қазақстанның өнеркәсіп саласы жаңаша сипат алып, қазіргі таңда еліміздің индустриясы саласында 1 миллионнан артық адамның еңбек ететіні айтылған еді.
Бұл сала біздің аймағымызда қаншалықты дамыған және оның келешегі туралы не айтуға болады? Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Рақымжан Низамутдиновпен әңгімеміз осы бағытта өрбіді.

— Өткен жылы елімізде индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аяқталды. Алғашқы бесжылдықта республика бойынша 770-тен астам жаңа кәсіпорын іске қосылған екен. Біздің облыстың бұған қосқан үлесі қандай?
— Индустрияландырудың бірінші бесжылдығы аясында облыс бойынша жалпы құны 547 миллиард теңгені құрайтын 74 жоба пайдалануға берілді. Соның ішінде 220,5 миллиард теңге тұратын 7 жоба өңдеу өнеркәсібіне жатады. Өткен жылы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытының екінші кезегі, «Ақтөбе жылыжай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кешені, «Казтеплоэнергомонтаж» толық серіктестігінің фитингтер, жиынтықтаушы бұйымдар өндірісі және Ақтөбе рельс-арқалық зауыттарының құрылыстары аяқталды.
Бағдарламаны жүзеге асыру кезеңінен бастап өнеркәсіп өндірісінің өнімі 32,9 пайызға өсті. Ал өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 35,9 пайызға артып отыр. Алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіштің өткен жылдың өзінде ғана 14 пайызға өскенін байқауға болады. Мұнан шығатын қорытынды, алғашқы бесжылдықтың нәтижелері көңіл қуантады.
— Бірінші үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жоспарланған жобалардың барлығы дерлік біздің облысымызда табысты жүзеге асты деп айтуға бола ма?
— Бірінші бесжылдық аясында іске қосылған барлық жобалар жоспарланған қуаттылыққа сәйкес тұрақты технологиялық режимде жұмыс жасайды. Олардың тоқтап тұрған біреуі де жоқ. Барлығы жоспар бойынша өнім өндіріп, жұмыс орындарын сақтап отыр. Осының өзі аталған мемлекеттік бағдарламаның сәтті іске асырылғандығының көрінісі емес пе? Жалпы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижелері бойынша біздің облыс республикада алдыңғы бестіктің қатарында.
— Алғашқы бесжылдықтың тыңғылықты жүзеге асырылғанына көзіміз жетті. Енді екінші бесжылдықтың басталғанын да білеміз. Оның алғашқыға қарағанда қандай ерекшеліктері бар?
— Бұдан былай ол Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы деп аталады. Ақтөбе облысында бұл бағдарлама 5 негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылмақшы. Олар: мұнай өндірісі, металлургия, химия, құрылыс индустриясы және тамақ өнеркәсібі. Осы бағыттардың ішінде 14 сектор бар. Индустрияландыру картасына енгізілетін жобаларды таңдаудың қазір өлшемдері өзгертіліп, біраз күрделендірілді. Құны 900 миллион теңгеге дейінгі жобалар аймақтық деңгейде қаралады. Оны бекіту үшін алдымен аймақтық кәсіпкерлер палатасының сараптауына жолданады. Содан соң Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігіне жіберіледі. Ол жерде Индустрияландыру картасы бойынша жобаға сәйкес өндірілетін өнімнің аймақтар арасындағы орналасу тығыздығы сарапталады. Яғни Елбасы айтып өткендей, барлық облыстар жаппай тек бір ғана өнім түрін өндірумен айналыспауы тиіс. Үшіншіден, жобада қарастырылып отырған өнімнің саласына қатысты жоғары талап қойылады. Оның сапасын сараптау үшін орталық органға жіберіледі. Осыдан кейін барып бұл жоба аймақтық үйлестіруші кеңесіне бекітуге ұсынылады. Ал құны 900 миллионнан – 4,5 миллиард теңге аралығындағы жобалар орталық атқару органдарында қаралады. Және өндірілетін өнімнің саласы бойынша жоба тиісті министрліктер тарапынан сараланады. Бұл жобаларды төрт құрылымның сараптауынан өткеннен соң ғана аймақтық үйлестіруші кеңесіне бекітуге ұсынамыз. Осылай сараптаулардан өткеннен соң ғана бұл жобалар республикалық және аймақтық Индустриаландыру карталарына енгізіледі.
Бүгінгі таңда біздің облыс бойынша шамамен түрлі салаларды қамтитын 10 жоба Астанаға жолданды. Және бір ерекшелігі, екінші бесжылдық аясында көлемі шағын болса да, нақты жұмыс істеп, шынайы табыс әкелетін жобаларға мән берілмекші. Елбасы айтып өткендей, 1 теңге мөлшерінде қаржы салынғанда 3 теңге мөлшерінде табыс әкелетін жобаларды жүзеге асыру керек.
— Әрине, индустрияландырудың басты мақсаты экономиканы әртараптандырып, ұлттық өнімдердің мемлекетаралық нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыру екені түсінікті. Сонымен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыруды, жұмыспен қамтуды көздейді. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңадан ашылған жұмыс орындары туралы айтып өтсеңіз?
— Жалпы, облыстың Индустрияландыру картасына құны 691,1 миллиард теңгенің 83 инвестициялық жобасы енгізілген болатын. Бұл жобаларды жүзеге асыру кезінде 10,7 мың жұмыс орны ашылды. Ал кәсіпорындарды пайдалану кезінде тұрақты жұмыс орны 11,8 мыңға жетті. Ағымдағы жылы жалпы құны 15 миллиард теңге болатын 10 инвестициялық жоба іске қосылады деп отырмыз. Сол кезде жаңадан 720 жұмыс орны ашылмақшы. Сондықтан бұл кәсіпорындардың басшылығы алдын ала жоғарғы оқу орындары және колледждермен келісімшарт жасап, өздеріне қажет білікті мамандарды даярлауға көңіл бөліп отыр.
— Еліміз Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Бұл, бір жағынан, жақсы, игілікті шара. Екінші жағынан, импорттың ағылып келуімен ел экономикасына қиындықтар келтіретін де түрі бар. Біздің тауарларымыз осы бәсекелестікке төтеп беруі үшін нендей шаралар алынып отыр?
— Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден келетін тауарларға бәсекелес болу туралы сөз қозғайтын болсақ, біз еш нәрседен қорықпаймыз. Өйткені барлығы 74-ке тарта жоба жүзеге асырылды дедік. Қазір тамақ өнеркәсібі бойынша сапа жағынан тиісті талаптарға толық жауап беретін сүт-ет өнімдері өз аймағымызда өндіріліп жатыр. «Актюбстройхиммонтаж», «ЖБИ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемелері құбыр түрлерін, құрылыс саласына қажет материалдардыы, жаңа технологиямен өндірілетін жылу сақтағыш әйнек пакеттерін және басқа да тауар түрлерін шығарады. Мұның барлығы бұрын Ресейден, басқа да шетелдерден әкелінетін еді. Бұдан былай бұл өнім түрлерін өзіміз пайдаланып қана қоймай, экспорттауға да мүмкіншілігіміз бар. Осы жерде айта кету керек, күні кеше Елбасымыз ерекше маңыз берген «Қазақстанда өндірілген» деген белгісі бар тауарларға халықтың қолдау көрсетуі — көкейкесті мәселе. Үкімет арнайы бағдарлама дайындап, жергілікті индустриялық даму үшін қолынан келгенін жасады. Әкімшілік кедергілерді жою, қаржылық қолдау көрсету, инфрақұрылым тартып беру секілді бағыттарда қажетті шараларды атқарды. Сөйтіп, қыруар жұмыстардың нәтижесінде өнім шығаратын кәсіпорындар дүниеге келді. Енді соған халықтың қолдау көрсетуі қажет. Бірінші кезекте әр тұтынушы қалтасындағы қаржысын елімізде өндірілген тауарларға жұмсағаны абзал.
— Облысымызда аталған мемлекеттік бағдарлама аясында инновациялық технологияларды өндіріске енгізудің жайы қандай?
— Әрине, қазіргі мақсат — заманауи талаптарға жауап беретін озық өндіріс орындарын тұрғызу. Аталған мемлекеттік бағдарлама аясында салынған және салынып жатқан барлық кәсіпорындар өнім өндіруде инновациялық технологияларды қолданады. Онсыз біз халықаралық бәсекелестікке төтеп бере алмас едік. Сондықтан біз бұл жұмыстарды алда да табысты жалғастыра береміз.
Мұны жүзеге асырудың барлық алғышарттары бар. Минералдық-шикізат базасы, қажетті компоненттер облыс аумағында мол. Осыны ескеріп, Ақтөбе қаласының іргесінен индустриялық аймақ тұрғызу қолға алынды. Индустриялық аймақта кәсіпорындарды салу үшін мемлекет жер береді. Құрылыстарға қажетті инфрақұрылымдарды жүргізуге қолдау көрсетеді. Банктерден несие алу үшін мемлекет тарапынан 70 пайызға дейін кепілдік беріледі. Бұған қоса 6-7 пайызға дейін төмендетілген субсидия төленетіні тағы бар. Жаңа кәсіпорын ашқысы келетін кәсіпкердің сапалы менеджмент пен өндіретін өнімін өткізетін нарыққа сапалы маркетинг жасауы ғана қалады.

Қуат МҰҚТАР.
«Бірінші бесжылдықта елдегі өңдеуші сектор тәуелсіздік алған жылдардан бергі Қазақстан экономикасына салынған барлық шетелдік инвестиция көлемінің 70 пайызын алып отыр. Барлығы 770 жаңа кәсіпорын ашылып, онда 75 мыңнан астам адамға жаңа жұмыс берілді. Олар жоғары білікті маман иелері. Өңдеуші өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі 60 пайызға артты. Әрбір жұмыскер жыл сайын орта есеппен 20 мыңнан астам доллардың өнімін өндіруде. Тау-кен өндіру саласының ІЖӨ-дегі үлесі 16,5 пайызға азайды. 5 жылда бұған дейін Қазақстанда өндірілмеген, мүлде жаңа 400 өнім түрі игерілді. Бес жыл ішінде Қазақстанның өнеркәсіп саласы жаңаша сипат алып, қазіргі таңда еліміздің индустрия саласында еңбек ететін халық саны 1 миллионнан асады».

Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстанның жаңа индустрияландырылуы: 2014 жыл мен I бесжылдықтың нәтижелері» атты жалпыұлттық телекөпір барысында сөйлеген сөзі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button