Экономика

Аумақтық кластер құру — заман талабы

 Келер жылдан бастап елімізде аумақтық кластерді дамыту ісі қайта қолға алынады. Бұл істі жүзеге асыруға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Өйткені Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан — 2050» стратегиялық бағдарламасында экономиканы дамытудың кластерлік әдісі туралы айтқан болатын. 

Мамандардың айтуынша, еліміздегі үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасының шеңберінде келесі бесжылдықта 1 ұлттық кластер, 3 пилоттық аумақтық кластер ұйымдастыру жоспарланып отыр. Аумақтық кластерлер конкурстық негізде іріктелетін болады. 

 

«Үздік тәжірибе»

 

Кластерлік тәсіл негізінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру әлемнің көптеген елдерінің даму стратегияларында кең таралған. Оны соңғы 10 жылда әлемнің 20 елінде іске асырылған 500-ден астам кластерлік бастамаларды талдау көрсетіп отыр. Бүгінгі күні инновациялық кластерлердің «үздік тәжірибелері» Америка Құрама Штаттарында, Еуропалық одақта және Оңтүстік Шығыс Азияда шоғырланған. Сарапшылардың бағалауы бойынша қазіргі уақытта кластерлеумен әлемнің жетекші елдері экономикасының шамамен 50 пайызы қамтылған.
Бүгінгі күні Францияның бәсекеге қабілетті кластерлері, Финляндияның кластерлері, Эйндховен–Левен–Аахен халықаралық кластері, Оңтүстік Кореядағы кеме жасау кластері, Жапонияның машина жасау кластерлері мен Қытай Халық Республикасының «Шанхай аймағы» — әлемдегі  инновациялық орталықтар мен кластерлердің жарқын мысалы ретінде саналады.

Ел экономикасының 150 секторын зерттеген АҚШ-тың «Austin Associates» атты консалтингтік компаниясының мәліметінше, Қазақстанда шикізат салаларын есептемегенде 9 кластер құруға болады. Әсіресе, туризм саласында елімізде экологиялық, спорттық және кәсіпкерлік туризмді дамытуға мол мүмкіндік бар. Біздегі негізгі кедергілер: кәсіби мамандардың жетіспеушілігі, инфрақұрылымның жағдайы, маркетинг жоқтығы.

Экономистердің мәлімдеуінше, елімізде 2005 жылы 7 пилоттық индустриялық-сервистік кластерлер анықталған. Олардың қатарында  металлургия, мұнай-газ, машина жасау, тоқыма өнеркәсібі, көлік және логистика, туризм, тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдары кластерін құру бастамасы көтерілген. Дегенмен, ол кездері кластерлердің ұйымдық құрылымын құру үшін «орталық үйлестіруші» және «салалық интеграторлар» анықталмағандықтан, бұл іс тұралап қалған. Оның үстіне, даму институттары негізгі күшті инфрақұрылымды дамытуға және қаржылық қолдауға ғана бағыттаған.
Кәсіпорындардың сыни тобы қажет…

 

Жақында қаламызға арнайы іссапармен «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» акционерлік қоғамының өкілдері келді. Олар инвестиция және даму министрлігімен бірлесіп  кластерлік бастамаларды қолдау мәселелері бойынша семинар ұйымдастырды. Бұл шараға еліміздің батыс өңірлерінің даму институттары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындардың мүшелері, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың, әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының мамандары шақырылды.

Астаналық меймандардың айтуынша, елімізде кластерлік бастамалар 2005-2006 жылдары айтылғанмен, сәтсіздікке ұшыраған. Мұны мамандар 2008 жылы орын алған дағдарыспен әрі бұл бастаманың жоғарғы органдарға тәуелді болуымен түсіндірді.

Қазіргі күні ел халқының алдына бизнес бастамашылық ететін кластерлер құру міндеті қойылып отыр. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан — 2050» стратегиялық бағдарламасында кеңінен айтқан болатын. Қазір бұл бағыттағы шаруалар қолға алынып, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде елімізде алдағы бесжылдықта 1 ұлттық, 3 пилоттық кластер ұйымдастыру жоспарлануда. Бұл орайда аумақтық кластерлер конкурстық негізде іріктелетін болады. Аумақтық кластерлердің жеңімпаздары мемлекет тарапынан кең қолдауға ие болады, — деді «Қазақстандық индустрияны дамыту институты» АҚ өңірлік даму және жергілікті өнеркәсіп орталығының директоры Жанна Байтемірова.

Оның айтуынша, өңірлік кластерлерді құру үшін алдымен өнімін алға жылжыту, жалпы мәселелерді шешу үшін бірігу қажеттілігін түсінетін кәсіпорындардың сыни тобы шоғырлануы тиіс. Оның айтуынша, қазір Еуропада, Азияда, Жапонияда бизнесті дамыту деңгейі кәсіпкерлердің бір-бірінсіз дами алмайтынын түсінетін жағдайға дейін жеткен. Сондықтан да олар кластерлерге бірігетін көрінеді.

Болашақта мемлекет кластермен тікелей қаржыландыру түрінде емес, қалыптасқан кластермен маркетингтік, инжинирингтік, консалтингтік жұмыстар жүргізу кезінде бірлесіп қаржыландыруға қолдау көрсетуге ниетті.

 

Ақтөбе — кластерді дамытудың «отаны»

 

Төлеміс Шотанов, облыстық кәсіпкерлік палатасының директоры:

— Аумақтық кластерді дамытудың тарихи тәжірибесі көрсетіп отырғандай, өндірістік кәсіпорындардың мұндай формасы инновациялық процеске  дайындықтың бірден-бір тиімді жолы. Мәселен, бұл орайда аумақтық кластер құрып, жоғары жетістіктерге қол жетікізіп отырған бірқатар елдерді, әсіресе, Америка Құрама Штаттарындағы шақпақ тас алқабын, Шэньчжэндегі және басқа да елдердегі дербес экономикалық аймақтарды атауға әбден негіз бар. Біріншіден, бұл орайда кластерге қатысушылар бір-бірімен өзара бәсекеге түссе, екінші жағынан бірнеше өндіріс орындарын кооперацияға біріктіру арқылы кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі артады. Ел экономикасында бәсекелестікті арттыру идеясы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан — 2050» стратегиялық бағдарламасының негізі саналады.

Биыл 1 тамызда Елбасы 2015-2019 жылдарға арналған үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын бекітті.  Еліміздегі үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының алғашқы кезеңі биылғы жылмен аяқталады. Енді елімізде индустрияландырудың 2015-2019 жылдарға арналған екінші кезеңі басталады. Яғни екінші бес жылдықтың жоспарын алғашқысының жалғасы деп қарастыру керек. Оның басты мақсаты — Елбасының тапсырмасы бойынша дамыған отыз елдің қатарына кіруді діттейді. Алдағы бес жылдықта басымдылық берілген салалардың, яғни атап айтсақ химия саласы, химия өнеркәсібі, тамақ өнімдерін шығару, машина жасау, құрылыс заттары мен металлургия салаларындағы кәсіпорындардың саны азаймақ. Өйткені мұндай кәсіпорындарды кластер етіп біріктіру ісі жүзеге асырылмақ. Себебі бұл бағдарламада аумақтық кластерлерді дамыту қарастырылған әрі инновациялық және технологиялық модернизациялауға үлкен көңіл бөлініп отыр.

Біздің ойымызша, Ақтөбеде химия, құрылыс, көлік-логистикалық кластерлерін құруға үлкен мүмкіндік бар.  Сондай-ақ, теміржол құрылысы жабдықтары өндірісі де жақсы жолға қойылған. Сонымен қатар, кішігірім дәрежеде медициналық қызмет, металлургия, мұнай-химия кластерлерін құруға болады.

Мәселен, химия саласы бойынша кластер құруда аймақта шикізат көзі жеткілікті деңгейде. Аймақта аумақтық кластер құру үшін химия өндірісімен айналысып жатқан өнеркәсіп кешендерінің өзі жеткілікті. Сонымен бірге, өңірімізде еліміздегі фосфорит қорының 30 пайызын құрайтын ірі фосфорит кен орны, калий тұзы мен хром кен орындары бар. Бұдан басқа, қазір Ақтөбеде хром қосындылары зауыты, эмульсиялық жарылғыш заттарды өндіретін «Нитрохим» зауыты,  «Кели» химия комбинаты, Мұғалжар ауданында фосфор ұнын шығарумен айналысатын «Темір сервис» кәсіпорындары жұмыс жасап жатыр. Аймақта өндірілетін осындай шикізат көздерін пайдалана отырып, еліміздің кәсіпорындары үшін қажеттілікті өтеуге мол мүмкіндік бар. Ол үшін еліміздегі бұл бағытта жұмыс жасайтын кәсіпорындармен әрі аймаққа іргелес мемлекеттермен бірлесіп, ауыл шаруашылығы саласына қажетті фосфор тыңайтқышы өндірісін, кальцийланған, каустикалық сода, аммиак, азот қышқылы өндірістері мен өзге де жобаларды дамытуға мүмкіндік бар. Тағы бір айта кететін жайт, химиялық шикізат пен дайын өнімді зерделейтін жеке кәсіпкерліктермен бірлескен талдау зертханаларын құру қажет. Қазақстанда болмаса көршілес Ресей Федерациясында қызметтің бұл түрі негізінен мемлекеттік институттарда жүргізіледі. Өкінішке орай, біздің мемлекетімізде талдау зертханаларының материалдық базасы көңіл көншітпейді, даму деңгейі де нашар.
Сол сияқты, құрылыс жабдықтары кластерін дамытуда да Ақтөбеде мол мүмкіндік бар. Өйткені қазіргі күні аймақта құрылыс жабдықтарын шығарумен айналысатын жергілікті кәсіпорындар шынайы түрде жұмыс жасап жатыр. Ол үшін жеткілікті мөлшерде шикізат көзі де бар. Көлік-логистикалық, металлургиялық кластер құруда да осындай мүмкіндіктер мол. Сондықтан да біз аумақтық кластерге бірігуде кәсіпорындардың үлкен шоғыры қалыптасатынын тағатсыздана күтеміз.

 

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button