Құқық

ЗАҢ ЖӘНЕ ҚҰҚЫҚТЫҚ КӨМЕК

 

Қазақстан Республикасы «Әділет органдары туралы» Заңның 19-бабы

1-тармағының 6-тармақшасына сәйкес, әдiлет органдары құқықтық көмектi ұйымдастыру және заң қызметiн көрсету саласында адвокаттар мен нотариаттардың жеке және заңды тұлғаларға көрсететiн заң қызметтерiнiң сапасын бақылау функциясын атқарады. Осыған орай облыстық әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің  бас маманы Шынар Айнабекова құқықтық қызмет көрсетуге қатысты тұрғындар хаттарына және  электронды пошта арқылы жолданған сауалдарға жауап береді.   

 

Асылбек:  — Ақтөбе облысы бойынша қанша жеке нотариус және адвокаттар бар? Олардың  санына шектеу қойылған ба?

— Қазір облыста 141 адвокат бар. Оның 117-сі — Ақтөбе қаласында,

24-і аудандарда жұмыс жасайды. Облыс бойынша 170 жеке нотариус тіркелген. Оның ішінде Ақтөбе қаласы бойынша — 138,  ал аудандарда 32-сі қызмет істейді. Бүгінгі күні облыстың барлық аудандары адвокаттық және нотариаттық қызметпен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы «Адвокаттық қызмет туралы» және «Нотариат туралы» Заңдарға сәйкес, адвокаттар мен жеке нотариустардың санына шектеу қойылмайды.

Айнұр: — Өз құзыреті шегінде мемлекет кепілдік берген заң көмегін кімдер көрсетеді?

— Қазақстан Республикасы «Мемлекет кепілдік берген заң көмегі туралы» Заңында көрсетілгендей, мемлекет кепілдік берген заң көмегін алдымен өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдар; «Адвокаттық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінде белгіленген жағдайларда және тәртіпте адвокаттар; «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіпте нотариустар; «Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген жағдайларда және тәртіпте жеке сот орындаушылары көрсетеді.

Мансұр: — Облыста  қанша адвокат мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін көрсетеді?

— Адвокаттардың мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуге қатысуын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасы қамтамасыз етеді. Адвокаттардың ауылдық елді мекендерде мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсетуін облыстың адвокаттар алқасы қамтамасыз етеді.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысатын адвокаттарды іріктеу критерийін республикалық адвокаттар алқасы бекітеді. Аумақтық әділет органы жыл сайын 15 желтоқсаннан кешіктірмей адвокаттар мен мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету туралы келісім жасасады.

Былтыр облыстың адвокаттар алқасының төралқа отырысында мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысу үшін адвокаттар алқасының мүшесі болып табылатын 95 адвокат жіберілсе, биылғы жылға 92  адвокат жіберіліп отыр.

Айман: — Мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін көрсететін адвокаттардың  тізімін, мекенжайларын қайдан білуге болады?

— Қалалық, аудандық әділет басқармалары ғимараттарының ішкі қабырғаларында, сонымен қатар әділет департаментінің және қалалық әкімдіктің ресми сайттарында мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету жүйесіне қатысушы адвокаттардың тізімі, мекенжайы  орналастырылған. Сол сияқты баспасөз беттерінде үнемі мемлекет кепілдік берген заң көмегін тегін көрсететін адвокаттар туралы ақпараттар жарияланып отырады.

Дамир:Мемлекет кепілдік берген заң көмегін қаржыландыру қалай жүргізіледі?

— Мемлекет кепілдік берген заң көмегін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін тұлғалардың еңбегіне ақы төлеу мөлшерін, тәртібін ел  Үкіметі белгілейді. Былтыр  бюджет қаражаты есебінен облысқа  едәуір  қаражат бөлініп, ол өз алдына толық көлемде игерілді. Бюджет қаражаты есебінен биылғы жылға да едәуір  қаражат бөлініп отыр.

Расул: — Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимылдың құқықтық негіздерін, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы қаржы мониторингі субъектілерінің, уәкілетті органның және Қазақстан Республикасының басқа да мемлекеттік органдарының құқықтық қатынастарын айқындау мақсатында 2009 жылдың 28 тамызында «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданды. Осы  заңның субъектілеріне нотариустар мен адвокаттар кіре ме?

— Расул, қойған сұрағыңыз өте орынды. Қаржы мониторингінің субъектілеріне ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен нотариаттық іс-қимылды жүзеге асыратын нотариустар, сонымен қатар адвокаттар, заң мәселелері бойынша басқа да тәуелсіз мамандар мынадай қызметтерге: жылжымайтын мүлiктi сатып алуға-сатуға; клиенттің ақшасын, бағалы қағаздарын немесе өзге мүлкін басқаруға; банктік шоттарды немесе бағалы қағаздар шоттарын басқаруға; компанияны құру, қамтамасыз ету, оның жұмыс істеуі немесе оны басқару үшін қаражат жинақтауға; заңды тұлғаларды құруға, сатып алуға-сатуға, олардың жұмыс істеуіне немесе оларды басқаруға қатысты олар клиенттің атынан немесе оның тапсырмасы бойынша ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларға қатысатын кездегі жағдайларда жатады.

Қаржы мониторингiне жататын операция туралы мәлiметтер мен ақпаратты: 1) адвокаттар, егер бұл мәлiметтер мен ақпарат анықтау, алдын ала тергеу органдарында, соттарда жеке және заңды тұлғалардың атынан өкiлдiк ету және оларды қорғау мәселелерi бойынша заң көмегiн көрсетуге байланысты, сондай-ақ шешілуі кәсіптік заң білімін, талап арыздар, шағымдар және құқықтық сипаттағы басқа да құжаттар жазуды қажет ететін мәселелер бойынша олардың консультациялар, түсіндірулер, кеңестер және жазбаша қорытындылар түріндегі заң көмегін көрсетуі кезінде алынған болса; 2) нотариустар, шешілуі кәсіптік заң білімін талап ететін мәселелер бойынша олардың консультациялар, түсіндірулер түрінде заң көмегін көрсетуі кезінде ұсынбайды.

Арман: —  Адвокат қандай санаттағы азаматтарға білікті заң көмегін тегін көрсетеді?

— Адвокаттар, біріншіден, соттар асыраушысының қайтыс болуы, жұмыспен байланысты мертігуі немесе денсаулығының өзгеден зақымдануы арқылы келтірілген зиянды өтеу туралы істерді қараған кезде қуынушыларға; екіншіден, егер сот қарап жатқан дау кәсіпкерлік қызметпен байланысты болмаса, Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен оларға теңестірілген адамдар, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, І және ІІ топтағы мүгедектер, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын қуынушылар мен жауапкерлерге; үшіншіден, алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе оралман мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға заң көмегін тегін көрсетеді.  Қажет болған жағдайларда құқықтық сипаттағы жазбаша құжаттарды жасайды.

Мақсат: — Нотариустардың кеңселеріне қандай да бір талап қойыла ма?

— Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2012 жылғы 31 қаңтардағы №29 «Нотариустың үй-жайы талаптарын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, нотариустың үй-жайына қойылатын талаптар толығымен көрсетілген. Ең бастысы, нотариустың үй-жайына қойылатын талаптар жеке және заңды тұлғалардың кедергісіз қол жеткізуіне, нотариаттық іс-әрекеттер жасаудың құпиялылығын сақтауға және нотариаттық іс өндірістерді сақтауға қолайлы жағдайды қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, нотариустың үй-жайын жертөле үй-жайларда, жерасты өтпелдерінде, киоскілерде, паркингтерде және басқа да уақытша құрылыстарда орналастыруға жол берілмейді. Ғимараттың кіретін жерінде осы ғимаратта нотариустың бар екендігі және оның жұмыс тәртібі туралы ақпарат орналастырылады. Келушілердің күтетін үй-жайында (холлда) қолайлы көрінетін жерде нотариус, қабылдау кестесі, аумақтық нотариаттық палата туралы ақпарат (мекенжайы, телефоны), нотариаттық іс-әрекетті жасау үшін заңда белгіленген тарифтер, тарифті төлеу жөнінде заңмен белгіленген жеңілдіктерге қатысты азаматтар санатының тізбесі және нотариаттық іс-әрекет жасағаны үшін төленетін мемлекеттік баж туралы ақпарат орналасуы тиіс. Ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылады.

Диана: — Адвокаттардың тәртiптiк жауапкершiлiгi қандай?

— Адвокаттардың кәсiптік әдебі кодексiнiң, адвокаттар алқасы жарғысының талаптарын бұзғаны үшiн адвокат мынадай тәртiптiк жауапкершiлiк шараларының бiрiне тартылады: ескерту, сөгiс, қатаң сөгiс, адвокаттық қызметпен айналысуға арналған лицензияның қолданысын тоқтату туралы талап-арызды дайындау туралы лицензияларға өтiнiш бере отырып, адвокаттар алқасынан шығару.
Тәртiптiк iс жүргiзу адвокаттар алқасы төралқасының құзыретiне жатады. Әділет органдары тәртiптiк iс жүргiзу туралы ұсыныс енгізген жағдайда оны қарау ісі әділет органы өкілінің қатысуымен жүзеге асырылады. Тәртіптік жазалар қолданудың, оларды алып тастаудың және оларға шағым жасаудың тәртібі адвокаттар алқасының жарғысында айқындалады. Адвокаттың тәртiптiк терiс қылық жасағаны үшiн бiр тәртiптiк жаза ғана қолданылуы мүмкiн. Адвокаттар алқасы төралқасының тәртiптiк жаза қолдану туралы шешiмiне адвокат сот тәртiбiмен шағым жасауы мүмкін. Егер тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап алты ай iшiнде адвокат жаңа тәртіптік жазаға тартылмаса, ол тәртіптік жазаға тартылмаған болып есептеледi.

Арсен: — Жеке нотариусты кәсiптiк мiндеттерi мен әдептi бұзғаны үшiн жауапқа тарту үшін қай органға жүгінуге болады?

— Қазақстан Республикасы «Нотариат туралы» Заңының 27-бабына сәйкес, нотариаттық палата жеке нотариусты кәсiптiк мiндеттерi мен әдептi бұзғаны үшiн нотариустың Ар-намыс кодексiне сәйкес жауапқа тартады. Ақтөбе облысының нотариаттық  палатасы Ақтөбе қаласы, Әбілқайыр хан даңғылы, 27-үйде орналасқан.

Алдияр: — Заң жүзінде жарамды болатын, нотариустан басқа, кімдер өсиеттер мен сенімхаттарды куәландыруға құқылы?

— Қазақстан Республикасы «Нотариат туралы» Заңына сәйкес, нотариаттық куәландырылған құжаттарға, біріншіден, ауруханаларда, санаторийлерде, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнде емделiп жатқан, сондай-ақ, қарттар мен мүгедектер үйлерiнде тұрып жатқан азаматтардың, осы ауруханалардың, санаторийлердiң, өзге де емдеу-алдын алу мекемелерiнiң бас және кезекшi дәрiгерлерi, қарттар мен мүгедектер үйлерiнiң директорлары, бас дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi;  екіншіден, госпитальдарда, санаторийлерде және басқа да әскери-емдеу мекемелерiнде емделiп жатқан әскери қызметшiлер мен басқа адамдардың осы госпитальдардың, санаторийлер мен басқа да әскери-емдеу мекемелерiнiң басшылары, олардың медициналық жағынан орынбасарлары, аға және кезекшi дәрiгерлерi куәландырған өсиеттерi мен сенiмхаттары;  үшіншіден, әскери қызметшiлердiң, ал нотариустары мен нотариаттық iс-әрекеттер жасауға уәкiлеттi лауазымды адамдары жоқ әскери бөлiмдердiң, құрамалардың, мекемелердiң, әскери-оқу орындарының орналасқан пункттерiнде, сондай-ақ, жұмысшылар мен қызметшiлердiң, олардың отбасы мүшелерiнiң және әскери қызметшiлердiң отбасы мүшелерiнiң осы бөлiмдер, құрамалар, мекемелер мен орындардың командирлерi (басшылары) куәландырған өсиеттерi мен сенiмхаттары; төртіншіден, бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру орындарының басшылары куәландырған өсиеттерi мен сенiмхаттары; бесіншіден, жүзу кезiнде Қазақстан Республикасының туы астында жүзiп жүрген теңiз мекемелерiнде немесе iшкi суларда жүзiп жүрген кемелердегi азаматтардың осы кемелердiң капитандары куәландырған өсиеттерi; алтыншыдан, барлау және басқа да экспедицияларда жүрген азаматтардың осы экспедициялардың басшылары куәландырған өсиеттерi; жетіншіден, халықты әлеуметтiк қорғау мекемелерiнде тұрып жатқан кәмелетке толған жастағы iс-әрекет қабiлетi бар азаматтардың осы мекемелердiң немесе халықты әлеуметтiк қорғаудың тиiстi органының басшысы куәландырған сенiмхаттары теңестiрiледi.

Қуаныш: — Жолаушының жолаушылар пойызына отыру кезінде баланы алып жүруіне сенімхат ұсынуы міндетті ме?

— Ел  Үкіметінің 2011 жылғы 14 шілдедегі №799 «Жолаушыларды, багажды және жүк-багажды теміржол көлігімен тасымалдау қағидасын бекіту туралы» Қаулысының 77-тармағына сәйкес, баланың заңды өкілі болып табылмайтын жолаушы жол жүру құжаттарын ресімдеу кезінде билет кассасына, жолаушылар пойызына отыру кезінде вагонның жолсерігіне баланы алып жүруіне құқық беретін құжатты (сенімхат) ұсынады. Он бес және одан да үлкен жастағы балалардың ересектерсіз дербес жол жүруіне жол беріледі.

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. акем уйи бар ози бакилык болып кетти артынды киле ул балалар калды жануясынан айырылган уйленбеген барлыгы аракка салынган аке шешемнин жиган мал мулкин аракка сатып болды енди уйди ремонтап жауып койсак осы балдар есик терезелерди бузып кирип тур учасковыйга хабарласак тартип беруге кукыгымыз жок ол акесинин уйи не истеседе озинин кукы бар дейди сол дурыс па

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button