«Ақтөбе»-90

Таза туынды, келісті дүние

Кезінде «Ақтөбе» газетінде қызмет жасаған жазушы Қажығали Мұқанбетқалиұлының «Тар кезең» романы туралы айтылған пікірлер баршылық. Солардың бірі — билік басында жүрсе де әдеби-мәдени өмірге өте сергек қарайтын, білімді де білікті азаматтарымыздың бірі Мұхтар Құл-Мұхаммед шығарма авторына жолдаған хат. Сол хатты «Қазақ әдебиеті» газетінен көшіріп басып отырмыз.

Құрметті Қажеке!

«Тар кезеңді» аса зор ықыласпен оқып шықтым.

Ел тәуелсіздік алғаннан бері тарихи та­қырыпқа жазылған шығармалар аз болған жоқ.
Тарихи роман әрбір жазушыдан аса үл­кен дайындықты, зор жауапкершілікті талап етеді. Өкінішке орай, кейде уақыт­тың, кейде білімнің, ал енді бірде данышпан Абай айтатын «ыждағат пен мех­нат­тың» кемдігінен сол шығармалардың шы­найы тарихтан ауылы тым алшақ жа­та­­тыны жасырын емес. Тіпті, мектеп оқу­шысы еркін меңгерген хресто­ма­тия­лық оқи­ғаларға арналған кейбір «тарихи» туын­дылардың тіні бостығы соншалық, жіп­тің ұшын тарта қалсаң, сюжеті саудырап шыға келеді.
«Тар кезеңге» зор дайындықпен кел­гендігіңіз алғашқы тараудан-ақ бірден көрініп тұр.

Әуелі Екатерина патшайым тұсындағы орыс тарихын егжей-тегжейлі зерттеп­сіз.

Бұл — орыс тарихшылары егжей-тег­жей­лі жазған тақырып. Менің бір байқа­ға­ным: Сіз Кеңес дәуіріндегі зерттеулермен шектеліп қалмай, кейінгі 20 жыл ішін­де ресейлік тарихшылар ғылыми ай­налымға қосқан жаңа еңбектерді де зер­делеп шығыпсыз.

Екіншіден, Екатерина заманындағы Санкт-Петербург тарихын, тіпті оның архитектуралық кескін-келбетіне дейін жан-жақты зерттегеніңіз көрініп-ақ тұр.

Үшіншіден, патшайым билік құрған тұс­тағы орыс қоғамының саяси-әлеу­мет­тік жағдайы, әскери күш-қуаты, империя саясатына әсер етуші күштердің ара салмағы, фаворитизмнің жай-жапсарына дейін мұқият қарастырып, көз майын тамыза талай кітаптарды ақтарғаныңыз айқын аңғарылады.

Төртіншіден, орыс-түрік соғыстары­ның тарихын тым терең қазбаламасаңыз да көзіқарақты оқырман бірден бай­қай­тын қалың бояу, әсерлі штрихтармен мәселенің түп-төркінін аша білгенсіз. Жал­пы, романның бұл қырын қазақ прозасына Сіз әкелген тың тақырып ретінде бағалауға болады.

Бесіншіден, Қырым хандығының құ­лауы ғана емес, Ноғай ордасының ыды­рауы, Қазан, Астрахань хандық­тарының, Терістік Кавказ жұртының, тіпті Грузия­ның отарлануы да назарыңыздан тыс қал­мапты. Әрине, қазақпен тағдырлас, қоңсылас елдер болғандықтан романның осы тұсын тарата түсуге болар еді (дерек­терді ықшамдап беруіңізге қарай қолда жеткілікті материал болғаны сезіліп тұр), бірақ тақырыптан ауытқымау үшін тым қысқа қайырғаныңыздың себебін де түсіндім.

Алтыншыдан, Сіз роман арнаған ке­зең Кіші жүз қазақтарының ғана емес, жал­пы Қазақ қоғамы үшін өте күрделі ке­зең болып табылады. Бұл туралы ғы­лы­ми пікірдің өзі де әлі бір жүйеге түсе қой­ған жоқ.
Тәуелсіздік жағдайында жазылып, жа­рық көрген көне заманнан күні бүгін­ге дейінгі «Қазақстан тарихы» атты 5 том­дық іргелі еңбектің 3-томындағы «Нұр­алы хан билік еткен жылдардағы Кіші жүздегі сая­си жағдай (1749–1786)» атты параграфты мен жазған едім. Тақырыпты мең­­­герген тарихшы ғалым ретінде Нұ­ра­лы хан билік құрған кезеңге Сіз берген көр­кемдік интерпретацияға толық қо­сыламын.

Жетіншіден, Нұралы ханның өзі өте қай­шылықты тұлға. Атам қазақ айтса айтқандай-ақ, «жақсы әкенің аруағы жа­ман ұлды 40 жыл сақтаса», тура Нұр­алыны Әбіл­қайыр хандай әкенің аруағы хандық би­лікте тұп-тура 38 жыл сақтаған екен. Сон­дықтан Нұралы ханның Сіз сом­даған об­разы да ащы да болса ақи­қат шындыққа негізделген деп ашық айта аламын.

Сегізіншіден, романда қанша отаршы болса да шведтің ақсүйек тұқымынан шығып, бекзат болмыс-бітімін сақтаған Игельс­тром сияқты жаңашыл тұлғаның образы да барынша шынайы сомдалған. Шындығында, орыстың надан помещигінің отбасында өсіп, ашықтан, ашық тонау, талан-тараж бен озбырлыққа негіз­делген саясат жүргізген өзімшіл Неп­­люевпен салыстырғанда Игельстром жүргізген ре­форма хандық билікті жойып, отаршыл ап­параттың ықпалын күшейтуге бағыт­талса да қазақ қоғамын европалық жүйе­­мен жаңартуға негізделген алғы­шарт қалыптастырды.

Тоғызыншыдан, Сырым батыр мен оның төңірегіне топтасқан Кіші жүздің игі жақсыларының портреттік галереясы да өте сәтті шыққан.

Портрет дегеннен шығады. Романның кей­бір беттерін оқығанда Сіздің оқи­ғаны жіктеп, жіліктеп жазғаныңыз сон­ша­лық — авансценасы да, мизансценасы да қол­мен қойғандай драмалық шығарма неме­се киносценарий оқып отырғандай әсер­де боласың. Бұл – автордың ерекше ұқып­тылығының белгісі деп білемін.

Романда сол игі жақсылар қоныс­тан­ған өзіңіз айтатын «атакүлдік» мекен­дер­дің ойы мен қыры, суы мен нуы туған жер, өскен ортаға деген аса зор махаббатпен суреттелгенін ерекше атап өткен жөн деп білемін.

Романның байыпты, байсалды стилі де өте ұнады. Ұмытыла бастаған көптеген көне сөздерді тірілтіп, өзгеше реңкте ор­­нымен қолданғаныңыз да сәтті шық­қан.
Шағын хатта күрделі шығарма туралы барлық ой-пікірімді айтып шығу мүм­кін болмас. Бәлкім, кейін кездескенде кеңі­рек пікірлесудің реті келер. Әзірге

ай­тарым: «Тар кезең» тәуелсіздік тұсын­дағы қазақ тарихи прозасының ешбір талассыз үлкен табысы деп білемін.

Тағы бір байқағаным: романның жал­ғасы бар сияқты. Кемінде тағы бір томға ер­кін жететін материал жинап, жоспар құр­ғаныңызды аңғарған сияқтымын. Тіп­ті, Бөкей мен Жәңгір билік құрған ке­зең­дерге де бір-бір томнан арнасаңыз, төрт томдық эпопея болып шығуы да ға­жап емес. Толстойды оқып өскен қазақ ре­тінде «оған уақыт қайда» дегеніңізбен келісе қоймаспын.

Қалай дегенмен де, толымды тарихи ро­ман дүниеге келіпті. Қойыртпа, қос­па­сы жоқ таза туынды. Көркем, келісті дү­ние.

Өзіңізге құтты, халқыңызға қайырлы бол­сын!

Оқырманы мол болғай!

Құрметпен,
Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button