Спорт

Германия — әлем чемпионы!

Футбол

Кеше бір айға созылған футболдан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Аргентинаны тізе бүктірген Германия құрамасы әлем чемпионы атанды!  

 

Доп тепсе, Гетце тепсін!  

Рио-де-Жанейроның «Маракана» стадионында өткен финалдық ойын тартысты өтті. Әсіресе, германиялықтар әп дегеннен шабуылға ұмтылды. Әйтсе де, алғашқы 21 минутта қос қақпаға да қауіпті соққы жасалған жоқ. 29-минутта аргентиналық шабуылшы Игуаин Германия қақпасының торын бүлк еткізген-ді. Жүректері жарылардай боп, орындарынан атып тұрған жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Өйткені қапталдағы төреші жалауын көтерген-ді. Офсайд.

Көп ұзамай Германия сапындағы Крамер жарақаттанып, оның орнына алаңға Шюрле шықты.  Бірінші таймда есеп ашылған жоқ.

Екінші таймда Аргентина құрамасы жаңарды. Лавессидің орнын Серхио Агуэро басты. Осының әсері ме екен, команданың шабуылы еселене түсті.  Нойермен бетпе-бет келген  Мессидің  тепкен тобы қиыс кетті.  Қос құрама қанша тырысса да, бұл таймда да жанкүйерлердің үміті ақталмады. Есеп — 0:0.

Қосымша уақыт алма-кезек шабуылмен жалғасты. Әсіресе «неміс машинасының» қарқыны үдей түсті. Ақыры Аргентинаның осыған дейін тасқамал саналып келген қорғанысы сыр берді.  Ойынның 115-минутында Марио Гетценің сол қапталдан тепкен добы торда тулады.   Гол! Жеңіс голы!

Сырт көзге мейлінше салқынқанды көрінетін немістер ойын біткен сәтте көз жасына ерік берді. Енді ше, әлем чемпионы атану оңай емес…

 

«Жүзден жүйрік…»

 

XX әлем чемпионатынының мықтылары анықталды. Аргентиналық  Лионель Месси — үздік ойыншыға табысталатын «Алтын доптың» иегері атанды. Ал германиялық Мануэль Нойер үздік қақпашыға берілетін «Алтын қолғапты» иеленді. Чемпионат барысында 6 гол салған колумбиялық Хамес Родоригес —  «Үздік сұрмерген».

 

Олар — чемпиондар!

 

Дүбірлі доп додасының тарихында 8 құрама әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Оның ішінде ең көп, 5 рет чемпион атанған — Бразилия ұлттық құрамасы. Одан кейін 4 рет жеңіске жеткен Италия мен кеше ғана сол биікке көтерілген Германия командалары тұр. Аргентина мен Уругвай елдерінің аяқдопшылары екі реттен чемпион атанды.  Англия, Испания, Франция құрамалары да бастарына  бір реттен чемпиондық тәжді киіп көрді.

 

Әзірлеген Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button