Білім

Қол ұшыңызды ұсыныңыз…

«Мектепке жол» акциясы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылына дайындық негізінде аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсету, панасыз балаларды қолдау және балалардың әлеуметтік себептермен мектепке келмей қалуының алдын алу мақсатында ұйымдастыратын «Мектепке жол» атты республикалық акциясы еліміздің барлық өңірінде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында жыл сайын өтетін болады.

Бұл акция былтыр 15 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында өтіп, әр саладан арнайы құрылған комиссия мүшелері қала, аудан, ауылдарды аралап, 2418 рейдтік шара ұйымдастырды. Шараға 2790 өкіл қатысып, аз қамтылған отбасы балалары мен  мектепке бармаған  оқушыларды анықтады.

– «Мектепке жол» акциясы биыл біздің облысымызда республика көлемінде ұйымдастырылмақшы. Бұл шараны жақсы өткізу үшін облыс басшысы қала және аудан әкімдеріне арнайы тапсырмалар берді. Білім мекемелері арқылы акцияны өткізудің логотиптері, парақшалары даярланды. Ең алғаш Қостанай қаласынан бастау алған акцияны ұйымдастырудағы басты мақсат – оқушыларды мектептен қалдырмай, білім алуына жәрдем ету. Сонымен қатар жаңа оқу жылына оқушы дайындығын білу, аз қамтылған, мұқтаж отбасылардың балаларына қамқоршылар бекіту. Жағдайы нашар отбасы балаларына мектеп формасы, оқулықтар, қажетті құрал-жабдықтар беріліп, денсаулығына байланысты мектепке бара алмай жүрген балалар дәрігерлік бақылаудан өткізіледі. Акция барысында балаларға көмектесемін, жәрдем етемін деген азаматтар болса, қарсы емеспіз. Біз ертеңгі болашағымыз деп санайтын бүлдіршіндеріміздің жақсы білім алуына қолымыздан келген көмегімізді аямағанымыз дұрыс, – дейді  кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның жауапты хатшысы Роза Сәрсенова.

Өткен жылы ұйымдастырылған акцияда сенім телефоны арқылы ата-аналардан 50-ге жуық өтініш түсті. Өтініш-шағымдардың мазмұны әр түрлі. Бірі әлеуметтік себептермен балаларын мектепке жібере алмаса, енді біреулері тұрғылықты тұратын жерінің жоқтығын, кейбірі мектептен мектепке ауыстырғанда кездескен кедергілерді айтады. Тұрғындар айтқан өтініштер ескерусіз қалмай, оқушылардың барлығына көмек көрсетілді. Облыс бойынша әлеуметтік көмекті қажет ететін  балаларға жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, шаруа қожалықтары, акционерлік қоғамдар, жеке кәсіпкерлер тарапынан 7 994 770 теңге көлемінде қаржы бөлінді.

– «Оқушы мектепке неге бармайды?» деген сауалдың жауабы әр түрлі. Баланың мектепке бармауына қаражаттың жоқтығы да бір себеп. Былтыр  рейд барысында мамандар облыс бойынша әлеуметтік көмекке зәру, аз қамтылған көптеген отбасыларды  анықтады. Тағы бір айта кететін жайт, кейбір балалардың туу туралы куәліктері жоқ. Жеке құжат мәселесі жөнінде ата-аналардан 14 өтініш келіп түсті. Біз көптеген балалардың құжаттарын алып бердік.

Биылғы акцияға да біздің дайындығымыз жоғары. Облыс орталығы мен аудандарда әр саланың мамандары бірігіп, балалардың білім алуына толықтай жағдай жасайды. Сонымен қатар мектеп ауласы мен көшелерді жарықтандыру, жолдарды тегістеу мәселесі турасында тиісті органдарға арнайы хаттар жолданады.

Түрлі себептермен мектепке бармай жүрген балаларды біріктіріп, оларды білім нәрімен сусындату оңай жұмыс емес. Әрі дағдарыс кезінде біз бір-бірімізді демеп, қиын сәттерде қол ұшымызды бергеніміз жөн. Сондықтан бұл шараға әрбір азаматтың ат салысуын сұраймыз, – дейді облыстық балалардың құқығын қорғау департаменті директорының орынбасары Сәуле Өмірбекова.

Ал облыстық білім басқармасының бөлім бастығы Галина Еремееваның айтуынша, балалардың білім алуына облысымызда толықтай мүмкіндік бар.

– Өткен жылы акцияның іс-шараларымен шамамен 7 мыңға жуық бала қамтылып, 8 миллион теңге көлемінде әр түрлі көмектер көрсетілді. Сонымен қатар 2008-2009 оқу жылында аз қамтылған, көп балалы отбасы балалары  тегін ыстық тамақпен қамтылды. Бұл шара облыс орталығында емес, аудандарда да жалғасын тапты. Ал оқуға қатысуды қамтамасыз ету мақсатында мектептен 3 шақырымнан астам қашықтықтықта тұратын оқушыларды қауіпсіз және жайлы жеткізу үшін облыстық бюджет қаражатынан 103 миллион теңге бөлініп, оған 27 автобус сатып алынды. Бұл Ақтөбе қаласы мен 9 ауданның 2600-ден аса оқушысын мектепке жеткізу мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Биылғы оқу жылында облыстық бюджеттен тағы да 19 автобус алуға 78 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Енді акциямен қатар тамыз айында облыс көлемінде алғаш рет мектеп жәрмеңкесі де өтеді. Жәрмеңкеде мектеп құралдары, оқушы киімдері тұтынушыға тиімді бағамен сатылады, – дейді маман.

Енді аз уақыттан соң жаңа оқу жылы басталады. Егер сізді мазалап жүрген сауалдар болса немесе баласын мектепке дайындауға көмек қажет ететін отбасыларға жәрдемдесуге ықылас танытсаңыз, 56-27-21, 55-17-91 «Сенім телефондарына», тұрғылықты мекендегі білім мекемелеріне, сонымен қатар облыстық білім басқармасының 56-04-76, 56-16-63 телефондарына хабарласа аласыз. Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы туралы толық мағлұматты www. Bala-kkk.kz сайтынан қарауға болады.

Айгүл ЖҰБАНЫШ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button