Денсаулық

Қатерлі ісіктен емделді!

Қатерлі ісік диагнозы — көп ұзамай науқас өмірмен қоштасады деген сөз емес. Мұның айқын дәлелі — біздің кейіпкеріміз Ұлболсын Тәженова — обыр ауруынан емделді. Ол кісіге осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын асқазан обыры деген диагноз қойылыпты. Дәрігерлерге кеш тексерілуінің салдарынан ауру асқынып, дерттің ІV сатысында ауруханаға түскен. Оған шұғыл ота жасалып, асқазаны мүлде алынып тасталды. Қазір кейіпкеріміздің денсаулығы жақсы. Дәрігерлер оның аурудан құлан таза жазылып кеткенін айтады.

 

Сабыр мен сенім

 

Аты жаман ауруға шалдыққанымды алғаш білгенімде шошып, абыржыған жоқпын. Қорқыныш, үрей болған жоқ. Іштей: «Бейнет қой» деп салқынқанды қабылдадым. Алла маған сабыр берді. Қандай қиын жағдайға тап болмасын адам сабыр сақтауы керек. Түсінгенім, сабырлылық танытса, бәрі өз ретімен шешіледі екен, — дейді Ұлболсын Тәженова.

Дәрігерлер оған шұғыл ота жасау керектігін айтыпты. Кейіпкеріміз дәл сол уақытта «Пышаққа түсудің қажеті бар ма?» дегенмен, өмір сүру үшін берілген үлкен мүмкіндікті жіберіп алмау керектігін ойлапты. Оның үстіне кенже ұлы Дархан да анасын жігерлендіріп, таңдаудың дұрысы — ота жасату екеніне сендіреді. Сөйтіп, кейіпкеріміз 2003 жылы сәуірде асқазан обырының төртінші сатысында (!) күрделі ота жасатты. Ота сәтті өтті.

  Отадан кейін жан сақтау бөлімшесінен палатаға ауысқанымда дәрігерім Әріп Қойшыбаев келіп: «Өзіңіз дәрігерсіз. Денсаулығыңыз үшін алаңдаушылық білдіріп, ауру жөнінде ешбір сауал қоймадыңыз. Неге?» — деді. Денсаулығымды уайымдап, қайғырып, күйзеліске түскен жоқпын. Өйткені ізгі сенім болды. «Әуелі Алланың мейірімділігіне, екіншіден, ота жасайтын сіздің кәсіби шеберлігіңізге сендім. Сол себепті денсаулығыма байланысты артық-ауыс еш нәрсе сұрағым келмеді» — дедім  дәрігеріме.

Ауру жаныма қатты батқан да шығар, бірақ расын айтсам, менде күйзеліс болған жоқ. Себебі, маған тілектес адамдар өте көп болды. Әсіресе, марқұм жолдасым Ақмалай үлкен қолдау көрсетті. Балаларым бәйек болды. Ағайын-туыс, жекжаттарым, таныстарымның ізгі ниеті, риязсыз  көңілдеріне риза болдым.

Жұмыстастарымның, Қобда аудандық ауруханасы ұжымының маған деген ықыласы ерекше болды. Ет жақындарыңның,  көпшіліктің тілектестігін сезінудің өзі қуат, күш береді екен. Ауруға мойынсұнбауымның сыры содан. Әйтпесе, аурудың қай түрінің де жақсысы, жеңілі жоқ. Дәл сол кезде отадан соң түрлі асқынулар болып, денемді көтере алмадым. Аурумен арпалыс қарашаға дейін созылды, — дейді кейіпкеріміз.

Төсек тартып жатқан адамның көңілін сұрау — халқымыздың ізгі салт-дәстүрі.

Ауру меңдегенде жұрттан оқшауланғанды қалап, көңіл сұрағанды жақтырмайтындар бар. Мен кісілердің көбірек келгенін қаладым. Оларды күліп қарсы алатынмын. Ауруымды жырламаймын. Амандық сұрасқаннан кейін түрлі тақырыптағы  әңгімелерді айтамыз. Олардың арасында маған аяушылықпен қарап, мені мүсіркегендер болған жоқ. Қай-қайсысы да құлан таза сауығып кетуіме шын тілектестік білдірді. Адамдар келіп-кеткеннен кейін серпіліп қалатынмын, өмірге деген құлшынысым арта түсетін, — дейді Ұлболсын Тәженова.

 

Уақытында емделу керек

 

«Денсаулыққа немқұрайды қарамау керек. Дер уақытында ауру анықталса, қатерлі дертті де ауыздықтауға болады». Кейіпкеріміз дәрігерлер жиі айтатын осы сөзді әр адам жете түсінсе, расында соңы қайғылы қазаға соқтыратын дертпен ауыратындардың саны азаяр еді деген пікірде.  

— Әу басында денсаулығыма аса мән бермедім. 1975-жылдары қан қысымым жиі көтерілетін. Тіпті, 200-ден асып кететін. Инфаркт та болдым. Әбден көтерілген кезде кұсып, болмаса көзім жасаурап барып жаным тыншитын. Мүмкін, осылай «сабасына түсетініне» өзімді алдарқатқан шығармын. Бойымда тек осы ауру ғана бар деп ойладым. 2003 жылы облыс орталығына іссапармен келдім. Сол кезде тұмау тиіп қатты ауырдым. Арада 2-3 күн өткенде қатты  жүдеп кеттім. Асқазанымның тұсы жиі түйіліп қалатынды шығарды. Оның да «дауасын» таптым: шоколад жесем, ауруымды уақытша болса да ұмытып кетемін. «Осы қандай ауру? Тексеріліп көрейінші» деп ауру жанға батқанда ойлап қоятыным болмаса, ФГДС-ке түсуден қашатынмын. Ақыры Ақтөбеге тексерілуге бардым. Ондағы дәрігерлер мені дереу ФГДС-ке түсіртті. Аты жаман ауру сонда анықталды. Айтайын дегенім, себепсіз салдар болмайды. Ертең тым кеш болмауы үшін, өкініш өзекті өртемеуі үшін, өзің жақсы көретін, өзіңді жақсы көретін жақындарыңның қайғы жұтпауы үшін дер уақытында дәрігерлік тексерулерден толық өткен дұрыс, — дейді Ұлболсын Тәженова.

 

Қозғалыс — өмір

 

Қазір ауруды ұмытып кеткен сияқтымын. Өйткені өзімді сап-сау сезінемін. Денсаулығыма қайтадан салғырт қарайтынды шығардым.

Нені қалаймын, соны жеймін. Дұрысы, асқазанымның «айтқанына» құлақ асамын. Дәрігерлер ұнтақ жарма, күріш жеу керектігін айтады. Бірақ асқазаным оларды мүлде қабылдамайды, — дейді Ұлболсын Тәженова.

Кейіпкеріміз денсаулығын сақтау үшін «Amway» компаниясының «Нутрилайт» деп аталатын өнімін пайдаланады екен. Ол туралы былай дейді:

Жарнама жасау ниетім жоқ, бірақ отадан кейінгі асқынулар кезінде осы компанияның шығарған дәрумендерін пайдаландым. Мүмкін, оның да септігі тиген шығар. Сол кездері Қобдадағы онколог дәрігерім: «Онкологиялық ауруға шалдыққан науқастарды  шақырайын. Оларға арнап тренинг өткізсеңіз жақсы болар еді» деп ұсыныс білдірді. Бұл компанияның өнімдерін ғылыми тұрғыда зерттеп, негізінен қандай дерттерге дауа екенін анықтаған жоқпын. Өзімнің организміме жақты деп, жұртқа жарнама жасағанды жөн көрмедім.

Кейіпкеріміздің жасы — 65-те. Марқұм жолдасы Ақмалай екеуі 4 ұл тәрбиелеп өсірді. Төртеуі де қызметте. 12 немересі, 1 шөбересі бар. 

Мен балаларым үшін қажетпін. Өзімнің қажеттілігімді сезінемін. Бұл — үлкен бақыт.  

Зейнет демалысындамын деп үйде бос отырмаймын. Қозғалысты жақсы көремін. Таң атқаннан күн батқанша тыным көрмеймін. Кенже ұлым Дархан мен келінім Жұлдыз — жұмыста. Үйдегі үш немеремді өзім бағамын. Кейде ортаншы немерем Думанды мектепке апарып, алып қайтамын.

Балаларыма дәмді етіп тамақ пісіріп қоямын. Солардың қошеметіне марқайып қаламын.

Көктемде бақшаға түрлі көкөністер егемін. Жаз бойы бақшаға күтім жасаймын. Арамшөптерді жұламын. Зиянкес жәндіктерден тазартамын. Өзім өсірген өнімді көп етіп тұздап, маринадтаймын. Осы жұмыстарды істегеннен қуат аламын, — дейді кейіпкеріміз.  

Ұлболсын Тәженова өзіне ота жасаған М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті онкология кафедрасының меңгерушісі Әріп Қойшыбаев туралы былай дейді:

Асыра мақтағаным емес, Әріп Қойшыбаев — өзін науқастарға арнаған адам. Кезекшілік өзінің ретімен болады емес пе? Ал Әріп ауруханада  тәулік бойы жүреді. Әркез науқастардың қасынан табылады.

Отадан кейін асқыну болып, өкпемді судан тазартып жатқанда Әріптің алақанының шипасы барын сездім. Себебі ешқандай ауырсыну болмайтын. Сөздің орайы келгенде, білікті дәрігер Әріп Қойшыбаевқа шексіз алғыс білдіремін. 

 

Бір жылда 100-ден астам ота жасалады

 

Әріп ҚОЙШЫБАЕВ, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті онкология кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты:

 Ұлболсын Тәженова 2003 жылы сәуір айында ауруханаға келіп, тексерілді. Қорытындысында, науқастың асқазанында қатерлі ісік бар екені анықталды. Күрделі ота жасалды. Ісік асқазанның көлемінен шығып кеткен екен. Асқазаны мүлде алып тасталынды. Отадан кейін асқынулар болды. Өкпесіне су жиналды (плеврит). Ауру асқынып кеткендіктен шағын ота жасалды. Одан соң Ұлболсын Тәженованың денсаулығы жақсарды. Соңғы 10 жылдың ішінде ол кісі сәуле де, химия емін де алған жоқ. Бұл — жасалған отаның өте сәтті шыққанының дәлелі. Науқас асқазан обырының ІV сатысында ауруханаға түсті. Қазір Ұлболсын Тәженова аурудан толық жазылды. Сол жылдары ол кісінің дене салмағы өте көп болатын. Қазір салмағы да жасына сай қалыпқа келді.  

Асқазан обырына байланысты біздің ауруханада жылына 100-ден астам ота жасалып, науқастардың асқазаны алынып тасталады. Мұндай жағдайда өңешке жалғанған 5 метр ащы ішек асқазанның рөлін атқарады.

Айта кету керек, қаңтар айынан бастап, жасы 50-ден асқан адамдарға асқазан обырының алдын алу мақсатында скринингтік тексерулер жүргізіліп жатыр. Бұл жастағы адамдар 2 жыл сайын ФГДС-ке түсуі керек. 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Саламатсыз ба! Менін аты жөнім Каниева Балауса мен Актобе обылысы, Кандыагаш каласының турғынымын, Менің Әкем 61жаста асказаны ауырып тексерілуге барып әкеме қатерлі ісік деп диагноз койды, Сізден сурайын деп отырғаным Әріп Қойшыбаевпенен калай хабарласуға болады екен?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button