Әлеумет

Мәміле

Соңғы кезде республикалық басылым беттерінде жарияланған әр түрлі материалдар ежелден Тілеу – Қабақ аталып, қамшының қос өріміндей қатар өріліп, ынтымағы жарасқан екі рудың арасына сәл сызат түсіргендей болған. Бір атадан тараған екі арыстың да тарихта өз орны бар. Сондықтан да оның бірін жоғары, бірін төмен қою ешкімге де абырой әпермесі анық. Біз төменде аузы дуалы ақсақалдар Рамазан Нұржанов пен Кемейдулла Төлеубайдың мақалаларын ұсына отырып, «өкпеге қиса да өлімге қимайтын» ағайынның ортақ тіл табысарына сенеміз.

Өткенге құрмет – ұрпақ тәрбиесінің негізі

«Бабаларын қалтқысыз қадірлей алған халық балаларының болашағын да қапысыз қамдай алады». Бұл – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұлағатты сөзі. Бүгінде елімізде қастерлі бабалар туралы зерттеулермен қатар олардың рухымен егеменді еліміздің ертеңін тәрбиелеу ісінде де көптеген практикалық шаралар жүйелі өткізіліп жатыр. Бұл шаруаның облысымызда орындалу жайы да көңіл тоғайтады. 1992 жылы Тама Есет Көкіұлының 325 жылдығына арналған республикалық кешенді іс-шарадан басталған бұл іс келесі жылдары әйгілі Әйтеке бидің атын ауданға беруге, Есет Көтібарұлының 190 жылдығына байланысты ас беру шараларына жалғасып, күні бүгінге дейін тұрақты жүргізіліп келеді.

Қара Қыпшақ Қобыланды батыр кешенінің бой көтеріп, ас берілуі, облыс орталығында Әбілқайыр ханның, Әйтеке, Мөңке билердің, Әлия Молдағұлованың еңселі ескерткіштерінің орнатылуы жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан идеологиялық жұмыстың қадау-қадау көріністері екендігі аян. Кешегі кеңестік кезеңнің де, бүгінгі нарықтық заманның да  сынына шыңдалып өскен облыс әкімі Елеусін Сағындықов шаруашылық пен идеологияны тең ұстауы нәтижесінде жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленіп келеді.

Өңірімізден шыққан тарихи тұлғаларға арналып берілген астың тағы біреуі 2008 жылдың қыркүйек айында Шалқар жерінде өтті. Бұл – ел жадында халық қамқоршысы ретінде сақталған Жарас мерген Пұсырманұлының 320 жылдығына арнап ұрпақтары берген ас болатын. Ас үстінде Жарастың үлкен атасы Қабақ туралы да сөз қозғалып, аруағына Құран бағышталған-ды. Әңгіме үстінде ел ақсақалдары ірі тарихи тұлғалардың бабасы, Сайрам соғысының қаһарманы Тілеумен бір туған Қабақтың өзіне арнап та бір игілікті іс ұйымдастырса деген тілектерін айтқан-ды. Бұл ұсыныс ағайын арасында қолдау тауып, қазір ұлағатты іс басталып отыр.

Осы орайда Қабақ туралы, оның айналасы туралы аз-кем айта кету орынды болар деймін. «Ақтөбе» энциклопедиясы Қабақтың өзінің ел ұйтқысы болған би екендігі туралы мәлімет береді (221-бет). Бұл тарихи тұлғаның шыққан тегін сөз етсек, Әлімнің Шектісі ішіндегі Бөлегінен тарайды. Бөлек туралы да ел ішінде небір ғажап аңыз-әңгімелер айтылады. Ел аузында сақталған бір жыр шумағында:

– Сұрасаң арғы атамды батыр Бөлек,

Тілдескен аспанменен бір бәйтерек.

Ерегіс, екіталай іс болғанда,

Қалады талайлары көлеңкелеп, –

делінеді. Осы Бөлектен Айт, Бұжыр туады, Бұжырдан Назар, Шүрен тарайды. Айт пен Бұжырдың мекені туралы да ел аузында мынадай бір ауыз өлең сақталған:

– Жем, Темір – басы бұлақ, аяғы өлке,

Айт, Бұжыр мекендеген оны ерте.

Сен кетсең, асылым-ау, кім қалады,

Ішінде алты Әлімнің көсем серке.

Осы Бұжыр батырдың сауыты Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде тұр. Осынау қымбатты да қастерлі дүниені ұрпақтары бүгінгі күнге жеткізді, кешегі кеңес кезінде 40 жыл жерге көміп жасырып сақтаған. Ал Айттан үш бала туғанымен Шоң деген баласы өсе алмай, қалған екі баласы Тілеу-Қабақ деп ажырамай аталып келеді. Тілеу баба ел аузындағы ескі әңгімелерге, қазіргі зерттеушілердің айтуына қарағанда, өз заманында әйгілі тұлға болған ол 1681 жылы қалмақтың ханы Ғалдан-Башұқты қазақ жеріне басып кіріп, бүкіл қазақ халқының тағдырына қауіп төндірген тұста 17 мың қолмен барып, Сайрам түбіндегі соғысқа қатысып, шебер қолбасшы ретінде атағы шығады. Сол соғыста қаза болған Тілеудің денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде жерленген. Ал Қабақтың бейітіне байланысты ескі әңгімелер Ташкент бетке бағыт сілтейді. Исі қазаққа белгілі «Тілеу-Қабақ» әні осы екі арысқа арналған. Ел жадында сақталған бір өлең жолдары Байқазақ батырдың аузында бұл екі арыс туралы төмендегідей жолдарды салады.

– Туыпты Айт мырзадан Тілеу, Қабақ,

Әлімнің баласына болып салмақ.

Мекені Мұғалжар тау, Шалқар көлі,

Кең Борсық, Қарашолақ, Қаратамақ.

Әлімнің сауыры деп бағалаған

Төртқара мазы руы ер Байқазақ.

Сейітқұлдай әулие, Әйтекедей би, Жалаңтөстей баһадүр шыққан Төртқара кімнен кем еді, Тілеу-Қабаққа бұл марапатты айтушы Байқазақтың өз кезінде ердің ері болған емес пе? Тарих бізге солай дейді. Осындайда «Өсер елдің баласы бірін-бірі батыр дейді» деген нақыл ойға келеді. Бір-бірін құрметтей білген бабалардың бұл ұлағаты бүгінгі ұрпаққа үлгі болып қызмет ете беруі керек.

«Ақтөбе» энциклопедиясында да Қабақтың денесі Ташкент маңындағы Шыршық өзені бойында делінгенімен, бейітінің нақты қайда екенін қазір тап басып анықтау мүмкін емес. Сол жерге барып, іздестіру жүргізген адамдар Аққабақ деген жер-су атын кездестіріп қайтты. Бұл Аққабақ атауы белгілі бір болжамдарға жетелейді, алайда ол әңгіме әлі де болса зерделеңкірей түсуді қажет етеді. Міне, осы Қабақ бабаға арнап бүгінгі ұрпағы кешенді бір шараны жүзеге асыруды қолға алды. Бұл шаралардың бірі – Ақтөбе жұртшылығына арнап мешіт салу болып отыр. Мешіт салу идеясы да Қабақ бабаның мұсылман дініне берілгендік қасиетімен байланысты туындады. Ел аузында бабаның өзіне, ұрпақтарына байланысты айтылатын «Қабақтың жары молда, Сексеннің бәрі молда» деген сөз де осыған саяды. Қабақ баба ұрпақтары мекендеген территорияда кезінде бала оқытқан Төремұрат, Сүйін, Шереке, Дәулет, Жанаман ахундар мешіттері секілді тағы басқа көптеген діни ағартушы бағыттағы мектептердің көп болуы да осы ойды бекіте түседі.

Бүгінде мешіт құрылысына байланысты  бірқатар жұмыс атқарылды: Ақтөбе қаласына Хромтау беттен кіре берістегі көрнекі тұстан қала әкімдігі жер бөліп, қада қағылды. Қазір іргетас құю жұмыстары жүріп жатыр. Мешіт құрылысы жобасы Ташкенттен алынып, оны жергілікті сәулетшілер қарап, бірқатар өзгерістермен бекітті. Бұл жоба бойынша 500 адамдық мешіттің негізгі ғимаратымен бірге жергілікті халық үшін мұсылмандық жолмен той-садақалар өткізетін орын, медресе, музей, шырақшы үйі секілді қосымша үй-жайлар мен мұсылмандық қызметтер де қарастырылған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбедегі өкіл имамы, «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Бауыржан Есмаханмен алдын ала кеңестік сипаттағы сөйлесулер жүргізілді. Болашақта дәстүрлі дінімізге қызмет ететін бұл мешіт жұмысын осы діни басқарма арқылы жүргізуді жөн көріп отырмыз. Қазіргідей неше түрлі секта көбейген тұста бұл шешімнің келешекте оң нәтиже беретініне сенім мол. Қабақ баба рухына бағытталған игі істің ақтөбелік барша мұсылман қауымына қызмет етуі ұрпақтары үшін де үлкен абырой болмақ. Алла соған жазсын!

Рамазан НҰРЖАНОВ,

Қазақстан Республикасына ерекше еңбегі сіңген зейнеткер.

P.S. Мешіт құрылысына демеушілік көрсетемін деуші азаматтар үшін Қабақ баба атындағы қайырымдылық қордың есеп-шотын ұсынып отырмыз.

Актюбинский областной филиал

АО «Народный Банк Казахстана»

Реквизиты:

ОФ Қабақ баба

№ банковских текущих счетов:

№001700314 (КZТ)

БИК Банка: 190301602

РНН клиента: 061800286190

РНН Банка: 061800106174

ОКПО Банка: 307220090021

Адрес Банка: г. Актобе, 12 мкрн., 16 «б»

Юридический адрес Банка: г.Актобе, 12 мкрн., 16 «б».

***********************

Оқырман ойы

Бірлікке пайдасыз әрекет

Жақында Оразбай Әділбаев деген біздің аталасымыз бабалар рухын сыйлады деуге келмейтін «Бабалар рухы» деген мақала жазып, «Егемен Қазақстан» газетінде (28 қаңтар, 2009 жыл) жариялапты. Бабалар деп отырғаны – Айт деген бабамыздың Тілеу және Қабақ деген бір анадан туған екі баласы. Қабақ атамыз 1611 жылы туған деп жазады.  Яғни Қабақ атамыздың туғанына жақында төрт жүз жыл болады деген сөз. Өзі сол Қабақ атамыздың ұрпағы. Міне, сол бұдан төрт жүз жылға жуық бұрын өткен бірге туған екі кісінің бірін ешбір тарихи жазба дерексіз көтермелеп, екіншісін төмендетіп жазады.  Бұл естуге де, айтуға да ыңғайсыз, бүкіл қазақ еліне күлкі болған жағдай алматылық Мырзан Кенжебай деген азаматтың республикалық «Ана тілі» газетіне «Тарих – еріккеннің ермегі емес» деп («Ана тілі», 28 мамыр – 3 маусым, 2009 жыл) өз ойларын жазуына түрткі болыпты.

Сондықтан амалсыздан бізге де өз пікірімізді жазуға тура келіп отыр. Шалқар елінің адамдарының күрескерлігі мен еліне еткен қызметін, қарым-қабілетін шалқарлықтардың өздері ғана емес, тіпті елдің басқа аймақтарының  белгілі адамдары да  біртұтас ел ретінде айтатын, Тілеу деп Қабақ деп бөлмейтін. Сонда төрт жүз  жылдай уақыт өткенде бір кісінің екі баласын Қабақ деп, Тілеу деп бөліп сөйлеу, бірін көтермелеп, екіншісін керісінше төмендетіп сөйлеу және басқа рулар туралы да еш қажетсіз қозғап, ол  жазғандарын бүкіл қазақ  еліне газет арқылы жариялау кімге, не үшін керек болды? Одан кім, не ұтты? Тек қана ұтылды ғой.

Енді «Бабалар рухы» туралы  мақаланың өзі жөнінде айтарым:

Біріншіден, мақаланың  бас жағында қарттар деп аталған бес кісінің ішіндегі елге танымалы,  зерделі сөз  айтатындары Өтеш пен Жүгініс болатын. Бірақ ол бес кісінің не айтқандары атап  жазылмаған, тек есімдер ғана аталған. Бұл –  әншейін дерексіз  сөздер.

Екіншіден, «…Қабақ пен Тілеудің  өз заманында ірі тарихи тұлғалар болғандары айтылып та, жазылып та  жүр» делінген мақалада.  Тілеу туралы  әңгіме басқа, деректер жеткілікті. Ал Қабақ бабамыз туралы қайда, қашан, кімнің не жазғаны айтылмайды.

Үшіншіден, «…Батыр (Жалаңтөс баһадүрді айтқаны) … Қабақ атамызды Ташкенттің бегі етіп тағайындаған» делінген. Бірақ оның  бек болып қашан тағайындалғаны және ол туралы қайда жазылғаны айтылмайды. Одан әрі «Қабақты Қазақтың  Ұлттық  Энциклопедиясында 1611 жылғы деп көрсеткен» делінеді. Ал айтылған энциклопедияда ондай сөздер жоқ. Сарышолақ шайыр Боранбайұлы ХІХ ғасырдың аяғында:

Қалмақты мынау асырған

Қазақ емей, кім екен!

Қанжығалы Бөгенбай,

Дулығалы Тама Есет

Айтулы ердің бірі екен.

Әз Тәукені хан сайлап,

Сопы Әзизді пір қойған

Атам Тілеу би екен.

Соны білмей Міржақып,

Құр адасып жүр екен, – деп тарихи шындықты айта келіп,

Сөзімнің жоқ қатасы,

Қабыл болған батасы,

Күлтөбеде сөз алған

Тілеу – елдің атасы, – деп қорытқан екен.

Сонда Оразбай Қазақстан ұлттық энциклопедиясында жоқ деректі  «бар» деп қалай жазған. Онымен тұрмай: «Демек, бұл атамыз (Қабақ атамыз туралы айтып отыр) Ташкентте бек болып тағайындалғанда 35 жаста болады. Тілеу баба ол кезде 15-16 жастағы балаң жігіт, Қабақ ағасының тәрбиесінде жүрген), – деп абысын-ажынның арасындағы нәрселер сияқты сөздерді «мейірімі түсіп, қиып» қалай жазды екен?

Төртіншіден, «1643 жылы жоңғарлардың Орбұлақтағы Салқам Жәңгірмен шайқасында, Самарқаннан Жалаңтөс Баһадүр 20 мың қолмен жәрдемге шыққанда, Қабақ Ташкенттен 5 мың жасақпен қосылады. Сол соғыста үлкен ерлік көрсетіп, Баһадүрдің көзіне түседі. Осыдан кейін Қабақ атамыз Салқам Жәңгір мен әз Тәукенің кезінде хан кеңесінің мүшелігіне алынады. Тәуке тұсында хан уәзірінің бірі болады. Ал Тілеу билер кеңесінің мүшелігіне сайланып отырған дейді көнекөз қарттар», –  деп жазылған. Бірақ ол қарттардың есімдері аталмайды, олардың не айтқандары да жазылып көрсетілмейді, нақты деректері  де, жазбаша тарихи дәлелдемелері де жоқ. Осында Қабақ және Тілеу бабаларымыз туралы жазылғандардың барлығы да автордың өзінің дәйексіз жазулары. Сол дерексіз жазбалардан аңғарылатыны – Қабақ бабамызды бар ықыласымен көтермелеп жазады да, Тілеу бабамыздың Оразбайға не жазығы барын қайдам, -жаратпайтын адам тәрізді. Шындығында,  тарихи жазба деректер бойынша (Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясы, 8-том, 631-бет) Күлтөбедегі хан сайлауы кезінде Тәукені хан сайлау, Сопы Әзизді үш жүздің пірі сайлау жөнінде ұсыныс жасап, сөйлеген сол Тілеу бабамыз болатын. Ал Қазақ Ұлттық Энциклопедиясында да, бұрынғы  Қазақ Совет Энциклопедиясында да Жалаңтөс баһадүр, Салқам Жәңгір хан, Тәуке хан, Ташкент қаласы, Ташкент көтерілістері, Орбұлақ шайқасы, Түркістан қаласына байланысты жазбалардың барлығында да Қабақ бабамыз туралы бір де сөз жоқ. Бәрі де белгісіз қарттар айтқанға саяды, нақты дерек жоқ. Бірақ тұлғалар қашанда айтылады ғой, Ташкенттің билеушісі Өзбек Сұлтан, Жанәлі деген қазақ сұлтанының хан деп жарияланғаны туралы жазылғаны бар.

Бесіншіден, Ақтөбе аймағынан 17 мың қол жинап, бастап барып Тәуке ханмен кездескен, Сайрам шайқасында жан алып, жан берісіп үш жыл соғысқан, сонда опат болған би әрі  батыр, қолбасшы, даңқты қаһарман  Тілеудің және оның  баласы Жолдыаяқ батырдың сүйегін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауидің мавзолейінде жерлеуге үйде отырған Қабақ бабамыздың ықпалы болды деудің ешқандай  қисыны жоқ және ондай дерек те жоқ.

Алтыншыдан, Тілеу, Жолдыаяқ, Қалдыбайлар Сайрам соғысына кетерінде Тілеудің баласы Мөңке 5 жаста емес, 9 жаста болатын және сол кездің өзінде ол жас болғанмен басқаның ақылы мен тәрбиесінсіз-ақ билікке араласып, ердің құны дауды шешіп, Қазақ еліне әйгілі болған еді. 7 жасар Мөңкенің тапқыр билігі туралы Қазақ ұлтының рухани көсемі  Ахмет Байтұрсынұлының, Алаштың арысы Жүсіпбек Аймауытовтың жазғандары бар. 8 жасар Мөңкенің тапқырлығы мен ой-өрісінің кеңдігіне, болжампаздығына туған әкесі Тілеудің  өзі таң қалған. Қалдыбай шекті Мөңке бидің ұстазы болды деген сөздер де қисынсыз. Мөңкеге дарын мен талантты жаратушы Құдай берген… Ал Оразбайдың жазуына қарағанда, Қалдыбай 1681 жылы басталған Сайрам соғысына үш жыл  қатысып, Қоқанда хан болып, 1683-1688 жылдары Бішкекті билеп жүрген. Және Оразбай жазғандай, Мөңке бабамыз Хорезмде де, Бұхарада да мүлде оқымаған. Мөңкені Қалдыбай сол қалаларда жеті жыл мұсылманша оқытты, тәрбиеледі деуі – Тазша баланың өтірігінен де  асқан нәрселер. Оразбайдың «Мөңке атамыз тірісінде мен Қангелді мен Қалдыбайдың тәрбиесінде болдым ғой депті» деуі – тіпті ерсі жәйттер. Мөңке би туралы 2004 ж. шыққан Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясының 6-томының 577-бетінде толық жазылған. Онда да Қалдыбай Мөңкенің ұстазы болды деген сөздер жоқ. Ал 2003 жылғы 19 қарашада қол қойылып басылып шыққан Қазақстан Ұлттық  Энциклопедиясының 5-томының 496-бетінде Қалдыбай Қангелдіұлы  туралы жазылған баяндауда қате  кеткен бір дерек – «Шекті Мөңке бидің ұстазы» деген сөздер негізсіз, ел естімеген ойдан шығарылған сөздер. Оған айтарымыз, алғашқы  2001 жылы қазақ тілінде шыққан «Ақтөбе» энциклопедиясының бірінші басылымының 492-бетінде қате кеткен. «Қалдыбай… шекті Мөңке бидің ұстазы» деген сөздер «Ақтөбе» энциклопедиясының сол 2001 жылғы екінші басылымында қате деп түзетіліп, алынып тасталған болатын. Көріп отырсыздар, Қазақстан  Ұлттық Энциклопедиясының 5-томы «Ақтөбе» энциклопедиясының қазақ тілінде түзетіліп шығарылған басылымынан да, орыс тілінде шыққан екі басылымынан да соң шыққан, бірақ қате түзетілмеген.

Жетіншіден, «Бабалар рухы» деген жарияланымдағы «Әлімде Қабақ артық» деген ерсі сөздер үшін жөні  түзу азаматтар ел алдында ұялуы керек деп ойлаймын. Және бұл айтылып  отырған сөздер тек қана Қабақ, Тілеу, Қалдыбай, Мөңке бабаларымызға  қатысты. Қалдыбай Қабақтың немересі, ал Мөңке Тілеудің бел баласы. Өзгелерді, әсіресе, жас ұрпақты адастырмау үшін «қарттардың айтуынша», «ана жазушының, ана тарихшының» шығармаларында бар» деп жалпылама, тұмандатпай, кімнің не айтқаны, ол қайда жазылғаны дәл көрсетуі керек қой.

Қорыта келгендегі ой түйіні: бабалар рухын құрметтеген, насихаттаған  дұрыс. Бірақ барлық іс-әрекетіміз де, ниетіміз бен жазғанымыз да нақты және шындыққа негізделген, өзгелерді адастырмайтын, ренжітпейтін, исі қазақтың бірлігі мен татулығын сақтауға пайдалы болуы тиіс дегіміз келеді.

Кемейдулла ТӨЛЕУБАЙҰЛЫ.

Ақтөбе.

«Ана тілі», 6-19 тамыз 2009 жыл.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button