«Ақтөбе»-90

Облыстық газет тілшісі болу — мәртебе

Мен облыстық газетті бұрынғы облыстық партия комитетімен теңестіремін. Бас редактор және бірінші хатшы. Екеуі де өз саласының биігіне шыққан тұлға. Сонау алпысыншы жылдары облыстық газетке тілші болып орналасу өңірден ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірген бес-алты түлектің бірлі-жарымына ғана бұйыратын қызмет еді. Мен Торғай облысы жабылғасын 1988 жылғы маусымда «Коммунизм жолымен» «жүріп» өтіп, енді ғана «Ақтөбе» атанған газет редакциясының босағасын имене аттадым.Газеттің бас редакторы, білікті журналист Нұрқайыр Телеуов аға жылы қабылдап, облыстық газеттің Ленин ауданы бойынша меншікті тілшісі етіп тағайындау жөнінде бұйрық берді. Қазақ мемлекеттік университетінде сырттай оқып жүргенде жерлес ретінде танысқан Аманғос Орынғалиев, партия мектебінің «қызығын» бірге бөліскен Ұзақбай Төлебаев жақын тартып, тілектерін білдіріп жатыр.Батамшаға алғашқы іссапарға шықтым. Уақыт талабы — таптаурын жолдан шығып, материал жаңаша жазылуы керек. Қалай? Үш күн ойланып-толғанып қағазға үңілгенім есімде. Ақыры тапсырдым бас редакторға! Шүкір, жаман бағаланған жоқ.

Отбасы Арқалықта. Түске дейін редакция кеңсесінде алаңсыз отырып, түстен кейін «бүгін қайда қонатынымды» ойлайтынмын. Автокөлік кәсіпорны кәсіподақ комитетінің төрағасы Қуаныш Әлжанов өз демалыс үйлерінен жолдама алып беріп, көп көмектесті. Мұны айтып отырғаным, сол шақтағы журналистердің бәрі менің жағдайымды бастан кешірді. Шыдады. Күй таңдаған жоқ. Сөйтіп жетілді. Елге танылды.

Қазір газет көп. Бірақ облыстық «Ақтөбе» газеті дарабоз. Тұрпаты ірі газет. Онда жұмыс істеу, «Ақтөбенің» атынан елге шығу үлкен жауапкершілік жүктейді.

«Ақтөбе» газеті — бұқараның көзі мен құлағы. «Бұқара» айқара беті ғана емес, газеттің әрбір материалынан, әрбір сөзінен осы ұстаным айқын көрінеді. Бұл дәлелдеуді қажет етпейді. Облыстық газетте оқылмайтын материал жоқ. Парламент, үкімет материалдарын, қаулы-қарарларын оқып ал да, өзің пайымда. Не орындалып, не орындалмай жатыр? Көзі қарақты, білімі жан-жақты оқырман бәрін өздері зерделейді.

Өз басым газеттің құттықтаулары мен көңіл айтуларын толық қарап шығамын. Таныстарымды қуаныштарымен құттықтап, қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Газет бәрін есіңе салып отырады.

Газеттің тоқсан жылдық тарихын қамтыған кітап пен фотоальбом әзірленіп жатыр деп естідім. Құтты болсын! Өзіме өте жақын, «Ақтөбе» газетіндегі әріптестерімді, газет ардагерлерін шын көңілден құттықтаймын. Облыстың бас басылымында қиын жылдары қызмет істегенімді мақтан тұтамын.

 

            Айдос ШӨКІШ.

 

Жұртшылықтың жан серігі

 

Журналистикада сала бойынша мамандану деген бар. Мен ұзақ жылдар бойы облыстық телерадио комитетінде қызмет істеп, қатардағы редактордан компания төрағасының орынбасары дәрежесіне дейінгі жолдан өттім. Ал тоқсаныншы жылдардың соңына қарай облыстық «Ақтөбе» газетінде қызмет істеу мүмкіндігі туды.

Телевизия мен газет — жалпы бұқаралық ақпарат құралдары болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар. Сондықтан бастапқыда іштей қобалжу болғаны рас. Дегенмен, бұрыннан қатар жүрген азаматтармен тіл табысып, редакцияның алдындағы міндеттерді орындауға кірісіп кету қиындыққа соға қойған жоқ.

Мен бас редактордың орынбасары ретінде газетке жазылуды ұйымдастыру, басқа да шаруашылық мәселелерін шешуді қолға алдым. Көптеген ірі кәсіпорын-мекемелермен іскерлік байланыс орнаттық, бұрын қазақ тіліне шекесінен қарап келген шенеуніктер тәуелсіздік талаптарын түсіне бастады. Сөйтіп, газетіміздің беделі артып, жазылушылар саны арта түсті.

Алып компаниялар өздерінің жарнамаларын біздің газетімізге әкелетін болды. Мұның барлығы журналистеріміздің бірлесе жұмыс істеуі нәтижесінде туындаған жаңалықтар.

Мен кейін басқа қызметтерде болғанымда да «Ақтөбе» газетінің әр санын асыға күтіп, өз әріптестерімнің, кейінгі жас толқынның жазғандарын қызыға оқып, көп мағлұмат алып тұрдым.

«Ақтөбе» — жалпы жұртшылықтың жан серігі, сенімді жолдасы іспетті. Алғы күндерде де сол достық нығая бергей.

Аманкелді МЕКТЕПБАЕВ.

Ыстық ұя

 

Тоқсан жылдығын тойлап отырған «Ақтөбе» газеті талай жас журналистің қалыптасуына, қаламының қатаюына жол ашқан байырғы басылым. Мен де 1980 жылы КазГУ-ді бітіріп келіп, еңбек жолымды осы газеттен бастағанымды қазір сағынышпен еске алып отырамын.  Сол кездегі «Коммунизм  жолы» газетінің бас редакторы Телеуов Нұрқайыр аға  университет қабырғасынан енді ғана шыққан мені жұмысқа қабылдағанда аз-кем қобалжығаным да рас. Бұған дейін газетте істеп көрмегендіктен бірден бауырымды жазып, төселіп кеттім десем, артық болар. Алайда, осында еңбек ететін аға буын журналистердің өздерімен тең ұстап, жазған  материалдарыма қамқор көңілмен қарауы ұжымға сіңісіп кетуіме септігін тигізгенін айту орынды болмақ.  Сол жылдары редакцияда еңбек еткен аға-апаларымыздың қай-қайсысы да жаны жайсаң адамдар болатын. Мен өзім қарамағында істеген Кәдірбай Бекмағамбетов пен Төлеміс Меңдіғалиевтің өнеге- — үлгісін көп көрдім. Екеуі де журналистиканың нағыз еңбек торылары десем, артық айтқандық болмас. Күн сайын шығатын газеттің қауырт материалдарында бұл кісілердің қолтаңбалары анық көрініп тұратын.  Идош Асқар, Төребек Досқалиев, Ұзақбай Төлебаев, Амангелді Смағұлов, Аманқос Орынғалиев, Амангелді Мектепбаев, өз қатарластарым Серікқали Байменшин, Ертай Ашықбаев, Нұрмұханбет Дияров және басқаларымен түсінісіп, еңбек еткен жылдарды  сағына еске алуға тура келеді. Өмірден озған Зейнолла Құлжанов, Сағынбай Сембаев, Сексенбай Күлімбетов, Әмір Оралбай, Қонай Әлжанов сынды әріптестердің де осы басылымға қосқан үлесі зор дер едім.

Мен осы газетте 28 жыл табан аудармай еңбек еттім. Кейін «Нұр Отан» партиясының басылымы «Дала мен қала» газетінің өңірдегі меншікті тілшісі болдым. Міне, бес-алты жылдың жүзі болды еліміздің бас газеті — «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқарып жүрмін. Бірақ өзім түлеп ұшқан ұямен байланысымды үзген емеспін. Қолым қалт етсе, осында соғып әріптестерімен емен-жарқын әңгімелесуге құмартып тұрамын. Бұл  басылым мен үшін өте ыстық. Себебі менің жастық жылдарым, шабытты шақтарым осында өтті. Менің журналист болып қалыптасуымда бұл газеттің өзіндік орны бар.

Қазір газет ұжымында жас толқын журналистер еңбек етуде, қалам қарымын көріп қуанамыз.  Олардың  бүгінгі өмір тынысын газет бетінде көрсетудегі қадамдары сәтті болуда. Сондықтан да өзім кезінде еңбек еткен «Ақтөбе» газеті қалың оқырманның іздеп жүріп оқитын басылымына айналғанын көріп жүрміз.  Бүгінгідей қуанышты сәтте өңірдің жылнамасы іспетті облыстық газетке тың ізденістер, осында жұмыс істеп жатқан барша қауымға,  журналистерге шығармашылық  табыс тілеймін!

 

     Сатыбалды СӘУІРБАЕВ,

«Егемен Қазақстан» газетінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.

 

Ұрпақ үні

 

… Газет жұмысы ауыр. Жүйкеңді білдірмей жейді. Шахтерлерден кейінгі азапты іс осы. Қазақтың Омар Хаямы — Қадыр Мырза Әли ақыны «Айқын» газеті тілшісіне берген сұхбатында: «Газет жұмысы өте ауыр екен, сондықтан қырық жасымда бұл қызметтен біржола кеттім» — деген еді. Оның үстіне, біздің тұсымызда редакцияға түскен әрбір хаттың, арыз-шағымның сұрауы қатты болатын. Еңбекшілер хаттары бөлімі болды, меңгерушісі Дүйсенғали Мұқаев ағамыз: «ана хат қайда, мына хат қайда» деп (Зияштың бір хаттың ізімен ауданға барып, жылқы санағаны есіме түсіп отыр), біздерді әбден қысатын. Редакциядағы сегіз сағаттық жұмыс уақытымыздан тыс тіпті үйге барып та хат қорытатынбыз.

Редакция, қалай дегенде де, шығармашылық орын: арасында уақыт тауып, өз туындыларыңмен де айналысасың. Мықты ақын әрі қаламы жүйрік журналист Есенбай Дүйсенбаевпен бір бөлмеде отырдық. Алматыдағы баспалардың жоспарына енгізіліп қойылған жинақ деген бар. Үлгеруі керек. Лездемеден кейін бірден өз туындыларына отырады. Ал бөлімнің жоспары қайда? Бөлім меңгерушісі Смат Қабылбаев мазасыздана бастайды, ақыры шыдамай: «Есенбай-ау, жұмыс тоқтап қалды ғой» —дейді. Есенбай енді есі кіргендей, «қазір» деп, бірнеше қалың папканы қолтықтап

машбюроға барады. Көп ұзамай ондаған топтама дайын.

Редакцияда тек өзіне тән стилі бар шебер журналистер болды. Сөз саптауы анау-мынау жазушыға бергізсіз Смағұл Мұқашев ағаның қаламгерлігі қандай! Әр сөзі сақаға құйған қорғасындай берік, мықты.

Ірілі-ұсақты алты кітаптың авторы Марат Мырзағұл да ізденгіш, еңбекқор әрі өзіндік стилі бар журналист еді. Әріптес інім, жазып кетсе, ақындығы да ешкімнен кем емес Нұрмұханбет Дияров айтады: «Авторын көрсетпей-ақ, Мәкеңннің материалын бірден білемін, өйткені оның ешкімге ұқсамайтын стилі бар». Ал Ертайдың стилі туралы үлкен мақала кезекте тұр.

Газет ұзақ жасап, абыздық жасқа келді. Бірақ ұрпақ ауысты. Ылғи ақындар басқарып отырған «Ақтөбе» әлі талай асулардан талмай, шаршамай өтеріне күмән жоқ.

 

Төребек ДОСҚАЛИЕВ,

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button