Құқық

Құжаттар мемлекеттік тілде жіберілсе…

Қазынашылық департаментінің тілегі – осы

Әдетте, мемлекеттік тілдің қолданылуы, іс қағаздарын жүргізу туралы мәселе көтерілгенде қаржы-қаражат саласы мекемелері сынға алынып жатады. Өйткені экономика, қаржы, бухгалтерияға қатысты терминдер өте көп. Оған қоса бұл салада еңбек ететін мамандардың қазақ тілінде құжат дайындаудағы қабілеттерінің төмендігі де байқалады. Ал Ақтөбе облысы бойынша қазынашылық департаментінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жөнінде бірқатар істер жүзеге асырылған. Бұл жөнінде департамент директорының орынбасары, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бастауыш ұйымының төрағасы Сағымбай Байтүлік былай деп әңгімеледі:

– Біздің қазақ халқы үшін туған жері – «Атамекені» мен туған тілі – «Ана тілінен» қасиетті ештеңе жоқ. Сөздің жүйесін, киесін білген жұртымыз тілімізді ардақ тұтқан. Алайда кеңестік кезеңдегі солақай саясаттың салқынынан қастерлі тілімізге тиген кесел бүгінгі күннің проблемасына айналды. Дегенмен мемлекетіміздің ұлттық тұрғыда алға қойған тіл саясаты тәуелсіздігіміздің жемісіндей жүзеге асуда.

Міне, мемлекеттік тіл төңірегіндегі «Қазақстан Республикасындағы Тілдер туралы» Заңнан туындаған тұғырнама мен жоспарлар біздің ұжымда да барынша орындалуда. «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» басшылыққа алынуда.

Атап айтқанда, Қаржы министрлігі 2001 жылы 14 қарашада қазынашылық органдарында 2004 жылғы шілдеден бастап іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу туралы кесте жасап, кезең-кезеңмен көшу туралы бұйрық шығарды. Осы бұйрықты орындау мақсатында көптеген шаралар қолға алынды. Шараларды жүзеге асыру кезінде адамдардың бойына сіңіп кеткен кейбір кемшіліктерді жою жолдары қарастырылды. Мәселен, қазақ тілін білуге қажеттілік туындамайынша, тілді үйренуге талпыныстың аз болатыны да рас. Сондықтан біздің департаменттің 2002 жылғы 7 мамырдағы бұйрығымен департаменттегі қызметі мемлекеттік мекемелермен тікелей байланысты лауазымдар тізбесі айқындалып, осы лауазымдарға қойылатын талаптарға мемлекеттік тілді міндетті түрде білу талабы қосымша енгізілді.

Осылайша, құжаттарды міндетті түрде екі тілде әзірлеу талап етілгеннен кейін қызметкерлер құжаттарды мемлекеттік тілде әзірлеуге мәжбүр болды. Тек орыс тілінде ғана әзірленген құжаттарға қол қойылмады. Бұл талап қызметкерлердің қазақ тілін үйренуге, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге деген ынтасын тудырды.

Осындай жұмыстардың нәтижесінде құжаттарды мемлекеттік тілде әзірлей алатын қызметкерлердің көбеюіне қол жеткізілді. Қазір департамент аппаратындағы және аудандық мекемелердегі қызметкерлердің қай-қайсысы да мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізе алады.

Өкінішке қарай, Мемлекет, Үкімет тарапынан тәп-тәуір жоспарлар мен жобалар жасалғанымен, кейбір мемлекеттік органдарда, мекемелерде нақты істің аздығы, басшылардың немқұрайлылығы байқалады. Мәселен, біздің қазынашылық департаменті мемлекеттік мекемелер қызметкерлеріне ескерту ретінде «Қазынашылық органдары 2004 жылдың шілде айынан бастап іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуде» деп хабарлама іліп қойғанына қарамастан, облыстың көптеген мемлекеттік мекемелері қазынашылық органдарына құжаттарын әлі күнге дейін орыс тілінде ұсынады. Біздің қызметкерлердің құжаттарды қазақ тілінде тапсырулары туралы өтініштерін ескерусіз қалдырады. Ал сол мекемелердің басшыларының дені қазақ ұлтының өкілдері болып табылады.

Осы жерде Елбасы ұсынған қарапайым қағидаларды еске сала кеткім келеді: «Қазақ қазақпен қазақшасөйлессін», «…балаларыңның тілін қазақ тілімен ашыңдар». Мемлекеттік тілді тұғырына қондырудың адастырмас темірқазығы – осы. Нұрсұлтан Назарбаевтың осы бір қанатты сөзін, құнды қағидасын жарқын болашақтың бағыт-бағдары, туған тілімізді ардақтаудың айшықты тұжырымдамасы деп түсінген жөн.

Жазып алған Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button