«Ақтөбе»-90

Біз өткен жолдар

«Ақтөбеге» — 90 жыл. Ол елмен, халықпен бірге тарихтың талай бұралаңы мен бұлтарыстарын бастан кешіп, «тар жол, тайғақ кешуден» өтіп, жаңа ғасырға, бүгінгі заманға, егеменді елге жетті. 90 жыл ішінде заман талабына, уақыт ырқына, өмір мүддесіне орай бірнеше атаумен шыққан газет ерікті елдікті алып, жеке дара мемлекет болғаннан бері өзінің туған жерінің атын алды.

«Ақтөбеде» облысымыздың бір ғасырға жуық тарихы түзілді. 90 жылдың төрінен қарасақ, газет қандай кезеңде, қандай жағдайда болмасын, өзінің дәстүрінен, өзіндік ұстанымынан, қалыптасқан қолтаңбасынан айныған жоқ. Ол — халыққа қызмет ету, халықтан қол үзбеу. «Ақтөбе» осы үрдісте келеді, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени, экономикалық-шаруашылық салаларындағы облысымызда болып жатқан түбегейлі өзгерістерді, жаңалықтарды жан-жақты баяндайды. Халқымызға тіліміз, дініміз, діліміз, қадір-қасиетіміз, ұлттық сана-сезіміміз бен салтымыз, мұра-дәстүрімізді жандандыруға, жаңартуға көмектесуде. Ұлттық дамудың жаңа моделі жүріп жатқанда бұл — өте құптарлық іс.

Мені қуантатыны, күнде өзгеріп жатқан бүгінгідей алмағайып заманда аға буынның — біздің буын мен қазіргі буынның өзара кәсіби тінінің үзілмегені, қайта жалғасып, жаңара, жасара түскендігі. «Ақтөбенің» беделін, абыройын, оқырманға деген адалдығын сақтауда газетте қалыптасқан, дәстүрге айналған жақсы үлгі жалғасын табуда.

Әрине, газеттің алдында тұрған тақырыптар мен міндеттер әрі күрделі, әрі жауапты. Осымен бірге оқырманның талғамы, түйсігі, түсінігі де жоғары. Оны қанағаттандыру, тек қанағаттандыру ғана емес, оның санасына, түйсігіне ой салу, толғандыру қажет етіледі. Журналистер үшін көкейтесті мәселелер көп: соның ішінде халқымыздың материалдық, рухани байлығын қорғау, ғасырдан ғасырға, атадан балаға мұра болып келе жатқан жерді, суды, қоршаған ортаны, жерасты тұнған байлықты сақтау, орынды пайдалану, рухани салада — ұлттық құндылықтарымыз, әсіресе, үйдегі, отбасындағы тәрбие — ізеттілік, инабаттылық,  бауырмалдық сынды ұлттық ерекшеліктерімізді уағыздау, насихаттау…

Ақтөбе өңірі қазір ерекше бір түлеу, жаңару, жасару кезеңін бастан кешуде. Мен аға буын атынан Ақтөбенің қазіргі қаламгерлеріне — қадірменді інілеріме, қарылғаш-қарындастарыма шабытты табыс тілеп, осы бір қайталанбас құбылыс — газетте тарихи шежіре ретінде жазылып қалса деген тілек білдіремін. Ал «Ақтөбенің» қазіргі оқырмандарына айтарым: Сіздердің ата-аналарыңыз қызыға оқыған, оны өздеріне рухани азық еткен, одан күш-жігер алған газетке әрқашан жанашыр болып, оның ақпарат айдынында кемелдене түсуіне үлес қосуларыңызды қалар едім. «Ақтөбе» — қаламгерлердің ыстық ұясы, аяулы алтын бесігі. Лайым, алда да солай болып қала бермек.

Нұрқайыр ТЕЛЕУОВ.

                                          «Ақтөбе» газетінің 1965-1992 жылдардағы редакторы.

 

 

«Ақтөбе» газетінің 90 жылдағы шыққан сандарын еліміз жүріп өткен 90 тарау жолдың толық жылнамасы деуге болады. Талай айтылып жүргендей, баспасөз – өз заманының жыршысы, өз дәуірінің айнасы. Оның әбден сарғайып, ақжем болған парақтары халықтың сол жылдардың қилы кезеңдерге толы тарихынан сыр шертеді.

Біздің ұрпақ қоғамымыздың өткен ғасырдың соңғы 40 жылындағы өмірін жан-жақты жазып кетті десек қателеспеспіз. Құрекеңнің кезіндегі «жылымық», жетпісінші жылдардағы дәуірлеу кезеңі, одан кейінгі жаппай «дефицит» заманы, ақыр-соңы тоқырау белең алған тоқсаныншы жылдар — бәрі де көкірегімізде сайрап тұр. Журналистар қауымы сол уақыттағы идеологияның сарбазы ретінде өзіне артылған міндетті адал атқарды деп айта аламыз.

Бүгінде ол заман көбіне-көп керітартпа кезең ретінде сипатталып жүр. Әрине, уақыт мінберінен кейінге көз тастағанда көп нәрсенің басқаша көрінетіні де рас. Дегенмен, өткеннің олқылықтарына тек журналистерді кінәлі деп санайтын кейбір ұшқары пікірлердің бар екендігін де жасыруға болмайды. Оларға кезінде уақыттың өзі баға беретіні күмәнсіз.

Мұны айтып отырған себебім, біз заман ауысуының нағыз өліара кезеңіне тап келдік. Бұрынғы идеалдарымыз көзден бұл-бұл ұшып, жаңа дәуірдің жаңа лебін бірден сезіне алған жоқпыз. Сол дел-сал күйден Қазақстанның тәуелсіздік алып, өз жеке отауын көтерген қуанышы алып шықты деуге болады. Соның арқасында кеудемізді кере дем алып, тарихымызды қайтадан саралауға, діліміз бен дінімізді тірілтуге, тіліміздің мәселелерін көтеруге мүмкіндік алдық.

Өтпелі кезеңнің өткелі қиын сындарынан өту үшін журналистер қауымы қатты қиналды, қинала жүріп тынымсыз ізденді. Сол ізденістердің нәтижесінде егемен еліміздің жүріп өткен 20 жылдық шежіресін жасай алдық. Бұған газеттің қазіргі ұрпағы, яғни жаңа толқын журналистері өз үлестерін қосып келеді.

Соңғы пікірім — ұрпақтар сабақтастығы жалғасып, өткеннің жақсы жақтары мен тәуір тұстары қазіргі заман талабына сай жаңа қырынан көріне берсе екен деген тілек.

Жас әріптестеріме қарымды қалам, мұқалмас жігер тілеймін!

Қуаныш ТЕКТІҒҰЛ,

                                                  газеттің 1992-1996 жылдардағы бас редакторы.

Құлақ сеніп, көз көрмеген ғажайып жаңалықтарға, ғаламат қырғындарға толы ХХ ғасырдың басты оқиғаларының бірі — Қазан төңкерісі болса, қазаққа көп қасірет әкелген, дінді таптап, ділді жаныштаған сол Қазан төңкерісінің бір игілігі — халықты сауаттандыру еді. Сауат арқылы партиялық үгіт пен насихатты жүргізудің күшті құралы — баспасөзді жандандыруға да ерекше көңіл бөлінді. «Ақтөбенің» түпатасы «Кедей» газеті — сондай тұста, сондай мақсаттан дүниеге келген басылым. Солай екен деп, газеттің бастапқы кезеңіне «большевизмнің жаршысы болды» деген тұрғыда ғана, біржақты баға бере алмаймыз, осы басылым беттерінде сол тұста ұлт мүддесін көздеген, ел-жұртын үлкен мұраттарға жетелеген зиялыларымыздың үні, ізі қалды. Әйгілі лингвист-ғалым Құдайберген Жұбанов, жазушы Жиенғали Тілепбергенов, заңгер Мырзағұл Атаниязов «Кедейде» белсенді қызмет етті. Бұл тұлғалар кейін қуғын-сүргіннің, аштықтың құрбаны болды. Газеттің берідегі редакторларының бірі Смағұл Мұқашев та  сталиндік айдаудың азабын тартқанын оқырмандар біледі. Жұртын жаңа өмірге жетелеп, талай қажырлы, тәуекелді істер атқара жүріп, қуғын-сүргіннің құрбаны болып кеткен газет қызметкерлерінің тізімі осы есімдермен шектелмейді.

Газеттің қай кезеңде де шама-шарқынша ел болу мұратына қызмет еткенін жоққа шығару мүмкін емес.

Тоқсан жыл — шамамен үш ұрпақ алмасатын ғұмыр. Осынша уақыт бойы өңірдегі қазақ тіліндегі басты газет болып келе жатқан басылым арқылы жұртшылық Әлияның ерлігін, Шығанақтың рекордын біліп, мақтан тұтты, берідегі қоғамның оптимизм мен энтузиазмға толы жылдарындағы жасампаз істерге де осы газет арқылы куә болды. Ел егемендігін алғаннан кейінгі қиын тұстарда газет қызметкерлері қалың бұқараның көп қиындығын бөлісе жүріп, қажет жерінде жәрдемін де бере жүріп, «ел жаңарып, қазан алмасқан» күрделі кезеңде қандай қоғамда да кездеспей қоймайтын келеңсіз көріністерді күн сайын тізіп, солар арқылы оқырманын жасыта бермей, қайта өмірдегі жылт еткен жақсы істер, жақсы мысалдар арқылы көпшілікті жігерлендіруге назар аударды.

Өңірдің жылнамасын тұрақты түрде жазып келе жатқан қадірлі басылымның бүгінгі қызметкерлері де алдыңғы толқын ағалардың жақсы істері мен мұраттарына барынша адалдық танытып, елдік мүддеге қызмет етіп келеді. Істеріңіз жемісті болғай дейміз!

 

                                                                                                      Идош АСҚАР,

                                           «Ақтөбе» газетінің 1996-2000 жылдардағы редакторы.

 

2004 жылдың санаулы бір кезеңінде облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы болғанымды өз өмірімнің мағыналы бір сәті деп санаймын. Ілгеріректе Қарабұтақ, Хромтау аудандық газеттерінің редакторы болып, журналист ретінде елмен жүздесіп, қалам қуатын, сөз салмағын азды-көпті сезініп жүретіндіктен де болар, облыстық басылымға басшылық жасау жауапкершілігін алғашқы күннен-ақ байқадым. Және соған сай ұмтылыс жасап, еңбек етуге тура келді.

Сол тұстарда газетте «Әліпбилік реформа қажет», «Қуыршақ театры — баланың ойыны емес», «Сөз зергері Ашубай», «Тегеурінің қалай, теңге?» деген сияқты оқырман назарын аударатын ойлы дүниелер біршама жарық көргені жадымда қалыпты. Бұл газетте әбден қалыптасқан, тақырыптарын тапқан кәнігі журналистер шоғырының бар екенін көрсететін жайт еді.

Газетте басшы болу шығармашылық жұмыстарды ұйымдастыру ғана емес, ұжымның алдында тұрған материалдық, басқа да өзекті мәселелерді шешу. Осы тұрғыдан да азды-көпті қадам жасап үлгерген секілдімін.

Қазір де «Ақтөбе» газетімен берік байланыстамын. Журналист бауырларымның қаламдарының ұшты болуына, уақыт талабымен қатар адымдап, ойлы оқырмандарының мол болуына тілектестігімді білдіремін.

 

Қасымжан БАЙСАДАҚОВ,

«Ақтөбе» газетінің 2004 жылғы бас редакторы.

 

 

Нұқы Қартбайұлы:

«Алдыңғы толқын ағалардың өнегесі бөлек еді»

 

Кеңес заманында  газеттің беделі, рөлі керемет болды. Шетімізден атеиспіз, бет түзейтін құбыламыз,  құдай кешірсін, Алла емес, Маркс пен Ленин болды. Лениннің журналистерді халық мүддесін ойлау жағынан алғанда қоғам қайраткерінен, әр нәрсені тереңнен зерттеуге келгенде ғалымнан, көркем сөзді мың құбылта пайдалануда жазушыдан қалыспайды дегенге саятын  сөзі бар-тын. Бұл сөздің жаны бар, әрине.

Біздің кезімізде газетке үлкен мән берілді. 1961 жылы  КазГУ-дің журналистика факультетін тәмамдап, дипломыммен қоса Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің үгіт және насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Саттар Имашевтің қолы қойылған, облыстық партия комитетінің атына жазылған жолдамамен Ақтөбеге келдім. Бірден газетке емес, облыстық партия комитетінің бөлім меңгерушісі Мұқанбетқазы Тәжинге бардым. Әуелі Хромтау аудандық, кейін өзіміздің облыстық газетте жұмыс жасадым.

Адам кейінгі өткен ғұмырына бір шола қарағанда, көңілін мақтаныш сезімі билейтін немесе дәтке қуат ететін нәрселері болады.

«Актюбинский вестник» газетінде облысқа танымал  Николай Хан деген журналист арыз-шағым айтып, әділдік іздеп келетіндерді қабылдап отыратын. Ал «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінде шешуін таппай жатқан даулы мәселелермен адамдар маған да жиі бас сұғатын.  Октябрь (қазіргі Мұғалжар) ауданынан Қызылбасов деген оқырманның бір даулы мәселемен редакцияға «Жолсапар шығынын өзім көтеремін» деп жеделхат жолдап, мені арнайы  шақыртқаны есімде. Сондай-ақ, журналист әріптесіміз Нағашыбай Нұрпейісовтің баласын біреулер өлтіріп кетіп, сол жайдың да анық-қанығына көз жеткізіп, «Алабұта да ащы жерге бітеді» деген  мақала  жазғанмын. Журналиске өткір мінез керек, адамдардың тағдырына жанашырлықпен араласса ғана  сенімге ие болады.

Екіншісі — Ақтөбе облысының журналистерінің ішінен бөтен облысқа барып, Торғай облыстық «Торғай таңы» газетінде үш жылдай бас редактор болғаным.

Ақтөбеде «Болат жол»-«Стальная магистраль» газетінде редактор болып тұрғанымда, Жұбаныш Байгуринов, Әлімбай Ізбай, Амантай Өтегенов сияқты кейін бір-бір газетті басқарған журналистерді жұмысқа алдым. Амантайға екі бөлмелі пәтер алып бердім.

Енді жас кезімізде үлгі-өнеге алған ағаларым туралы айта кету парызым деп санаймын. Аузынан әзілі түспейтін, шаршап тұрған кісінің жанын жадырататын қасиеті бар Хасен Наурызбаев, жаны жайсаң Дербісәлі Ниязбаев, Кәрім Ержановтар сияқты ағаларымыздың бітіріп тастаған оқулары жоқ болса да, жауапкершіліктің академиясынан өткен мықтылар еді. Сталиннің қатаң режимінен өткен ағаларымыздың тәртіптері қандай еді?!  Біз жұмысқа таңертеңгі тоғызда келгенде ол кісілер орындарында отыратын, ал кешкісін сағат алтыдан кейін барып орындарынан қозғалатын. Еңбекқор, шыдамды, қайырымды кісілер еді. Біздер сағат бес болғаннан бастап тыпыршып, кетіп қалудың ретін іздеп тұратынбыз. Тағы бір қасиеттері — өздерінің көзі анық жетпей тұрған нәрсені бір-бірінен сұраудан, түзетуден жалықпайтын.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

 

Газеттің де штабы бар

 

Мен «Ақтөбе» газетінде 1981 жылдан 2005 жылға дейін, яғни ширек ғасырдай уақыт секретариатта жауапты хатшының орынбасары, жауапты хатшы болып еңбек етіппін. Газеттің штабы саналатын бұл бөлімдегі тіршілік қашанда қарбаласқа толы.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында газеттің таралымы көңіл көншітпеді, басқа да қиындықтар кездесті. Журналистер төрт-бес айлап еңбекақы алмай жұмыс істеді.

Біздер әр мекемені аралап, басшыларымен келісімшартқа отырдық. Олардың жарнамаларын жариялап, соның есебінен материалдық жағдайымызды түзеуге бағыт ұстадық. Сол кездегі мекеме-кәсіпорындарды басқарған қазақ азаматтарының көпшілігі қазақ газетінің жағдайына түсіністікпен қарап, қол ұшын созғандары жадымда сақталып қалыпты.

Бұрын қалам ұстап қана кәсіп қылған әріптестеріміз нарық талабын тез түсініп, өзара есеп айырысу, басқа да экономикалық ұғымдарды меңгеріп, табыс табудың жолдарын іздестірді.

Шүкір, сол бір қиын кездер де артта қалды. Қазір редакцияда негізінен жаңа толқын жұмыс істеп жатыр. Олардың алдында жаңаша міндет тұр.

«Ақтөбеміздің» айбыны арта берсін! Алдағы күндер газет беттерін жарқын жаңалықтарға, жақсы хабарларға толтыра берсін!

 

Ұзақбай ТӨЛЕБАЕВ.

Кәсібімнің мектебі

 

Мен «Коммунизм жолы» газетіне өткен ғасырдың жетпіс алтыншы жылы республикалық «Лениншіл жастан» (қазіргі «Жас Алаш») ауысып келген орта буынға жақын кадрлардың бірімін. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін жаңа ғана бітірген өрімдей жас жігіт Серікқали Байменшин екеуміз қызметке бір күнде қабылдандық. Оған газеттің ауыл шаруашылығы бөлімінен, маған насихат бөлімінен орын тиді.

Сол кездерді еске алғанда газеттің хат бөлімінің жұмысына ерекше тоқталғым келеді. Бұл — «газет — оқырман» принципімен бұқараға етене жақындай түскен тұс. Осы тұрғыда газеттің хат бөліміне хабар салушылар да, өз аяғымен келушілер легі де толастамайтын. Мен білетінде бұл бөлімді Дүйсенғали Мұқаев, одан кейін Әбдікамал Амандықов, Сағымбай Сембаев басқарды. «Хат соңында адам бар» деген ұстаныммен әрбір мәселе тиісті шешімін тауып жататын. Тиісті билік орындарынан шаруасы шешілмеген еңбек адамы салып-ұрып газетке келетін сол кезде. Журналистердің араласуымен қаншама арыз-шағымдар жедел қаралып, олардың иелері әріптестерімізге алғыс-рахметтерін айтып жататыны қазір де көңілімде сайрап тұр.

«Бір хаттың ізімен» деп аталған айдарымыздың ықпалы күшті еді. Мақала газетте жарияланған соң аудан деңгейіндегі, облыстық басқарма басшылары жауап беріп, соған байланысты шара қолданатын. Байқуан Біржанов, Сәндібай Боқанов секілді штаттан тыс тілшілеріміз күн құрғатпай хабарласып, хабар-ошарларын жолдап тұратын.

Мен облыстық газетке дейін аудандық, республикалық газеттерде, телевизияда азын-аулақ жұмыс жасап, қаламын ұштаңқырап келген адам едім, бірақ бұның бәрі болдым, толдым деуге әлі жеткіліксіз болатын. Негізі қалыптасу, шығармашылық жағынан да, журналистік ұстаным, сабыр-салмақ жағынан да кәсіптік бірден-бір мектебім осы облыстық газет дер едім.

Алдыңғы лектен Смағұл Мұқашев, Дербісәлі Ниязбаев, Лұқпан Жұмабаев, Көмекбай Оразниязов, Дүйсенғали Мұқаев, Таңатар Шаңбатыров сияқты ағалармен азды-көпті қызметтес болудың сәті түсті. Смағұл ағаның байсалдылығы, ұстамдылығы, Лұқпанның бір орыннан қозғалмайтын еңбекқорлығы, Дүйсекеңнің мызғымас табандылығы, Әкімжанның қандай да мәселені ың-шыңсыз оңды шеше қоятыны маған үлгі-сабақ болды.

Әкімжан Оралбаев туралы осы арада бөліп айтуыма тура келеді. Ол журналистиканың жампозы еді. Маған байыптылығы, өзара пікірлесіп отырып, алға жетелейтіні, мақаланы қараудағы ұқыптылығы ұнайтын.

Өзімді осы газетті қалыптастырған аға буынның ісін жалғастырушы болдым деп санай аламын. Қандай жағдайды да әріптестеріммен бірге өткердім. Жетпіс екі жасқа дейін қызмет жасап, ұжымның ақсақалы дәрежесіне жеттім. Жетпіске толған мерейлі тұсымда ұжым астыма жеңіл көлік мінгізіп, шағын кітабымды шығарып берді, газеттің айқара бетінде ыстық лебіздерін айтты, марапат сөздерін жеткізді. Сол үшін Мейірхан Ақдәулетұлы бастаған ұжымға деген алғыс сезімім ешқашан көмескі тартпайтыны анық.

Зейнеткерлікке шығу — қатардан шығу емес. Түсінген адамға «Ақтөбе» газетінің екі командасы бар. Бірі — қазіргі қалам ұстаған ұжым да, екіншісі — қаламы төсқалтада жүрген ардагерлер тобы. Футбол тілімен айтқанда, мен де сол топтың запастағы қаламгерімін.

 

Аманкелді СМАҒҰЛОВ.

Алғашқы қадам

 

Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілген кезі – 90-жылдардың «топалаңы» басталған шақ. Әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетін әжептәуір тәмамдасам да, табақтай дипломды сандық түбіне тастауға тура келген…

Аяқ астынан дәм тартып Алматыға жол түсті. Алатаудың баурайына жетіп тұрып, қарашаңырақ — КазГУ-ге қалай бас сұқпассың? Таныс дәлізбен бойлай отырып, «Мерзімді баспасөз» кафедрасының есігін аша бердім. Үстел басында қанатын қомдаған бүркіттей, «мықшеге» атанған деканымыз — Темірбек аға Қожекеев отыр екен.

— Пәлі, Басығараевамысың, әй!— деді өзіне ғана жарасымды «шаңқ» еткен дауыспен. Жазбай танығанына тәнті болдым.

— Ал, бала, қайдан жүрсің?

Сол қолын орындығының арқалығына асып қойып, бір қырын отырған қалпы «тергеудің» астына алсын. Ара-арасында «іммм…» дегеннен басқа ләм демейді. Көңілі көншімеген сыңайлы.

— Үміт күткен балалардың бірі едің. Ауылда қалып қойғаның жарамаған екен, —деді сәлден соң.

— Ағай, облыс орталығына қоныс аудармақ ойым жоқ емес, бірақ…  Облыстық газет мендей қара жаяуға жалын ұстатар дейсіз бе? — дедім күмілжіп.

Темкең сол жерде осы кафедраның ұстазы Үмбетбай Уайдин ағамызды шақырып алып, облыстық газеттің редакторына хат жазуын өтініп еді…

Сол жылы «ақтөбелік» те атандым. Аңсарыма айналған облыстық «Ақтөбе» газетіне жұмыс сұрай келдім. Редактор Идош Асқардың сынағы да, сауалы да осал болмады. Жазған мақалаларымды сұрайды. Бір-жар дүниелердің бары рас еді, бірақ құнттап жинамағаныма өзімнен басқа ешкім кінәлі емес қой. Жауап қата алмадым. Бар айтқаным «Ағай, сіз маған жазуға мүмкіндік берсеңіз, өкінбейсіз, сөзіме сеніңізші» деймін. Араға бір–екі апта салып қайта барғанмын.

…Сөйтіп, газеттің қызығы мен шыжығына мидай араласып кете бардым. Мұнда 1997 жылдан 2001 жылға дейін жұмыс істедім. Сол жылдардың айғағы — мақалаларымның топтамасы талай жайлардан сыр шертеді. Бірі Алға балалар үйіндегі қаракөздердің мұңын айтса, бірі темір тордың арғы жағына жазатайым тайып құлаған жан жайлы, енді бірі «құлбазар» хақында. Ал өңір журналистикасының абызы атанған Смағұл Мұқашев тоқсанға толғанда берген мына бір сұхбаттың жөні тіпті бөлек…

Сол тоқсан жасқа бүгін «Ақтөбеміз» толды. Құтты болсын! Торқалы тойда ақтарылар ақ тілек көп. Бастысы — аяулы басылымның жазары толастамасын, базары тарқамасын!

 

Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button