Әлеумет

«Нұрлы көш» және қандастар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде «Нұрлы көш» бағдарламасының жүзеге асырылып жатқандығы белгілі. Ғаламат жобаның мақсаты – елімізге оралмандарды көптеп шақыру және оларға қолайлы жағдай туғызу. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшылығымен қазір оралмандарға жағдай жасау бір ізге салынып, тиісті жұмыстар жүйеленгелі тұр. Бұрындары сырттан келген ағайындарға берілетін жәрдемақы не жер телімін алуға, не үй сатып алуға жетпей қиналатын кездері болғаны рас.

Ендігі уақытта оралмандардың қазақ жеріне табаны тиген уақыттан бастап үй беріліп, жұмыспен қамтамасыз етіліп, жергілікті халықпен араласып кететіндей жағдай жасау көзделген.

Үкіметте бекітілген бағдарлама бойынша оралмандар түгелімен шекараға жақын ауылдық жерлерге қоныстандырылады. Әзірге оралмандар қалашығына айналатын облыс аумағындағы 9 елді мекеннің ішінде Хромтау ауданындағы Көктау ауылы алғашқы қарлығаш ретінде таңдалып, келесі жылдан бастап көші-қонның сынақ алаңына айналады. Бұл туралы бізге облыстық көші-қон басқармасының бастығы Кенжеғали Толықбаев кеңінен әңгімелеп берген еді.

Болашақтың қаласы

Оралмандар қоныстанатын ресми тізімде облыс орталықтары жоқ. Еліміз бойынша алыс-жақын шетелдерден келетін қандастарымыз серіпінді жобалары бар, болашағы айқындалған аудандарда орналастырылады.

Біздің облыс бойынша Мұғалжар ауданынан Қандыағаш, Ембі және Жем қалалары, Темір ауданынан Темір қаласы, Мәртөк ауданынан Мәртөк және Жайсаң елді мекендері, Қарғалы ауданының орталығы Бадамша селосы мен Хромтау ауданынан Хромтау қаласының өзі мен Көктау селосы тізімге ілігіпті.

Үкімет қаулысымен қолға алынған жобаның мақсаты – қандастарымызды бауырға басу, ішкі көші-қон мәселелерін де ретке келтіру. Айта кетерлігі, сонау жылдары тарихи Отандарына үдере көшкен өзге ұлт өкілдері де Қазақстанға қайта оралу ниетін танытса, олар да осы ауылдарға орналастырылмақ.

Республика бойынша «Нұрлы көш» бағдарламасын жүзеге асыру үшін ел аумағы үш кіндікке бөлінген. Біздің облыс жеті облыс біріктірілген солтүстік белдеуге кіргізіліпті. Онымен қоса орталық және оңтүстік белдеулер де бар.

– Басты мақсаттарымыздың бірі – жергілікті ұлт өкілдерін шекаралас аймақтарға топтастыру. Қысқасын айтқанда, қазақыландыру деген – осы. Орысы қалың солтүстікке қазақтардың қызығушылығын арттыру үшін оралмандарға төленетін қаржы екі еселенеді. Бұл – солтүстік белдеудегі жағдай. Ал орталық белдеуде бұл коэфциент 1,7 болса, оңтүстікте сол қалпында қалдырылады, – дейді Кенжеғали Толықбаев.

Алғашқыда сынақ ретінде басталатын бұл жобаға біздің облыста 16 миллиард 75 миллион теңге көлемінде қаржы жұмсалады.

Көктауда дайындық басталды

Көші-қон басқармасы жергілікті басшылықпен келісе отырып, келесі жылы пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін Хромтау ауданының Көктау ауылын таңдағанын жоғарыда айттық. Келесі жылдан бастап аталған елді мекенде 200 үй салынуы тиіс. Сонымен қатар 320 орындық орта мектеп бой көтереді. Газ құбыры тартылып, электр желісі жүргізіледі, жолдар да жөнделмекші. Көктаудың сынақ алаңына айналуы тегін емес. Өйткені бұл жердегі мыс комбинатының жұмыс қарқыны жоғары.

Қазіргі күні облыс әкімдігі тарапынан құрылыстың жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеу үшін 60 миллион теңге бөлінгелі отыр. Жоба басталғаннан кейін де елді мекеннің сыртына дейінгі инфрақұрылымды дамыту жергілікті бюджеттің мойнына артылады. Оның көлемі 90 миллион теңгенің шамасында. Ал қалған шығын, яғни үйлердің құрылысы мен ауылішілік жұмыстар республикалық бюджеттің есебінен өтелмекші.

– Аталған жұмыстарға республикалық бюджеттен 1 миллиард 900 миллион теңгедей бөлінбекші. Негізінде, Көктауда екі жылда 450 үй салынуы тиіс болса, алғашқы кезеңінде 200 баспананы тұрғызамыз.

Жалпы, бізге жүктелген міндеттердің бірегейі – оралмандарды еңбекпен қамту. Мысалы, келесі жылдары Көктаудағы мыс комбинатында жаңадан 860 жұмыс орны ашылуы тиіс. Біз ауыл шаруашылығы саласына орташа есеппен 128 адамды тартсақ, орта мектеп пен дәрігерлік пунктке 72 адам қабылданса, қалғандары жоғарыда аталған кәсіпорынға орналастырылады.

Тіпті, іргесіндегі Ор өзенінің бойында отырып-ақ Хромтау мен Ақтөбе қаласын жергілікті көкөніспен қамтамасыз етуге толық мүмкіндік бар. Ол үшін өндірілген өнімді сатып алушылармен де алдын ала келісімге қол жеткізіп отырмыз, – дейді басқарма бастығы.

Қазірде жергілікті басшылық мыс компаниясы жетекшілерімен келісімге келіп, қажетті мамандықтардың тізімін де алған. Егер оралмандардың мамандықтары ол жұмыстарға сәйкес келіңкіремесе, облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа қайта даярланады.

Тағы бір айта кетерлігі, алғашқыда үй құрылыстары аяқталғанша қандастарымыз мектеп пен басқа да әлеуметтік нысандарға уақытша орналастырылып, үйлерін салуға қолғабыстарын да тигізуге мүмкіндіктері бар.

Мол қаржыға – мол жұмыс

Алдын ала болжамдар бойынша біздің облысқа негізінен Өзбекстан, Қарақалпақстан мен Түркіменстаннан келушілер қарасы көп болуы мүмкін. Олармен диаспоралар арқылы байланыс орнатылып, құжаттарын рәсімдеудің тетіктері нақтыланған. Ал елге келген соң квотасы мен тиесілі жәрдемақылары дайын. Нақты сомалар туралы Кенжеғали Толықбаев былай дейді:

– Оралмандарға бір реттік жәрдемақы мен жол шығынының пұлы, жүк тасымалының шығыны сол бойда төленеді. Тәртіп бойынша тұрғын үй жәрдемақысы оралманның арызының негізінде «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» алғашқы жарна түрінде аударылып, қаржы мекемесі оларға 15 жылдық мерзімге 4,5 пайыздық үстемемен несие беруі тиіс. Бұл жерде аудан әкімдігі, құрылыс компаниясы және банк арасында өзара келісім болып, үйлері салына бастайды. Біздің есебімізше, көлемі 70-80 шаршы метрлік үйдің әрбір шаршы метрі 41 292 теңгеге шығуы тиіс. Сонда бір баспана 3-4 миллион теңгеге бағаланғалы отыр.

Оған қосымша біржолғы жәрдемақы отағасына айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) 15 еселенген, ал отбасы мүшелеріне 10 еселенген көлемінде төленеді. Жол шығыны барлығына АЕК-тің он еселенген түрінде берілсе, жол шығыны тек отбасы басшысына ғана 50 еселенген көлемде төленбекші.

Жоспар бойынша жұмысқа орналасатын оралманның жалақысы банк алдындағы қарызын өтеу мен күнделікті күнкөрісіне жететіндей көлемде есептелген.

К. Толықбаевтың айтуынша, пилоттық жоба жайлы басталған күнде Көктаудан өзге 9 елді мекендегі жұмыстар 2011 жылы жандануы қажет.

Дұрыс көзқарас қажет…

Әрине, кең байтақ елімізде халық саны қашан да артық етпейді. Бұл – ел экономикасын гүлдендірудің де бірден-бір жолы. Тек қана жұмыс күшінің қосылатындығын есептемегенде, тұтыну көлемі де артатыны анық. Басқарма бастығымен әңгіме кезінде көлденең сауалдарды алға тартқанбыз.

– Жергілікті халық арасында оралмандарға жағдай жасалуын құптамайтындар тарапынан түрлі алыпқашпа әңгімелер, пікірлер айтылып жүргендігін білеміз. Мысалы, уақытында елден қашқан байдың тұқымдарына неліктен құрақ ұшамыз деген сияқты көзқарастар бар ғой…

– Ондай пікірлердің бары рас. Көзқарастар қайшылығы да осы арада. Алайда оралмандарға қолайсыз әңгіме айтатындар көзі ашық адамдар қатарынан емес деп ойлаймын. Ешкімнің аузына қақпақ бола алмайсың. Дегенмен ашаршылық жылдары солақай саясаттың кесірі тиген қандастарымызды да түсіну керек. Оның үстіне, кеңес заманында көп жерлеріміз көрші мемлекеттерге өтіп кетті емес пе? Сонымен қатар өткен ғасырда коммунистік партияның жолдамасымен қанша бауырларымыз сырт жерге жұмысқа аттанды. Солардың не жазығы бар?

Ең бастысы, оралмандар – өмір сүруге бейім топтың өкілдері. Күні бүгінге дейін жұмыссыз жүрген оралман көрген емеспін. Әрқайсысы өз беттерімен тірлік етіп, сауда, құрылыс, мал шаруашылығы саласындағы қызу қайнаған тірліктің ортасында жүр.

Балаларының болашағы үшін ата-бабаларының кіндік қаны тамған жерге оралушыларға дұрыс көзқарас қажет. Мысалы, шетелдердегі жас қандастарымыздың көбісінің білімдері жоқ.

Ал олар – біздің төл мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің сақталуына да ықпал ететін жандар.

– Жоба шеңберінде оралмандар келмей қалар деген тәуекел жоқ па?

– Қазір менің архивімде 3,5 мың отбасының құжаттары тұр. Олар – келуге дайын отырғандар. Оның үстіне, алыс-жақын шетелдерге ертеректе көшіп келген оралман бауырларымызды жіберіп, үгіт және түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырмақ жоспарымыз бар.

P.S. Өндірісі дамыған Көктау ауылының қала болар күні жақын. Іргесінде теміржолы, автокөлік жолы сайрап жатқан елді мекеннің болашағы жарқын деуге толық негіз бар. Бұл – «Нұрлы көштің» жолы.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Ал казир осы нурлы кош багдарламасы али жалгасудама, менин туысандарым жартысы жайгасып жартысы жайгаспаган али жумыссыз уйсиз жур, кейин оларга берилер 1комек, келгенине жарты жылдан асты бирак устинде уйи жок токтатылды уй беру деп жаткан…….

  2. Бүгінгі таңда көші қон қалай жүріп жатыр. Менің туыстарым Қарақалпақстаннан көшіп келгісі келеді және оралмандарға қандай көмек болады?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button