Экономика

Дамудың жаңа мүмкіндігі

Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексіне енгізілген өзгерістердің барлығы салық саясатын жақсартуға, кәсіпкерлік ортаның жағдайын жасауға бағытталыпты. Студенттер сарайына жиналған мемлекеттік қызметкерлер, қоғамдық бірлестіктер мен шағын және орта бизнестің өкілдері, сондай-ақ6 жастарға осы жаңа кодексті жүзеге асыру кеңінен түсіндірілді.
Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің ұйымдастыруымен өткен семинарда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Төлеміс Шотанов, аталған департаменттің басшысы Талғат Мамаев, «Есеп» бухгалтерлер мен аудиторлардың қоғамдық бірлестігінің төрайымы Меңсұлу Утяновалар жиналғандарға биыл 1 қаңтардан бастап қолданыстағы
ҚР «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайында кеңінен түсіндірді.
Т.Мамаевтың айтуынша, жаңа заңнамаға енгізілген өзгерістердің барлығы ел экономикасының дамуына бағытталып отыр.
— Жаңа кодекс салық саясатын жақсартуға, кәсіпкерлік ортаның жағдайын жасауға оң ықпалын тигізеді. Кодекске енгізілген өзгерістер бұл орайда жеке тұлғалар мен кәсіпкерлерге, нотариустарға, жеке сот орындаушылары мен адвокаттарға, кәсіби медиаторларға, фермерлерге, басқа да салық төлеушілерге қатысты, — деді департамент басшысы.
Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік кіріс департаментінің басқарма басшысы Гүлмира Арыспаеваның айтуынша, жаңа Кодексте ауыл шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар үшін салық төлемдерін төлеуде едәуір өзгерістер бар. Фермерлер үшін салық төлеудің жеңілдетілген жақтары қарастырылған, ал кейбір салық түрлерінің мөлшері көбейтілген. Атап айтқанда, ауылшаруашылық тауарларын өндіретін заңды тұлғалар үшін биыл 1 қаңтардан бастап жер салығының мөлшерлемесі 5 есеге өскен.
Семинар барысында Т.Шотанов Салық Кодексіне енгізілген өзгерістердің шағын және орта бизнес субъектілері үшін тиімділігі турасында айтты.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, биыл 1 қаңтардан бастап елімізде кәсіпкерлік қызметтердің жағдайын түбегейлі жақсарту мақсатында шағын және орта бизнес субъектілерін жоспарлы тексеру алынып тасталды. Осыған орай заңдылықтар негізінде тәуекелдікті бағалау жүйесі бойынша тексерілетін мекемелерге ауысуы қарастырылып жатыр. Кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік бақылау жүргізіп тексергендегі талаптар азайды. Оның үстіне, шағын және орта кәсіпкерлік құрылымдарының таратылу процедурасы қысқартылды. Жаңа Салық Кодексінде еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын мемлекет тарапынан қолдау, олардың дамуына жағдай жасау мақсатында көптеген салықтық жеңілдіктер қарастырылған. Әрине, бұл экономиканың тұрақты дамуына жағдай жасайтын фактор, — деді ол.
Семинар барысында жаңа заңнамаға қатысты көптеген жаңалықтар айтылды. Соның бірі — биыл 1 қаңтардан бастап кедендік тексеруге импортталатын тауарлар үшін ұсынылатын құжаттар саны азайған. Яғни импортталатын тауарлар үшін ұсынылатын құжаттардың саны 12-ден 4-ке дейін, ал экспортталатын тауарлар үшін құжаттар саны 10-нан 3-ке дейін қысқарған. Сол сияқты, енді жеке кәсіпкерлер өз қызметтерін тоқтатқан жағдайда, бұл туралы ақпаратты бұрынғыдай бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауға міндетті емес. Салық органдарына өз қызметін тоқтату туралы өтініш бергенде жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені туралы куәлікті де ұсынудың қажеті жоқ.
Семинар кезінде қатысушылар тарапынан сауалдар қойылып, нақты жауап берілді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button