Спорт

Тұңғыш

Сұхбат

Ол – спорт тақырыбын жанына серік еткен тұңғыш қазақ комментаторы.

Жуырда туған жеріне табан тіреген жерлесімізбен әңгімелесудің сәті түскен еді. Тұңғыштың әңгімесін қаз қалпында беруді жөн көрдік. Сонымен…

Балалық шақтың бейнеті

– мен жолым ауыр адаммын, – деп ішкі тебіреніспен әңгімесін бастаған сұлтанғали аға көсіле жөнелді. – сол жолымның ауырлығы бетімде, жүзімде, қасымда, шашымда тұр. Біз жеті бала жетім қалдық. Соғыстың қиындығын көрдік. Кім ұрмады, кімнің есігінде болмадық… Сондай қиын-қыстау заманның із қалдыратындығы өз алдына, адамның мінез-құлқына таңба басып тастайды екен ғой. Бірақ мен жалтақтықты жеңдім.
Боксқа қатыстым. Спорт сол жалтақтығымның көбін жеңді. Әйтпесе иіліп, бүгіліп, «тақсыр, аға, көке» деп басымызды көтере алмай тұратын жағдайларымызға  өмірдің өзі душар етеді ғой. Міне, спорттың пайдасы – осы…

Менің жолымның ауырлығы немесе шыжығы мынада – бесінші сынып оқып жүргенде шешем қайтыс болды. Ең соңғы тірегіміз ұзақ ауырды. Ал әкеміз соғыстан қайтқан жоқ. Ол уақытында ақкөл дейтін ұжымшарды құрды. Соны басқарып, жүлдеге патефон, самаурын алғаны бар. Содан жеті баласы мен жан жарын, сексенге шыққан әкесін тастап, майданға аттанып кетті.

Бесінші сыныпта жүргенімде интернатқа алып барды. Ол жерде көп таяқ жедім. Сол тұстағы балалардың бұзықтығы соншалық, біреу тары, біреу бір үзім нан әкелсе, соны тартып алатын-ды. Ішетініміз быламық, күнделікті беретіні – пышақтың жүзіндей нан. Соны зорлықпен картаға салғызып, үлкен балалар қитұрқы амалдармен ұтып алатын. Сөйтіп, ашқұрсақ жүрдік. Бірақ қаратай мен айдананың баласы деп жан-жақтан туыстары мен тамыр-таныстарының бірі кішкентай тары беріп кетеді. Тіпті, қасымдағы әмина деген қыз күн ара кішкентай қалтаға салып тары-талқан әкеліп беретін. Өйткені оның шешесі мен менің шешем құрбы болған. Әкесі мен менің әкем майданға бірге аттанған. Әмина белгілі журналист, марқұм дулат төлегеновтің шешесі еді. Бұлар – қуандық шаңғытбаевтың қыз алыспас жақындары. Осы уақытта он сегіз жастағы үлкен ағайымыз өзінен төрт жас үлкен қызға үйленіп, бізді қарабұтақтан ақтөбеге көшіріп әкетті. Бір жылдың ішінде біз алты үйді ауыстырып тұрдық. Қарнымыз аш болғандықтан арасында сол үйдің балаларының нанын тартып алып жейміз. Ұрып аламыз. Ол үйлердің кішкентай бөлмесінде айқасып жататынбыз. Кейін мені осындағы теміржол училищесіне берді. Бер жағындағы техникумның балаларымен төбелесу үшін топ құралатын. Сөйтіп жүріп төбелесті меңгеріп алдық. Кейін социалистік жарыста біздің тобымыз озып шықты да, бізге бокс қолғаптарын берді. Он қолғап… Бірте-бірте боксқа да қалыптастым…

Жастық қызметтің қызық күндері

Оқу орнынан бесінші разряд алып тәмәмдап, орынбордың ақ-бұлақ стансасында, ақтөбедегі техникалық бақылау бекетінде, вагон депосында жұмыс жасадым. Менің бақылайтыным – пойыздың тежегіші. Ол уақытта 20 тоннаға дейін көтеретін вагондар болушы еді. Солар қазір жоқ қой. Біздің кезімізде «буферный стакан» деген бар еді. Оның ауырлығы соншалық, дом-краттармен көтеретін.

Содан дәм жазып слесарь-автоматчик болып жүрген күндерімнің бірінде пойызды аударылудан аман алып қалғаным бар. Ол кезде екі жылдай тәжірибе жинақтаған маманмын.

Сөйтіп мені көтермелеп, суретім құрмет тақтасына ілікті. Озаттар қатарына қосылып, орынборға оқуға жіберетін болды. Ол кезде көңіліне жақпаған адамға «орыс боп кетесің, сен осы орыссың ба?» деген әңгімелер айтылатын. Сол пікір миымызға сіңіп қалғандықтан, жұмысымды тастап, құжаттарымды да алмай ауылға қаштым. Арада төрт жыл өтті. Мен 18 жасқа аяқ басып, сол сегізінші сыныптың партасына отырдым. Комсомолға алды. Орысшам ауыл балаларына қарағанда тәуір. Галстугым, бешпетім, сағатым бар, шашым артқа қайырылған. Алғашқыда ауылдың балалары мені мұғалім екен деп бастарын изеп сәлем беретін. Оқу үлгерімім де жақсы. Спорттың ар-қасында интернат пен пансионаттың 120 баласына дене шынықтырудан сабақ бердім. Сол 1954 жылы шыққан «гантельдік жаттығу» атты кітабым әлі бар. Осы тұста әскерге алынатын болып, шашты торғайдың басындай етіп қырыққанымен, директорымыз әскери комиссариатқа өтініш жасап алып қалды. Алда – алматы.

Сағындырған Алматы…

Алматыға оқуға барғаныммен, алғашқы жылы жолым болмады. Сәл ғана ұпай жетпей, жылап-сықтағаным есімде. Түзетуге, емтиханды қайта тапсыруға тырысқаныммен, пайда болған жоқ. Жалпы,
с. Киров атындағы қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін таңдаған едім.

Ол арман болды деп айта алмаймын. Тек мектеп қабырғасында жүргенімде «лениншіл жас» газетіне «кітапханашы» атты шағын мақалам суреттермен жарияланған болатын. Сол мақала рухымды көтеріп, кеудемді пісіріп, журналист боп кеткендей сезімде жүрген кезім.

Мен кітапханадан шықпағаныммен, мақала жазбайтынмын. Сондықтан оқуға түскенде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына ауыстырып жіберді. Менің тілге мән бергендігім соншалық, емтиханда жауап сұраған жоқ. Бірінші курстан оқуды тәмәмдағанша абай атындағы стипендия алып тұрдым.

Осы ғылым, яғни студенттердің ғылыми қоғамы маған келіншек алып берді. «тұрақты сөз тіркестеріне ұйытқы болатын сөздер» деген тақырыпта курстық жұмыс алып, 5 жыл әурелеп едім. Кандидаттық дисертация деңгейіне жеткіздім деп ойлаймын. Осы тақырыпта самарқанда баяндама жасауға барғанымда, сол жақта оқып жатқан баянауылдың қызымен таныстым. Ол екеуміз 300-ге жуық хат жазыссақ, соның 100-ге жуығы әлі сақтаулы.

Оқу бітіргесін мен жолдамамен жамбыл облысына, әйелім алматыға кеттік.

Бірде республикалық радиоға конкурс жарияланғанын естіп, қатысуға бел будым. Ол байқауға кімдердің қатысқанынан хабарым жоқ, әйтеуір, берген тапсырмаларын орындап жүрдім. 1963 жылдың 13 қыркүйегі – радиоға қабылданған күнім. Ол жерде 1,5 жылдай жұмыс жасадым. Сонда тұңғыш рет бұрын орыс тіліндегі репортаждар қазақ тілінде де берілуі керек деп, арнайы бөлім ашты. Содан спорт редакциясына ауыстым. Қуықтай бөлмеде үш адамбыз. Басшымыз – еврей ұлтының ғаламат ілтипатты жігіті. Ол кейін францияда қайтыс болды. Алғашқы уақыттары соңғы хабарды жүргізетін с. Қаратаевқа басшылықтың көзі қалай түсті деген сұрақ мазалайтын. Кейін білдім, жаңалықтар қызметінде жүргенімде үстелімнің тұсына «қайрат» командасының ойын кестесін, қыс мезгілінде допты хоккей кестесін сызып, қызылды-жасылды етіп бояп қоятынмын. Күнделікті нәтиже тір-кеулі. Сол кезде телерадиохабар тарату жөніндегі мемлекеттік комитет бастығы менің спортқа бейім екендігімді аңғарған. Солтүстік қазақстан облысында дүниеге келген сол комитет бастығы соғысқа қатысып бір көзінен айырылған, қазақылығы мол кісі еді. Оны сырттай «құнанбай» дейтінбіз. Жұмысым негізінен аударма болғанымен,
90 минуттық хабардың басында – екі, соңында екі минут хабар таратамын. Ойын басталғанда кімдер қатысқандығы, аяқталғанда нәтижесін ғана хабарлаймын. Төселе келе өзімізге тән қайсар рухпен лездемелерде «что такойға» саламын. Іште орыстарға деген қыжыл да бар. Менімен үзеңгілес әріптестерім де қолдады. Сөйтіп, хабарларды қазақша-орысша, яғни 50х50 үлесімен жүргізу дәрежесіне қол жеткіздік. Бұл – 1964 жылдың жаз айларының бірі. Бірақ мен іс-
сапарға кеткен бойда қазақша бөлігін алып тастайды. Келген соң қайта кірісем…

Күндердің күнінде екі қате жіберіп алып, біріншісінде жұмыстан қуылдым. Алғашқысында хабар жүргізіп отырып: «никита хрущевтің әкелік қорлығына рахмет», – десем керек. Жұмыстан шығарғанымен, қазақы бастығым астыма машина беріп, алматы облысы аумағынан хабар жасауды тапсырды. Бұны үлкен әкелік қамқорлық деп білемін. Екіншісінде телехабарда «медеу» мұз айдыны ашылған кездегі архив материалдарын пайдаланып отырып, тысқары тұрған сталин мен берияның суреттерін аңғармаппын. Сол күні-ақ мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері жетіп келіп, түсініктеме алды. Бірақ аман қалдым.

1965 жылы телевизиядан спорттық хабар ашу керек болғандықтан, мені сонда аттандырды. Онда да қылышынан қан тамған уақыттың өзінде қазақша мен орысшаны теңестірдік.

Спортшы һәм тіл маманы

Қызметте жүргендегі де серігім – спорт. Онымен қоса қосымша қазақша спорт терминдерін қалыптастыруға қосқан үлесім де бар. Мысалы, «бұрыштама доп», «еркін соққы», «айып добы», «ойыннан тыс қалды» деген сияқты терминдерді енгіздім. Спорттың барлық саласын қамтыдық. Шона сарыбаевтың өлшеусіз үлесімен спорт терминдерінің 25-30 мың данамен тараған анықтамалығы шыққаны да сол кез. Сондай-ақ, мұхтар әуезовтің тұңғыш қазақ футболшысы екенін танытқан біз. Оның суретін шона башқұрттың бір шалынан алады. Дереу бұл сурет 1967 жылы шыққан күнтізбеге енгізілді. Дана мұхтар 1914 жылы футбол ойнаған. Ал қазақ футболының тарихы 1913 жылдан бастау алатыны белгілі. Қазір ол сурет қазақстан басылымдарын кезіп жүр.

Телевизияда жүріп бітірген бір
шаруам қазақ совет энциклопедиясының барлық томына бірегей сөздерді енгізгендігім.

Сонымен қатар ең бойшаң қазақ (бойы – 2 м 8 см) баскетболшы әлжан жармұхамедовты мәскеуге іздеп барып, арнайы хабар жасадым. Эфирде «спорт пен еңбек егіз», «спорт – денсаулық кепілі» хабарлары тұрақты болды.

Қазақстанның орал мен маң-ғыстау облыстарынан басқасын, мәскеу, балтық жағалауы елдері және чехияны араладым.

Осы жылдары алған марапат та аз емес. Мысалы, сейдахмет бердіқұлов атындағы конкурстың лауреаты, бергіректе қазақстан спортының құрметті қайраткері атандым. Туған жерім әйтеке би ауданының да құрметті азаматымын. Әсіресе, ақтөбе облысының әкімі елеусін сағындықовқа мың да бір рахмет. 70 жасқа толған жылы менің осындағы барлық тума-туыс-тарымды қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өткен «ақтөбе» мен «оқжетпес» командалары арасындағы кездесуге шақырып, мыңдаған адамның алдында сый-сыяпатын жасады. Елеусін інім сол жерде көлік мінгізді.

Ізбасарларға наз

Қазіргі спорт комментаторларына көңілі толмаушылардың көп екенін білемін. Бұл туралы ізбасарларымды сынаған мақалаларым талай басылымдарда жарық көрді де. Әсіресе, амангелді
сейітханов пен асхат сағынаевты аяғаным жоқ. Бұл оларда менің өшім бар деген сөз емес. Экранда отырып жауапсыздыққа жиі бой алдырады. Олардың сөздері кейде қанымды басыма шаптыратыны рас. Тіпті, бірі бірде «қазақстанда доп тебетін қазақ жоқ» деген әңгіме айтты емес пе? Бұл не масқара?! Сонда әуезов қайда, бразилияны таң қалдыр-ған сейілда байшақов қайда? Қазіргі комментаторлар спорт терминдерін бұзып айтумен қоса, қарапайым қазақ тілінің өзінен мүдіреді.

Бірер мысал: олар «контратаканы» «қарымта шабуыл» деп сайрап жүр. Шындығында ол «қарсы шабуыл» болуы тиіс. Атақты
бауыржан момышұлының соғыс жайындағы кітаптарының өзінде осылай берілген.

Қателіктері әлі де көп болғанымен, сағынаев соңғы кездері түзеле бастады.

Тағы бір айта кетерлігі, қазақ журналистері жалқау. Олар өзге тілдегі әріптестері әзірлеген материалдарды көшіріп басуға бейім. Қайталауларының өзі дөрекілеу. Республикалық орыс тілді бір спорт газеті ұдайы ресей немесе басқа да шетел спортшыларын ұлықтап жататыны рас. Тіпті, туған күндеріне дейін шұбыртады. Араларында қазақ немесе қазақстандық бірде-бір спортшының аты-жөні жоқ.

Ең бастысы, елімізде әлі күнге арнайы спортқа бейімделген телеарна жоқ. Егер ол арнадағы хабарлардың 70-75 пайызы қазақ тілінде беріліп, спорттың барлық түрі қамтылса, қазақ балаларының шыңдалуына қосылған үлес болар еді. Бұл – нағыз патриоттық.

Серік ӘБДІБЕК.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button