«Ақтөбе»-90

Дәстүрлі турнир өтті

 

 Сенбі күні қаламыздағы №8 балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің алаңында Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалы мен «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС-ның ұйымдастыруымен белгілі журналист, облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің бас редакторы болған Әмір Оралбайды еске алуға арналған бұқаралық ақпарат құралдары арасында футболдан турнир өтті.

 

Шараны Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының жауапты хатшысы Нұрмұханбет Дияров ашып, сөз сөйледі. Ол журналист Әмір Оралбайдың қаламгерлік жолы туралы баяндап берді. Одан кейін «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Ертай Ашықбаев сөз сөйлеп, журналист жайлы естеліктер айтып, игі тілегін білдірді. Бұл турнир облыстық «Ақтөбе» газетінің 90 жылдығына арналып отырғаны туралы әңгімеледі.

 

Белгілі қаламгерді еске алуға арналған шараға қалың көпшілік жиналды. Олардың қатарында журналистің  отбасы, балалары,  әріптестері, жора-жолдастары бар.

 

— Жыл сайын әкеміздің есімі еленіп, осындай игі шаралар өтеді. Бүгін, міне, әкемнің көзін көрген, бірге қызмет атқарған әке-ағаларымыздың арқасында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері арасында футболдан турнир ұйымдастырылып отыр. Әкем Әмір футболды өте жақсы көретін, тұрақты жанкүйер болатын. Оның футболға деген айрықша ықыласын сөзбен жеткізу мүмкін емес болатын. Әкеміздің спортқа деген құлшынысы оның ғұмырының жалғасы ұлы Ернұрға дарыды. Ол да спортты жақсы көреді. Болашақта Ернұрдан тараған Нұрәли сынды кішкентай бауырымыз әкеміздің атын шығарып, рухын риза етер деп сенім білдіремін. Осы шараны ұйымдастырушы азаматтарға алғысым шексіз. Шығармашылық табыс, ұзақ ғұмыр тілеймін, — деп  қаламгердің қызы Гүлнұр әкесін еске алып, өз тілегін білдірді.

 

Турнирге бұқаралық ақпарат құралдары арасынан «Қазақстан–Ақтөбе» телекомпаниясы командасы, «Рика» ТВ командасы, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС командасы және «Қазақия» газеті командасы қатысты.

 

Қолынан қаламы түспейтін журналистер қауымы өздерінің спортқа деген айрықша ынтасы мен шеберлігін жасыл алаңда көрсете білді. Жас айырмашылығына қарамай, командасының жоғары деңгейде көрінуіне өз үлесін қосқан ойыншылар арасынан  ойылдық редактор Серікбай Қойбағаров, «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Мирал Жармұхамедов, «Қазақия» газетінің тілшісі Бердібай Кемал сынды азаматтарды ерекше атауға болады.

 

Турнирдің жалпы қорытындысы бойынша бас жүлдені — ауыспалы кубокты «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясы командасы қанжығаларына байлады. Одан кейінгі екінші орынды «Рика» ТВ командасы, үшінші  орынды «Қазақия» газеті командасы иеленді. Жеңіс тұғырынан көрінген командалар арнайы марапаттаулар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды.

 

Сонымен қатар, бұл турнирде жекелеген номинациялар бойынша жүлделер тағайындалған болатын. «Үздік қақпашы» жүлдесіне «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС командасының ойыншысы, «Актюбинский вестник» газеті бас редакторының орынбасары Мирал Жармұхамедов лайық деп танылса, «Үздік қорғаушы» жүлдесі «Рика» ТВ командасының ойыншысы Қайрат Ерболатовтың қолына тиді. Ал «Үздік шабуылшы» жүлдесін «Қазақия» газеті командасының ойыншысы Ербол Нұрмұхамбетов иеленді.

 

Турнирдің жабылуында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Ермек Тауанов тілегін білдіріп, журналистің отбасына арнайы әкелген сыйлығын табыстады. Бұдан кейін Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының жауапты хатшысы Нұрмұханбет Дияров филиал атынан және «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Ертай Ашықбаев «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС атынан қаламгердің отбасына ақшалай сый-сияпат жасады.

 

Қаламгердің отбасынан Қызылорда облысы Арал ауданының Қамбаш ауылында тұратын Әмір Оралбай сынды асыл азаматты тәрбиелеп өсірген аяулы әке Әбділлат ақсақал,  журналистің жары, қаламыздағы белгілі ұстаз Меңдігүл Оралбаева, Әмір Оралбайдың  бауыры Самалбек Оралбаев турнирді ұйымдастырушыларға алғыстарын айтып, барлық жиналған қауымға ризашылықтарын білдірді.

 

 

 

Данагүл ҚАЗИХАН.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button