Спорт

Жеңімпаздар оралды

Чемпиондар Лигасының бірінші іріктеу кезеңінде ел чемпионы «Ақтөбе» командасы қияндағы Исландияның «Хабнарфьордюр» командасын 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, елге оралды. Осынау бір аралдағы мемлекетке арнайы ұшақпен барып қайтқан жерлестеріміз жанкүйерлер үмітін барынша ақтап, үшінші кезеңге жолдама алуға жақын тұр.

Жеңімпаздарды өткен бейсенбі күні Ақтөбе халықаралық әуежайында облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен жанкүйерлер тобы ерекше салтанатпен күтіп алды.

Ойынның қалай өткендігіне аз-кем тоқталсақ. Біздің команданың жеңетіндігіне жергілікті жанкүйерлерімізден өзгелердің сеніңкіремегендері рас. Еуропада «Хабнарфьордюр» беделді клуб болмаса да, былайғы жұрт «Ақтөбені» онша қолпаштамады.

Ойынның сырт алаңда өткендігіне қарамастан, жерлестеріміз Исландияға ұпай беру үшін бармағандықтарын көрсетті. Біздің ойыншылардың айтуларына қарағанда, бойшаңдау ойыншылары мол алаң иелері алғашқы минуттардан-ақ басымдыққа қол жеткізуге тырысқан. Бірақ бірнеше жыл қатарынан еліміздің чемпионы атанып келе жатқан Владимир Мухановтың шәкірттерінің де жалы құлаған жоқ. Дегенмен алғашқы қырық бес минут тыныштау өтті де, ойынның көрігі екінші кезеңде қызды. Алдымен 49-минутта айып добын сәтті орындаған Мұрат Тілешов есеп ашты. Арада алты минут өткенде Исландияның тәртіп бұзған ойыншысы алаңнан қуылды. Осы сәттен бастап ойын тізгінін тікелей қолға алған жерлестеріміз барын салып, елу жетінші минутта Константин Головской есепті еселеді. Мұнымен тынбаған ақтөбеліктердің қатарында Марат Хайруллин мен тағы сол Головской бір-бірден гол соғып, өз командаларының мерейін үстем етті. Қорытынды есеп – 4:0.

Мұндай қуанышты сәтті облыс әкімі Елеусін Сағындықов теледидардан бастан-аяқ тамашалаған. Ойыншыларды күтіп алу кезінде ол журналистерге осылай деп ағынан жарылды.

– Біз команданы барымызша қолдадық. Бірақ біздің команданың нағыз футбол көрсететіндігіне күмәніміз болған емес. Қазақстандағы өзіндік орны бар «Ақтөбе» футбол клубы туралы басқаша ойлау артықтық етер еді, – деді облыс басшысы.

Әуежайда бейсенбі күні кішігірім той өтті десе болады. Айқасқан құшақтар, толқыған құттықтаулар және футболшыларға ұсынылған гүлдер. Әйтеуір, шаттанбаған жан қалмады.

– Барлық ұсақ-түйекке дейін мән берілді. Арнайы ұшақпен барғанымыздың өзі неге тұрады… Жігіттер алты сағаттай әуеде болғанымен, шаршағандықтарын білдірген жоқ. Екіншіден, бұл кездесуге біз өте сапалы дайындық өткіздік. Және, үшіншіден, ойыншылардың ауызбіршілігі, ынтымағының көп көмегі тигені рас. Енді үшінші кезеңге өту мүмкіндігіміз молайды. Алайда жауапты кездесудің ауырлау тиетіндігі де бар. Дегенмен жанкүйерлерімізді ренжітпеуге тырысамыз, – дейді команданың бас жаттықтырушысы Владимир Муханов.

Біздерге сұхбат берген команданың қорғаушысы Андрей Сидельников ерекше қуанышты болды. Қақпасын «таза» қалпында ұстаған біздің батыр командаластарына өте риза. Бірақ алаң иелерінің қасақана тобықтан қағып, лас ойын көрсеткендіктеріне қапалы.

Қарымта кездесу ертең Қобыланды батыр атындағы Орталық стадионда өтеді. Ел чемпиондарының мыңдаған жанкүйерлер алдында есе жібермесі анық. Исландиялықтардың келесі кезеңнен дәмесі болса, біздің қақпаға жауапсыз бес доп салулары керек.

Айта кетерлігі, өз елінің маусымында биыл ірі жеңілістің дәмін татпаған «Хабнарфьордюр» командасы тек бір рет қана 1:2 есебімен ұтылған. Ал ақтөбеліктерден 4:0 есебімен жеңілу олар үшін тас төбеден ұрғанмен тең болды.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button