«Ақтөбе»-90

Он жылы кем ғасырдың жылнамасы

«Кедей»

1921 жылы Ақтөбе жеке губерния болғаны мәлім. 1924 жылы губернияда қазақ тіліндегі газет шығару мәселесі күн тәртібіне қойылыпты. Өйткені ел ұлтаны — қазақ еді,  кеңестік идеологияны сіңіру үшін оның өз тілінде «сөйлеу» керек болатын. Губерниялық партия және атқару комитеттерінің 1924 жылғы 17 наурызындағы бірлескен мәжілісінде қазақ тіліндегі газет ашып, басылымның атын «Кедей» деп атау ұйғарылыпты. Бұл — бай-бағыланды қудалап, бар билікті кедейдің қолына берген заманға лайық атау еді.

«Кедейдің» алғашқы саны 1924 жылы 7 маусымда жарық көрді. Екі беттік, 600 данамен тарайтын газет «Ақтөбе губерниялық совет және партия комитеттерінің тілі» деп аталған. Алғашқы екі нөмірге Ақтөбе губерниялық партия комитетінің жауапты қызметкері Ізмұқан Құрамысов қол қойған. Үшінші нөмір Өтемісовтің басшылығымен шығыпты. Төртінші нөмірден бастап Абдолла Құлыбеков жетекшілік еткен. Бесінші нөмірден бастап газет 4 бет болып шыға бастапты.

«Кедей» газетінің бірінші саны 1924 жылдың жазында жарық көрді. Тырнақалды нөмірдің өзін әрең шығардық. Өйткені ол кезде оқыған білімді журналистер, әріп терушілер және баспахана қызметкерлері жоқ болатын. Оның үстіне қазақ тіліндегі әріптер жетіспей Қазаннан алдырдық…». Бұл — «Кедейдің» тұңғыш жауапты хатшысы Қ.Назаралиннің 1967 жылы жазған естелігі.

Міне, осындай қиындықтармен шығарылса да,  «Кедей» — әу бастан іргетасы мықты қаланған басылым болды. Сол замандағы ең өзекті мәселелер — білім алуға шақыру, әйел теңдігі,  жаңа өкіметтің бағыт-бағдарын түсіндіру, ауылдарды советтендіру, шаруашылықты ұйымдастыру жолдары — бәрі-бәрі қамтылған. Батырақ ақындардың шығармашылығына да мол орын берілген. «Елден», «Қазақстанда», «Жастар тұрмысы», «Телеграммалар», «Ішкі хабарлар», «Сыртқы хабарлар»  сияқты айдарлардың болуы да газет жұмысының әп дегеннен дұрыс ұйымдастырылғанын көрсетеді. Бұқараның көзін ашу үшін ұйымдастырылған «Сауал-жауап» айдары да жаңа өмір әкелген атаулардың мән-мағынасын ашып отырған.

1925 жылдың басында газет тізгінін Д.Хангереев ұстаған. 1925 жылдың 8 маусымынан бастап белгілі қоғам қайраткері Әзімбай Лекеров жауапты редактор болып бекітілген.  «Ақтөбе» газетінде бас редактордың орынбасары болып қызмет еткен, газетіміздің түп-тамырына терең үңіліп жүрген белгілі ғалым Серікқали Байменше Әзімбай Лекеровтің өмірбаянынан 1925-26 жылдарда Ақтөбе губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып қызмет істегендігі туралы дерек кездесетіндігін айтады. Демек, ол газет редакторлығы қызметін қоса атқарған.

С.Байменшенің байламынша,  жауапты партия қызметкері газет редакторы болған кезде оның орынбасары етіп газет жұмысын жүргізе алатын кәсіби журналист тағайындалып отырған. Мысалы Әзімбай Лекеровтің тұсында оның орынбасары болып белгілі қаламгер Жиенғали Тілепбергенов бекітілген. Әзімбай Лекеров жоқ кезде «уақытша шығарушы» ретінде қол қойып отырған.

Жиенғали Тілепбергеновтің газет жұмысын бірден дөңгелентіп әкеткені көрінеді. Ол ашқан «Оқшауша»  атты айдар журналистердің еркін мінберіне айналған.

Газет жұмысына қазақ тіл білімінің теориялық негізін қалаушы, тіл ғылымының тұңғыш профессоры Құдайберген Жұбанов та белсене араласқан.

Жанұзақ Жәнібеков, «Еңбекші қазақтан» келген белгілі қаламгер Қуаныш Абдуллиннің тізгін ұстаған кезінде «Кедей» кәдімгідей қалыпқа түсіп, бұқара күтіп отыратын басылымға айналды.

1929 жылы «Кедей»  газетінің 5 жылдық мерейтойы атап өтілген.

Осы арада бір ескере кететін жайт бар. «Кедейге» редактор ретінде  қол қойған Ізмұқан Құрамысов, Әзімбай Лекеров, Жанұзақ Жәнібеков, Кенжеғали Абдуллиндер отызыншы жылдарда «халық жауы» болып ұсталып кеткен. Газеттің белсенді авторы Құдайберген Жұбанов та сол қара тізімге ілікті. Бұл — олардың қызыл шарбақ ішінде де ұлттық мүддеге көбірек көңіл бөлгендігін көрсетсе керек…

 

«Алға», «Социалды жол», «Социалистік жол»

 

Серікқали  Байменшенің зерттеулеріне сүйенсек, 1928 жылы Ақтөбе губерниядан дербес округке айналады, 1930 жылы округтер ажырап, ауданға бөлінеді. Сол тұста «Кедей» екіге бөлініп, Темір және Ырғыз аудандарынан шығатын болды. Марқұм Әмір Оралбай «Кедей» Темір ауданының басылымына айналып, оның орнына «Алға» газеті шықты…» деп жазады.

1932 жылы Ақтөбе облысы құрылып, қазақ тілінде газет шығару мәселесі күн тәртібіне қойылыпты. Сол жылғы 13 наурызда «Социалдық жол» оқырманға жол тартқан. Редакторы — М.Жақсылықов. Кейінірек газет  «Социалистік жол»  атаныпты.

Отызыншы жылдарда жаппай колхоздастыру науқаны басталғаны мәлім. Он жылдықтың аяғына қарай өңірде ірі өндіріс ошақтары құрыла бастады. Алға химия комбинатының, «Ақтөбе» ферроқорытпа зауытының алғашқы қадамдары облыстық басылым бетінде кеңінен насихатталды.

Отызыншы жылдар, сонымен бірге, «халық жауларын» әшкерелеген жылдар ретінде де тарихта қалды. Қазақтың сүт бетіне шыққан қаймақтарын сыпырып алған бұл науқаннан, жоғарыда айтылғандай, біздің басылымның қызметкерлері де аман қалған жоқ. Кейінірек газет редакторы болған Смағұл Мұқашев та «халық жауы» ретінде түрменің дәмін татты. Алланың жазуы шығар, Смағұл аға өзін НКВД қызметкері азаптаған бөлмеде — кейін сол ғимарат редакцияға берілгенде — бас редактор болып талай материалға қол қойған. Ал 1939-1944 жылдар аралығында облыстық газетте теруші,  әдеби қызметкер болып еңбек еткен Бәтима Әмірқызы  да «халық жауының» қызы ретінде құзырлы органдардың үздіксіз тексеруіне шыдамай, Ақтөбеден қоныс аударуға мәжбүр болған.

1941-1945 жылдардағы соғыста газет қызметкерлері түгелдей дерлік майданға аттанды. Абдолла Ерназаров, Төлеп Омаров, Қонысбай Ерғарин, Ахмет Ескендіров, Дербіс Ниязбаевтар соғыста ерлікпен қаза тапқан. Ал Смағұл Мұқашев, Ұлықпан Жұмабаев, Ғұбай Юсуповтар қанды сұрапылдан аман-есен оралып, бұрынғы қызметтеріне кірісті…

Редакция қызметкерлері соғысқа аттанған кезде де басылым жұмысын тоқтатқан жоқ. «Редакцияда тек Хасен Наурызғалиев екеуміз ғана қалдық…» — деп жазады кейін сол кездегі газет редакторы Құбаш Қожамұратов. Газет екі бетке түсті. Әр бетінде майдан даласынан жазылған хаттар бар газетті ауылда қалған әйел, бала-шаға  асыға күтті. Жауынгерлердің рухын көтеру үшін басылымның бір бөлігі майдан даласына жеткізіліп тұрды. Оны  бойтұмардай көріп, шайқасқа бірге алып кіргендер де бар. «Социалистік жолмен» соғыста жүріп, «кездескенімді» айтқым келеді… Бір күні біздің төртінші батальонның саяси жетекшісі, аға лейтенант Бақытқали  Әлмырзаев Ақтөбе облысының алты солдатына «Социалистік жол» газетін үлестіріп кетті. Газет редакторы Құбаш Қожамұратов екен. Ақтөбе облысының жетістіктерін, майданға беріп жатқан көмектерін жазып, біздің жеңіспен оралуымызға тілектестігін білдірген жолдау жариялапты. Сол газетті көпке дейін сақтап жүрдім…  Кейін Саратов облысы Аткарьск қаласындағы госпитальда жатқанымда да «Социалистік жолды» жиі оқып тұрдым».  Бұл — әйгілі Курск доғасындағы шайқасқа қатысқан Дәулетжан Қалыбаевтың газеттің 80 жылдық мерейтойы тұсында айтқан естелігі.

Халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің толғаулары, тары өсіруден әлемдік рекорд жасаған Шығанақ Берсиевтің еңбек тәжірибесі де облыстық басылымның бетінде үзбей жарияланып жатты. Соғыс жылдарында Қазақстанға, соның ішінде Ақтөбеге көшірілген зауыт-фабрикалардың жұмысы да газет бетінен кең орын алды.

Соғыстан соңғы шаруашылықты қалпына келтіру жылдары жасалған жұмыстар да «Социалистік жолдың»  бетінде кеңінен насихатталды.

 

«Батыс Қазақстан», «Коммунизм жолы»

 

1963 жылы өлке құрылып, оның құрамына Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан облыстары кірген кезде Ақтөбе өлке орталығы болды. «Социалистік жол»  енді «Батыс Қазақстан» өлкелік газеті атанды. Кейін облыстар қайта енші бөліскенде облыстық газет «Коммунизм жолына»  «түсті». Бұл — «сексенінші жылдарда коммунизм орнайды» деп сенген заманға лайық атау еді.   «Мұнаралар басына шырақ тасыған» (Төлеген Айбергенов) уақытта ондап, жүздеп қатарға қосылған қалалардың,  кенттердің, кеңшарлар мен ұжымшарлардың қуанышын ең алдымен біздің газетіміз бөлісті. Бесжылдықтар балғасын соққан зауыттар мен фабрикалардың түтінінің будақтары газет бетінде де «із қалдырып» жатты. Қарапайым еңбек адамдары ұлықталды! Соның бәрі ауыл-ауылды аралап, еңбек ұжымдарының жылт еткен жақсылығын дәріптеп, кемшілігін де көзден қағас қалдырмаған газет журналистерінің арқасында күллі облысқа тарап жатты.

1974 жылы газеттің «Құрмет белгісі» орденімен марапатталып, сексенінші жылдарда КСРО Халық Шаруашылығы Жетістіктері көрмесінде жеңімпаз атанды. Бұл — Нұрқайыр Телеуов басқарған ұжымның  жұмысына берілген лайықты баға еді!

 

«Ақтөбе»  

 

Сексенінші жылдардағы саясаттағы қарғын баспасөзден басталғаны белгілі. Бұл мұратты істен облыстық басылым да сырт қалған жоқ. Өткен тарихтың ақтаңдақтары, ұлт ұстындары болған жырауларымыз бен батырларымыз туралы көбірек айтыла бастады. 1990 жылы 12 қарашада газет өңірдің атын иеленіп,  Тәуелсіздіктің ақ таңын «Ақтөбе» болып күтіп алды.

Басымызға өз бөркімізді киген алғашқы жылдар оңайға соқпады. Тәуелсіз мемлекетіміздің ботатірсек кезіндегі қиындықтар газетті де айналып өткен жоқ. Бірнеше айлап жалақы алмаған кездерде де журналистер қаламын тастамай, еңбек етті. Жаңа тұрпаттағы мемлекет құру жолында орасан зор еңбек етіп, Қазақстанды күллі әлемге танытып келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын халыққа жеткізіп, еліміздің болашағына деген сенімін оятқан «ақтөбеліктердің» еңбегі ұшан-теңіз. Қуан Тектіғұлов, Идош Асқар ағаларымыз басқарған ұжымның иығына сол жылдардың бар ауыртпашылығы түсті.

2000 жылы екі облыстық газет «Ақтөбе газеті» ашық акционерлік қоғамына бірікті. Бейсенбілік газет нөмірі 32 бетке жетіп, түрлі-түсті болып шыға бастады. Заман ыңғайына қарай жарнама тарту мәселесі қолға алынды. ААҚ директорлары Константин Дубров пен Мұрат Сұлтановтар осы мәселеге жіті назар аударды.

2004  жылы екі газет енші бөліскенде «Ақтөбеде» белгілі журналист, марқұм Әмір Оралбайдың және  Қасымжан Байсадақовтың бас редактор ретіндегі қолтаңбалары қалды.

2005 жылы екі басылым «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның шаңырағының астына қайта бірікті. ЖШС тізгінін белгілі ақын, аудармашы, көсемсөзші Мейірхан Ақдәулетұлы ұстады.

«Ақтөбенің» бүгінгі ұжымы ағалар бастап берген көшті лайықты жалғастырып келе жатқанын мақтаныш етеді. 2008 жылы «Ақтөбе» газетінің бас редакторы «Экспресс К» газетінің республика басылымдарының арасында өткізілген сайысында топ жарып, Геннадий Толмачев атындағы сыйлықты иеленді. Бұл бас редакторға ғана емес, газет ұжымына да берілген баға болатын!

Бұрын да жазғанбыз, қайталай кеткеннің артықтығы болмас, облыстық газет бүгінде өңірде болып жатқан күллі оқиғалардың идеологиялық ұстынын жасап отыр. Мысалы,  «Әлия» атты қос томдық кітап пен фотоальбомды, «Ахмет Жұбанов» атты бір томдық кітап пен фотоальбомды, Ақтөбе облысының 75 жылдығына арналған фотоальбом мен «Жәдігер» атты XV ғасырдан бүгінге дейінгі Ақтөбе өңірінде туып-өскен ақын-жазушылар шығармаларының антологиясын, екі тілде қайта басылған «Қобыланды» жырын, күллі түркі жұртының басын қосқан салтанаттан кейін шығарылған «Қобыланды тойы» атты көркемсуретті кітап пен Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының V форумының бүкіл құжаттары хатталып, фотошежіресі жасалған «Қазақстан мен Ресей шекаралас аймақтарының V форумы» атты кітапты  «Ақтөбе» газетінің шығармашылық ұжымы әзірледі! Облысымыздың абыройын асқақтатқан осы шаралардың газет бетінде де мықты насихатталғанына оқырман куә. Бұған қоса «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен жиырма томдық кітап әзірленіп, жұртшылыққа ұсынылды.

 

«Ақтөбенің» ақын-жазушылары

 

«Кедейдің» алғашқы редакторларының бірі  Абдолла Құлыбеков ғажап аудармашы болыпты. Бас редактордың орынбасары ретінде газеттің шығармашылық жұмысына жан бітірген Жиенғали Тілепбергеновтің мықты жазушы болғандығына артында қалдырған шығармалары арқылы куәміз. Серікқали Байменше жазушы  Ғалым Ахмедовтің естелігіне сүйенген ғалым Қабиболла Сыдиықовтың мақаласына сілтеме жасай отырып,   «Кедейдің» редакторларының бірі Кенжеғали Абдуллиннің де  жақсы ақын болғанына тоқталады, оның  «Ұран», «Қазақтың қамы» өлең жинақтарын бүгінгі қаріпке түсіріп, қайта шығарсақ деген ой айтады.

«Ақтөбе» — қазақ әдебиетінің классиктері Тахауи Ахтанов пен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің, арда Өтежан Нұрғалиевтің, сыршыл Сағидың, «Әлиясымен» бүкіл әлемді тербеткен Бәкір Тәжібаевтың шығармалары үздіксіз жарияланған газет!

«Ақтөбе» —  тек қана ақсүйек өлеңдер жазып, бойына қылаудай кір жұқтырмай өткен Қуандық Шаңғытбаевтың, елуінші жылдарда ұлттық поэзияға жылы ағыс әкелген Ізтай Мәмбетовтің, Ақтөбеден қоныс аудармай-ақ өлең жазып, осындағы он сан таланттың томағасын сыпырған Мұхтар Құрманалиннің, сан бұлақтың көзін ашып, «Отамалы» секілді әлемдік деңгейдегі ұлы шығарма жазған Тобық Жармағамбетовтің, қарағайға қарсы біткен бұтақ секілді,  кеңес заманында-ақ шығармалары «бүлік» шығара бастаған Құрал Тоқмырзиннің, қазақ өлеңінің бозторғайы Есенбай Дүйсенбайұлының, «Тар кезең» атты романымен қазақ прозасын жаңа деңгейге көтерген Қажығали Мұқамбетқалиевтің темірқанат шығармалары қанат қаққан  қасиетті ұя!

Бүгінгі «Ақтөбеде» де  бір облыс қана емес, бір елдің де тақиясына тар келмейтін таланттар жұмыс істеп жүр. Қорғасындай ауыр,  жусандай кермек, ойлы өлеңдердің иесі Мейірхан Ақдәулетұлының, осы өңірден өткен барша ақын-жазушылардың жоқшысы, жастардың тәлімгері, сырт көзге Ақтөбенің төлқұжатындай көрінетін  Ертай Ашықбаевтың, нәзік жырларымен жүректерді жаулаған Индира Өтеміс пен керемет өлеңдер жазып тастап, үндемей жүре беретін  Сәтжан Дәрібайдың есімдерін білмейтін қазақ кемде-кем!

Айтпақшы, биыл Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылған Қажығали Мұқамбетқалиевтің «Тар кезеңі» алғашқы сынақтардан сүрінбей өтіп,  шешуші кезеңге шықты.  Сәттілік тілейміз!

 

Той шашулары

 

Бүгінде барлық экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштер бойынша республикада үздік бестіктен көрініп келе жатқан облысымыздың басшысы Архимед Мұхамбетов газеттің  мерейтойына ерекше мән беріп отыр.

Жыл басында ақсақалдарымызды жинап алып, ақылдасқанбыз.  Олардың батасын алғаннан кейін іске кірістік. Газетімізде «Ақтөбе» — 90» айдарымен басылым тарихына қатысты материалдар жарияланып келеді. Сақтаған Бәйішов атындағы кітапхана мерейтойға  байланысты керемет кеш өткізді. Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының  мұрындық болуымен Әмір Оралбай атындағы дәстүрлі турнир өткізілді. Сонымен қатар, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры, белгілі ақын Мейірхан Ақдәулетұлының идеясымен тоқсан жылдық тарихты мейлінше  қамтитын кітап және фотоальбом шығарылып, жұртшылыққа ұсынылып отыр. Осы кітаптардың шығарылуына барша ардагерлеріміз бір кісідей атсалысты. Сол үшін де оларға мың алғыс!  Кітаптың кемшіліктері болса, ағат басқан жерлеріміз болса, кешірім сұраймыз. Алдағы мерейтойларда олардың  толықтырылып, қайта жарияланатынына сенеміз.

Өмірден ерте кеткен жазушы Әлімбай Ізбайдың да «Қырық үш күндік кемдік…» атты кітабы жақын күндерде қолға тимек.

Сонымен бірге, облыстық басылымның тарихына жіті үңіліп жүрген, «Кедейдің» алғашқы баспалдақтары туралы тұшымды мақала ұсынған «Ақтөбе» газетінің бұрынғы қызметкері, филология ғылымдарының докторы Серікқали Байменшеге және газет тарихына қатысты көрермендерге 9 толымды дүние ұсынған «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының басшысы, журналистік қызметін «Ақтөбеден» бастаған әріптесіміз  Раукен Отыншинге үлкен алғыс айтамыз.

Газетіміздің авторлары мен қалың оқырмандарымызға да ризашылығымыз шексіз! Той құтты болсын!

 

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ,

«Ақтөбе» газетінің бас редакторы.

 

 

 

Біздің кітаптарымыз

 

Жиі айтылатындай, тарих жылнамасының елеулі бір парағы — газет. Ал газеттің өз жылнамасы ше? Ол да тарихтың бір бөлшегі.

90 жылдық мереке тұсында сонау «Кедейден» басталған ұзақ жолдың әр кезеңдерін қалың жұртшылықтың жадына қайта оралту мақсатында басылым қызметкерлері екі сый әзірледі: кітап және альбом.

Кітапта газеттің 90 жылда жүріп өткен жолдары туралы әр кезеңдерде жарияланған деректі дүниелер мен мерейтойлық мақалалар қамтылса, альбомда сол оқиғалардың фотосуреттерге іліккен көріністері ұсынылып отыр.

 

*    *   *

Облысымыздағы ірі қос басылымның бірі «Актюбинский вестник» өткен жылы 95 жылдығын тойлағаны мәлім. Бұл газет те өңіріміздің айнасы ретінде шежіреге тұнып тұр. Міне, осыны бейнелейтін мақалалар мен деректер, фотосуреттер жинақталған, жақында ғана жарық көрген кітап «Всегда юный «Вестник» деп аталады.

 

*   *   *

Газет мерекесі қарсаңында бұрын осы басылымда қызмет еткен қаламгерлердің де мерейленіп отырған жайы бар. Ақын Бауыржан Құрманқұлов оқырманға екі бірдей жинағын ұсынды. «Беу, дүние-ай!..» — жыр жинағы. Ал «Қыдыр ата» мистикалық хикаят пен детективтік әңгімелердің басын құрайтын прозалық туынды. Бұл кітаптар Ақтөбе қаласындағы «А-Полиграфия» баспаханасынан жарық көрді.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button