«Ақтөбе»-90

Сенімді сырлас, рухани серік

Баспасөз адамның көңіл күйін оятып, сезім сырларына қозғау салмай ма? Соның ішінде жергілікті басылым өмір сүріп жатқан ортаң жайында, қоғамдық өмір кеңістігі туралы мағлұмат беріп, жан-жағыңа ойлана қарауға ықпал етпей ме?

Міне, 90 жылдық тарихы бар «Ақтөбе» газеті облыс, қала тұрғындары үшін ақпарат көзі ғана емес, барша-қоғамдық өмір, ауыл-аймақ, әдеби, мәдени өмір кеңістігі, мақсат-міндеттер жайында, тарихи тұлғалар, өткелдер туралы да мағлұматтар беріп, ой-өрісімізді кеңейтіп отыратын басылым екені сөзсіз.

Мен бұл газетті көптен бері жаздырып аламын. Ара-тұра өзім де мақалалар жазып тұрамын. Оған да себеп болған сол газеттің тілшісі еді (аты-жөні есімде қалмапты). Сабақ үстінде редакциядан мені біреу іздеп келіп. «Сіз ақын Ілияс Жансүгіровтің шығармашылығы жайында мақала жазып беріңізші!» — деп өтінді.

Мен бұрын күнделік пен амандық хаттан басқаны жазып көрмесем де, біраз күнде дайындап апарып бердім. Ол «Асқақ дарын, асыл азамат» деген тақырыппен басылып шықты («Коммунизм жолы» 29.05.1965 жыл).

Әрине, кім болса да, сол адамға ризамын. Содан былай қарай «Ақтөбе» сенімді сырлас, рухани серігіме айналды.

Мен ақын-жазушылардың шығармашылығы, баспадан шыққан кітаптары жайында жазып тұруды әдетке айналдырған едім. Бұл әдетім, жиі болмаса да, тым ұзаққа созылған-ды. (Кейін кітап шығарғаным бар…)

Сондай-ақ, мен ана тіліміздің қадір-қасиеті, қасіреті жайында жазып тұрдым. Бұл бағыттағы алғашқы мақалам «Ана тілін қастерлеу — азаматтық борыш» деген тақырыппен 1970 жылы 11 қарашада жарияланған болатын. Кейін осы бағыттағы облыстық байқауда «Қазынаға иелігіміз қандай?» деген мақалам үшін жүлделі орын алғаным да бар («Ақтөбе» 27.08.1998 жыл).

Бұл басылымда қай кезде де біраз ақын-жазушылар, талантты журналистер қызмет істеген. Олардың бәрін атап шығу көп уақыт алар еді…

Есімде қалған тағы бір сәт бар. Бірде маған Төребек Досқалиев: «Апай, сіз көптен бері жазып жүрсіз. Сол жазғаныңызды аздаған өзгерістермен неге республикалық басылымдарға жібермейсіз?» — дегені бар. Содан кейін мен жазғандарымды басқа басылымдарға да жіберетін болып едім. Ал бірақ «Ақтөбемен» жақындығым өз аладына. Сиректеу болса да, бұл газетке мен 40-50 жылдай жазған екенмін. Газеттің әрбір санын асыға күтіп, сәл кешіксе, байланыс бөлімін мазалайтыным да бар.

Батыс өңірі таланттан ешқашан да кенде болған емес. Қазір де «Ақтөбе» газетін белгілі қаламгерлер басқарып, онда білімді де білікті журналистер қызмет етуде.

Өзім бауыр басқан «Ақтөбенің» шығарушылар алқасын 90 жылдық торқалы тойымен құттықтай отырып, дендерінің сау, отбасылары аман болып, қаламдарының үшкірлене беруіне, әрдайым жұртшылықтың көңілінен шығуына тілектестігімді білдіремін.

 

Зоя Әбілғазықызы БІРӘЛІ,

ардагер ұстаз.

Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері,

«Құрмет белгісі» орденінің иегері.

 

Облыстық, аудандық  газеттерді  соғыстан бұрынғы жылдардан бастап оқыдық. «Социалдық жол», «Социалистік  жол» болып шығып тұрды. Темірдің аудандық газеті «Социалистік майдан» деп аталды. Облыстық газеттің біз оқыған кездегі алғашқы редакторы Қожамұратов еді, кейін Мұқашев болды. Алтықарасуда жұмыс істеп жүріп, мен 1939-1940 жылдары Ойыл аудандық комсомол комитетіне қызметке ауыстым. Бірақ ұзақ болмадым, қайтадан Алтықарасудың селолық тұтынушылар қоғамына жұмысқа оралдым. Осы қызметтен 1942 жылдың қаңтарында соғысқа аттандым. Облыстық газетті ілгеріректен білетінімнің бір себебі, менің немере ағам Жарылғас Нұрғожин соғыстың алдындағы және соғыс жылдарында облыстық газеттің Ойыл мен Қобда ауданындағы меншікті тілшісі болды. Сол кезде тілші деген құжаты бар еді, талай көрдім. Есімі қазір аталмайды, бірақ облыстық газеттің мұрағатында, тігінділерінде болу керек. Менің жасым 92-де, сонда шамамен 75 жылдай облыстық газетпен жолдас болып, үзбей оқып келе жатырмын ғой, ұзақ жылғы серігім. Әр жағында өзім жаздырып алып жүрдім, қазір соғыс ардагері ретінде жеңілдікпен аламын. Газет беттерінен облысымыздың ірі тұлғалары, көрнекті ардагерлері туралы жазылған мақалаларды оқимын, өзіме таныс есімдерді іздеймін.

Тоқсан жылдығы газеттің құтты болсын, алда да ғұмыры  ұзақ болғай деп батамды беремін!

 

Айтбай АЛМАҒАМБЕТОВ,

Ұлы Отан соғысының ардагері.

Темір ауданы.

 

Алпысыншы жылдардың соңында Атырау облысынан жұмыс бабымен Ақтөбеге ауысып келіп, қаладағы қазіргі дарынды балалар интернатына тәрбиеші болып орналастым. Бұрынғы қалыптасқан дағдым бойынша бұл жақта да облыстық газетті жаздырып ала бастадым.  Бірде жасы өзіммен шамалас журналистерімен таныстым. Солар маған жазуға бейімділігің бар екен деп өтініш жасап, өзім жұмыс жасайтын мектептің, қаланың өмірінен ептеп газетке жаңалықтар ұсынып жүрдім. Бір таңғаларлық жағдай, газетпен осы байланысым менің қызмет бабында өсуіме де ықпал етті. Есімімді баспасөзден көріп, облыстық оқу бөлімінің меңгерушісі (ол кезде осылай аталатын)  Ниетжан Беріков ағамыз Қобда ауданына мектеп директоры етіп жіберді. Сонда жүріп Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы кеңшардың партия комитетінің хатшылығына сайландым. Содан бастап, міне, қырық жылдан асты батыр апамыздың шырақшысы сынды болып келемін. Бұл жұмысымда да газеттің көп пайдасы тиді. Бір сөзбен айтқанда, облыстық «Коммунизм жолы», кейін «Ақтөбе» газетінен  қол үзіп көргенім жоқ. Сол күні шыққан газет нөмірін қолыма алмай, түскі асымды ішпеймін. Сүйікті басылымымды бұлай оқу өз алдына, газет редакциясына соқпайтын күндерім сирек. Онда бір кездерде өзім қадірлейтін ағаларым, қатарларым  жұмыс істесе, қазір өзімді сыйлайтын іні-қарындастарым қызмет атқаруда. Соларға барып өзім басқаратын қоғамдық бірлестіктің жаңалықтары, атқарған жұмыстары туралы хабарлауға асығамын, олар да ықыласпен күтіп отырады. Сондықтан бұл шығармашылық ұжымының қуанышын өз қуанышымнан бөліп қарай алмаймын. Оларға айтар тілегім де, алғысым да шексіз. Әрдайым биіктен көрініп жүрсін! «Ақтөбе» — менің өз газетім.

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС,

Әлия, Мәншүк «Қос шынар»

 қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button