Ресми

«Ана тілі» – ұлт үні

Баспасөз – 2014

 Қазақ тіліне қатысты мемлекет саясатын қалың жұртшылыққа кеңінен түсіндіріп, бұл жолда қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан басылымдардың бірегейі – «Ана тілі» газеті.

Газет өзі өмірге келген күннен ұлт үшін қасиетті саналатын қазақ тілінің жай-күйін жан-жақты қозғап келеді. Тіл тақырыбына байланысты мақалалар «Тіл тұғыры —ұлт ғұмыры», «Тілі мықтының — елі мықты», «Толғауы тоқсан туған тіл», «Тілін білген түбін біледі», «Тіл мен тұлға», «Тілбұзарға — тосқауыл» секілді айдарлармен жарық көріп отыр.

Ономастика мәселесі ­– өзекті мәселе. Осыған орай «Жеріңнің аты — бабаңның хаты» айдарымен мақалалар ұсынылуда. «Ұлы дала атаулары» айдарымен беріліп жатқан материалдардың маңызы ерекше. Бұл дүниелер арқылы оқырман еліміздегі жер-су атауларының қойылу тарихына, сөз сырына қанығуда.

Оқырмандарды көбірек толғандыратын тақырып ­– термин жайы. Бұл мәселе «Терминология және уақыт» айдарымен берілген мақалаларда  көтеріліп жүр. Жұртшылықты халқымыздың бай тілдік мұраларымен танымдық, тағылымдық, этимологиялық, тіл мәдениеті тұрғысынан таныстыру мақсатында «Сөзтаным» беті жыл басынан ай сайын ұсынылып келеді. «Атадан жеткен асыл сөз», «Даналық мәйегі» айдарларымен берілетін жырлардың, қанатты сөздердің де сөз құдіретін тануда көмегі мол.

«Алты Алаштың ардағы», «Тұғырлы тұлға» айдарларымен мақалалар берудегі мақсат ­–— оқырман қауымды елге танымал тұлғалардың ел үшін тындырған жарқын істерімен хабардар ету, олардың тұлғалық қасиеттерін ашу. Білім мен ғылым да газет назарындағы маңызды мәселелер. Бұл тақырыптағы мақалалар «Ұлт болам десең, ұрпағыңды ойла», «Білім көкжиегі», «Талшыбық» айдарлары аясында жарық көреді.

Отбасы өміріне арналып, ай сайын берілетін «Шаңырақ» бетінде отбасылық құндылықтарды дәріптейтін мақалалармен қатар, проблемалық мәселелер де көтеріліп келеді. «Дулығалы дала перзенттері», «Дәуір дауысы», «Ойтолғам», «Махаббат қызық, мол жылдар» айдарларымен беріліп жатқан мақалаларды да оқырман жылы қабылдап жүр.     

Әдебиетке қатысты «Өлең ­– сөздің патшасы», «Жыр жолдарынан», «Проза» айдарлары оқырмандарға кеңінен танымал. Бұл айдарлармен талантты ақын-жазушыларымыздың шығармалары ұсынылады. «Сирек кітаптар сериясы» айдары аясында ескі жырлар, дастандар оқырмандарымен қауышып жатса, «Жыл құсы» арнаулы бетінен жастар шығармашылығымен танысуға мүмкіндік бар.   

Қандай басылым болмасын оқырманымен ордалы. «Ана тілі» де жер-жердегі оқырмандарымен тығыз байланыс орнатқан. Мүмкіндігінше олар жолдаған хаттардың дер кезінде газет бетінде жарық көрінуіне күш салынады. Газеттің тұрақты авторларына да ризашылығымызды білдіреміз.

Редакция ұжымы үшін атқарылар міндеттер жақсы белгілі. «Ана тілі»  газеті мемлекеттік тілдің тұғырын бекемдеу, ұлт рухын асқақтату мақсатында бұдан былай да лайықты үлес қосатын болады.

Сөз соңында, ана тілімізге, рухани мәселелерге қатысты жайттарды жүйелі түрде көтеріп жүрген «Ана тілі» газетін әр қазақтың отбасы оқыса екен дейміз.

Құрметті оқырман, өзіңізді бұл басылымға 2014 жылға жазылады деп сенеміз.

«Ана тіліне» қолдау көрсеткеніңіз – ана тілімізге қолдау көрсеткеніңіз.

 

Самат ИБРАИМ,

«Ана тілі» газетінің

бас редакторы

 

 

 «Ақиқат» журналы – айтары бар басылым

 

Егерде, қандай бір сөздің түп қияны, түбіріне үңілсек, оның арғы жағында философиялық категорияға жататын мазмұн-мән жатады. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, тұңғыш саны 1921 жылдың 15 қыркүйегінде «Қызыл Қазақстан» деген атпен Орынбор қаласында басылып, уақыт ағымына қарай атаулары әлденеше рет өзгеріп, ақыры «Ақиқат» деген атауға ие болған басылым еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңде қоғамдық-саяси өмірге барынша нақты әрі жан-жақты қарайтын басылымға айналды.

Жалпы, ақиқат – жалқы, шындық – көп. Бұлай дейтініміз, «ақиқат»  сөзі діни категорияға жатады да, «шындық» күнделікті адами қарым-қатынаста қол жеткізетін не қол жеткізбейтін іс-әрекеттерге келетін ұғым. Мысалы, өлім — ақиқат, сонымен бірге, Алланың жалқылығы да ақиқатқа келетін құбылыс. Бұлар мәңгілік өмірдің көрінісі. Ал шындық бүгін бар да, ертең жоқ. Мысалы, бүгін пәтерің жоқ, не қалтаңда көк тиын қалмауы шындық болса, ал, ол шындық ертеңіне басыңа пәтер бітіп, қалтаңа ақша түскен күні өледі. Сондықтан да  «Ақиқат» журналының басты мақсаты да — оқырман қауымға осы бір қос категорияның қыр-сырын ашып беру арқылы, болашақ негізін қалайтын мәселелерді көтеру. Ал оған қаншалықты қол жеткізіп жатқанымызды кең байтақ республикамыздың түкпір-түкпірінен  хабарласып жатқан оқырмандарымыздың мәліметтерінен білеміз. Бұл орайда Ақтөбелік оқырманымыз Абдолла Омаров журналымызда жарық көрген әрбір мақаламызға өзінше үн қатып, оған келісетінін не келіспейтінін айтып, хабарласып отырады. Мұндай оқырманымызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ондай оқырманымыз, Құдайға шүкір, күннен-күнге көбейіп келеді.

Сонымен, «Ақиқат» журналының өткен сандарынан не оқыдыңыздар? Енді, соған азды-көпті тоқталайық. Бұл мәселені біз журналымызды қадағалап оқып отыратын оқырмандар үшін емес, «Ақиқат» журналында қандай тақырыптарды жазып, нендей мәселелерді көтеретінін білмейтін оқырмандарға бағыштапжазып отырмыз. Журналымызда көтерілген әрбір көкейтесті мәселе, бұл күндері, республикамыздағы газет-журнал сүйіп оқитын оқырмандар арасында кеңінен талқылануда. Мысалы, біз 2012 жылғы №6 санымызда «Келелі кеңес» айдарымен «Құқықтық журналистиканың дамуы: кемшіліктер мен кедергілер» деген тақырыпта әңгіме қозғап, оған елімізге белгілі журналистер мен заңгерлерді шақырдық. Ал, «Еркін ой мінбері» айдары арқылы «Қазақ интеллигенциясының ұлт қалыптастырудағы ұлағаты қандай немесе «Грядущий хам» кім?» деген тақырыпта әңгіме қозғасақ, журналист Айман Құлпатшаева «Бір ғана команда бар, ол  қазақ, Қазақстан командасы» атты тақырыпта белгілі қоғам қайраткері Әшірбек Сығаймен әңгіме өткізді. Онда қазіргі

кейбір облыс, аудан әкімдерінің басшылыққа келгенде команда жинап келіп, оған өздерінің тамыр-таныстарын, ағайын-туғандарын жинайтыны қатты сынға алынды. Ал, одан кейінгі сандарымызда сол «Келелі кеңес» айдарымен «Мемлекеттік тапсырыспен, әйтпесе  өктемдікпен тарих жазылмайды», «Оқулық ұлттық сипатта болмай, оңалмайды», «Ұлтын өліп-өшіп сүймеген адам ешқашан да зиялы бола алмайды», «Діннің мемлекет пен ұлт қалыптастырудағы рөлі қандай?», «Еуразия идеясы, Еуразия одағы, Еуразия парламенті бізге не береді?», «Қазақ БАҚ-ы әлемдік БАҚ пен бәсекелестікке қабілетті ме?», «Қазаққа қандай ұлтшылдық керек?», «Билік жүйесіндегі парламенттің рөлі мен орны», «Қазақтың ұлттық мінезі мен менталитеті қандай?», «Тарихты кім жазады және қалай, не үшін жазады?», «СССР-дың күйреуі: қазаққа ұлт ретінде тигізген пайдасы мен зияны» атты тақырыптарда материалдар беріп, оған еліміздегі белгілі-белгілі азаматтар қатынасып, өз ойларын білдірді. Көріп отырғандарыңыздай, «Ақиқаттың» келелі кеңесінде қозғалған мәселелердің өзі ешкімді бей-жай қалдырмасы анық.

Құрметті оқырман! Журналымыздың алдағы жылғы сандарынан жоғарыдағы келтірілген «Келелі кеңес» айдарымен берілетін материалдардың ең таңдамалыларымен таныса аласыздар. Шын мәнінде де «Ақиқат» журналы ақиқатқа жүгініп, шындыққа ұмтылатын республикамыздағы ең бір мазмұнды да мәнді басылымдардың бірі. Яғни, бұл «Ақиқат» журналы  — айтары бар басылым» дегенге саятын әңгіме. Журналға жазылыңыздар, оқыңыздар, пікір айтыңыздар! Біздің сүйенеріміз де, иек артарымыз да Сіздер.

 

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,

«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бас редакторы.

                       

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button