Білім

Мұғалімнің тауқыметі мен мәртебесі

Амантай НҰРМАҒАМБЕТОВ,

саяси ғылымдарының докторы,

 профессор.

Амангелді АЙТАЛЫ,

философия ғылымдарының докторы,

профессор

«Қазақстан Республикасының білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» жүзеге асыруда облыстың білім беру қызметкерлерінің әлеуметтік және кәсіби көңіл күйлері, құндылықтары қандай? Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің  «Білім мен тәрбиенің дүниетанымдық және әлеуметтік мәселелерін зерттеу» орталығында осыған байланысты зерттеулер жүргізілді. Сарапшылар ретінде зерттеуге кәсіби қызметі мектеппен тығыз байланысты, теориялық білімі мен өмірлік тәжірибесі сенімді қортындылар жасауға негіз болатын 417 тұлға қатысты.

 

Мұғалімдердің құндылық бағдары

Құндылықтарды өмірдің әртүрлі саласындағы жеке тұлғалар мен әлеуметтік топтардың рухани қажеттіліктері мен сұраныстары (ішкі мәдени арқауы) құрайды. «Сіздіңше өмірдегі жетістік деген не?» деген сұраққа берілген жауаптар мұғалім қауымын ұстанатын құндылықтарына сәйкес мынадай топтарға саралауға болатындығын көрсетті: 1) кәсіби шеберлікке жету; 2) достық және тұлғалық құндылықтар; 3) мамандық, еңбек, өз мүмкіндігін жүзеге асыру; 4) жоғары еңбекақы алудың басымдылығы.

Педагогикалық еңбектің ерекшелігі мәдени тәжірибені сіңірумен байланысты, ал ол үнемі дамуды, шығармашылық өсуді талап етеді. Сондықтан да сарапшылардың 79,6 пайызы, жағдайдың күрделігіне қарамастан, әсіресе, орта және үлкен жастағы мұғалімдер үшін құндылық — кәсіби шеберлікке жету, бірақ ол материалдық жағдайға байланысты барлық кезде бірдей мүмкін емес деп есептейді.

Сарапшылардың 53 пайызы құндылық — «жақсы достар» деп есептейді. «Жақсы достар» деп тек достық қарым-қатынас жасауды ғана емес, одан да гөрі кеңірек — «ортаны тану», «рухани келісімділік» деп түсінеді, сонымен қатар, өз тараптарынан «махаббат пен өмірдегі бақытты», «тұрғын үй, қолайлы тұрмыстың болуын» құндылық деп қарастырады.

49,2 пайыз сарапшы-мұғалімдер «қызықты жұмыс» құндылық болып қала береді деп есептейді, бірақ сауалнама жауаптары көрсеткендей, кейбір мұғалімдер «қызықты жұмысты» тек педагогикалық жұмыс деп түсінбейді, кәсіби қызметтің кез келген түрі деп ұғынады.

Соңғы жылдарда мұғалімдердің материалдық жағдайы біршама жақсарғанмен, бағаның өсуін есепке алсақ, олардың еңбекақысы төмен дәрежеде қалып отыр. Сондықтан сарапшылардың 48 пайызы немесе әрбір екінші мұғалім, еңбекақының өсуін күтеді: «айлықтан «айлыққа дейін өмір сүреміз», «туыстардан қарыз аламыз», «табысымыз тамаққа жетеді», «коммуналдық қызмет, қоғамдық көліктер еңбекақының біраз бөлігін жұтады» деген жауаптар кездеседі. Материалдық жағдайына қанағаттанатын мұғалімдер де бар.

Сонымен, мұғалімдер қауымы өмірлік құндылықтары тұрақты әлеуметтік топқа жатады. Дегенмен, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық қайта жаңғырулар, білім беру саласындағы реформалар олардың өмірлік құндылықтарының өзгеруіне әсер етеді.

 

Мұғалім неден қауіптенеді?

Мектеп мұғалімдерінің әлеуметтік-кәсіби көңіл күйін талдауда олардың Қазақстан мектебіндегі қауіптенетін мәселелерге, қоғамды ойландыратын келеңсіз құбылыстарға көзқарастарын ерекше қарастыру қажет. Мұғалімдердің 52,3 пайызын білімсіздік, кітап оқуға қызығушылықтың төмендеуі ойландырса, ал 51,1  пайызын қоғамдағы жемқорлық мазалайды. Сауалнама сұрақтарының бірі мұғалімдердің кәсіби деңгейін өзін-өзі бағалауға арналды. Әдетте нақты бір мұғалімнің өз еңбегін өзі бағалауы әріптестері тарапынан айтылған және қоғамдық пікірмен сәйкес келмейді. Мұғалімдер өздерінің кәсіби сапасын жоғары бағалауға бейім. Қоғамдық пікірде мектепті, білім беруді, мұғалімді сыни тұрғыдан бағалау орын алған, кейде кеңестік мектепті аңсау байқалады. Оқушылардың ата-аналары тарапынан да мұғалімге қойылатын талаптар өсуде.

Біздің мәліметтер бойынша, сарапшылардың 43,2 пайызы, соның ішінде мұғалімдер де бар, білім беру қызметкерлерінің кәсіби деңгейі төмен деп есептейді. Бұл әрине, салмақты сын. Демек, мектептегі білім берудің өсуін тежеп тұрған негізгі факторлардың бірі — мұғалімдердің белгілі бір бөлігінің жұмыс әдістері мен жолдарын жаңартқысы келмейтіні немесе қабілетсіздігі сияқты консерватизм екендігін мұғалімдердің өздері мойындап отыр.

Оқушылардың белсенділігінің төмендігін дәлелдеудің тиімсіз екендігін мұғалімдер түсінеді. Тәрбиеленушілердің қызығушылық дәрежесі педагогтардың өздеріне, мектептегі оқу-тәрбие ісіне байланысты.

Сарапшы-мұғалімдер қауіптенетін мәселелер қатарына білім беру сапасының төмендеуін, оның қоғамдағы беделінің түскендігін жатқызады. Мұндай пікірді жауап бергендердің 38,2 пайызы қолдайды. Тәуелсіздік тұсында мектептегі және жоғары оқу орнындағы білімнің идеялық мазмұны өзгерді. Алғашқы онжылдықта біздің елімізде «таңдау еркіндігі» патриотизмді жалаң ұлтшылдықпен, шовинизммен, еркіндікті  индивидуализммен, ақшаға табынумен алмастырып, әлеуметтік әділдіктің орнын пайда табу басты.

Білім беру сапасы мұғалімдерді мазалағанмен, қоғамда білімге, мәдениетке, біліктілікке деген құрметтің сақталғандығы және мұғалімдер өз мүмкіндіктеріне қарай оқушыларға жақсы білім беруге ұмтылатыны аталады. Дегенмен, мұғалімдер сауалнамаға қосымшада жас мұғалімдерді дайындау сапасы жоғары еместігін, әсіресе, ақылы негізде оқыған жас мұғалімдердің деңгейінің төмендігін атайды.

Мұғалім кәсібіндегі феминизация (әйел мұғалімдердің басымдылығы) — өте өткір талқыланатын мәселелердің бірі. Солай бола тұрса да, мұғалімдердің көпшілігі бұл мәселеге салқынқанды қарайды. Педагогтар көптен бері байқалып келе жатқан бұл «мұғалім кәсібінің феминизациясын» үйреншікті құбылыс деп қарайтын тәрізді, респонденттердің тек 26,8 пайызы оны жағымсыз деп есептейді. Көпшілігі аз еңбекақы алатын мұғалім еңбегін әйелдердің тағдыры деп есептейтін сияқты.

Еліміздегі әр бесінші жұмыс жасайтын мұғалім — 50 жастан асқандар. Бірақ мұғалімдердің 21,2 пайызы ғана мұғалім кадрлардың қартаюын қауіпті мәселе деп қарайды.

Өз кәсібінің шынайы патриоттары — мұғалімдер қоғамда қиындықтар туғызатын өткір мәселелерге бей-жай қарамайды.

 

Қазақстан мектебінің басым міндеттері

«Қазақтан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында» сапалы білім берудің басым міндеттері айқындалған. Сауалнамада «Мемлекеттік бағдарламада» белгіленбеген үш ұстаным аталған.  Сарапшылар пікірлері мынадай: олардың пікірінше, мектептің басымдық міндеті —баланың тұлғасын, қабілетін дамыту болуы қажет. Бұл міндетті ауыл, қала мұғалімдерінің 64 пайызы маңызды санайды. Олар барлық күшті баланың тұлғалық әлеуетін ашу мен дамытуға жұмылдыру керектігін атайды. Шынында да, бүгін қоғамға сапалы көшбасшы, бастамашыл, сындарлы, ойлы, өз бетінше жұмыс істей алатын, сонымен қатар, толерантты, қарым-қатынасқа түсе алатын тұлғалар қажет. Жауап берушілердің 51 пайызы нарықтық жағдайдағы өмірге дайындау — маңызды міндет деп есептейді. Болашақта мықты маман болатын азаматтар тәрбиелеу Қазақстан мектебінің маңызды міндеті болып есептеледі. Ал жауап берушілердің 25,6 пайызы  Қазақстан мектебінің маңызды міндеті деп «ҰБТ сұрақтарына жауап бере алатындай білім беру» дегенді белгілейді. Бұл тұста сөз оқушыларға сапалы білім беру туралы болып отырған жоқ, міндетті тар мағынада түсініп, яғни ҰБТ тапсыруда жоғары балға қол жеткізу болып отыр… Сауалнамаға «Қазіргі заманғы Қазақстандық мектеп тағы қандай міндеттерді шешу керек?» деген қосымша сұрақ енгізілді. Бұл сұрақ мұғалімдердің білім беру реформасының міндеттерін мемлекеттік бағдарламамен байланыстыра білуіне есептелген болатын. Өкініштісі, бағдарламадағы басымдықтар аталмады. Педагогтармен кездесу кезіндегі пікір алмасу олардың үнемі жүргізіліп келе жатқан реформалардан шаршағандығын, жалыққандығын байқатады. Мұғалімдер 12 жылдық білім беруге көшуді де толықтай құптай қоймайды. Әрине, олар Қазақстанның білім мен ғылым деңгейі бойынша дүниежүзінде құрметті орын иемденгенін қалайды. Дегенмен, көпшілік мұғалімдер өткен реформалардан сабақ алды. Педагогикалық кадрларды дайындау мен қайта дайындау жүйесін қайта-қайта өзгерту, ҰБТ мәселелері, мұғалімдердің материалдық жағдайлары мен шағын жинақталған мектептермен байланысты мәселелер педагогтар қауымы арасында реформа төңірегінде әртүрлі пікірлер туғызып келеді.

 

Педагог қызметін бағалау

Мемлекеттік бағдарлама педагогтарды аттестациялаудан, сауалнама (ата-аналар, оқушылар, жұртшылық) жүргізуден, мұғалімдердің білімін тестілеуден, әдістемелік жұмыстың есебінен тұратын кешенді бағалау жүргізуді ұсынғанмен, педагог қызметін бағалау мәселесі пікірталас күйінде қалып отыр.

Білім беру, соның  ішінде мектептегі білім беру, барлық әлеуметтік қауымдастықтың қызығушылықтарын туғыза отырып, қоғамдық өмірдің барлық саласына әсерін тигізеді. Сонымен қатар, мектеп қоғамдық  өмірдің барлық жақтарына: экономика, саясат, мәдениетке қайта ықпалын тигізуде.

Соңғы жиырма жылда  Қазақстанда білім беруді  түбегейлі жаңарту жүзеге асуда. Егер кеңестік жүйе қоғамға пайдалы болу үшін альтруистік, яғни коммунистік мақсаттарды көздесе, нарықтық экономика жағдайында прагматикалық мақсаттарды, яғни көп еңбекақы табу үшін оқуды көздейді. Бір ұрпақ шеңберінде білім берудің мақсаттары түбегейлі өзгерді. Жаңа білім беру ахуалы  қоғамда мұғалімдерге үлкен қысым көрсетті және көрсетіп келеді, яғни олардың қызметін өзінше «аттестациялап» бағалайды. Мұғалімдердің 68,3 пайызы олардың қызметін кешенді мониторинг арқылы әділетті бағалауға болады дегенмен, олардың қайсыбір бөлігі басқа өлшемдерді де таңдайды. Мысалы, сарапшылардың 29,9 пайызы педагог қызметін оқушылардың бағалауы әділетті десе, 70,1 пайызы оны қаламайды. Әрине, бұл жерде мұғалімді оқушының бағалауы дегенді алғаш естігеннен-ақ туындайтын этикалық мәселе бар. Мұғалімдер барлық тексерісті, инспекцияны, сынды өте ауыр қабылдайды. Егер оларға жан-жақтан жасалатын қысымды, яғни  қоғамның кейбір тобының құрметпен қарамауын, өз баласына қатысты ата-ананың  шамданушылығын ескерсек, мұғалімдердің жағдайын түсінуге болады. Оқушылардың пікірлерін мұғалімдердің құптамауы  мектеп пен мұғалімге қатысты әлеуметтік-психологиялық ахуалмен байланысты қорғаныс реакциясының пайда болуы боп есептеуге болар. Дегенмен, педагогика мен әлеуметтануда мұғалім жұмысын оқушы көзқарасымен бағалау жағдайлары аз емес: оқушы  көзқарасымен мұғалімнің  өз пәнін білуі, әр оқушыға, класқа әділ, нақты көзқарас тұрғысынан келуі, бағаны әділ қоюы, мұғалімнің келісімге икемі, психологиялық оңды ахуал жасай білу дағдысы,  т.б. бағаланады. Мұғалімдердің тек 20,6 пайызы ғана ата-аналар пікірі әділ болады деп есептейді. ҰБТ нәтижесін бағалауда мұғалім мен мектеп түлектерінің пікірлері сәйкес келмейді. Мұғалімдер ҰБТ нәтижесі оқушылардың  шынайы білімін бере алмайды, сондықтан түлектердің алған баллдарының нәтижесі бойынша мектеп пен мұғалімдер атына айтылған сындар әділетті емес деп есептейді.

Сонымен қатар, оқушылардың да мектеп біліміне сенімдерінің деңгейі жоғары емес. Олар мектеп білімі жеткіліксіз екенін, сондықтан қосымша сабақтар алатындарын айтады. Осыдан келіп репититорлық жұмыс кеңінен тарады. 21,3 пайыз мұғалім оқу-тәрбие жұмысы туралы есеп олардың қызметінің шынайы бағасын береді деп ойлайды.

 

«Ақылды экономика»

Мемлекеттік бағдарлама Қазақстан өмірінде білімнің рөлін айрықша көрсетеді: «білімді  ел, ақылды экономика және жоғары білікті жұмыс күші». Еліміздің индустриалды-инновациялық әлеуеті қазба байлықтарымыздың қорынан әлдеқайда маңызды екені түсінікті. Ғылым материалдық және рухани өндірістің қазіргі заманғы құралы болып есептеледі. Дүниежүзілік қоғамдастықтың бір бөлігі болып есептелетін біздің еліміздің болашағы оның интеллектуалдық ресурстарының жағдайы мен келешегіне тәуелді екенін Президент  Нұрсұлтан Назарбаев әлденеше рет атап өтті. Өндірістің дәстүрлі факторлары  — табиғи ресурстар, жұмыс күші және капитал жойылып кетпейді, бірақ бірте-бірте қосалқы мағынаға ие бола бастайды. «Білім» жаңа ұғымында экономикалық даму ресурстарының бірі болады. Әрине, білім беру экономикалық пайдадан басқа адам капиталы, адам факторы, азаматтық сапаны  қалыптастырып,  әлеуметтік және эмоционалдық қасиеттерді тәрбиелеуге де  ықпал етеді. Мемлекеттік бағдарлама білім беруді экономикалық өсумен байланыстырып, қоғам дамуындағы оның  жаңа рөлін көре білуді ұсынады.

Көпшілік сарапшылар — білім беру қызметкерлері, атап айтқанда, 56,4 пайызы,  экономиканың өсуін ынталандыратын  шешуші фактор — білім беру деп есептейді. Басқалардың пікірлері мынадай болды: 37,6 пайыз респонденттер «экономиканы ақылды тұлғалар, интеллектуалдар басқару» керек десе, 23,9 пайыз мұғалім-эксперттер білім беру мекемелері сауатты экономистерді дайындау  керек деп есептейді. Ал 9,8 пайыз педагогтар «экономика ақша таба алатын адамдардың қолында болу керек» деп ойлайды.

Сонымен, мұғалім кадрлардың жартысынан көбі білім берудің  стратегиялық міндеттері  туралы оңды пікірде, елімізді жаңартуда білім беру мен мектеп рөлінің маңызын түсінеді. Педагогтар жауаптарындағы алшақтықты мұғалім қауымының білімділік, мәдени, интеллектуалдық деңгейлерінің жаңа реформаға бейімделуімен байланысты туындаған қиындықтарымен түсіндіруге болады.

 

Мектепті жанбасылық қаржыландыру

Мемлекеттік бағдарламаның жаңалығы — шағын жинақталған мектептерден басқа жалпы орта білім беру ұйымдарына жанбасылық қаржыландыру механизмін  енгізу болып табылады. Бүгінде социологтар қаражатты бөлуде өзекті әлеуметтік мәселелер, атап айтқанда, экология мен денсаулық сақтау салалары білім беруді әлдеқайда төменгі орынға ысырады деп есептейді. Жоғары білім беру біздің елімізде мемлекет тарапынан және жеке қаражат көздерінен қаржыландырылады. Сондықтан көптеген елдерде білім беру шығынын анықтағанда мектепке дейінгі, бастауыш және орта білім беру жүйесіне кететін шығынды ерекше бөліп қарастырады. Экономикалық Ынтымақтастық және Даму ұйымы елдерінде бір оқушыға жұмсалатын шығынды жанбасылық қаржыландыру бойынша есептеу бірнеше онжылдықтар бойына енгізіліп келеді. Шығынды анықтауда демографиялық жағдай,білім алушылар санының өсу қарқыны, мектеп мұғалімдерінің айлығы, жалпы ішкі өнім көлемі, мектеп құрылысы мен қызмет көрсету құны сияқты индикаторлар есепке алынады. Ал жан басына шаққан қаржыландырудан біздің мұғалімдер не күтеді?

Сарапшыларға жоғарыдағы аталған мектептің қаржылық жағдайына өзгеріс әкелетін бес позицияның әрқайсысына келісетінін немесе келіспейтінін анықтау ұсынылды. Мәселенің күрделілігіне, бұған дейін мұғалімдер алдына мұндай сұрақты ешкім қоймағанына қарамастан, педагогикалық қауым жанбасылық қаржыландыруға өз көзқарастары бойынша баға беруге тырысты. Нәтижесінде респонденттердің мынадай пікірлері анықталды: педагогтардың көпшілігі, 62,9 пайызы, тек мектептер ғана көп оқушы тартуға талаптанып қана қоймай, ата-аналар да бұрынғыдан гөрі мектепті таңдайтын болады, бұл мұғалім еңбегін де ынталандыра түседі деп есептейді. 43,6 пайызы енді мектептер өздерін-өздері басқару шаруашылығына ауысады деп есептесе, 39,6 пайызы оқушыларды көп тарту үшін мектептер арасында бәсекелестік күшейеді деп есептейді.

Пікір алмасу барысында мұғалімдер жанбасылық қаржыландыру бойынша бюджеттік шығынның азаюынан  мұғалімдердің материалдық жағдайы төмендеп, жемқорлықтың өсуіне жол ашылатындығынан қауіптенетіндіктерін де  білдірді. Бұл қауіптенудің қаншалықты негізді екенін таяу арадағы алдын ала жүргізілген мектептердің тәжірибесінде жанбасылық қаржыландыру механизмінің  жұмыс жасауы көрсетпек.

 

Мұғалімдердің біліктілігін  арттыру

Қазақстанда және дүниежүзінің басқа да елдерінде белсенді ендіріліп жатқан үздіксіз білім беру тұжырымдамасы кәсіби біліктілікті немесе кәсіби қайта дайындауды, соның ішінде мұғалімдердің де дайындығының сапасын көтеруді талап етеді. Мемлекеттік бағдарлама бойынша 2020 жылға дейін 73,3 мың педагогикалық қызметкер біліктілікті көтеру курстарынан өтеді. Бірақ біліктілікті көтеру жолдары әлі де нақтылы анықталмаған. Осыған байланысты респонденттерге біліктілікті көтерудің 5 жолын бағалау ұсынылды.

Мұғалімдер біліктілікті көтерудің ең тиімді жолы білім мен тәжірибені өз бетінше меңгеру деп есептейді, респонденттердің 49,9 пайызы немесе әрбір екінші мұғалім осы жолды қалайды. Мемлекеттік бағдарлама да өздігінен білім алу мен  өзін  жетілдіруді педагог қызметінің маңызды бағыты деп қарастырады. Ал мұғалімге таңдау мүмкіншілігін беретін біліктілікті жетілдірудің жолын олардың 47,5 пайызы қалайды. Ал егер біліктілікті көтерудің тегін баламалы курстары болса, оны мұғалімдердің 43,6 пайызы таңдауға дайын, егер ақылы курстар қызық және пайдалы болса, мұғалімдердің 17 пайызы оны да таңдауға келіседі.

Ал білім жүйесінде дәстүрлі қалыптасқан бір ғана орталықтағы біліктілік курстарын мұғалімдердің 12,7 пайызы ғана қолдайды.

Зерттеу мұғалімдерді бірсарын, қызықсыз біліктілікті көтеру курстарының жалықтыратындығын, оларға дәстүрлі емес әртүрлі жолдармен өтетін курстардың тартым екенін байқатты.

 

 

Жағымсыз әсер ететін факторлар

Қазақстан мектебіндегі күрделі ахуалдың туындауы мен олардың себептері туралы сарапшылардың пікірлері қызығушылық тудырады. Әрине, бірінші кезекте мұғалімдерді әлеуметтік қорғау мәселесі алға шығады, ал ол өз кезегінде қоғамда қалыптасқан мұғалім кәсібінің бейнесін терең ұғынуды талап етеді. Мұғалімнің кәсіби қызметі күрделі әлеуметтік және мәдени жағдайда өтуде, себебі оның қоғамдағы орны (ХХІ ғасырдағы жас ұрпақтың білімі мен мәдениеті оның кәсіби шеберлігіне тәуелді) мен материалдық жағдайы алшақ. Аз да болса материалдық жағдайын қолдау үшін қосымша табыс табу бос уақытын біліктілігін көтеруге, шығармашылық жұмысқа арнауға мүмкіндік бермейді.

Өткен жүзжылдықтың 90-жылдарымен салыстырғанда, мұғалімдердің материалдық жағдайы аз да болса жақсарды, айлық уақытында беріледі. Бірақ реформа нәтижесінде мұғалімдердің үміті толық ақталмады, олардың қоғамдық мәртебесі көтерілмеді. Сондықтан мұғалім-педагогтардың 27,8 пайызы жұмысына еңбекақының төмендігі жағымсыз кері әсер етеді деп есептейді. Олар мұғалім бола жүріп, материалдық жағынан алаңсыз өмір сүруге болмайтындығын айтады.

«Еңбекақы материалдық жағынан өмір сүруге жеткілікті болады» — дегенге сенетін мұғалімдер аз. Бірақ қазақтардың менталитетін ескерсек, әсіресе, ауылдық жерде азға қанағат ететіндер көп. Қазақ мұғалімдерінен (мектептегі мұғалімдердің көпшілігі қазақтар): «Шүкір, айлығымыз жетеді» дегенді жиі естуге болады. Сонда да мұғалімдерді өздерінің әлеуметтік статусы, мұғалім кәсібінің беделі көп ойландырады. Мұғалім еңбекақысының төмендігі күрделі әлеуметтік мәселелердің тууына әкеп соғады, оқыту сапасын төмендетеді, мектепте жемқорлықтың өсуіне және басқа келеңсіз жағдайларға алып келеді. Еңбекақының төмендігі мен мемлекеттік қолдаудың әлсіздігінен білім беру қызметкерлері өзінің және отбасының  ең маңызды тұрмыстық мәселелерін, атап айтсақ, тұрғын үй, денсаулық сақтау, демалыс, т.б. шешуге мүмкіндік таба алмайды.

Қазақтардың менталитетіне барға қанағат ету тән. Мұғалім кәсібінің әлеуметтік статусы мен беделін бағалағанда да осы қанағат байқалады. Жауап бергендердің тек 24,2 пайызы әлеуметтік статусы мен мұғалім кәсібінің беделі жоғары емес деп есептейді. Қазақстандық мұғалімдер өздерінің еңбек құқығын қорғауда Ресейде, басқа мемлекеттерде білім беру қызметкерлері арасында көптеп кездесетін ереуіл сияқты қарсылықтарға  бара бермейді.

Мұғалім еңбеақысының төмендігі тек педагогикалық қызметтің мазмұнына ғана емес, ол оның статусы мен беделіне әсер етеді, әлеуметтік жағдайын, оның кәсіби өсуін тежейді, әрі қарай педагогикалық тоқырауға  әкеп соғуы мүмкін.

Мемлекет тарапынан мұғалім еңбегін жоғары бағалау көбіне тек ресми түрде айтылып жүр. Мұғалім еңбегінің төмендігі, мұғалім кәсібінің беделсіздігі білім беру жүйесі үшін қауіпті. Мұғалімдер бұл мәселелерде 2015 жылға қарай өзгерістер болады деген үмітте. Педагогикалық қызметкерлердің айлығы экономиканың жеке секторындағы еңбекақы мөлшеріне жақындайды деп күтілуде.

Дегенмен, біздің зерттеуіміз байқатқандай, жалпы  орта білім беру саласында педагогикалық қызметке жағымсыз әсерін тигізетін әлеуеметтік-психологиялық мәселелер де аз емес.

46 пайыз, яғни  әрбір екінші эксперт ата-аналармен қарым-қатынастың күрделі екендігіне назар аудартады. Бұл қайшылықтың астарында ата-аналардың бағалауы мен мұғалімдердің өзін-өзі бағалауы сәйкес келмеуі жатыр, бұл — ата-аналарды да, мұғалімдерді де ойландыратын қарама-қайшылық.

«Мұғалімдер қызметінде не ұнамайды?»  деген сұраққа жауап берушілердің 31,9 пайызы «қағазбастылықты» атайды. Қағазбастылықты азайту оған кеткен уақытты негізгі педагогикалық қызметке арнауға мүмкіндік берер еді. Қағазбастылықтың себебі — мұғалімдердің 17,7 пайызы көрсеткендей, жоғары және бақылаушы органдардың жиі тексерістерінде.

Сарапшылардың 9,4 пайызын мұғалімдердің денсаулығы мен жасы ойландырады. Олар әртүрлі аурулармен ауырады, ауыр жүйке-психологиялық жағдайларды бастарынан кешіреді, санаториялық емделуге мұқтаж.

Мұғалім еңбегін саралап, аттестациялау арқылы оның әлеуметтік жағдайын көтеруге мемлекеттік бағдарлама да көңіл аударады. Ал әзірше аттестация педагог еңбегін әділетті саралап, ақы төлеудің тиімді тетігіне айнала алмай отыр. Біліктілік аттестациясын өткізумен байланысты ұжымдарда психологиялық күйзеліс туады, ол еңбекақыға, педагог беделіне әсер етеді, оның еңбегінің маңыздылығын да дәлелдейді.

Мұғалімдердің 4,3 пайызы мектеп әкімшілігімен өзара қатынас, басшылардың жұмыс істеу стильдері мазалайды, бірақ көптеген педагогтар мектептегі қарым-қатынас демократиялық негізге құрылғандығын атайды. Сауалнамаға сарапшылар өз тараптарынан да пікірлер қосқан. Олар мұғалім қызметіне әсер ететін келеңсіз фактор ретінде білім беру басшыларының кәсіби деңгейлерінің төмендігі мен «ҚР білім және ғылым министрлігі басшылығындағы жемқорлық» психологиялық ахуалға жағымсыз әсер ететіндігін атайды.

2,2 пайыз мұғалім біліктілікті көтеру мүмкіндігіндегі қиындықтар және оның қиындығын көрсетіпті. Біз жоғарыда қайта даярлау жүйесін бағалаудағы мұғалім пікірлерінің әртүрлігі туралы айтқанбыз. Біліктілікті көтеру бағдарламалары жеке сұраныстарға сәйкес сараланып, икемделуге тиісті.

2,9 пайыз мұғалім оқушылармен қарым-қатынастың қиындығын атайды. Мұғалімдер өз тараптарынан «оқығысы келмегенді оқыту қиын» дегенді қосады.

 

Мұғалімдерді қанағаттандыратын факторлар

Мұғалім мамандығы барлық қиындықтар мен күрделі мәселелерге қарамастан, әлеуметтік-психологиялық және кәсіби жағынан өзіне деген қызығушылықты жойған жоқ. Біздің зерттеуіміз бойынша, мұғалім кәсібінің құндылықтарын жүйелесек, төмендегідей бірізділік байқалады:

жауап берушілердің 17,9 пайызы немесе әр алтыншы мұғалім ең маңызды себебі ретінде «кәсіби таңдауына сәйкестігі»  және «еңбектің шығармашыл мазмұнын» есептейді. Мұғалім нақты бір мектептегі жұмысқа, еңбекақысына қанағаттанбауы мүмкін, бірақ мұғалім үшін мұғалімдік кәсіптің беделі құнды, ол тұлғаның шығармашыл әлеуетін дамыту үшін мүмкіндік беретінімен де құнды. Сондықтан да «жұмыстың шығармашыл мазмұнымен» қоса эксперттердің 16,1 пайызы «кәсіби шеберлікті дамыту мүмкіндігіне» басымдық береді. Көптеген мұғалімдер тарапынан мұғалім еңбегін бағалауда әртүрлі эмоциялық көңіл күй байқалғанымен, олардың 15,3 пайызы мұғалім жұмысы қоғамда оңды бағасын алды деп есептейді. Педагогтар мәдени ортада болғандарын бағалауы мүмкін, сондықтан да респонденттердің 9,6 пайыз педагогикалық ұжымдағы өзара қарым-қатынас қанағаттандырады. Педагогтар мұғалім еңбегін «таза, ыңғайлы жұмыс» деп те құрметтейді. Мұндай бағаны еңбек жағдайына 8,4 пайыз мұғалім берді. Бірақ білім беру қызметкерлерінің тек 6,7 пайызы ғана еңбекақыға риза. 5 пайыз мұғалім қосымша жұмыс жасау мүмкіндігін жағымды фактор деп есептейді: репетиторлық және басқа ақылы қызметтер материалдық жағдайға көмегін тигізеді. Мұғалімдерді қанағаттандыратын маңызды себептер — осылар.

 

Мұғалімдердің көңіл күйі

Педагогтардың ақырындап болса да елдегі және білім саласындағы өзгерістерге бейімделіп келе жатқаны күмән туғызбайды. Жұмыссыздық жағдайында, әсіресе, ауыл мектебіне кадрлар жетпей жатқан тұста, мұғалімдер жұмыссыз қаламыз деп аса көп мазаланбайды, сонымен бірге, көптеген жағдайлар оларды ойландыратынын білеміз.

Сондықтан «Сіз мұғалім кәсібінің мәртебесі жоғары, жоғары еңбекақы төленетін мамандық болатынына сенесіз бе?» деген сауал берілді. Жауаптары мынадай болды: 60 пайызы сенеді, 10 пайызы сірә сенбейді, 8,8 пайызы тіпті сенбейді, 6 пайызы екінші мамандық алып, басқа жұмысқа ауысуды қалайды; 0,2  пайызы да осылайша ойлайды, «бірақ кеш қалдық» деп есептейді; 15 пайызы «жауап беруге қиналады».

Мұғалімдердің басым көпшілігі болашаққа сеніммен қарағанмен, әлеуметтік жағдайы мен мәртебесіне деген алаңдаушылық та орын алып отыр.

 

Түйін

Білім беру саласындағы ағымдағы жағдай мемлекеттік бағдарламада егжей-тегжейлі талданып, бәсекелестікке қабілетті білім беруді жетілдіру жолдары анықталды.

Мектеп педагогтары білім берудің стратегиялық міндеттерін жүзеге асыру жолында оңды бағыт ұстанған, елімізді жаңартуда білім берудің маңыздылығын түсінеді. Мұғалімдер өте қарапайым материалдық жай-күйі жағдайында да, өз абыройларын түсірмей, ізгілікті құндылықты бағдарын сақтап келеді.

Дегенмен, мектеп ерекше әлеуметтік институт ретінде қоғамның барлық әлеуметтік топтарымен, өмірдің барлық саласымен, тұрғындардың демографиялық және мәдени құрылымдарымен тығыз байланысты. Қоғамның экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени-идеологиялық өмірдегі барлық проблемалары мектепті айналып өтпейтіндігі өзінен-өзі түсінікті.

Мәселе мынада: тек білім беру жүйесі қоғамға тәуелді емес, білім беру саласының да, оның кадрларының да бүкіл қоғам өміріне, яғни экономикаға, саясатқа және мәдениетке қайта ықпалы бар.

Мектептің білім беру саласында ұзақ жылдар бойы  шешімін күтіп тұрған күрделі әлеуметтік және экономикалық мәселелер қордаланып қалды. Біздің зерттеуіміз көрсеткендей, материалдық және әлеуметтік-психологиялық жағынан да олар білім беру қызметкерлеріне, мектепке айтарлықтай қауіп туғызып отыр.

Білімсіздік, кітап оқуға деген ынтаның азаюы, мектептегі жемқорлық, мұғалім мәртебесінің төмендегі, олардың кәсіби деңгейінің төмендігі, педагогтар мен оқушылардың ата-аналарымен күрделі қарым-қатынастар, қағазбастылық және басқа да мәселелер алаңдатады. Мұғалімдерді білімін көтерудің сапасы ойландырады, олар қайта даярлаудың дәстүрлі емес түрлерін таңдайды.

Мұғалімдердің әлеуметтік бағдары мен әлеуметтік жай-күйін анықтау бойынша эксперттер ретінде алынған педагогтар, психологтар — жоғары оқу орындарының әдіскерлері, білім беру қызметкерлері, орта білім беретін мекемелердің басшылары және тәжірибелі мұғалімдер көзқарастары барлық мәселе бойынша негізінен сәйкес келеді. Олар атап өткендей, бір жағынан, білім беру, әлеуметтік қорғау мәселелері ұзақ уақыт бойына мұғалімдерді ойландырып келсе,  екінші жағынан, жағымды өзгерістерге үміттене жүріп, мұғалімдер жаңалыққа деген бағдарын жоғалтпады. Сонымен қатар, мұғалімдер арасында өмірдің күрделеніп, өзгеріп, жаңарып тұратын ахуалына бейімделуіне салқынын тигізетін селқостық пен енжарлық та кеңінен тараған. Күдіктер мен қауіптерді сөзбен емес, тек іспен, нақты тәжірибелермен, мектеп пен мұғалімге қатысты мемлекеттік саясаттың өзгеруімен ғана еңсеруге болады.

Педагогтардың барлық сұрақтар бойынша қоғамдық пікірлерін зерттеу мұғалімдердің көңіл күйін, олардың білім беру саласы алдында тұрған мәселелерін сезінуге, оларды тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Бұл пікірлер — білім саласындағы  реформаларды түсінудің, елде жүргізіліп жатырған өзгерістерге көзқарастардың айнасы. Педагогикалық қауымның тілектеріне орай білім саласы үнемі нақтыланып отырса, қазақстандық мектептің дамуына зор ықпал етері сөзсіз.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button