Экономика

Бюджет. Салық. Кәсіпкерлік

Облыстық мемлекеттік кіріс департаменті басшысының орынбасары Әлібек Қадырбековпен сұхбат

 

— Ақпарат көздеріндегі мағлұматтарға сүйенсек, республика бойынша мемлекеттік бюджеттің кіріс көздерінің тапшылығы сезіліп тұр. Бұл жөнінде Қаржы министрлігі Парламентке 486 миллиард теңгеге республикалық бюджеттің кіріс жоспары орындалмайтыны жөнінде хабарлап, бюджет жоспарына өзгеріс енгізуге ұсыныс жасады. Ал біздің облысымызда республикалық бюджеттің орындалуы қалай?

— Жасыратыны жоқ, аталған жағдай біздің облысымызда да орын алып отыр. Республикалық бюджеттің бүгінгі күнге түсімі 103,6 миллиард теңгені құрапты. Соған орай жылды 129,6 миллиард теңгемен қорытындылау жоспарланып отыр. Бекітілген жоспар 182,6 миллиард теңге болатын. Бірақ биылғы жоспар 53,1 миллиард теңге шамасында орындалмауы мүмкін.  Мемлекеттік кіріс комитетінде бекітілген жоспарға өзгерістер енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Республикалық бюджет түсімінің төмендеуіне не себеп болды?

— Әрине, республикалық бюджет түсімінің басым бөлігін республикалық мониторингке жататын ірі салық төлеушілер құрайды. Бүгінде «Қазхром», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «АЗХС» акционерлік қоғамдары, «Ақтөбе жез өңдеу», «КМК Мұнай» және басқа жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ірі салық төлеушілер қатарында. Аталмыш зауыттарда мемлекеттік индустриялық жобаларға байланысты жаңадан өндірістік  цехтардың қосылуы олардың шығындарының ұлғаюына және салық жеңілдіктерін пайдалануына мүмкіндіктер береді. Нарықта мұнай және тау-кен өнімдері бағасының өзгеруі де кері әсер етті.  Сонымен қатар, аталған ірі кәсіпорындардың қосымша құн салығынан 0-дік ставка бойынша бюджеттен өтемақы алу сомаларының өсуі де өз әсерін тигізді.

Сондай-ақ республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің негізгі құрамын құрайтындар қатарына мемлекеттік сатып алуға қатысып, мектеп, аурухана құрылыстарына, жол жөндеуге мемлекеттен ірі көлемде қаржы алып, құрылыс және жөндеу қызметін жүзеге асыратын кәсіпорындар жатады. Алайда кәсіпорындардың салық міндеттемесін толық орындамауы салдарынан тиісті салық жүктемесі талапқа сай келмейді, бұл республикалық бюджет кірісіне түсетін салықтардың көлемінің азаюына әкеліп соқтырады. Сонымен қатар, құрылыс және жөндеу жұмыстары саласы бойынша республика деңгейінде анықталған орташа салық жүктемесі 3,9-5 пайыз аралығында ғана болып отыр.     

— Мемлекеттік сатып алу арқылы мемлекеттен ірі көлемде қаржы алып, аз мөлшерде салық төлеуші (яғни салық жүктемесі төмен) кәсіпорындармен жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтсеңіз?

— Салық органының қызметінде салық жүктемесіне қарап талдау жасап, кіріс көзін ұлғайтуға бағытталған жұмыстар жүргізу, камеральдық бақылау нәтижесі бойынша салық төлеушілерге хабарлама табыстап, қосымша салық есебін қабылдау басты бағыт болып саналады. Аталған бағытта камеральдық бақылау нәтижесінде жылдың өткен кезеңінде 19,3 миллиард теңге қосымша салық есебі қабылданып, бюджетке енгізілді.

Жыл ішінде жүргізілген талдау жұмыстары нәтижесінде мемлекеттік сатып алуға қатысып, мемлекеттен ірі көлемде қаржы алып, салық жүктемесі тиісті 3,9-5 пайыз аралығындағы мөлшерден де төмен, тіпті салық жүктемесі 1 пайыздан да төмен  кәсіпорындар анықталды. 2014 жылдың өткен кезеңінің салық есебі қорытындысы бойынша атап айтсақ, олар мына кәсіпорындар: «Оксибилд», «Информстройсервис», «Асу-К», «Бабек құрылыс», «Интеграл ХХI» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері. 2013 жылғы табысталған салық есебі қорытындысында «Казахдорстрой», «КазПромСтройГрупп», «Ақтөбе Электросетьстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің жүктемесі төмен екендігі белгілі болған еді.

Жылдың өткен кезеңі ішінде жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бұл кәсіпорындардан 109,8 миллион теңге қосымша салық сомаларының есебі қабылданды. Алайда бұл қосымша есептелген салықтар да тиісті салық жүктемесінің талабынан шығатындай дәрежеге жетпей отыр. Қазір салық жүктемесі төмен салық төлеушілермен қарқынды жұмыс жүргізу  салық органының басты назарына алынды.

Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарын тексеруге қатысты мораторий мерзімі аяқталған соң тексеру қалай жүргізілмек?

Биылғы жылдың басында кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторий алдағы жаңа жылдан бастап күшін жояды. Мораторий аяқталғаннан кейін шағын және орта бизнесті қайта-қайта тексеру болмайды. Бұл шара аяқталған соң ешқандай да жаппай жоспардан тыс тексерістер де жүргізілмейді. Бұл — мемлекеттік кіріс комитеті басшылығының ұстанымы. Оны барлық өңірлік органдар да мықты ұстанатын болады. Мораторийді жылдан-жылға ұзарта бергеннен пайда аз, кәсіпкерліктің бәсекелестігіне теріс әсер етіп, олардың тұтынушылар алдындағы  жауапкершілігі жоғалуы мүмкін.

Әрине, тексерушілерді күтпей жұмыс істеген дұрыс, алайда мораторий нәтижесінен тұтынушылар жапа шекпеуі керек. Сондықтан да Елбасымыз тек мораторий жариялап қана қоймай, кәсіпкерлерді тексеру жұмысын түбегейлі реформалауды тапсырған болатын.

Сондықтан да жаңа жылдан бастап мораторий мерзімі аяқталғанда кәсіпкерлік қызметке қатысты жаңа заң да күшіне енеді. Ол қазір Мәжілісте талқыланып жатыр. Яғни жоспарлы тексерулер жойылып, ондай шараның бәрі автоматты түрге ауысады. Ең бастысы, кәсіпкерлер өздеріне тиімді жолды таңдауға мүмкіндік алады.

 

Бердібай КЕМАЛ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button