Мәдениет

ҚҰДІРЕТ

— Сақау!

Әкесінің даусын естіген Тасболат оқып отырған кітабын тастап, далаға шықты.

Бұл ауылда Тасболат ес білгелі өзін «Сақау» деп атайтын жалғыз әкесі ғана. Оған құлағы үйренген, арланбайды. Бірақ ең алғаш рет жылағаны әлі есінде. Онда бірінші сыныпта оқитын. Бірде үзіліс кезінде «Сақау» деп балалардың бәрі бірдей хормен айтқандай шулағаны бар. Құлағына сонда түрпідей тиіп, шыдай алмай, ызаға булыққан ол үйге келіп, шешесінен:

— Апа, ағам мені өз атыммен атамай, «Сақау» деп атайды? — деп әлгінде өзін балалардың келемеждегенін жеткізген кемсеңдеп.

— Құлыным-ау, сені жек көргеннен айтады десең, оның бекер. Тасболат деген арғы аталарыңның аты екен. Оны әкең кейін білді. Әрі сенің алдыңдағы екі ер бала да тіл-көзден шетінеді. «Аузы күйген үріп ішеді», осылай атаса, сен аман-есен жүреді деген ырымы оның. Сені жақсы көргені, еркелеткені. Онда тұрған не бар? — деп шешесі бауырына басып, бетінен сүйді. Артынан балалар да Тасболат көңіл бөлмеген соң далаға айтқандай болды да, мазақтауын қойып кеткен. Оның өзіне салсаң, әкесінің «Сақау» деп атағаны «айналайын» деп айтқанмен бірдей. Атының ұнағанынан емес, оның ағасына деген ықыласының бөлектігі. Баланы оның түр-тұлғасы мен өзгелерге ұқсамайтын жаратылысы қызықтырады. Оған басқа балалардың әкелеріне ұқсамайтын кербездігі, көп сөйлегенді жақтырмайтын мінезінің ауырлығы, сөзге тым сараңдығы ұнайтын. Денесі еңгезердей, қою қара мұртты, қыр мұрынды келген кісі болатын. Түсі де дене бітіміне қарай қара торы өңіне үйлескен, суық еді. Бір әдеті — сөзге үйірлігі жоқ. Өзіне сай жуан даусымен асықпай, кесіп бір айтады. Сол бір сөзінің өзі-ақ жетіп жатыр. Оның үстіне, ағасының шай ішкендегі көрінісі де елден бөлек. Дастарқан басында тіп-тік отырып, кесені үш саусағының ұшына шошайтып ұстайтындығы ерекше әсер беретін. Құдды бір бұрын көрмеген, әрегідік елесте ғана шалынатын таңғажайып суретті көз алдыңа әкелгендей болатын. Кейде ағасының қабағынан қар жауғандай сыз тартқан кездері ұнжырғасы түсіп, жақындауға тайсалатын. Тасболат артынан оның жылы ұшыраған жүзін көріп, суықта ыстық леп сезінгендей күй кешетін.

Жердегі сынық шөпті көтермейтін, үй шаруасына жоқ әкесінің қораның ішін тазартқанын бұрын көрген емес. Қолына айыр ұстап, жердегі шашылған шөптерді жинап жүргеніне таң қалды.

— Ертең қанша сабағың бар? — деді.

— Бес сабақ болу керек еді. Екі апай ауырып қалған.

— Онда сабағыңа жексенбі күні дайындаларсың. Тайлақты түйенің өрістен оралмағанына үш күн болыпты ғой. Мектептен келген соң атпен Үшшоқы жақты қарап кел. Сонда жүрген шығар. Ащы шөбі бар, түйенің жері. Күз болса солай кететін жылдағы әдеті. Әзбергенге айтып, жуас ат алдыртайын ертеңге, — деді.

Тасболат үшін бұл күтпеген жаңалық еді. Үлкен көздері нұр шашып, таңқы танауы едірейе қалды. Оның өзіне дәреже тигендей мақтанғаны және де бұрын жалғыз жібермейтін әкесінің алғаш рет жұмсап отырғанына қуанғаны. Атқа құмарлығы да бар. «Жүйрік ат болса ғой. Далада құйындатып шапқанға не жетсін!» — деп армандап қойды ішінен. Қуанғанынан үйге қарай жүгірді.

— Үйге қарай жүгірмейді, — деді ағасы. — Үйге қарай жүгірген жаман ырым.

Ауылдың батыс жағындағы белеңнен ассаң, алыстан қарауытып Үшшоқы көрінеді. Оның ар жағы Жыланды төбе. Онда немере ағасы Жолай түйе бағады. Тасболат былтыр жазғы демалысын сонда өткізген. Ағасына көмекшілікке жарап, жаз бойы түйе бақты. Түйені жазда баққан оңай. Алысқа ұзамайды. Шөпке тойып алғанда ықылық атып, күйісін қайырып жатады. Күзде қиын, қояншығы ұстағандай мойнын жерге бір имей, басын кекжитіп, желге қарсы шуылдап, аяғы аяғына жұқпай кердеңдеп, қайыру бермей қашқанда, атқа жеткізбейді. Көз жазып қалсаң, іздеп табудың өзі машақат. Әншейінде бойы сорайғанмен, сай-саланы қуалап кеткенде көзден таса қалып, таппай қалатын кездер болады.

Түйе бақты деген аты ғана, көбіне сондағы балалармен ойнайды. Ойынның неше түрі осында. Атқа мініп жарысқың келсе, шаба бер, ауылдың шығыс жағы теп-тегіс, сонау Қаратөбеге жеткенше. Бірақ жарысқа түсетін ат табу қиын. Мал баққан арқасы жауыр аттар өңкей. Мұнда доп ойнайтын ашық алаң бар. Бір қинайтыны, допқа әуес балалар жоқ. Күрессең, ауылдың батыс жағы аяғың батпайтын бұйра құмдар. Балалар осы жерде күресіп, жағаласады. Бір жақсы жері, жығылсаң, жұп-жұмсақ, жамбасың ауырмайды. Ал жасырынбақ ойнағың келсе, жасырынатын жер де көп. Қамыс та, тал да, шеңгел де, айналасы шөптен көрінбейтін шұқыр мен сайлар да жетеді. Осылардың арасына тығылсаң, сені ешкім таппайды. Керек пе, жатып ұйықта. Бірде Тасболат жүгірген күйінде айналасы шөптен көрінбейтін шұқырдың ішіне қойып кетті. Сол кезде шөптің іші шытырлап, шулап қоя бергенде, тап қасынан шыға келген қоянның ербиген құлағынан қорқып, бақырып жібергені бар. Ауылдың қақ ортасы тақыр жер. Асық ойнауға жақсы. Күн ысып кеткенде үйдің көлеңкесіне тығылады. Онда отырып бестас ойнайды.

Жиделі өзенін мұндағылар «бұлақ суы» деп айтады. Мұздай болғанда, керемет! Күн қапырық ыссыда түссең, салқын суға денең жеңілденіп, рахаттанып қаласың. Ал енді таңдайың кеуіп тұрғанда ішсең ғой! Демде ішкі сарайың ашылып, көзің шырадай жанып шыға келеді. Күн сәулесінен су түбіндегі тастар да мөлдіреген моншақтай көз қызықтырады. Бір айыбы, суда балық болмайды.

— Қазір күннің көзі едәуір қысқарды. Ауа райы ашық деп алданып қалма, күз айы қисық, тез бұзылады. Үшшоқыда түйенің бар-жоғын біл де, айналмай, тез қайт. Мына тұрған жер емес пе, сүт пісірімде жетесің, — Тасмағанбет ат үстінде отырған баласының бетінен сүйді. — Жолың болсын!

Әкенің берген тапсырмасы балаға сын екенін сезгендей, түйені тапқанша асығып, өзін көрсетпекші болған Тасболат:

— Аға! — деді әкесіне. — Мен әлі кішкентаймын ба?

— Жоқ, балам. Бұрында он үшке толғанда отау иесі болған. Сен он төрттесің, оны біліп қой.

Әке жүзі күн нұры шалғандай күлім қақты. Өзінің де күткені осы еді.

Баланың астындағы күрең төбел аттың жал-құйрығы ұйысып, қарны қампиып, тырсиып тұр. Мына тұрған жерге демде барып келе қоятындай сеніммен Тасболат жолға шықты.

Ол ат тізгінін бірден қоя беріп, белеңге көтерілді. Шетсіз-шексіз дала, қиырына көз жеткізбейді. Алдынан кел мұндалап шақырып тұрғандай мұнартып Үшшоқы көрінеді. Аспан ашық. Маңдайдан соққан самал лебімен бірге жусанның жұпар исі аңқиды. Жол жиегіндегі жусан күмістей жылтылдайды. Анадайдан шоқ-шоқ талдар көлбеңдейді. Жорғасын төгілткен күрең төбел басын сәнмен көтеріп алған.

Кең далада інінің аузында қаздиып тұрған саршұнақтар мен қураған бұталардың басына қонған қараторғайлар көрінеді. Көк жүзіне іліп қойғандай боп қалықтап жүрген жапалақты көргенде, бұдан да кішкентай кезін есіне алды (онда мектепке де бармайтын). Сонау шырқау биіктегі ұлпадай аппақ бұлттарга қарап: «Неге жерге түсіп кетпей тұр?» — деп таң қалатын. Алабұртқан көңілі бірде сол бұлттарды қолымен ұстап көрмекші болады, бірде үстіне шығып ойнасам деп қызықтайды. Артынан сонау биіктен құлап кетем деп, қарауға қорқып, қойған. Бала біткен қиялшыл келеді. Қазір де қиял қанатына мініп: «Айға ұшатын космонавт болам», — деп армандап кетті. Жұрт ашпаған жаңалықты бір өзі ашып, елдің бәрін қуантпақшы ойы. Сонда өзін ел-жұрты бастарына көтеріп қолпаштайтын шығар деп, көз алдына келтіріп, бір марқайып қалды. Осылай ой елесіне сіңіп кеткенде, уақыттың қалай өткенін де білмеді. Таусылмайтын алыс жол қас қағым сәтте зу ете түскендей. Өзектің жағасындағы қамысты бойлап, Жиделі өзенін жанамалай өрге көтерілді. Дала бозторғайдың әуеніне тербеліп тұр. Алыстан кішірейіп көрінгенімен, шығысында көсіліп жатқан жазыққа жалғасатын ирек жон әжептәуір-ақ үлкен екен. Жотаның үстіне жақындаған сайын, үлкен-үлкен жалаңаш тастар көбейді. Міне, Үшшоқыға да келді. Алдымен төңіректі шолды. Қайда қарасаң да түу алыста буалдыр көкжиекпен астасып жатқан кең дала. Құдды басыңдағы төбетейге ұқсап, жер дөңгеленіп жатыр. Жиделі өзені батыстан күн көзіне шағылысып, айнаға түскен сәуледей көз қарықтырады. Мына жотаның үстінен қарағанда Жыландытөбе дегенің теп-тегіс екен. Өткен жылы Жолай ағасы екеуі осы жермен жүргенін машинаның даңғыл жолынан таныды. Сонда жолдың бойынан құжынаған жыландарды көрген. Біреуін машина басып өткенде, жылан шағып алатындай қорқып еді. «Жылан өліп қалған шығар» деген Тасболаттың ойын түсінгендей, машина айдаушы мұртты жігіт: «Оған жылан өлмейді. Осы жерден күнде өтеміз. Өлген жыланды көрген жоқпын. Бұл жерден жаяу адам да жүре береді. Өзің тимесең, олар өздігінен саған тимейді. Баурайда күн көзіне қыздырынып жататын жылдағы әдеті», — деді.

Қазір сол жаққа қарауға қорықты. Одан әріде ағасының ауылы көрініп тұр. «Әттеген-ай, қазір балалардың бәрі оқуға кеткен, ауылда жоқ. Әйтпесе баратын едім», — деді ағасының ауылына қызыға қараған бала. Енді шоқының үстіне шығып, төңіректі қарамақшы болды. Шоқы дегенің үйіліп қалған төмпешік емес екен. Табаны ағаш үйдің көлеміндей, бұжыр-бұжыр тастар, биіктеген сайын жіңішкере береді. Үстіне аяғын тіреп шығатын тепкішек бар. Көкпен таласып, баяғының батырларындай тәкаппар тұр. Тасболаттың үстіне шығуға батылы жетпеді. Мүжілген тастардың кеткен жерлері болмаса, үш шоқының бір-бірінен айырмасы шамалы. Қай ғасырда екенін кім білген, жаугершілік заманда осының үстіне шығып, күн-түн демей, төңіректі қарауылдаған. Үш шоқыға бірдей күзет қойған. Бірі байқамағанын бірі көрер деп ойласа керек. Бұрында алыстан келе жатқан жауды көріп қалса, бала-шағаларын жасырып, алдарынан жасақталып, ұрысқа дайындалады екен. Соның арқасында шапқыншылардан елін, жерін аман алып қалып отырған деп жүз бір жастағы қария Тасыралы айтқанын шөбересі Нұрымнан естіді. Әуелде жота емес, тау болған деп білгішсінген сонда. Күздің сұрғылт көрінісін жаңа танып тұрғандай айналасына құмарта қараған бала бұл жерге жоқ іздеп келгені енді ойына түсті. Алыстағы көлеңкелеу жердегі қарайғанды малға ұқсатқанмен, айыра алмады. Не де болса барайын деп, аттың басын солай бұрды. «Күрең төбелдің жүрісіне қызықпайтындар бар ма екен? Жорғасы қандай керемет!» — деп таңданған Тасболат жүрісіне сүйсініп, атына қамшы үйірді.

Күннің көзі көкжиекке қарай еңкейіп қалыпты. Зеңгір аспан бетінде қара қошқыл бұлттар пайда бола бастаған. Терістіктен шыққан жел бірде ысқыра соғады да, бір сәт демалып, тың тыңдағандай тына қалып, қайтадан гуілдей жөнелді. «Ауа райына сенбе» деп әкесінің айтқаны есіне түскенде, демде күз күні түнеріп шыға келгендей әсер етті. Кенеттен дауыл көтерілді. Шашақтары селдіреген ағаш бастары шулай бастады. Бүрісіп қураған шөптер мен бұтақтар да мас кісідей бұлғақтайды. Жел жұлып кеткен жапырақтары мен құс қауырсындары ауада үйіріліп, айналып жүр. Іле-шала нөсер құйып кетті. Үсті су болған Тасболат амалсыздан қалың ағаштың арасынан баспана тауып, жаңбырдың басылуын күтті. Әншейінде тез өте қоятын нөсер қоймай жауды. Бұлт көмкерген аспан күн батқан сайын тарылып, қараңғылана бастады.

Нөсер жаңбыр басылды. Кеш тез батты. Жел азынаған айсыз түн. Тасболат тастай қараңғыда жалғыз жүргеннің қандай қорқынышты екенін енді сезе бастағандай. Әлгінде ғана жанына серік болып келе жатқан кеуде толы қуаныштың әсерінен туған қиялдың қайда кеткенін білмей, орны қоңылтақсып, жапан түзде көңіліне сүйеніш іздегендей алаңдай берді. Бәрі де ойдағыдай бола қояды деген бала көңіліне күтпеген жерде күдік туып, тығырыққа тірелгенін байқап келеді. Көзге түртсе көргісіз түн ішіне қадалып ілгері қарады. Қорыққанға қос көрінді ме, әлде бірдеме қараңдағандай болып, бүкіл денесі мұздап қоя берді. Бала төңірегіне үрке қарап, сақ отыр. Енді бірде қаңыраған далада өзінен басқа тірі пенденің жоқ екенін сезгенде, аспаны бұлт, алды бұлдыр, атам заманнан тас болып қатқан тажал мүсіндей — қараңғы түннің ішінен төніп кеп қалатын жартастардай қарайған біткеннің бәрі зорайып көрінгенде, тұсынан сескенбей қалай өтсін?! Үрей туды… Минут сайын өз өмірі туралы қалтырап, айналадағы құпия біткеннің бәрі: мынау өлі үнсіздік жайлаған тылсым тыныштықта дөңкиіп жатқан коңыр тас та, сүмеңдеп ерген ат тұяғының тықыры мен кей сәт құлағын тікірейткен күрең төбел де жалмауыздай үрейлі көрінеді-ақ. Аттың тізгінін бос қоя берген бала бас киімін көтеріп, маңдайындағы кекілінен тартқылап жылады. Екі иығы селкілдеп, Тасболат әкесін шақырды. Сол кезде «Сен үлкенсің» деген даусы құлағына жаңғырыққандай болды ма, жоқ әлде елсіз далада бір өзі екені есіне енді келді ме, әйтеуір, алыстағы оның даусын ешкім естімейтінін түсінгенде барып өксігін басты. Тағы да торығып, алақтап айналасына қарады. Әлде үрей, әлде шаршағаннан ба, денесі қалтырап, жаңбырдан кейінгі қара суық өңменінен өтіп барады. Әке-шешесі ойына түсіп, сағынып кетті. Жапа шеккен елсіз далада, енді қайтып көре алмайтындай, қапаста сезініп, даусын шығарып тағы да айқайлағысы келді. Бірақ бұны кім естиді? Түн баласы ұйықтамайтын малшы да малын қотанға бекітіп, әлдеқашан ұйқыға кеткен шығар деген ой келді ме, кім білсін?! Үн шығарған жоқ.

Жел қайтадан ерегеспе долылыққа басты. Тымағының құлақ бауын түсіріп, тамағының астынан байлады. Қойны-қонышын кеулеп, ат үстінен ұшырып әкетердей еліреді. Ердің басын қос қолдап ұстап алған. Түнде жүрген жол ұзақ. Межелі жерден жаңылып, қазірдің өзінде-ақ ес кетсе, елді мекенге жеткенше шықпа жаны қалса де.

Елсіз далада бойын үрей билеп келе жатқан Тасболаттың алдынан кішкене жылтыраған оттар көрінді. Төбесі көкке жеткендей қуанып кетті. Осынау жапан түзде көзіне ыстық тарта қалатындай сүйеу табыла қояды деп ойына алған емес. Балаға бұл да демеу болды. Ердің үстіне қайтадан жайланып, желпіне кеудесін көтерген Тасболат тор төбелді тебіне түсті. Ат та осыны күткендей басын көтеріп, құлағын тікірейте, аяғын серпи басты.

Енді жаңағы көрінген жарықтың қайда кеткені белгісіз, көзіне елес көрінгендей. Бір кезде айнала қайтадан кішкене жылтыраған оттарға толып кеткенде, кенет көңілі қатты жүдеп, көкірегін әлдебір ыза қысқандай күй кешті. Осындайда қайдағы-жайдағылар еске түсетін әдеті емес пе? Шайтан отқа үйір болып, шаштары жалбырап, ұсқынсыз түрлері құбыжыққа ұқсап, жарықты айнала асыр сала жер тепкілеп, үстерінде лыпа болмай, ербеңдеп билейді деп балалардан естігені ойына келгенде, қобалжи бастады. Бірақ оттың төңірегінен ешнәрсе көрінбеген соң, көңілі орнына түсті. Ерте заманнан бері жаугершілік кезінде адам денесі қайда қалмаған дейсің. Сүйектегі фосфордан жарық шығатынын бірі білсе, бірі білмейтіндер бар емес пе? Қапелімде мұндайды көрмеген бала емес, үлкендердің өзіне де қорқыныш әкелері сөзсіз еді. Келе-келе төңірегіндегі кішкене жылтыраған жарыққа да үйренді. Қауіпті ешнәрсе жоқ екеніне көзі жеткен бала бәрібір алыстан көрінген оттардың жақындай бере көрінбей кеткеніне түсіне алмай қойды.

Кейде жаның күйзелсе, жігерің қайнай түспей ме?! Тасболат та көрген азабына шыңдалып қайраттанғанмен, осы бір тас қараңғы түн ішіне үйрене алмады. Қанша уақыт өтті. Жол жүргеннен таусылатын болса, ендігі таусылар еді. Әлі жүріп келеді. Бағдар, бағыт жоқ. Қай жерде келе жатқанын білмей қиналғаннан: «Шынымен-ақ адасқаным ба?» — деп іштей күбірледі. Тас қараңғы түннен енді қайтып таң атып, күн шықпайтындай, бәрі де қайтып оянбайтын мәңгілік ұйқыға батқандай. Тың тыңдаса, ысқырған желдің ызыңы мен бірқалыпты үзеңгі сыңғырынан алабөтен құлаққа ұрар бөгде дыбыс жоқ. Желден ықтап, артқа бұрылды. Жанына естияр болар мақұлық астындағы жануар ғана. Бірақ бұл да жанарын тайдырып әкеткендей. Ер-тұрманның ербиген қасы көрінеді. Ат та шаршап, ердің қасы аспанға шығып кеткендей, құлағын жымитып, басын жерге салды да, дәрменсіз күрсінді. Жота ма әлде жазықтық дала ма, айыру қиын. Осы тартқан азабы үшін кімге ызаланарын білмей күйінгенде, алдынан үміт оты жылт еткендей өршелене түсіп, астындағы атын тебінеді. «Не салса да көндім, ендеше, не болса да көріп алдым!» деген бір ой дүлей өлермендікке жетелейді… Сүйткенше болмай, қараңғы түннің ішінен әлдебірдеме қимылдағанын байқап қалды. Міне, көз алдында бір нәрсе қорбаңдағандай, жүрегі алып-ұшып, дір етіп, кілт тоқтай қалды. Бүкіл денесі, екі дізесі қалтырап қоя берді. Сол мезетте ат үркіп, жалт бұрылғанда, Тасболат құлап қала жаздап, дер кезінде ердің басынан ұстап үлгерді. Қараңғыда анық ажырата алмаса да, домалап бара жатқан қаңбақты көргендей болды.

Әйтеуір, түн екенін біледі. Әбден есі кетіп шаршағаны сонша, ат үстінде былқ-сылқ етіп, құлап кететіндей отыр. Бір уақытта жүрген жүрістің шегі болмай кеткенін астындағы жануар да сезді ме, төрт табандап, жүрмей тұрып алды. Бала амалсыз аттан түсті. Алдынан шығып, жүгенін иығынан асыра қос қолдап бар күшімен алға тартып, табанымен жерді нық баса тіреп, екінші аяғын алдына қарай көтере бергенде, қас пен көздің арасында Тасболат шалқасынан құлады. Ат орнынан қозғалған жоқ. Оның осы арада ойлануға да мұршасы келмеді. Түк түсінбеген күйі, не істерін білмей қиналған бала елсіз далада өзімен-өзі іштей арпалысып, бір сәт тынышталғандай. Өзінің осынша дәрменсіз болғанына күйінді. Кенет қаны басына шауып, бұлқан-талқаны шығып ашуланғанда, ызадан булығып, жылады. Суық мұнар мен өлі үнсіздік жайлаған далада басу айтатын ат та басы жер сүзіп, тұла бойы салбырап, сүлдесі қалғандай өзімен-өзі тұр. Оның да жаны бар емес пе, шаршаған шығар. Әйтпесе «қасыңдағы мені ұмытпа» дегендей осқырынып, құлағын тікірейтіп тұрар еді ғой. Ақыры, қашанғы жыласын, солығын басып, басқа амалы жоғын өзі де сезді ме, атты тұрған жерінде шідерлеп, қолына шылбырдың ұшынан орап, үстіндегі күпәйкісімен қисая кетті. Ол енді қорыққан да, үрейленген де жоқ. Үйдегі әкесі мен шешесін ойлады. Әкесі колхозда басқарма. «Мені іздеп жатқан шығар. Апамның жүрегі ұшып кетпесе болар еді, түнімен ұйықтамай, уайымдайтын шығар. Ағам шыдамды, не де болса ішіне сақтайды. Жұрттай күйгелектеуді білмейді. Ауылды дүрліктіріп, біреулерді жұмсап жатыр ма екен? Ұят болды-ау! Оларды әуреге салғанымды қарашы. Ағамның айтқанын істеп, тез қайтқанда ғой, бүйтіп елсіз далада жатпас едім». Ес білгелі әкесінің бірінші рет бетінен сүйгені есіне түсті. Әлі орны ып-ыстық болып тұрғандай сезді бала. «Әкем мені үлкенсің деді-ау! Аға! Әлі бір маңдайымнан сипап, бетімнен бір сүймедің ғой. Басқа балалардың әкелеріндей күніге айналып-толғанып, мейірімді төгіп тұрсаң ғой, бақыт құшағына шым батып кетер едім. Бір ауық қиял қанатына мініп, шырқау биіктегі бұлттармен бірге қалықтап жүрер едім. Менің бетімнен сүйші, алақаныңмен маңдайымнан сипашы: исіңді сезейін, мейіріміңді бойыма сіңірейін. Бірақ мен енді үлкенмін, өзің айттың. Сипамасаң да болады. Иә, аға, ендігі жерде өр мінезіңе қарап өскенімнің өзі не тұрады?! Ол маған күш те, қуат та береді. Бұған мен сенемін. Көрдің бе, айтқаныңды істемей, далада жатырмын. Маған ұрыспаймын деп айтшы. Кешірсең ғой. Бұдан былай балалығымды тастап, істеген ісіме мұқият болам деп уәде берем. Маған сенші…».

«Әке, неге мені әлі бір ұрған жоқсың. Осы жолы жақсылап ұршы. Есімде қалсын. Таяқ жеген жақсы. Тәртіп бар жерде ақыл бар. Мүмкін, құлақ аспай жүре бергенім соның кесірі шығар». Бала жылап жатқан күйінде ұйықтап кетті.

Тасболат түндегі қорыққаны тарс есінен шығып, түк болмағандай, ұйқысынан көңілді оянды. Қаперсіз, кең тыныс алып далада жатқанның әсері ме, бидай өңі жадырап, төсекте жатқандай, кірпіктерін жыпылықтатып көзін ашқанда, күздің салқын таңы әбден жарық болған еді.

Шығыста ұзыннан түсіп сұлап жатқан жотадан асып, Үшшоқы үстін шарпып күн шығып келеді. Аяққолын созып, құрбақадай тарбиып керіліп алған соң, мұздап қалған денесі жылынғандай бодды. Орнынан тұрды. Мөлдір аспан төрінде көп қоңыр ала бұлттар көшіп жатыр. Қиырдан соққан ызғарлы желдің екпіні сәл бәсеңдеген. Төңірегіне қарады. Таныс жерге ұқсайды. Жотаның үсті екен. Бірақ Үшшоқы алыстап кеткен. Немере ағасының ауылы көрінбейді. Күнбатыс жақта тұрғанын енді байқады. Қалай болғанын түсінбей, таң қалды бала. Түнімен айналып жүргенін кейін түсінді. Ат түндегі орнынан қозғалмапты.

Тасболат түндегі құлама тіп-тік жардың үстінде тұрған аяғының басқан ізін көріп шошып кетті. Бұрын өзеннің орны болса керек. Су тасып, мүжіліп құлағаннан пайда болған жарға ұқсайды. Әріректе кең арналы өзен жазықпен жарыса орағытып ағып жатқан судың арнасы ап-айқын көрініп жатыр. Төменде жазықпен беттескен жер бұлдырап көрінеді. Одан ар жағы апанның үңірейген аузындай, қап-қара түсі қорқынышты. «Мынадан құласам, бүйтіп тұрмас едім ғой». Қапелімде бойын үрей билеп, қараңғы түпсіз шыңырауға құлдырап бара жатқандай кейін шегінді. Мына құздан қалай аман қағанына түсінбей, бала аң-таң.

…Сол бір сәтте әлдебір күш желке тұсынан тартқандай еді-ау! Енді есіне түсті. Соны неғып аңғармағанына өкінді. «Сонда ол кім болды екен? Әйтпесе мына жерден құласам, нем қалатын еді?!» — деп тіп-тік жардың үстінен басқан ізіне қарады. Жаңбырдан кейінгі із, мені көрдің бе дегендей, баттиып жатыр. Тайға таңба басқандай. Басқан бәтеңкенің бас жағы тиген жардың шеті опырылып құлаған орны тұр. «Киелі жердің иесі болады» деп кеше оқыған кітабында жазыпты. «Әлде сол ма екен?» — деді.

— Құдірет! — Бұрын айтпаған, ешкімнен естімеген бұл сөздің аузына қалай түскенін байқамай қалды. — Құдірет! Құдірет! — Тасболат қайталап күбірледі.

Атқа мінді. Сол кезде алыста келе жатқан өзіне таныс екі аттылы кісіні шырамытты. Иен далада ауыл адамдарын көрген Тасболат:

— Мен мұндамын! — деп айқайлады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button