Спорт

Жеңілістен соң жеребе

Кеше түсте «Ақтөбе» футбол клубының ойыншылары мен жанкүйерлері мінген ұшақ жергілікті әуежайға табан тіреді. Израильдің Хайфа қаласынан оралған жерлестерімізді жергілікті жанкүйерлер мен журналистер тобы күтіп алды.

Сырт алаңдағы кездесуге басты жанкүйер ретінде облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың барғаны белгілі.

Ойыншыларды әрбір кездесуден соң асыға күтетін жанкүйерлер бұл жолы да әдеттерінен жаңылған жоқ. Мойындарына команданың шалмасын ораған қыз-жігіттер футболшылармен жүздесуді тағатсыздана күтті.

Арнайы тексерулер, жүктерін алу рәсімдерінен соң спортшылар бір-бірлеп аэровокзалға шыға бастады. Алдымен журналистерге «Маккаби» қақпасына соғылған алғашқы голдың авторы Евгений Аверченкомен тілдесудің сәті түсті.

– Кездесу өте ауыр жағдайда өтті. Ауа райының ыстық әрі ылғалды болуы еркін тыныстауға мүмкіндік берген жоқ. Алғашқы жиырма минутта бар күшімді сарқып алғанымды сезіндім. Ойынның алғашқы бөлігіндегі нәтижені сақтау керек еді. Есепті еселей түсуді ойлағанша, қорғанысқа көңіл бөлуіміз керек еді, – деді Е. Аверченко.

Ал команданың бас бапкері Владимир Муханов қан қысымының тым жоғарылап кетуіне байланысты БАҚ өкілдеріне сұхбат беруге құлықты еместігін білдірді. Ендігі күткеніміз команда капитаны Самат Смақов еді, ол әдеттегісінше жауап беруге сол бойда келісті.

– Бұл жеңіліске ұжымның тұтастай кінәсі бар. Бірақ тоқсан минут бойына ешқандай босаңсымағандығымызды айтқым келеді. Кездесу тымырсық ауада, аса ауыр жағдайда өтті. Команда бұндай сынға дайын емес болатын. Ауа райының әсерінен жүгіруге да шамамыз келмеді. Бұл – жеңілістің басты себептерінің бірі. Оның үстіне, «Маккаби» ойыншылары жанталаса ойнады.

Әзірге бұл кездесуге байланысты ешқандай талдау жасағанымыз жоқ. Айта кетерлігі, Ақтөбеде өткен кездесуден кейін қарсыластарымыз біздің кемшіліктеріміз бен артықшылықтарымызды толық зерттеген екен, – деді капитан.

Әрине, бапкерлер штабы мен тұтас ұжымды қазір даттау да, мақтау да оңай. Алайда «спорттың өзі бір сыйқыр» болғандықтан, түңіле беруге де болмас. Жерлестерімізге алдағы ойындарда сәттілік тілейік!

Ал ойын тағдыры қалай шешіліп еді?

Ойынның алғашқы бөлігінде жерлестеріміз басымдықты өз қолдарына алып, қарсыластар қақпасына алғашқы он бес минуттың ішінде жауапсыз үш доп салды. «Маккаби» қақпашысын алдымен Евгений Аверченко, одан соң Антон Чичулин қапы қалдырса, олардың ізін ала Марат Хайруллин есепті 3:0-ге жеткізді.

Осы арада алаң иелерінің аса белсенділік танытқан жанкүйерлері де наразылықтарын білдіріп, алды стадионнан кете бастап еді.

Израиль командасының ойыншылары аса тәжірибелі болғанымен, көпке дейін шарқ ұрып, біздің тиянақты қорғаушылардың арасынан саңылау таба алмай әуреге түсті. Бұл жерде біліктілік пен тәжірибе өз дегенін жасатпай қойған жоқ. Алдымен Янив Катан, сонан соң Эйял Гольс Андрей Сидельниковты қапыда қалдырды. Осылайша, алғашқы кезеңде-ақ жерлестерімізді өкшелей бастаған алаң иелері екінші таймда өз дегендеріне жетті. Кездесудің 59 және 63-минуттарында біздің қақпаға тағы екі гол соғылды. Қорытынды есеп: 4:3.

Біздің жігіттер есепті теңестіруге барынша ұмтылғандарымен, қарсыластардың түйдек-түйдек шабуылдарын әрең қайтарып отырды.

Екі ойынның нәтижесі бойынша (0:0;3:4) Чемпиондар лигасында «Маккаби» келесі кезеңге жолдама алды.

Енді «Ақтөбе» футбол командасы әрі қарай Еуропа Лигасында бақтарын сынайды. Жеребе тарту рәсімі ертең өткізілмек.

Қалай болғанда да Қазақстан футболының тарихына Чемпиондар лигасының үшінші кезеңіне өткен алғашқы команда ретінде «Ақтөбе» жазылып қалады. Оның үстіне, біздің команданың еуропалық деңгейдегі жетістігі еліміздің беделін өсіргені даусыз.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button